Сенбі, 23 Қараша 2024
Бүгінгі сатира 1691 2 пікір 4 Сәуір, 2023 сағат 11:06

Президент келмейді екен!

Жыртық мәйкіммен,
Далақтап, келе жатқам,
Мұңлы кейпіммен,
Алақтап келе жатқам,
Бір кезде, екі  кісі,
Болғандай, менде ісі,
Ия, жастары кіші,
Мені жетектеп,
«Бұлай жүргенің жетет» – деп,

Көше шетіне тұрғыза салды,
Мойнымды  бұрғыза салды,
Үстіме көйлек кигізе салды,
Аузыма жілік тигізе салды,
Бірі шашымды тарап жатты,
Екіншісі– ақшаны санап жатты,
Үшіншісі– қолым сүйіп,
Ұялмай, жалап жатты,
Сөйтсем, президент келеді екен.

«Халық арасында ыржиып,
Жүрмесін деп тыржиып»,
Жұртпен тұру керек екен!
Қала әкімі үстімді қағып жатты,
Хатшысы  жаңғақ шағып жатты,
«Не деген құрмет?» – деп,
Көз жасым ағып жатты.
Еттен жей бергенімде,
«Оо! рахмет!» –дей бергенімде,
Қасымдағы тартып алды.

«Өлдің бе?» –деп,
Бір қолын,
Мойныма артып алды.
Жал–жаяны шайнап тұрмын,
«Не деген көз бояу?» – деп,
Кәдімгідей, қайнап тұрмын,
Тісімді әкім  шұқыласа,
«Кәйіппен», жайнап тұрмын,
Тыңқиып, тойып алдым,
Жақтырмаған шенеуніктің,
Екі көзін «ойып» алдым,
«Болды, жетер енді!» –дегеннің,
Терісін сыпырып, сойып алдым,
«Не деген баймын!» –деп,
Қолымды бүйірге қойып алдым,
Осылай күліп тұрғанымда,
Мойнымды сәл бұрғанымда,
Әкім құйрығыма теуіп қалды,
Күлкі құрғыр кеуіп қалды.

Сонда да,
Дауыс кетті оңға, солға да:
–Біз бақытты елміз!
Біз бақытты елміз!
Деп айқайладым,
Астарын оның
Бірақ, байқамадым,
Әкім  тағы теуіп қалды,
Ыржиғаным кеуіп қалды.

Сонда да,
Басымды бұрып, оң, солға да:
–Қараңыздар, халыққа,
Қарамайды, нарыққа! –
Деп ышқындым,
Аузыма келді,,
Өтірік деген қышқылдың...
Бір кезде,
Демде,
Көйлегімді шешіп алды,
«Айта берер, көпіріп,
Бәрі өтірік!» –
Деп едім,
Тілімді кесіп алды.

Берген ақшаны алып қойды,
Қалтама тас салып қойды,
Сөйтсем, президент келмейді екен,
Бәсе, бекерден–бекер
Демеңіз, өмір шекер,
Бәрін тегін  бермейді екен...
Енді үйге қайтам,
Тағы да айтам,
Президент келмейді екен!

 

Мұхтар Шерім

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401