ЕАЭО туралы шартқа өзгеріс енгізілді
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң қабылданды.
Қарастырылып отырған хаттамаға 2021 жылғы 8 ақпанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары қол қойды. Хаттама ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің тауарларына және ЕАЭО-ға мүше емес мемлекеттердің тауарларына қатысты Ресей Федерациясының АЭА-сында қосылған құн салығын алудың тең шарттарына қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Хаттама аясында ЕАЭО туралы шартқа Ресей Федерациясының жекелеген арнайы экономикалық аймақтарында салық салу бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Жалпы, ЕАЭО туралы шартта оның жұмыс істеуінің және мүше мемлекеттердің, оның ішінде салық салу мәселелері бойынша өзара іс-қимылының негізгі қағидаттары бекітілген. Атап айтқанда, жанама салықтарды өндіріп алу тәртібі және оларды мүше мемлекеттердің өзара саудасында төлеу тетігі Шарттың №18 қосымшасында қамтылған. Мүше мемлекеттердің арнайы экономикалық аймақтарына тауарларды импорттау кезінде еркін кеден рәсімі қолданылады», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Осы орайда ЕАЭО-ның Кеден кодексінің 201-бабының 1-тармағына сәйкес, тауарлар арнайы экономикалық аймақтарында кедендік баждарды, салықтарды және басқа да өтемақы баждарын төлемей орналастырылады және пайдаланылады.
«Алайда ЕАЭО-ның Кеден кодексінің 455-бабының 6-тармағына сәйкес, Ресей Федерациясының 3 арнайы экономикалық аймағында мүше елдердің аумағынан импортталатын тауарлар бойынша кедендік баждар мен салықтар бірден төленеді. Ал үшінші елдерден импорттаған кезде, кедендік баждар мен салықтар төленбейді. Бұл тұрғыда осы аймақтарда кәсіпкерлер үшін ЕАЭО-ның елдерінен гөрі үшінші елдерден тауарларды импорттау тиімдірек. Өз кезегінде, Хаттама нормалары аталған арнайы экономикалық аймақтарға ЕАЭО-дан және үшінші елдерден тауарларды импорттау кезінде тең жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», - деді Қаржы министр.
Атап айтқанда, Хаттама ЕАЭО елдерінен импортталған тауарлар бойынша көрсетілген аймақтарда 180 күн ішінде кейінге қалдыра отырып, қосылған құн салығын төлеуді көздейді.
Abai.kz