Билікке сенім төмендеді
Жақсылықтан үміттеніп, асыға күткен сайлау күні де көрген түстей өте шықты. «Әділетті Қазақстан», «Жаңа Қазақстан» деген ұрандар – тек идеологиялық тіркестер екендігіне көз жеткіздік. Өзіміз де «Назарбаев режимінің шіріген іргетасының үстіне қалай «жаңа Қазақстан» құрылмақ деп күманданып жүруші едік. Бүлінген іргетас жаңа құрылысқа негіз бола алмайды екен. Билік реформаларды конституциялық деңгейде жүзеге асырмаған соң бәрі сол көне күйінде қала бермек.
Біздің биліктегі ең тапшы қасиет – мемлекетшілдік болып тұр. Шенеуніктер, сайлау учаскесінің қызметкерлері мемлекеттің демократиялық даму бағытына емес әкімшілік арқылы жекелеген біреулердің немесе кландардың мүддесіне қызмет етіп жатады. Өкінішке қарай Рысбек пен Ермұраттың жағдайы соған дәлел. Екеуі де бақылаушы қойып қадағалаған сайлау учаскелерінде басым дауысқа ие де, бақылаушы қоя алмаған учаскелерде «уқан-суқан» жағдайлар орын алып жатыр. Бір адамның бірнеше учаскеде дауыс беруі, қызметкерлердің бюллетеньдерді топтап салуы, «карусель» құбылыстары, біреудің орнына біреу дауыс беруі сияқты жағдайлар басқа да сайлау округтерінде байқалып жатты. Әлеуметтік желілерде видеолары бар.
Қазақстандағы сайлауларды бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ қысқа мерзімдік мииссиясының жетекшісі әрі арнайы үйлестірушісі Ирен Хараламбидес ханым биліктің Мәжіліс пен мәслихат сайлауына тыңғылықты дайындалғанын атап өте отырып, бірқатар заң бұзушылықтарға жол берілгенін, «олар көбіне сайлау қорытындысын шығару мен санау кезінде» орын алғанын айтты.
Бұл нені көрсетеді? Бұл Назарбаевтың кадрлары Қазақстанды жаңа жолға сала алмағанын көрсетеді. Режим қанша тырысса да ежелден үйреншікті «коллеясынан» шыға алмай қалған. Электораттың билікке сенімі мүлде төмен екендігін сайлауға қатысушылар санының күрт кеміп кеткені көрсетіп берді. Аса өкінішті!
Ақырын күтеміз енді!
Марат Тоқашбаев
Abai.kz