Қаңтарда оққа ұшқан бесеу: Сот шешімін өзгертпеді
Алматы қалалық соты Қаңтар оқиғасы кезінде қала орталығында оққа ұшқан бес адамның жақындарының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
2 мамырда Алматының Бостандық ауданының №2 соты оқ тиіп қаза болған бес адам – Серік Керімовті, Қанат Әубәкіровті, Нұрболат Қасымжановты, Аслан Уәлиевті және Шыңғыс Тастанбековті "жаппай тәртіпсіздікке қатысып, мемлекеттік нысандарға шабуылдады" деп соттаған. Сот бес адамды қаза табуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Марқұмдардың туыстары үкімге келіспей, оларды ақтауды талап етіп, апелляциялық шағым түсірген еді.
Шағымды қараған Алматы қалалық сотының алқасы бес марқұмды айыпты деп таныған алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Апелляциялық сотта марқұмдардың адвокаттары мен жақындары алғашқы инстанцияда айыптың қай-қайсысы да дәлелденбегенін, тергеу көрсеткен фотолар мен видеолардағы адамдар жақындары емес екенін айтты.
Ал шағымды қараған сот алқасы "алғашқы инстанцияда іс заңға сәйкес зерделенді, сотқа дейінгі тергеу барысында сараптамалар заңды және негізді тұжырымға келген, сондықтан үкімді өзгертуге негіз жоқ" деп таныды.
Марқұмдардың жақындары бұл шешімге келіспейтінін, енді кассациялық сотқа шағым түсіретінін айтты.
– Күйеуім Алматыдағы президент резиденциясы маңында жерде жаралы жатқан адамға көмектеспек болғаны видеода бар, сол үшін атып тастады. Ал тергеу оның бұл ісін резиденцияға шабуыл жасау дейді. Әділетсіз ғой. Мен келіспеймін, Жоғарғы сотқа дейін барам, – дейді марқұм Қанат Әубәкіровтің әйелі Ләйла Әлдибекова.
Abai.kz