Юрий Ильин өрт кезінде қайда жүрген?
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі экс-министр Юрий Ильиннің Абай облысында орман өрті басталған күндері қайда болғаны туралы мәлімет жариялады.
«Әлеуметтік желілердегі видеода Төтенше жағдайлар экс-министрі Юрий Ильин Абай облысындағы орман өрті кезде Дубайда жүрген болуы мүмкін екені айтылған. Ол шындыққа жанаспайды. Өйткені экс-министр 8-9 маусым күндері Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған болатын», - деп жазылған ресми мәліметте.
Ведомствоның баспасөз қызметі осы мәліметтің дәлелі ретінде аталмыш сапарға қатысты министрліктің ресми сайтында жарық көрген ақпараттардың сілтемелерін ұсынған.
Ол сілтемелерден Юрий Ильиннің 8-9 маусым күндері Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен баратыны алдын ала хабарланғанын, аталмыш күндері қандай нысандарды аралап, қандай ұжымдармен кездескенін көруге болады.
«Айта кетейік, Ю.Ильин Абай облысындағы өртке байланысты СҚО-ға жұмыс сапарын тоқтатып, ТЖМ-нің Дағдарыс жағдайларында басқару орталығындағы штабқа өзі жетекшілік етті», - делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, 10 маусым күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Юрий Ильин Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымынан босатылды.
Abai.kz