Тұрсын Жұртбай. Cәбит Мұқанұлы: «Мағжан мен сен кеңес үкіметіне қастықтарыңды ашып айтатын едіңдер» (жалғасы)
Ашығын айтсақ, олар өздерінің қатар өткізген отыз жылғы ғұмырында бір-бірімен тіл табысуға ұмтылыпты. Соның бір кепілі - араларына салқындық түскен кезде өзара жазысқан хаттары. Хат жазушы - Сәбит. Барлық хатты Сәбит Мәскеуден жолдаған.
Соның ішіндегі ең маңыздысы - 1932 жылы Мұхтар түрмеден шыққаннан кейінгі Сәбиттің жолдаған достық сәлемі. Өзге-өзге, бұл ізгі тілек Мұхтарды ерекше қуантып, серпілткені анық.
Өйткені, сол кезде Мұхтарға ауыр соққан жайдың бірі - ұзақ жылдар бойы өмірдің ащы-тұщысын татқан достарынан, пікірлестерінен көз жазып қалуы еді. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынов сияқты рухани ұстазы, Жүсіпбек пен Мағжан іспетті абзал жандардың орынын кім баса алсын. Дегенмен де, өзге жазушылардың барлығы оны сыртқа тепті десек - шындыққа қайшы келеді. Соның ішінде он жылдай газет беттеріндегі мақалалары арқылы айтысып келген Мұхтар түрмеден шыққаннан кейін оған Сәбит Мұқановтың өзі жәрдем қолын созды.
Ашығын айтсақ, олар өздерінің қатар өткізген отыз жылғы ғұмырында бір-бірімен тіл табысуға ұмтылыпты. Соның бір кепілі - араларына салқындық түскен кезде өзара жазысқан хаттары. Хат жазушы - Сәбит. Барлық хатты Сәбит Мәскеуден жолдаған.
Соның ішіндегі ең маңыздысы - 1932 жылы Мұхтар түрмеден шыққаннан кейінгі Сәбиттің жолдаған достық сәлемі. Өзге-өзге, бұл ізгі тілек Мұхтарды ерекше қуантып, серпілткені анық.
Өйткені, сол кезде Мұхтарға ауыр соққан жайдың бірі - ұзақ жылдар бойы өмірдің ащы-тұщысын татқан достарынан, пікірлестерінен көз жазып қалуы еді. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынов сияқты рухани ұстазы, Жүсіпбек пен Мағжан іспетті абзал жандардың орынын кім баса алсын. Дегенмен де, өзге жазушылардың барлығы оны сыртқа тепті десек - шындыққа қайшы келеді. Соның ішінде он жылдай газет беттеріндегі мақалалары арқылы айтысып келген Мұхтар түрмеден шыққаннан кейін оған Сәбит Мұқановтың өзі жәрдем қолын созды.
Сәбит ол кезде Мәскеуде оқуда болатын. Сонда жүріп Мұхтарға хат жазды. Өзге емес, тура Сәбит Мұқановтың достық көңіл бөлуінің маңызы ерекше болатын. Өйткені, Қаз АПП-тың көсемі болған Сәбиттің беделі үлкен және оның пікірімен өкімет те, өнер иелері де санасатын. Әрине, уақыт талабы, өнерге деген көзқарас өзгерді. Мұхтар да, Сәбит те «ет қызуымен» айтылған пікірлерінен қайтып, қателіктерін мойындады. Сәбит, Абайдың қаралаушысынан - насихаттаушысына, зерттеушісіне айналды. Мағжанды да, Мұхтарды да мойындады. Оған 1933 жылы 21-ақпанда Мұхтарға, 1934 жылы қарашаның екісі күні Мағжанға жазған хаттары дәлел. Екі хатта да Сәбит пікір таластыра отырып ойын ашық айтады. Біз осы кездегі саяси және әдеби ортаның жай-күйін толық білдіру мақсатымен хатты қысқартпай, сол қалпында келтіреміз. Және Мұхтарға тағылған айыптардың біразы осында қамтылған. Сондай-ақ, екі алыптың қарым-қатынасы жөнінде орынды-орынсыз, дәлелді-дәлелсіз айтылып жүрген қауесетті анықтау үшін де керек. Сәбит өз өмірінде үш рет Мұхтарға хат жазыпты. Соның ең біріншісі 1933 жылы 21 ақпанда Москвадан жолдаған хат:
«21 февраль, 1933 ж. Москва.
Мұхтар!
Бұдан бірер жыл бұрын біз екеуміз екі таптың жыршысы ек. Марксизм объекті мен субъектіні бірінен бірін айырмайды. Объективно тап тартысында бір-бірімізбен майдандасқан адам болғандықтан, сені білмеймін, менің өз қара басымды алсақ, сені субъективно да ұнатпайтын ем. Сөйткен саған менің осы хатты жазуымның өзі көлденең қараған адамға ұқпайтын нәрсе сықылды көрінуі мүмкін. Өйткені тап тартысы біз майдандасатын кезде күшеймесе кеміген жоқ. Таптар біткенмен, тап өкілдерінің татулығы болу мәселесі әлі ерте. Және қарсы таппен біз татуласып жақындаспаймыз, жоямыз.
Сенің газеттерге жазған хатыңды, Жазушы ұйымының жиналысында айтқан сөзіңді оқыған адам, марксизмге таныс адам, әрине, бұл хаттағы жазылғанға таңданбайды. Бұл заңды хат. Адам тас емес. Адамның дүние тануы тұнған су емес. Бүгін дұрыс деп санаған пікір ертең қата болуы, қата пікірден адамның қайтып, жаңа, дұрыс пікірге көшуі адамдық қасиетіне сыйымды нәрсе. Марксизмнің идеализмнен, дөкір (грубый) материализмнен айырмасы: әр нәрсені қозғалыс ретінде (в движении) алады, ой-сананы тұрмысқа, материалды өмірге тірейді. Адам баласының өмір тануы ретінде өзгермейтін ең соңғы (ғылым) - ғылыми марксизм болатын себебі де осы. Марксизм өмірді танудың дұрыс әдісі (метод). Сондықтан ол: барлық өмірдің өркендеуін диалектикалық материализм көзімен танығаны сияқты, өзінің өркендеуін де осылай таниды. Марксизмді ленинизм өркендетуі, ленинизмді Сталиннің ілгерілетуі осы дұрыс әдіс, дұрыс ғылымнан туған нәрсе.
Олай болса, сенің хатыңды, сөзіңді көріп марксшіл адам таңданбайды. Бұл заңды, табиғи нәрсе деп табады. Бір таптың жоқшысы боп жүріп, екінші тапқа көшу, тарихта бірінші рет болған нәрсе емес. Әрине, мұндай көшудің екі түрі бар:
1.Устряловшылдық1. Бұндай әдіс бізде - Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды.
2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер.
Біз сені қас (дұшпан - Т.Ж.) күніңде де бағалайтын ек. Өйткені Мағжан мен сен кеңес үкіметіне қастықтарыңды ашып айтатын едіңдер. Сондықтан сенің пролетариат тілегіне келуіңді де адал келу деп ойлаймын. Бұл сенің көңіліңді көтеру емес, шыным. Біреулер сенің жазаға тартылғаныңа байланыстыруы мүмкін. Оған повод бар да. Өйткені Достоевский жазаға тартқаннан кейін, төңкеріс пікірінен пышақ кескендей айырылып, барып тұрған реакционер болғаны мәлім. Күшке көнетін кісі де, көнбейтін кісі де болады. Ескі пікірінде шын қатқан тұрақты адам, жазаның ауыры - өлімге бара алады. Менің де өз қара басым сені қорқудан емес, ұяттан келген адам (не перед страхом, а совестью) деп ойлаймын. Олай болса, күдіктің орны болмауға тиіс. Және болуға мүмкін де емес. Өйткені әрбір адамгершілік санасы бар адамның негізгі ойы - біреуді құлданбауда, адам баласы теңдес өсуде болу керек. Бұған сөз жүзінде: Каутский де, Чемберлен де қарсы емес. Кәтте, «Пуанкаре - война» атын алған Пуанкаре де қарсы емес. Лига нацияны Пуанкаре құрған. Лига сөзде қару тастауды кеңес қылғалы қанша болды? Бірақ, әңгіме сөзде емес, істе. Марксизм іс пен сөзді қатар алады. Олай болса, іс жүзінде адамды адаммен теңдестіруге қандай жол дұрыс апара алады? Қай топ оны істеуге әлі келеді?
«Өндіріс құралы жеке меншікте тұрғанда, біреуді біреу құлдану қалмайды», - деген Маркс. Бұл марксизмнің негізгі жолының мықты бір бұтағы. Адам - қоғамдас мақұлық. Және адам өзін-өзі ешуақытта асырай алмайды. Қоғам мүшесі біріне бірі көмектесіп, бірінің жоғын бірі табады. Олай болса, олардың бірлесіп жұмсайтын құралы ортақ және өндірушінің өз еріктерінде болуы керек. Пролетариатқа шейінгі тап, біреуді біреу құлдану негізінде құралған тап болғандықтан, бұны істе жүзеге асыра алмайды. Жүзеге асырса өзін-өзі жою керек. Өзін-өзі жою олардың қолынан келмейді.
Маркс неге пролетариатты басқа таптан таңдап алды? Қара шаруаның да біразы еңбек иелері, оларды неге алмады?
Маркстың пролетариатты таңдауы - олардың өзгеше боп жаралғандығы емес, олар да адам баласы. Олардың өзге таптан өзгешелігі - жекешілдік бағыт, меншік жоқ. Оларда еңбек ортақ. Олар - ортақ тұрмысқа үйренген, сондықтан олардың ортақ қоғам жасауға әлі келеді. Энгельс: «Капитализмнің пайдасы, өндіріс құралына ортақ, меншіксіз адамдарды өндіріске жиып, ортақ қоғам жасауға способный пролетариат жасап берді», - дейді. Маркс адамға қарсы емес. Ол - адамшыл. Ол адамды адам жеуге қарсы. Ол қанаушыны жоюға ұран тастаушы. Осы шын мағынасындағы адамшылық өмір жасауға әлі келетін тап - пролетариат. Оған пролетариаттың тұрмысы куә. Маркстың пролетариатқа сүйенуі, марксизмнің пролетариат идеологиясы екендігі осында.
Маркстың еңбекшіл қара шаруаға сүйенбегені - онда жекешілдік бағыт күшті. Қара шаруа, пролетариатпен одақтасқан күнде ғана социализмге бара алады. Іс жүзінде адамды теңдестіру, пролетариаттың қолынан ғана келсе, кімде-кім пролетариатқа қарсы болса, сөзінде пәленмін дегенмен, ол адамгершілікке қарсы. Мұны түсінген адам сөз жоқ, пролетариат тілегіне көшеді. Марксизм адам баласының миллиондаған жылдар жасаған күресінің, өркендеуінің ең жоғарғы мұнарасы. Кімде-кім осы мұнараға шықпаса, биік мұнарасы - коммунизмді көре алмайды. Сондықтан, сен сықылды адамдардың марксизмге келуі, ең алдымен, адамгершілігін өтегендігі.
Сенің бұдан былайғы әдебиет - шығарма жұмыстарыңда біраз қиындықтар болуы мүмкін, өйткені сен пролетариат тілегіне қарсы болған адамсың, сондықтан пролетариат саған біразға дейін сене алмайды. Сен «қателесем бе» деп біразға шейін жалтақтық істеуің мүмкін, «жасасын» жағын басыңқырауың мүмкін. Пролетариат, әрине, сенен оны тілемейді және ондай шарт қоймайды. Пролетариат - сынды, өзара сынды жақсы көретін тап. Кемшілігін жасырмайтын тап. Ол кемшілікті ашуды тілейді. Бірақ қалай ашады? Мәселе сонда. Біздің тұрмыстың жарық жағымен қатар күңгірт жағы да бар. Ол күңгірт пролетариатқа закономерный емес, ол ескі таптан қалған мұралар. Оларды ашу (жолы) - социалистік реализм. Бірақ ашқанда пролетариатша ашу керек.
Қазақстанның былтырдан бергі жағдайында перегип арқылы біраз қиындықтар болды. Бұл қиындық, пролетариаттың таптық тілегінен туған қиындық емес, жеке адамдардың дұрыс басқара алмағанынан туған қиындық. Осы қиындық біраз адамдардьң ішіне күдік салуы: «Марксизм ұсақ ұлттардың жүрер жолы бола алмайды»,- деген ойға келуі мүмкін. Әрине, ол марксизм ғылымына піспеген адамның ойы. Марксизм дұғалық емес, істің құралы. Төңкерісшіл пролетариат төмен қалған ұлттарды социализмге апара алады. Ол біздің одақта дәлелденді де. Ал Қазақстан жайында болған перегиптерге, марксшыл адам сын көзімен қараумен бірге, перегипті жоюға жәрдемдеседі. Марксизм төңкерісшілдікті іс жүзінде сынайды.
Бұл сөздер, әрине, үгіт емес, (сен сықылды пікірі ержеткен адамды үгіттеудің өзі бір жағынан қарағанда балалық болар еді) марксизмнің негізін айтқандық.
Мен өзім партияға өтірік кірген адам емеспін. Бірақ басында ақылмен емес, жүрекпен кірген адаммын. (Бұл демагогия емес). Өйткені мен партияға кіргенде марксизм ғылымының негізін шала білетін адам едім. Бірақ партияға кірдім. Соның өзі странно көрінуі мүмкін. Бірақ онда түк таңдану жоқ. Бұл марксизмнің құрғақ теория еместігіне, марксизмнің тамыры еңбекші халықтың ішінде өсетіндігіне дәлел. Марксті білмеген еңбекшілер толып жатыр. Марксизм солардың ішінен өскен. Біреулер шен үшін партияға кіреді. Біреулер күн көріске кіреді. Мақтануын ішіне ала сөйлегенде, менде мұның бірі де болған жоқ. Білім кемдігінен болған қаталықты былай қойғанда, мен өз қара басымды таза, пролетариаттың ісіне берілген адаммын деп санаймын. Күңгірт жақтарым болды. Бірақ мен қоғам ісіне қатынасқалы, бір жолда келем деп тарих алдында мақтана алам. Келешек өз алдына.
Өскен сайын (ой өсуін айтам) адам, әрине, объективно бола бастайды. Мен өз қара басым тұрмысқа объективно қарай алғаным сықылды (осы күнде), Қазақстан жағдайының қазіргі күйіне объективно қарай алам. Қазақстандағы қазіргі еңбекші таптың перегиптен көрген қиындығына іші ауырмаған адам - коммунист емес. Олар - баққұмар, арамтамақтар. Бірақ құр іші ауырып қою, күрестен қол тарту болар еді. Оның арты кеңес үкіметінен, социалды идеядан қайту болар еді. Оған өз басым бара алмаймын. Партияның бұл перегипті түзеуге әлі келуіне сенем. Құр сенім де ешнәрсе болмайды. Біздің мақсат - перегипті түзетуге көмектесу. Көмекке әркімнің маманданған құралы бар. Біздің құрал - көркем әдебиет. Сондықтан біздің мақсат көркем әдебиетпен қазақ еңбекшілерінің тұрмысын түзесуге жәрдемдесу, партияның кәсіпке, колхозға ұстап отырған жолын түсіндіру.
Біз Алма-Атада көріскенде жөнді сөйлесе алғамыз жоқ. Біздің сенімен сөйлескендегі мақсатымыз, сені үгіттеу емес, түзелем деп алған бетіңе жолдастық көмек көрсету. Сол көмек, кеңес ретінде осы хатты жазуға тура келді. Хатта толық пікірді айту мүмкін емес, бірінші - сөзіңе сенгендігімді білдіру, екінші - пікірімді айту.
Егер сен бұрынғы Мұхтар болсаң, «қанжығада көрісермізбен» айдай берер ек. Қазір ол пікірден, әрине, аулақпыз. Түзелуіңе бізден керекті жәрдем болса қолдан аянбаймыз. Сенің міндетің - біздің алдымызда емес, пролетариаттың алдында (біз де соның ішіндеміз ғой) сөзіңді іс жүзінде айту.
Жолдастықпен: Сәбит Мұқанұлы».
Саяси-таптық қарсыласын бауырына тартқан Сәбиттің осы қадамын азаматтық қасиет ретінде бағалауға толық негіз бар. Әрине, олардың араз боп, айтысып жүрген кездері де болды. Бірақ, оған әлі талай жыл бар еді. Ең бастысы - Мұхтардың басына күн түскенде Сәбиттің жанынан табылуы.
Мұның өзі Мұхтарға дәл уақытында, ділгір шағында білдірілген тілек еді.
Біз жазушының таным жолы қаншама күрделі оқиғаға толы болғанын көрсету үшін ғана бұл түсініктерді қайыра баяндап отырмыз. Егер де жазушының өміріндегі үлкен түйін боп келген дәл осы мезет айқын ашылмаса, онда Мұхтар мен Сәбиттің бүкіл өмір жолдарына ұласқан ырғасудың себептерін толық түсіну мүмкін емес.
Әрине, Сәбиттің хаты кілтипансыз емес, «субъективно ұнатпағандық» та аңғарылады. Оның да өзіндік өкпелейтіндей салдары бар. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Ескілік көлеңкесінде» атты жинағына жазған алғысөзі оның партиядан шығарылуына «септігін тигізді». Өзге-өзге, бүкіл саналы өмірін пролетариатқа қызмет етуге жұмсаған Сәбит үшін одан артық жаза жоқ еді. Сондай қасіретті қарбаластан аман шыққан екі тұлға араға екі жыл салып барып қырғи қабақ күйге көшкен. Оған не себеп болды? Екеуі де бір күнгі еркіндікті көре алмады ма? Мүмкін.
(Жалғасы бар)
Abai.kz
1 Николай Васильевич Устрялов - Кадет партиясының мүшесі, профессор, журналист, 1918-20 жылдары Қиыр шығыста, одан кейін 1921-22 жылдары Парижде шыққан "Смене вех" («Нысаналарды ауыстыру») журналының редакторы. Оның теориясы бойынша азамат соғысында жеңіп шыққан кеңес өкіметін сырттан құлата алатын күш жоқ. Оны құлатуға мүмкіндігі бар жалғыз жол - кеңес қызметкері болу, сөйтіп кенесті де, партияны да іштен шірітуге тырысу. Бұл «теория» кейін «Устряловщина» («Устряловшылдық») немесе «нысана өзгертушілік» («Сменовеховщина») аталып кетті. Кеңес өкіметі Қазақстанда орнай бастаған шақтағы қазақтың коммунист партия (қатарындағы) бай-ұлтшылдары осы «Устряловшылдықтың» бір бұтағы (С. Мұқановтың түсінігі - Т. Ж.).