Бейсенбі, 28 Мамыр 2026
Жаңалықтар 127 0 пікір 28 Мамыр, 2026 сағат 15:19

Чемпион Шайдоров бес айдан бері жалақы алмай жүр

Сурет: Сали Сабиров.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2026 жылғы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров соңғы бес айдан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеді.

Бұл туралы спортшы Тимур Балымбетовке берген көлемді сұхбатында айтты.

Шайдоровтың сөзінше, мәселе оның 2025 жылғы табысы туралы жарияланған есепті сынағанынан кейін басталған. Спортшы ол құжатта тек жалақысы мен бапкерлерге төленген қаражат көрсетіліп, ал дайындыққа көмектескен отбасы мен демеушілердің еңбегі ескерілмегенін айтты.

– Олимпиададағы жеңістен бері бес ай өтті, әлі күнге дейін жалақы алған жоқпын, – деді ол.

Спортшының айтуынша, қазіргі жағдайда жаңа бағдарламалар дайындау, жаттығу жиындарын ұйымдастыру және келесі маусымға жоспар құру қиындаған.

Сонымен қатар Михаил Шайдоров 1 ақпаннан бері ресми түрде дәрігерлік бақылаусыз қалғанын айтты. Оның сөзінше, мәнерлеп сырғанау – жарақат қаупі жоғары спорт түрі болғандықтан, тұрақты медициналық қолдау аса маңызды.

Шайдоров – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада алтынын алған алғашқы спортшы. Бұған дейін ол әлем чемпионатының күміс жүлдесін, Төрт құрлық чемпионатының алтынын және Гран-при кезеңдерінің медальдарын жеңіп алған.

Спортшы Олимпиададан кейін Туризм және спорт министрлігі мен Мәнерлеп сырғанау федерациясына спортты дамыту жөнінде ұсыныстар жолдағанын да айтты. Оның ішінде халықаралық лобби, төрешілер даярлау және үздік спортшыларды қолдау мәселелері көтерілген.

Алайда, спортшының айтуынша, федерациядан оған қатаң жауап келген. Онда Шайдоровты жүйенің жұмысын үстірт түсінеді деп айыптап, қазақстандық төрешіге қарсы қысым ұйымдастырды деген кінә тағылған.

– Егер мұндай жағдай Олимпиада чемпионымен болып жатса, басқа спортшылардың жағдайын елестету қиын, – деді ол.

Соған қарамастан спортшы жаттығуын тоқтатпағанын айтты. Қазір ол күніне бірнеше уақыт мұз айдынында дайындалып, келесі олимпиадалық циклге қатысуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ Шайдоров Қазақстанда жеке мұз шоуын өткізуді қолға алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шоу желтоқсанда өтіп, оған әлемнің танымал мәнерлеп сырғанаушылары шақырылуы мүмкін.

Әзірге Туризм және спорт министрлігі мен Мәнерлеп сырғанау федерациясы спортшының мәлімдемесіне қатысты ресми пікір білдірмеді.

Дереккөзі: zhasalash.kz

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3283
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2381