Түркияда қаза тапқан қазақтар: СІМ не дейді?
ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияда көлік апатына ұшыраған отандастарымыз туралы мәлімдеме жасады.
“Біздің дипломаттар олардың туыстарымен байланыста. Бүгін-ертең туыстары Түркияға жетуі керек. Консулдық барлық қажет көмекті көрсетеді”, – деді ол.
Смадияровтың сөзінше, апатқа ұшыраған жерлестеріміз 31 тамызда Түркияға демалуға келген. Бүгін Қазақстанға қайтуы керек болған. Кеше олар экскурсияға бару үшін көлікке отырыпты. Олар мінген көлік басқа көлікпен соқтығысып, жолаушылар (Қазақстан азаматтары) сыртқа ұшып кеткен. Жалпы көлікте 15 жолаушы болған деген ақпарат бар.
“Екі отандасымыз апаттан көз жұмды. 2 адам ауруханада жатыр”, – деді Айбек Смадияров.
Журналистер Қазақстан азаматтарының денесі елге қалай жеткізілетінін сұрады.
“Отбасында сақтандыру полисі болған. Қазір туыстары Түркияға жетсін. Сол жерде шешім қабылданады. Жақын арада Қазақстанға жеткізуге көмек көрсетеміз”, – деді СІМ өкілі.
“Айта кететін жайт бар. Қазақстан азаматтары шетелге демалуға барса, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы керек. Қайғылы жағдайдың мән-жайын тергеу анықтайды. Олар (көлікке отырғанда – автор) қауіпсіздік белдігін тақпаған. Салдарынан барлық отбасы мүшесі көліктен ұшып кеткен. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбаса екен”, – деп қосты ол.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық журналист Түркияда кішкентай қызымен бірге қаза тапқаны айтылған болатын.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz