Орамал туралы өз ойым...
Таңертең орамал дауы қайдан шықты? Рұқсат берсе не болады, бермесе не болады деп бүгінгі жағдайды сараптама жасадым.
Сараптама жасап отырғасын бейтараптық сақтап өз көзқарасымды қоспаған едім. Пікір жазған аса "ақылды" қауым жазбаған көзқарасымды тоқсан саққа жүгіртіп, аузына келгенін құса кетіпті.
Айналайындар-ау, кішкене сауатты болсаңдаршы.
Ал менің жеке көзқарасымды білмек болсаңыз. Өткен жылы жазғанмын.
Тағы да қайталап айтамын.
Мектепте мектептің бірыңғай формасы қатаң сақталуы керек.
Форма жай киім деп қарауға келмейді. Ол - тәрбие, ол - мектептегі әлеуметтік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын алатын басты фактордың бірі.
1. Біз - зайырлы елміз. Әр дін өз киімін білімге араластырмай, нақты ортақ тәртіпке бағынуы керек.
2. Мектеп формасы елде біртұтас болуы керек. Жалпы бірыңғай мектеп формасы деген стандарт толық сақталуы керек.
3. Адам дін ұстануын толық ақылы толғанда өзі шешуі керек. Бастауыш сыныптың оқушысына хиджап кигізуді ешқандай ақылым қабылдай алмайды екен.
4. Бала білім алу құқынан айырылмауы керек. Сондықтан қандай да жағдаймен мектепте баласын оқытпай надан еткен ата-аналарға қатаң жаза болуы керек.
Әлемдегі жағдайларды ескерсек, жалпы діни мәселе жай қарайтын мәселе емес.
Енді тағы мәселе, жалпы мектепте хиджап мәселесімен күресу елдегі діни мәселені реттемейді. Ол - елдегі идеологиялық жағдайдың салдары. Сондықтан мектептегі киіммен күрес - салдармен күрес. Бұл мәселенің осыншалық деңгейге көтерілуі - елдегі діни жағдайдың көрінісі.
Елге ұлттық идеология керек!
Елге сапалы білім-ғылым керек!
Ұрпаққа дұрыс тәрбие керек!
Фото: ғаламтордан
Аятжан Ахметжанұлы
Abai.kz