Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 12275 12 пікір 15 Сәуір, 2023 сағат 19:58

Қос тарап мәмілеге келер

Жаңаөзеннен жүзге жуық мұнайшы елордаға келіп, өз наразылықтарын білдіріп  қайтқаны бәріне белгілі. Бірақ жаңаөзендік мұнайшылардың дауы әлі басылар емес. Екі тарап мәмілеге келіп, ел ішінде тыныштық болса екен. Бұл жерде біреуін даттап, енді біреуін қостап отырғаным жоқ. Аз ғана халқы бар елдің бір-бірімен бет жыртысып, табалаудың қажеті жоқ. Елдің берекесі кетеді.

Мысалы, Жанаөзен 50 мың адамға арналған алақандай ғана қала. Ал оған шекаралас жатқан Түркменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан 160 мыңнан астам адам келген. Сол сырттан келгендерде «мемлекет міндетті» деген көзқарас байқалып қалып жатады. Яғни атажұртына оралғандарға   «мемлекет материалдық көмек көрсетуі керек, жұмыс тауып беруі қажет» дейтіндер де табылады. Әйтсе де нарықтың қатаң заңы «алма піс, аузыма түсті» қолдамайтынын ұмытпағанымыз жөн. Арнаулы орта, жоғары білімі болмаса да жоғары жалақы төлеуді талап ететінін де жиі естіп қаламыз. Олардың негізсіз талабы кейде жергілікті халықтың ойын өзгертіп, билік пен бұқараның арасына жік салатындай.

Жалпы, қазір Жаңаөзенде халық тым тығыз қоныстанған  осыншама адам шамадан тыс бір жерде шоғырланған соң мәселе де, дау да көп шығады. Оның бәрін әп-сәтте Үкімет шешіп тастай алмайды, тіпті реттеп үлгермеуі мүмкін. Баспана жетіспеушілігі, жұмыссыздық, жастарға жағдайдың жасалмауы секілді ушығып тұрған мәселелер жетіп артылады. Жергілікті жұрттың табыс көзі – «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамы. Оның өзі шегінен асып кете алмайды. Осының салдарынан  әлеуметтік кикілжің, еңбек дауы, жалақыға наразылық білдіру Жаңаөзенде үйреншікті жағдайға айналған. Осыдан барып халық билікті, билік халықты түсінбей жатыр.

Меніңше, халықтың басым бөлігін басқа өңірлерге көшіру керек. Мәселен, еліміздің солтүстік өңірі бос жатыр. Бірақ оған ешкімнің барғысы жоқ. «Біздің ата-бабамыздың жері» деп шығады. Ойлап қарасақ еліміздің бүкіл аймағы ата-бабамыздан қалған мұра емес пе? Жердің қай пұшпағына барсақ та, ел мен жерді көркейткенге не жетсін?! Бойды ашуға бермей, ойланатын дүние.

Ертеңгі күні бұл кәсіпорын жабылса не болады? Жаңаөзенге шоғырланған 200 мыңға таяу адамның тағдыры не болмақ? Бүгіннің өзінде мәселелерден көз ашпай отырған қалада мұнай өнеркәсібі төмендесе не болмақ? Сондықтан Жаңаөзенге көрші мемлекеттерден көшіп келіп жатқан қандастарды Қазақстанның басқа аймақтарына бөліп орналастырып, демографиялық үрдісте тепе-теңдіктің сақталуына мән берген дұрыс болар. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай!

 

Әлібек Асқаров,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

 

12 пікір