Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаһан жаңғырығы 2859 7 пікір 18 Шілде, 2023 сағат 11:38

Украина мен Ресей: Трамптың соғысты тоқтату тактикасы

Былтыр ақпанның 24-күні Ресей президенті Путин Украинаға қарсы аталмыш соғыс бастап, әлем жұртын алаңдатқанда Американың алдынғы кезек президенті болған Трамп та жеке әлеуметтік желісі арқылы көзқарасын білдіріп: «Мен кезінде Путинге: «Сен Киевке шабуылдасаң мен Маскеуге шабуылдаймын», - деп кесіп айтқам. Мүның бәрі Байденнің осалдығынан болды», - деп пікір білдірген еді.

Ол сондай-ақ, Ауғанстанда Тәліптердің билікке келуі де Байден билігінің сыртқы саясатының әлсіздігінің салдары деп көрсеткен.

Көктемде келесі жылғы президент сайлауына түсетінін ресми түрде жариялаған Трамп жақтастарының алдында сөйлеген сөзінде өзінің соғысты бір тәулік ішінде тоқтата алатынын жеткізген еді, бірақ нақты барысын ашып айтпаған. Күні кеше Американың әйгілі Fox news телеарнасының тілшісі Трамптан соғысты бір тәулікте тоқтататын ерекше тактикасы туралы егжей-тегжейлі айтып беруді сұрап, сұхбат алыпты.

Украина президенті Зеленский жайлы тоқталған Трамп оған өзі президент болып тұрған 2019 жылы Байденнің ұлының Украинадағы былықтары туралы тексеріс жүргізуге қолқа салғанын, сол кезде Конгрессте басым орынға ие болып тұрған демократтар өзіне «президенттік құқығын асыра пайдаланды» деп айып таққанын, сондай сын сәтте Украина басшысының өзіне ешқандай қысым болмағанын айтып үлкен адамгершілік танытқанын айтады.

Ал оның соғысты дереу тоқтататын тактикасы мынау екен: Трамп Зеленскийге тәулік ішінде Путинмен келісімге келмесе беріліп жатқан әскери көмекті бірден тоқтататынын жеткізеді, ал орыс басшысы Путинге тәулік ішінде Зеленскиймен келісімге келмесе оларға берілетін көмекті екі есе көбейтетінін айтады.

Сарапшылар Трамптың өзі ерекше сенім артқан тактикасына күманмен қарап отыр. «Америка Украинаға көмекті тоқтатса Англия, Ресеймен шекаралас Финландия, Полша, кеңес одағы құлаған соң НАТО құрамына енген Балтық елдері бастаған мемлекеттер, жақында өткен НАТО-ның жиналысына қонақ ретінде қатысқан Жапония мен Корея көмектесер еді» деп санайды.

Саясаттанушылар сондай-ақ, Трамптың Тайуан мәселесіне байланысты айтқан сөздерін де құптамай отыр. Трамп «Тайуан компаниялары чип өндірісінің 90 пайыздан астамын өзіне көшіріп, америкалықтардың нанын тартып алды» деп санайды. Оларға қарсы кеден салығын көбейтуді ұсынады. Сонымен бірге ол тілшінің «Қытай басшысы Американы неге жек көреді?» деген сұрағына «Ол өз елін өте жақсы көреді. Голливудта Қытай басшысының образын сомдай алатын бірде бір актер жоқ» деп сенімді түрде жауап береді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5448