Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Өзгелер 1991 6 пікір 28 Шілде, 2023 сағат 13:31

Ресей Солтүстік Кореяға бет бұрды

Әлем жұртшылығы РФ кәріс картасын ойнатуға көшті деп дүрлігуде. Оған себеп Ресей Қорғаныс министрі Шойгу бастаған делегацияның осы елге жолының түсуі. Шойгу бастаған делегацияны Пхеньян әуежайында Солтүстік Корея армиясының генералы Кан Сун Нам және құрметті қарауыл ротасы қарсы алды.

Осы сапар үшін Ресейдің тапқан сылтауы Кәріс соғысының 70 жылдық мерейтойына қатыспақ. Иә, Ресей өзін КСРО мұрагері санайды. Әрі кезінде Кеңес Одағы осы елге 1950-1953 жж. көмектесіп, біртұтас Кореяны қақ жарып, айызы қанған еді. Қырғи-қабақ соғыс кезінде екі алып қағанат КСРО мен АҚШ өздері 37-ші параллельмен бөліп алған жерлерінде бірі – «социалистік жұмақ», екіншісі – «капиталистік жұмақ» орнатуға көшті. Оның қандай нәтиже бергенін тарих өзі-ақ көрсетіп, АҚШ қанатының астына алған – Оңтүстік керемет дамып, Ресей қолтығына кірген – Солтүстіктің ұсқыны кетті. Бар қолынан келетіні жалған АҚШ долларын жасап, қара базарда саудалау ғана.

КСРО дәуренін аңсаған Путиннің назары осы елге тегін түсіп отырған жоқ.
Ким Чен Ын өз тарапынан Сергей Шойгуды құшақ жая қабылдап, екі тарап «аймақтық һәм жаһандық қауіпсіздік мәселесін» кеңінен талқылады деп ресейлік БАҚ шулай жазды. КХДР басшысы Шойгуға Украинаға ашқан соғысын құптаған санаулы елдің бірі екенін танытып, әлі күнге дейін өздеріне салынған саяси һәм экономикалық санкцияларға мойымай, өз тараптарынан кеңестік үлгідегі соғыс қару-жарақтарын дамыта білгенін паш етті. Жоғарғы мәртебелі қонаққа баллистикалық зымырандарын, жаңа үлгідегі дрондарын тағы басқа жаңашыл соғыс технологиясы үлгілерін көрсетіп бір мақтанып қалды.

Шойгудың бұл елге келген басты мақсаты әскери салада тығыз әріптестік қарым-қатынас орнату. Бірақ 2017 жылы БҰҰ қауіпсіздік кеңесі КХДР санкция салған кезде Ресейді жақтап дауыс берген болатын. Енді басына күн туғанда туысын іздеп шарқ ұрған күй кешуде. Атап айтар болсақ, Солтүстік Корея Ресей армиясына артиллериялық оқ-дәрі мен техника жеткізіп жатқанын айдай әлем білсе де, Солтүстік Корея мұны бет бақтырмай, мүлдем жоққа шығарып келеді.

Бұған алып-қосарымыз, Солтүстік Корея Мәскеудің Украинаның төрт облысын аннексиялап алғанын мойындаған үш елдің бірі болып отыр. Әзірше Шойгудың бұл сапары немен аяқталары белгісіз.

 

Abai.kz

6 пікір