Ғарифолла Есім – өзгеріс әкелген ғалым
Еліміз соңғы он жылдықта мәдени-рухани құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртуға арналған көптеген іс-шаралар, стратегиялық бағдарламаларды іске асыруда.
Әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың елімізде өткізілуі немесе ғалымдарымыздың тың жаңалықтар ашуы сияқты жетістіктері ел мәртебесін асқақтатып келеді. Бұл жетістіктер өз кезегінде елдің рухани тынысы мен дамуын байқатады. Ал елдің рухани тыныс-тіршілігіне қуат беріп отыратын күш – гуманитарлық салада еңбек етіп жүрген ғалымдар мен зиялылар. Әсіресе, еліміздің жоғарғы білім ордаларында қызмет етіп жүрген зиялы ғалымдар жастардың білім, ілім алу жолында тынбай еңбектенуімен қатар, ел болашағына қатысты мәселелерді дәйекті талқылап, өз ұсыныстарын жолдап жататынын жиі кездестіреміз.
Сондай жаңашыл ғалымдарымыздың бірі - ҚР Президенті жанынан құрылған Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлтық университетінің философия кафедрасының профессоры, белгілі философ-ғалым Ғарифолла Есім.
Оны біз ірі абайтанушы, Шәкәрім Құдайберді мен Ахмет Яссауи шығармашылығын зерттеуші ғалым ретінде жақсы білеміз. Оның философиялық еңбектері қазақ рухани кеңістігінде кеңінен танымал және философиялық жаңашыл ой-толғамдарын, қоғамдық белсенділігін «Сана болмысы» атты еңбектерінен байқауға болады.
Бүгінгі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Философия және әдеп», «Мәдениеттану» оқу бағдарламалары бойынша студенттерге және магистранттарға академиктің «Жақсы Қазақ» тұжырымдамасы өзінің сатылары: «Дәулет философиясы», «Іскерлік философиясы», «Дәстүр философиясы», «Қазақ қызы идеясы», «Сабақтастық философиясы», «Жаңаша-инновациялық ойлау философиясы», «Жақсы қазақ» элективті пәндер ретінде оқытылуда.
Академик Ғарифолла Есімнің философиялық түрлі мәселелер бойынша ой-толғамдарының ауқымы кең, жазбалары, еңбектері көп. Ғалымның ескі мен жаңа қоғамға берер бағасы, адамдық мәселелер туралы пікірлері, пайымдары оқырманды ойландырмай қоймайды. Сондықтан да біз ғалымның ой-тұжырымдары бойынша «Жақсы Қазақ» тұжырымдамасының негізгі мәселелерін ғана сөз етпекпіз.
Академик Ғарифолла Есім бұл тұжырымдаманың бастау алуы туралы былай дейді: «Адамдық құндылықтардың бәрін сараласақ, жақсы адам деген идеяға еріксіз келеміз. Сонда жақсы адамдар дегеніміз кімдер? Жақсы адам болу үшін не істеу керек? Оның арнайы жүйесі бар ма?», - дейді ғалым.
Академик өзін мазалаған осы мәселенің шешімін Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» – деген принципінен тауып, бұл сөзді барша адамзатқа ұсынып тұрған өркениет үлгісі екенін айтады.
«Неге осы қағиданы Абай айтты? Европалықтардың айтпағаны қалай? Олардың Абай сияқты адамзаттың бәрін сүю, бауырындай қарау қағидасын ұсынбағанына қарағанда европалықтардың евроцентристік көзқарасы, тәкаппарлығы басым болғаны ма? Әрине, неміс философы Кант адамзатты төртке: европалық, азиялық, африкалық және жабайылар – деп бөле тұрып «Адамзаттың бәрін сүй» деп айта алмас еді. Шын мәнінде адамзаттың бәрін сүю жұмыр басты пенденің қолынан келмейді, бұл тек Жаратушының, Хақтың ісі. Ал Жаратушының, Хақтың ісін тану, көру, халыққа ұсыну – тек данышпанның ісі. Бұл «Жақсы адам» тұжырымдамасында «жаман адам» деген мүлде жоқ. Дүниеде надан адам болса да, жаман адам болмайды. «Жақсы», «жаман» деп бөліп ойлаудың өзі қате», - дейді ғалым.
Академик Ғарифолла Есімнің тұжырымдамасындағы «Жақсы Қазақ» деген кім? Жақсы қазақтың тұлғалық қасиеттері болуы керек? Академик өз тұжырымдамасында «Жақсы қазақ» ұғымын ел имиджі, Қазақстанның болашағы туралы идея тұғырына жеткізді. Сонымен қатар «Жақсы Қазақ» дәрежесіне жетудің жеті түрлі сатысын ұсынды.
Академик бұл тұжырымдамасын тек теория жүзінде ғана айтып қоя салған жоқ, іс-жүзінде жүзеге асырып жатыр. Мәселен, жеті саты бойынша соңғы жеті жылдан бері Еуразия ұлттық университетінде білім беретін «философия», «мәдениеттану» бағыты бойынша бакалавр және магистратура, докторантура оқу бағдарламасына арнайы пәндік бағдарлама енгізіліп, шәкірттер білім алуда. Нақтырақ айтсақ, «Жақсы Қазақ» тұжырымдамасының бірінші сатысы бойынша «Дәулет философиясы» пәні, екінші сатысы бойынша «Іскерлік философиясы», үшінші саты бойынша «Дәстүр философиясы» пәні, төртінші саты бойынша «Қазақ қызы» пәні, бесінші саты бойынша «Сабақтастық философиясы» пәні, алтыншы саты бойынша «Жаңаша-инновациялық ойлау философиясы» пәні, жетінші саты бойынша «Жақсы қазақ» пәні оқылып келеді.
Сонымен қатар ғалымның қазақ халқының лексикасында кездесетін сөздерге жан бітіріп, мәтінді талдаудағы шеберлігі тәнті етеді. «Адам-Зат» кітабында қазақтың күнделікті қолданатын ұғымдарын талдап, мәнін түсіндірген. Айталық, тән, жан, көңіл, ар, рух, ниет, пенде, күдік, бақыт, сәт, тағы басқа көптеген ұғымдарға анықтама беріп, фәлсафалық қырын ашады. Мысалы, «Нөл – әлемдік тепе-теңдіктің өлшемі. Әлемдік тепе-теңдікті өлшемге, яғни, нөлге айналдырған адам-зат. Адамның өзі тепе-теңдіктің нәтижесі» дейді. Міне, осындай сөзді ұғымға айналдырып, жеке категория деңгейіне көтереді.
Академик Ғарифолла Есім қазақ рухани саласында ұлттық ойлаудың сырын ашып, халық даналығы негізінде пәлсапалық ойлар өрбітті. Өзінің білімін халықтың, кейінгі жас ғалымдардың игілігіне айналдырдыра білді.
Көптеген шәкірттер дайындап, өз мектебін қалаған жаңашыл, талантты ойшыл, ғалымның әлі де отандық ғылымға берері көп.
Abai.kz