Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Әне, көрдің бе? 1844 5 пікір 1 Тамыз, 2023 сағат 12:13

Қазақ ақшасымен кімдер байып жатыр?

Жалпы, біздің елде неше түрлі, адам таң қаларлықтай жағдайлар болып жатады. Сенейін десең, ешбір қисынға сыймайды, сенбейін десең көз алдыңда бақырайып тұр.

Мәселен, біздің елдің шетелдермен өзара тауар сауда айналымына көз жіберіп көрелік. Қай нәрсенің де тігісін жатқызып жіберетін статистика комитетінің хабарлауынша, біз күнделікті қажетті дүниелердің 40 пайызын Ресейден алады екенбіз. Ішінде тіпті, сүт те, май да, ет те бар. Тұрмыстық техника дегені тағы бар. Анау-мынау киім кешекті қырғыз ағайындар тігіп береді. Қажетті аяқ киімді тәжік туыстар жеткізеді. Қалғанын алып көршіміз Қытай жарылқайды. Енді қайтеміз, өзіміздің тауар шығаруға дәрменіміз жетпесе?.. Сосын біреуге көз сүземіз дағы.

Жарайды, бұған да көндік. Алайда, масқара болғанда халыққа тиесілі табиғи байлықтан түскен мол ақшаны қазіргі таңда аса қажеті жоқ, жұрттың сұранысына жарамайтын деликатес тауарларға шығындағанын көргенде осы елде дені дұрыс экономист қалды ма екен деген жаман ойға келесің.

Енді оған мынадай жаға ұстарлық факті дәлел: Еліміздегі анау-мынау, үсақ-түйек маман емес, Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеу институтының жетекші ұлттық қызметкері, өзін аса білікті сарапшы (дивандық емес) санайтын Мұхит Асанбаев мырза еліміздегі санаулы орыстілді порталдардың біріне берген ауқымды сұхбатында еліміздің Иран мемлекетімен арамыздағы сауда 1 миллиард доллардан 300 миллион долларға түсіп қалғанын айтып, зар жылайды. Бұл Иранның Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдап, оларға қажетті соғыс техникасын бергені үшін салынған санкцияның әсері екен.

Ал енді әлгі 1 миллиард долларға не алып келіппіз дейсіздер ғой? Біздің тіршілігімізге аса қажетті, онсыз күніміз қараң болатын ерекше дүние деп ойласаңыздар, қатты қателесіздер. Біз бұл мол ақшаға жаңғақ, финиктер және пластамассаларды сатып алады екенбіз. Сірә, қазақтар ет жеуді қойып, жаңғақ шағып, финикпен рахаттанып шай ішуге ғана жаппай көшкен секілді.

Беу, қайда шашылмай жатқан қазақ ақшасы десейші!

Жайберген Болатов

Abai.kz

5 пікір