Жұма, 24 Мамыр 2024
Құйылсын көшің 3395 7 пікір 13 Наурыз, 2023 сағат 13:47

Шеттегі қазақтың елге оралмауына билік кінәлі!

Базардағы қарапайым халықтан емес, билікте жүрген, оқыған-тоқыған министр, білдей мекеменің бастығы, әкім-қаралардың «Шетелдегі қазақтардың көбі 30 жыл бойы келмеді, енді тек қиналғанда ғана елге келіп жатыр» дейтін, сауатсыз, ұлтсыз, рухсыз сөздерін естіп жағаңды ұстайсың? Сонда бұлар кімдер? Бізді кімдер басқарып отыр? Қазақстан кім үшін керек? Осындай сұрақтар еріксіз ойға оралады.

Ресми мәліметтер бойынша, 1991 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде 957 мың 772, ал 2022 жылдың желтоқсан айына дейін 1 миллион 105 мың 700 қандас елге оралыпты, осылардың 95%-ы өз күшімен, өз қаражатымен, өз аяғымен елге көшіп келгендер десем артық айтпаған болармын. Тек тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан үкіметі Моңғолияға арнаулы машина жіберіп, көшіріп келген азғантай отбасы болмаса, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түрікмен, Иран, Түркиядағы қандастар ол жақта жан баға алмағаннан емес, атажұртын аңсап, ол жақтағы қызметін, кәсібін, мүлкін тастап елге оралды.

Тек 2022 жылы, бір жылда 17 мың қандасымыз өз күшімен елге келген екен. Ал мына билік солтүстік облыстарға оңтүстіктен қоныстандыру үшін 5 жылдық бағдарлама жасап, қыруар қаржы бөліп, бір елден бір елге емес, бір Қазақстаннан 5 жылда 5 мың отбасы көшіре алған жоқ. Сөйте тұра шетелдегі қандастар неге келмеді деп ренжиді, көшу сондай оңай болса неге солтүстікті толтырып тастамады?

Ал Ауғанстандағы қазақтар ше? Олармен Қазақстан үкіметі ешқандай байланыс жасамады. Ол жақтағы біздің білдей елшілік те ондағы қандастарды елге көшіруді ұйымдастыру емес, Ауғанстанда қанша қазақ бар екенін 30 жыл бойы анықтамаған да, сұрамаған.

Енді міне, екі жыл болайын деді. Ауғанстанда Талибан билікке келіп, ондағы халықтар жан-жаққа босып кетті. Өзбектер Өзбекстанға кетті, тәжіктер Тәжікстанға кетті, ал қазақтар ше? Олар да өз отанына кеткісі келді. Сөйтіп Кабулдегі Қазақстан елшілігінің табалдырығын сан мәрте тоздырды. «Құжатыңда ұлтың көрсетілмеген», «Тілің таза қазақша емес», «Киімдерің қазақша емес» деген түрлі сылтаумен неше мыңдаған қазақтардан 100 қазақты да әкеле алмады, шындығында әкелгісі келмеді.

Дәл сол кезде Батыс пен Еуропа елдері Талибаннан қашқан халыққа құшағын жайып: «Сенің ұлтың не,  дінің қандай?», - деп сұрамастан, ұшақтың іші-сыртына толтырып, өз елдеріне алып кетті. А парып тастап қойған жоқ, тіл үйретіп, тегін үй беріп, бағып отыр. Ал біз ше? Өз қазағымызды: «Паспортыңда ұлтың көрсетілмеген, қазақша сөйлей алмайсың», - деп зарлатып тастап кеттік. Ал бізде қазақша сөйлей алмайтын министрлер, әкімдер, депутаттар ше? Оларды елден шығару керек пе?

Билік Ауғанстанның заңы бойынша паспорттарында ұлты көрсетілмейтінін білсе де, соны сылтау етті. Бірақ көп қандастың кезінде Талибан келмес бұрын Ауғанстан сыртқы істер министрі берген ұлты қазақ деген анықтамасы болды. Солардың өзін әне-міне, әкетеміз деп, екі жыл өтті... Сол қандастарымыздан биліктен бұрын біз ұялып, жерге кірердей болдық. Олардың көмек сұрап жазған әрбір сөзін оқуға үяламыз...

Қысқасы, «Біз шеттегі отандастарын шақырған үшінші елміз» деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Биік-биік мінберден айғайлағанымен, шетелдегі қазақтар тұратын ешбір елде көші-қон туралы бір орталық немесе елшілік жанынан кеңес беретін бір кәбинет ашқан жоқ. Керісінше шетелдегі Қазақстан елшілігіне сол елдегі қандастар айлап, жылдап жатып әрең кіреді. Оларға виза бермей сандалтты, өздері делдардар шығарып, ақшасын сыпырды. Қазақстан елшілігі үлкен қалаларда болғандықтан мыңдаған шақырым жол жүріп барған қазағың неше күн түнеп, кіре алмай, ақыры делдалдарға бар ақшасын беріп қайтып жүрді. Сөйтіп өлдім дегенде Қазақстанға бала-шағасын алып, жүгін арқалап шекараға келгенде, шекарашы бұралқы иттер талады. Бір сумкасына ақша сұрады, үлкен жүктерін тауар ретінде таразыға тартып, салық алды..

Елге келген қандастардың Қазақстан азаматтығын алуы - Меккеге жаяу барғаннан қиын болды. Оларға азаматтық бере салған жоқ. Өздері айтқандай 1 жылда, 6 айда, 3 айда беріп жатырмыз деген көрген түс сияқты. Қаптаған қалың қағаз, кешегі заң бүгін өзгеріп, кеше жараған құжаты бүгін жарамай, адам ойламаған құжаттарды сұрады. Азаматтықты бірден бермей, алдымен қазақ куәлік алу, сосын ықтиярхат алу, сосын барып азаматтық алу деген дәу баспалдақтар қойды.

Төл құжаттарында қазақ деп жазылса да, оның үстіне апарып «қазақ», «оралман» енді «қандас» деген куәлік алуды міндеттеді. Бұл ааспортында «ер» деп жазылса, соған Қазақстанда қайтадан «ер» деген анықтама сұратқаны сияқты болды. Ол үшін туылу туралы куәліктен бастап жеке куәлік, аттестат, диплом, неке куәлік, төлқұжатқа дейін қыруар ақшаға аудартып өткізесің. Оны әрең алып, ықтиярхатқа оданда көп құжат өткізесің. 45 күнде беретін құжат 6 ай, тіпті, жоқ болып, Көші-қонға барса делосы жоқ, жоғалтып жіберген, олар қайта тапсыр дейді. Сөйтіп жүргенде Оралман деген куәлігінің уақыты өтеді, сөйтіп қойшы, ақыры Көші-қонның заңды делдалдарына ақшасын беріп, не алған үй жоқ, не құжат жоқ, анаған-мынаған жалданып жұмыс істеп, өз зары өз ішінде, үнсіз өмір сүріп келеді.

Шетте жүргенде шіреніп жүретін туысының Қазақстандағы шарасыз халін көрген шеттегі туыстары жағасын ұстап, «Бармағаным Қазақстан болсын» деп, аттың басын кері тартты. Тіпті, Қытайдағы дүниесін тастап, елге келіп, 3-4 жыл азаматтық ала алмай, әкелген ақшасын сонымен шәшіп, не үй жоқ, не құжат жоқ, ақыры амалсыз қайта көшкен қазақтар да жетеді. Ал осыған шеттегі қазақтар кінәлі ме? Айтыңдаршы ағайын? Осыны ойласам іші-бауырым езіліп, көзіме еріксіз жас келеді...

Қыдырәлі Оразұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2295
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2643
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2735
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1736