Қуандық Шамахайұлы. Журналист шығармашылығы
Журналист туындысының саясаты мен оның негізін қалайтын тақырыпты, бағыт-бағдарын жүзеге асыруға ғылыми, публицистикалық, әдеби-көркемдік секілді адамзат өз тарихында өмірге келтірген шығармашылықтың барлық жанрлары мен формалары пайдаланылады. Журналистиканың барлық институттары қоғамдық түрлі көзқарастардың, тарихи сананың, терең танымның аясында өзінің келелі міндетін жанрларға жүгінбейінше толықтай атқара алмайды. Телеарналар да, редакциялар да шығармашылықтың түрлі формаларын белгілі деңгейде пайдаланады.
Журналист туындысының саясаты мен оның негізін қалайтын тақырыпты, бағыт-бағдарын жүзеге асыруға ғылыми, публицистикалық, әдеби-көркемдік секілді адамзат өз тарихында өмірге келтірген шығармашылықтың барлық жанрлары мен формалары пайдаланылады. Журналистиканың барлық институттары қоғамдық түрлі көзқарастардың, тарихи сананың, терең танымның аясында өзінің келелі міндетін жанрларға жүгінбейінше толықтай атқара алмайды. Телеарналар да, редакциялар да шығармашылықтың түрлі формаларын белгілі деңгейде пайдаланады.
Журналистикада ғылыми туындылар түрлері кеңінен қолданылады. Ғылыми-зерттеу әдістер арқылы табылған материалдарды пайдалана отырып, ғылыми ізденістердің бейнесін жасауға ыңғайлы ақпараттарды халыққа жеткізеді. Оның қамтитын аясы да кең, философиядан экологияға, әдебиеттанудан психологияға дейінгі аралықты қамтиды. Дүниетанымнан, тарихи тұжырымдардан, экономикалық, дипломатиялық, саяси және өзге дерек көздерінен, ғылымның түрлі салаларынан алынған ақпараттар телекөрермен қауымға түсінікті әрі тартымды етіліп жеткізілуге тиіс. Олар үшін қоғамдық үдерістер мен әлеуметтік дамудың заңдылықтары, жолдары туралы, қазіргі заман талабының сипаттары, саяси-экономикалық, мәдени-рухани дамудың қозғаушы күштері жайындағы ақпараттарды дер кезінде алып отыру аса маңызды. Осы себептен журналистің туындысы ғылыми-теориялық, ғылыми-тарихи, ғылыми-идеялық және ғылыми-танымдық сипатта жасалады. Кей жағдайда телехабар жүргізуге саланың ғалымдарының көптеп шақырылатындығы да сондықтан. Сонымен қатар практикадағы журналистердің арасында да түрлі салалар бойынша ғылыми- зерттеумен айналасатын ғалымдардың қатары өсе түссе дайындалатын телехабардың сапасы арта түсері хақ. Оның тиімділігін ресейлік телеарналардың кейбір бағдарламалары көрсетіп отыр.
Журналистің күнделікті жұмысында ұстанатын негізгі ұстанымдарының бірі – ғылыми стилистиканың тілін игеру, ғылыми ақпараттар мен ұғымдар, тұжырымдамаларды білу, ғалымдармен іскерлік байланыста тең дәрежеде қарым-қатынас жасай білу. Соған қарамастан журналист өз аудиториясы үшін әр қашан әдеттегі «қызметші» болып қала бермек. Ең бастысы, уақыт тынысын дәл бейнелейтін өзекті мәселелер мен ғылыми білімнің өзара сабақтастығын сезіне білетін, оны көрермен қауымға лайықты түрде көрсете алатын деңгейде қалыптасуға тиіс.
Әдеби-көркем, ойын-сауық бағдарламалардың телевизияда алар орны ерекше. Бұл тұрғыдан келгенде, отандық телеарналар қамшы салдырмайтын деңгейге жетіп қалған. Телеарналар бағдарламасында көркемдік туындылардың басым түсіп жатқандығынан мұны аңғару қиын емес. Журналистикада көркем туындылардың өзіндік алар орны мен атқаратын міндеті бар. Мұндай туындылардың да аудиторияның дүниетанымын қалыптастыруда рөлі орасан. Себебі көркем туындылар арқылы біз өткеннің, бүгіннің және келешектің бейнесін жасаймыз, өмір шындығы мен тұрмыстық көріністердің шартты түрдегі деректерін көңілге қонымды етіп ұсынамыз.
Көркем туындылар – ақпарат қабылдаушыларға қоғам өмірінің қуанышты, шуақ шашқан сәулелі тұстарын лирика арқылы сезінуге, көңіл шаттығын сыйлауға, өмірдегі қадамдарын дұрыс табуларына зор ықпал етеді. Олай болса, телевизия саласына көркемдік білімі жоғары, талғамы биік, дарынды өнер мамандары ауадай қажет. Себебі, көркемдік туындыларды таңдау, оған тапсырыс беру үшін де журналистің өнер мен шығармашылықты тану біліктілігі мен туындының күрделі қырларын сезінетін дарын-қабілеті болуға тиіс.
Тележурналист өнер туындыларын эфир арқылы көрерменге жеткізуді ұйымдастырушының деңгейінде қалып қоюға тиіс емес. Көрерменге ұсынылатын кино, спектакль, концерт, көркем-публицистикалық көрсетілімдер, деректі фильмдер, түрлі өнер туындыларының көрмелері мен туындыгердің шеберлігі жайындағы арнайы репортаждардың бәрі де журналистен белгілі бір мәтінді талап етеді. Әдеби-көркем, өнер туындыларын бағдарламаға дайындаудың өзі журналистен ерекше сезім мен оны түсіне білу түйсікті талап етеді. Әсіресе, сазды әуеннен тұратын жеке телехабарлар, сазгерлер мен көркем өнер шеберлері жайында телефильм, мұражай, тарихи ескерткіштер, мүсін туындылары жайында бағдарламалар даярлағанда жоғарыдағы талап тіптен күшейе түспек. Сондықтан, тележурналист үшін өнертанушы мамандығы да кәсіби қызметтің деңгейіне қойылады.
Жалпы журналистика үшін ғылыми және әдеби-көркем туындылардың маңызы айтарлықтай болғанымен публицистика бәрібір алдыңғы орында тұрмақ. Себебі, «публицистика туынды жасаудың белгілі бір формасы ретінде қоғамдық пікірге «қызмет көрсету» мақсатымен пайда болған. Сондықтан, көптің ой-пікірін бейнелеу әрі өзара ықпалдасу оның басты міндеті» [12]. Олай болса, публицистиканың дүниетаным мен тарихи санамен байланысты ақпаратты өзінде сақтайтындығымен санасуға тиіспіз.
Публицистика – (латынның publicus – көптің, халықтың, бұқараның деген мағынаны білдіретін сөзі) ерекше туынды түрі ретінде адамзат тарихымен бірге жасасып келе жатқан ұғым. Алайда, бұл сөз Еуропа елдері мен Ресейге ХІХ ғасырдың бастапқы жартысында жетті. Бүгінге дейін ғалымдар публицистика сөзін әртүрліше түсіндіріп келді. Бір тобы қоғамдық-саяси тақырыптағы барлық туындыны публицистикаға жатқызса, кейбірі халыққа арналған саяси жазбаларды, үшінші тобы пікірсайыс сипатындағы өткір туындыларды, төртінші бөлігі журналистикадағы очерк немесе репортаждан өзге мақалаларды публицистика деп атап жүр.
Әр туынды өзіндік құндылығын сақтайды. Телетуынды бағдарламадан өз орнын алғанда ғана шынайы мәнге ие болып, терең маңызға енеді. Публицистика әлеуметтік өмірдің барлық саласындағы аясы кең тақырыптарын өткір мәселелерімен қоса ақпарат қабылдаушы қауымға жеткізгенде ғана өз міндетін атқармақ.
Өтіп жатқан оқиғаның обьективті бейнесі публицистикада ой толғаныстық тұрпатындағы субьективтік бағытта көрініс табады. Анығырақ айтқанда, тек деректі ғана емес, сонымен қатар ол жайындағы көзқарас та жеткізіледі. Әр БАҚ өз ақпараттық саясаттарына қарай өмірдің санқилы өрнектерін жасап, түрліше баға беріп жатады. Сондықтан әр телеарнаның көрсетілімінде белгілі бір оқиға әр қырынан басқаша сипатта көрініс тауып жатса таңқаларлық жағдай емес. Ең бастысы, белгілі бір телеарнаның пайымдаған бейне көрсетілімінің өзгелерден қандай айырмашылығы бар дегенге назар аударылмақ. Егер елдегі оншақты арнаның бір-бірінен айырмашылықтары болмай қайталаумен ғана шектелсе, онда олардың әр бірінде шығармашылық ізденістің тоқыраушылыққа ұшырағандығы.
Қазіргі заман тарихының қас қағым сәтін көрерменге дер кезінде жеткізгенде, үнемі қозғалыс үстіндегі даму үрдісті, үзіліссіз жалғасып жатқан оқиға тізбектері мен өмір ағынын көрсеткенде оның себеп, салдарына, ішкі қыр-сырына терең үңілу, өзара қарым-қатынасы мен сабақтастығын анықтау қажет болады. Оның өзі шын мәнінде оп-оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Алайда, осы күрделі қиындықтың өзі оқиғаны бейнелеу, оған баға беру сынды шығармашылықтың жауапкершілігінен тележурналистиканы арашалап алады десек қатты қателескен болар едік. Керісінше, салмақты ой мен пайымды, асқан сақтық пен алғырлықты талап етеді. Күнбе күнгі оқиға тұрмақ әбден иі қанған ондаған жыл бұрынғы көріністерге баға бергеннің өзінде тарихшыларымыз оның сипаты мен маңыздылығы жайында қызыл кеңірдек болып айтысып-тартысып жатпайтын ба еді.
Қоғамдық өмір көріністерін бейнелегенде оның ары қарай дамуы мен өзгерістерін келесі телехабарларда толықтырып отыру маңызды болмақ. Мұндай пайымдаудың мәні нақты жағдайға сәйкестірілген шындықты табуға бағытталатындығы болып отыр.
Қоғамдық пікір әрдайым өмір көріністері жайында бірұдай пайымды талап етіп отырады. Сондықтан телехабар да оқиға, көріністерді толықтай қамтып, оны жиынтық сипатында қарастыруға тиіс. Яғни, оқиғаның сипатын бейнелеп көрсеткенде кезең келбетініне саяси-экономикалық, құқықтық, эстетикалық, этикалық, философиялық жағынан келудің маңызы зор болмақ. Белгілі бір оқиға, көріністі қарастырғанда жоғарыда аталған бағыттардың қайсыбірінің артықшылығы басым түскен жағдайда тақырыпқа сай публицистикалық туындының жазылатын жанры мен көрсетілетін формасы айқындалатындығымен ерекшеленеді.
Публицистикалық туындының тағы бір ерекше сипаты – синкретизм. Бұл дегеніміз белгілі бір туындыда ғылыми, әдеби-көркемдік, көңіл толқытар лирикалық бейнелеудің және қарапайым әрі түсінікті баяндаудың жан-жақты қолданылуы. Мұның өзі қоғамдық ой мен пікірге қаратылған обьективті жағдайдың сипаттарымен байланысты. Әртүрлі жағдайда жасалған публицистикалық әр алуан туындыларда қарапайым әрі түсінікті баяндау мен көркем шығармашылық тәсілдің өзара қатынасы өзгеріп отырса да екеуінің де белгілі деңгейде қатар қолданылатыны басы ашық әңгіме.
Публицистикалық туынды дегеніміз обьективті жағдайдың санқилы сипаттары мен элементтерін түрлі тәсілдермен бейнелеу іс әрекеттің нәтижесінде пайда болатын үрдіс. Оның өзі өмір суреттерін әртүрлі жанрлардың көмегімен жасаған материалдардан тұрады. Жанрлар әртүрлі болумен қатар бірнеше топтарға бөлінеді. Ақпараттық (репортерлік) туындылар (заметка, отчет, сұхбат, репортаж) негізінен күнделікті көріністерді оқиға арқылы көрерменге жеткізіп, оған қатысушылар мен куәгерлердің ойлары мен пікірлерін, лебіздерін айғақтау тәсілмен жасалады. Мұндай жанрлар деректерге баса назар аударады және мейлінше жедел әрі журналистің комментарийін аз мөлшерде ғана қолдануды талап етеді. Талдамалы жанрлар тобының (корреспонденция, мақала, рецензия, шолу, комментарий) негізгі мақсаты өмір көріністерінің мазмұнын, себеп, салдарларын, публицистикалық тәсілмен айқындау, ішкі сырларын ашып көрсету, өзекті мәселелерін талдап, зерттей отырып шешімін табудың жолын іздеу, анықтау болмақ. «Көркем-публицистикалық жанрлар (очерк, фельетон, памфлет, эссе, жолжазба) қазіргі заман тарихы кейіпкерлерінің типтік образын жасау, өмір келбетін жеке тұлғалардың ерекшелігі, олардың әрекеті арқылы көрсету, обьективті жағдайды көркемдік тәсілмен айқындауды мақсат етеді».
Репортажда оқиғаны талдаудың алғашқы қадамы жасалып, оған қатысушыларды белгілі деңгейде бейнелесе, мақалада немесе арнайы жасалған телебағдарламада оның деректерімен қатар сипаттары, ішкі сырлары да айшықталатындығымен ерекшеленеді. Дегенмен әр жанрлар тобының басты назарында өзіне сәйкескен оқиға, көріністерге сай туындыгердің мінез құлқы да көрініс табатындығын ескеруге тиіспіз. Сайып келгенде, телевизия публицистикасы күнделікті өмірдегі шынайы жағдайды көрермен алдына шығара отырып, оның аясындағы тұжырым дар пайымдарды қоғамдық тарихи санаға өз ізін қалдырарлықтай етіп, телекөрерменнің дүниетанымын қалыптастыруға ықпал етуге тиіс.
Журналистикадағы шығармашылықтың басты моделі ретінде публицистика өзге жанрларға міндетті түрде әсер етеді. Мұны журналистика шығармашылығындағы публицистикалық сипат деп танимыз және оның өзі ғылыми, көркемдік туындыларды публицистикалық тұрпатпен байытып, өзекті мәселелерді көрермендердің күнделікті сұраныстарына сай жеткізу болып табылады. Мықты публицист болу үшін әрине, іс қызмет аясында зерттеу жүргізу, дарын мен қабілеттің басымдығы, қоғамдық ойға белсенді қызмет көрсету ерік күш өте маңызды. Алайда, мұның бәрі жеткіліксіз. Ең бастысы, әдістемелік мәдениетті игерудің мәні зор болады. Соның негізінде ғана дарын қабілет, ерен еңбек табысты әрі тиімді жүзеге асады.
Әдістеме немесе методология – шығармашылық міндеттерді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін белгілі іс қызмет аясындағы негізгі сипат, жүйе мен бағыт-бағдар туралы білім кешені. Журналистің әдістемелік мәдениеті - өзара тығыз сабақтасатын біліктілік пен қабілеттіліктің төрт салалық бағытынан тұрады. Атап айтқанда, қоғамдық танымның жалпы әдістемесі, журналистиканың негізгі әдістемесі, эмприкалық түрде дерек табу әдістемесі және табылған дерек пен жаңалық нысандарын өңдеу, түсіндіру әдістемесі.
Қоғамдық-саяси өзге қайраткерлер сияқты журналистің де мәдени әдістемелік негізін қоғамдық танымның жалпы әдістемесі құрайды. Оның ядросы журналистің ұстанатын әлеуметтік философиясы, яғни, қоғамдық даму мен іс қызметке база болатын заңдар, заңдылықтар жайындағы пайымдаулардың жүйесі. Сонымен қатар оған экономика, саясат, менеджмент, басқару теориясы, құқық, этика, дінтану секілді гуманитарлық ғылымдар білімі жатқызылады. Журналист таным, логика, социология, әлеуметтік психология, тарих, өнертану, әдебиет саласы бойынша жүйелі білім алмайынша ілгері бір қадам да аттай алмайды. Белгілі бір сала бойынша журналист маманданған кездің өзінде сол саланың қыр-сырына тереңдеп бойлайтын ғылыми дәрістерге жүгінуіне тура келеді. Қысқасы, журналистиканың салалануы мен журналистердің мамандануының арқасында БАҚ қызметкерлері қоғам өмірінің белгілі бір саласын бес саусағындай терең білетін, сол бағыттағы ірі «қоғамдық ойшылға» айналады деген сөз.
Журналист шығармашылығының және танымының талапқа сай келмеуі қоғамға көптеген елеулі зардап әкеледі. Айталық, шығармашылық жұмысты негізсіз әрі бағытсыздыққа ұрындырады, өмір көріністерін сырттай сипай қамшылап қана бейнелеуіне итермелейді. Осының салдарынан ақпарат қабылдаушыларды адастыратын қате тұжырымдар мен пайымдаулар жасауға дейін жеткізетін жағымсыз жақтары бар.
Журналистің әдістемелік мәдениетін құрайтын екінші бір фактор журналистиканың негізгі әдістемесі. Бұған журналист шығармашылығы барысында міндетті түрде қолданылатын бұқаралық ақпарат қызметі болып табылатын журналистика жайындағы барлық білімнің жиынтығы, ақпараттың сипаттары, функцияларынан бастап шығармашылық қызмет заңдары, заңдылықтарына дейінгі саланың барлық білімі жатқызылады. Осы білімді қолдану журналистиканың ерекшелігін, сипатын толықтай түсінуге, шығармашылық ізденістер жасауға ықпал етумен бірге әлеуметтік танымның жалпы әдістемесіне елеулі үлес қосады, оны саланың спецификасына сәйкестірудің мүмкіндігін береді. Анығырақ айтсақ, публицистиканың ерекшелігі мен сипаттары жайындағы білім тарихи, логикалық, көркемдік, ғылыми-танымдық заңдарды және танымның анық әрі жүйелі, практикамен жіті астасатын принциптерін іскерлікпен қолдануға мүмкіндік береді, оның тәсілдерін игеруге ықпал етеді.
Журналист әдістемесі мәдениетінің үшінші саласы эмприкалық деректер жинау мен қабылдау тәсілдері. Оған байқау жасау, сауалнамалар жүргізу (сұхбаттасу, анкеталық сұраулар салу), деректерді зерттеу (ресми, жеке т.с.с.), қажет жағдайда эксперименттер жасау (нақты, моделдік, ой елегінен өткізу арқылы) біліктілік пен қабілеттіліктер жатқызылады. Дерек жинау қызметтің аясына кітапхана, мұрағаттарға отыру, деректер жиынтығын жасау (досье), белгілеу жазбалар жасау, оны сенімді түрде жариялау үшін табылған ақпаратты дәйектеу тәсілдері енеді.
Журналистің қолына түскен әрбір сан, мәлімет, ақпарат, материал атаулының бәрі дерек бола алмайды. Дерек дегеніміз, біріншіден, шынайы түрде болып өткен дүниені бейнелейтін, тексеруге болатын (верификация) ақпараттық материал. Сонымен қатар дәйектендірілген ақпаратты (мәліметтің көшірмелері, сұхбаттың расталған мәтіні, кітап немесе мақалалардан алынған ресми сілтемелер т.б.) нақты ақпарат көзінен алынған дерекпен салыстырып, алып қашпа жел сөздерден ажырату маңызды. Егер дәл осылай дәйектендірілмеген жағдайда оны пайдалану керек болса міндетті түрде ресми түсініктеме қоса берілгені дұрыс.
Екіншіден, деректің атқаратын рөлі айтарлықтай және оның нысаны маңызы терең оқиғалар, мәлімдемелер, іс әрекеттер. Деректің сипаты туралы мәселені журналистің қоғамдық позициясымен, әдістемелік бағытымен тікелей байланысты түсіндіруге болады. Егер журналистің әдістемелік позициясы дұрыс болмаса ақпарат жинауда да, оған баға беруде де теріс тұжырым жасауға итермелейді. Оның салдарынан қоғамда жалған деректер етек жайып, оның соңы айықпас дау-дамайға, шуға ұласып кетуі мүмкін.
Журналист әдістемесінің төртінші аумағы жиналған деректерді түсіндіру, оған баға беру, бағыт сілтеу, тұжырым жасау, туындының дүниетанымы мен нақты мазмұнын жасау тәсілі. Түсіндіру тәсілі дегеніміз деректерді көрініспен біріктіру, түрлі жағдайлардың арасын байланыстыру, әрбірінің орнын белгілеу, мазмұнын анықтау, оқиғаның қалай өрбуіне, қоғам өміріндегі мағынасына сай баға беру, шынайы негізді тұжырым жасау. Күнділікті өмірдің тыныс-тіршілігіне лайықты баға берудің өзі әдістеменің алғышарты. Себебі, қоғамдық дамудың заңдылықтарын терең түсіну арқылы ғана шынайы негізді тұжырым жасауға болады.
Журналистика мен публицистика қызметінің әдістемесі жайындағы теориялық білім туынды жасау барысында өмірде жүзеге асырылатындығымен ерекшеленеді. Белгілі бір туынды жасау, шығармашылық істі бастаудың себебі, алғашқы қадамы – редакцияның тапсырмасы, журналистің назарын аударған мәселе, қоғамдық тапсырыс, кездейсоқ әңгіме, байқалған тосын құбылыстар секілді факторлар болады. Осындай алғашқы қадамды «қоздырушы механизм» деп те атайды. Себебі, осындай бастаманың арқасында журналист өз білімі мен әлеуетін, жинақтаған тәжірибесін, шығармашылық еңбектегі мүмкіндігін, қабілет-қарымын сарқа пайдаланып қозғалысқа енгізеді. Анығында, журналистің әдістемелік мәдениеті оның шығармашылық жұмысы басталғанда іске асырылады.
Әдістеме мәдениетінің дамуы, шығармашылықтың белгілі жағдайының ееркшелігііне сай материалды игеру, ой елегінен өткізуден басталып, болашақ туындының түрлі нұсқаларын жасау, әлі де анықталмаған мәні мен мазмұнын елестетуге ұласпақ. Оның мәні ең алдымен келешек туындының мазмұнын, тақырыбы яғни, тема (гректің thema – негізін қалаушы деген сөзі) баяндалуға тиіс өмір көріністерінің жиынтығы; жанды материалдар арқылы туындайтын өзекті проблема (гректің problema – міндет, алға қозғаушы деген сөзі); негізгі айтар ойы немесе идеясы (гректің idea – білім, ой сана деген сөзі) болатын обьективті жағдайдың көріністері туралы дерек, материалдарына негіздеп көтеріп отырған мәселені шешу барысында дәлелденетін тұжырым, көзқарас, пікір секілділерді анықтайды. Сонымен қатар толыққанды болмаса да туындының формасы туралы пайым мен болжам түрлі нұсқада жасалып, жанр, композиция, тіл стильді де қамтиды.
Алғашқы кезеңде мазмұн мен форманы құрайтын болжам немесе гипотеза (гректің hypothesis – ықтималды негіз, пайым деген сөзі) деңгейінде шешімнің мүмкіндігі мен пайымдау түріндегі нұсқа ғана болмақ. Оның көптігі кері әсер етпейді, керісінше, туындыгердің келесі қадамдарына даяр тұрған жаңа деректерін ретттеуіне көмектеседі. Туған идеяны дамыту, өзгерту, анықтау және оны толық жетілдірілген дүниетанымның деңгейіне көтеру үшін түрлі болжаммен жұмыс істеудің өзі шығармашылық істің сипатын анықтайтын әдістемелік мәдениеттің негізінде жүріледі.
Егер шығармашылық міндетті атқаруға дайындық жеткіліксіз болса, қосымша әзірлік қажет болады. Кейде ұстанған бағытты өзгертуге де тура келуі мүмкін. Публицист ондай жағдайда өмір көріністерін басқаша зерттеп тануы қажет болады. Нәтижесінде, туындының сапасын арттырып, мазмұн мен форманың бірлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік табады.
Журналистің туынды жасау ісінің ақырғы сатысы телехабардың мәтіні немесе телесценарийін жазу десек, ол да әдістемелік мәдениет негізінде жасалмақ. Мәтін жасау істің барысы мен нәтижесі журналистің жеке шығармашылығындағы іскерлігіне, жұмыс тәжірибесіне, дарын қабілетіне, фантазиялық түйсігіне, сезім мен психологиялық ерекшелігіне байланысты. Әдістеме мәдениетін игеру, шығармашылық қабілет пен дағдыны қалыптастырып дамыту зор еңбекпен келеді. Шығармашылық жұмыстың заңдылықтарын тану, публицистика зергерлерінің зертханасына еніп, олардың туынды жасау тәсілдерінен, тәжірибелерінен үйрену, өз қарым-қабілетін жетілдіріп дамыту, ойлаудың тиімді тұстарын игеру ісі үзіліссіз жалғасуға тиіс. Шығармашылық істің алғашқы кезеңінде журналист телеарнаның редакторлау, ұйымдастыру, туынды жасау жұмыстың технологиясын игереді. Осылайша, тележурналистика тәсілдерінің, практикалық қызметтің алғашқы мағлұматы мен қабілеті қалыптасады.
Осы кезден бастап, журналистің өмір тәжірибесімен сынақтан өткен дарын-қабілеті мен біліктілігінің арқасында мамандықтың келесі кезеңіне ауысады. Журналистиканың нағыз кәсіби өнерін игеру қажеттілігі осы кезде туындайды. Аталмыш өнер мамандықты іс жүзінде игеру, өз кәсібіне жүрек қалауымен берілу, журналистикадағы өз орнын белгілеу ісіне шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар осы тұста журналист туындысының келбеті мен өзіндік ееркшелігі айқындалады.
Технологиялық тәсілдерді адам өзі мүдделі болса тез игереді. Ал, журналистік өнер еңбек ету барысында меңгеріледі. Шығармашылық жұмыстың ең жоғарғы сатысы болып табылатын шеберлікті дарын иелері өзінің бар әлеуетін жоғары деңгейде сарқа пайдаланудың арқасында ғана қалыптастырады. Шын дарынды журналист дегеніміздің өзі қоғамдық позициясын қалыптастырған, маман ретінде мықты дайындықтан өткен, әдістемелік мәдениетін толық игерген тұлға. Осы үш қасиеттің тұтастығы, өзара ықпалдастығы журналист шеберлігінің деңгейін анықтайтын басты факторлар.
Abai.kz