Экономикалық бағдар ұлт мүддесіне бағыну қажет!
01.09.2023 күні ҚР Президенті Қ-Ж.К. Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-шы бабына сәйкес, VIIІ шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясын ашып, Қазақстан халқына өзінің кезекті «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын ұсынды.
Бұл жолдау бұған дейін Қ-Ж.К. Тоқаев ҚР Президенті болған кезден бастап жасалған жасалған жолдаулардың заңды жалғасы. Өйткені қоғамның экономикалық дамуы оның тұрақтылығы мен дамуының басты алғы шарттарының бір.
Қ-Ж.К. Тоқаев жасаған Жолдаулардың тақырыптарына көз жүгіртіп көрейік. 02.09.19 ж. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі», 01.09.2020 ж. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі», 01.09. 2021ж. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі», 16.03.2022 «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы», 01.09.2022 ж. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам».
Байқайсызба, бұл Жолдаулардың бұған дейін жасалған жолдаулардан ерекшелігі олар өмір шындығына негізделген. Бұл жолдаулардың басты сапалық өзгешелігі де сол, оларда Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне сын көзбен қарау бар. Неге?
Өйткені тәуелсіздік алғаннан кейін өткен 30 жылда қоғамда әлеуметтік қайшылықтар шиелене түсті. Әсіресе жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшу барысында бай-кедей дегендердің жігі қатты ажырап кетті. Елдің барлық салаларын жемқорлық жайлап кетті. Қазақстанда экономикалық дағдарыстың орын алуы, қаржы тапшылығы жағдайында Ұлттық компаниялар мемлекет бюджетіне қол салуды былай қойғанда өз беттерімен шет-елдерден қарыз алып, Қазақстанның сыртқы қарыз мөлшерін адам нанғысыз мөлшерге дейін шарықтатып жіберді. ҚР жер асты кен байлығы шетелдік инвесторлардың қолында кетті. Кіші және орта бизнес салыққа белшесінен батып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. «Елбасы» туыстары жұрттың бизнесін қолды қыла бастады. Ең өкініштісі Қазақстан өндіріс орындарын дамыту тұрмақ 30 жылда не бір НПЗ, не бір элеватор салған жоқ. Сол кезде биліктегілер кәрі большевиктер сияқты халықты «жарқын болашаққа» сендіргісі келді. Өмірі орындалмайтын, қиялдан туған «2030», «2050» Мемлекеттік бағдарламаларды қабылдады. Бұны Қазақстанның ешкімге ұқсамайтын «ерекше даму жолы» деп ұрандаттық қой!
Мысалы, Қашаған мұнайынан Қазақстанның алатын үлесі қандай екенін білесіз бе? 2-ақ % !!! Сол Қазақстанның жер байлығынан байып отырған шетелдік мердігерлер жергілікті жерлерде не бір мектеп, не бір емхана, не бір км. жол салған жоқ. Мұның атын не деп айтуға болады?! Әлемде өз халқын, өз ұрпағын тонаған өкіметті көрдіңіз бе?
Ол туралы К. Маркс атақты «Капитал» деген еңбегінде экономикалық заңдылықтарды тәптіштеп тұрып талдап берген. Буржуазия не арқылы, қалай баиды, қосымша құн деген не, жұмысшылардың еңбек ақысы қалай желінеді т.б. с.с. Міне, сол еңбегінде ол біз өткен 30 жылдың ішіндегі заңсыз құбылыстардың орын алуын үш-ақ сөбен түсіндіріп кетеді: «капиталдың алғашқы қорлануы қарақшылық жолмен жүреді, депті. Сондықтан да буржуазия мен капиталистердің алғашқы буыны – қарақшылар болады екен. Екінші буыны – көпестер. Олар сол қарақшылықпен жиналған капиталды көбейтпесе де сақтап қалуға тырысады. Тек үшінші буында ғана жарылқаушылар (меценаттар) келді екен».
Жоғарыда айтып кеткендей ҚР Президенті Қ-Ж.К. Тоқаевтың бұған дейінгі Жолдаулары ел тұрақтылығы мен тұтастығына, саяси-әлеуметтік реформаларға арналса осы жолғы жолдауы сол тұрақтылық пен Қазақстанның ілгері дамуына тікелей әсер ететін, соның кепілі болатын жаңа экономикалық саясаттың бағдарына арналған. Солардың кейбір негізгі баптарына тоқталып көрейік.
Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайық.
«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет» - дейді Президент. Оның басты мақсаты жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек. Осы жерде Алаш қайраткері Ә. Бөкейхановтың Қазақ жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол қазақтың үстіне тоқыма болып киілуі керек» деген қағидасы еске түседі. Ештен кеш жақсы демекші Қазақстан ең болмаса өз қажетін өтей алатын дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын салуы керек. Бұл жерле Президенттің жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз деген ұстанымын қос қолдап қолдамайтын адам болмайтын шығар. Бұл қағиданың маңызды болатын себебі егер бұл бағдар толыққанды жүзеге асатын болса біз бірқатар сала бойынша көрші елдерге тәуелді болудан қаламыз. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, кіші және орта бизнестің дамуы ел тұрақтылығыың күшеюіне оң әсерін береді.
Экономикасы көш ілгері кеткен алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне қарағанда қоғамның тұрақтылығы орта таптың көптігімен өлшенеді. Ал қоғамды тұрақтандаратын сол орта тапқа кімдерді жатқызамыз?
Әрине, ол біреулер ойлайтындай, мұғалім мен дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер емес. Ол мемлекеттік бюджетін салық төлеп толтыратын, тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамассыз ететін, К.Маркс айтқандай «буржуазияның үшінші буыны – жарылқаушылар (меценаттар) – кіші және орта бизнес өкілдері. Жолдауда осы іскер азаматтар туралы, оларға барынша қолдау көрсету туралы айырықша айтылды. Кейбір қаржы бақылау мекемелері қолдауды «бақылау» деп түсініп асра сілтеп, оларға бизнес жүргізуге көп кедергі келтіретіні туралы да айтылды. Шынымен, бір кәсіпкердің арқасында қаншама бақылаушы органдар «күн көріп» жүр: салықшылар, санэпидемстанса, өрт сөндірушілер т.б., ақыры участковый полиция да соларды торуылдап жүр.
Жолдауды Қазақстанның іскерлік аумағында қалыптасқан жағымсыз үрдіс туралы да айтылды. Кіші бизнес дами келе өз серіктестерімен қосылып орта бизнес дәрежесіне өтіп, кейін табыс көбейе бастап іріленеміз дегенде бір себептермен қайта ұсақталып кететіні не? Міне, Қ-Ж.К. Тоқаевтың осы мәселеге назар аударуы жаппа барлық іскер азаматтардың көңілінен шықса керек. Сонымен қатар Президент «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» деп отандық іскерлерді қолдау қажеттігі туралы тағы да басып айтты.
Сонымен қатар Президен өз Жодауында маңызды бір міндет агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасаудың қажет екенін айтты. Ол ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екенін брақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдалана алмай отырғанымызды баса айтты. Осы арайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл-шаруашылығының неге күрт төмендеп күйзеліп кеткені еске түсіп отыр. 1992 жылы көктемде Талдықорғанда ауыл-шаруашылығының Активі өткен болатын. Сол Активке ауыл-шаруашылық министрінен бастап барлық колхоз-совхоз директорлары қатысқан болатын. Сол жиында ең биік мінбеден мынандай сөздер айтылған болатын: «Ауыл-шаруашылығы дүниежүзінде ең дотациялық сала, өмірі қарыз боп жүреді. Енді нарық келді. Осыдан кейін өкіметке қол жайып ақша сұрауды доғарыңдар. Өз күндеріңді өздерің көріңдер. Біз мұнайдан түскен қаржыны ауыл-шаруашылығына жұмсағанша неге сол ақшаға шетелден сапалы өнім мен тауар алып толтырмаймыз ба?!» - деп, ауылдан теріс айналғанымыз бар еді. Соның салдарынан 1997 жылы Қазақстандағы мал басының саны күрт 7 млн-ға дейін төмендеп кеткен болатын (1933 жылы ұжымдастырудан соң 4,5 млн. бас қалған болатын).
Шынын айтса, Қазақстанның бүгін де халықты азық-түлікпен қамтамассыз етуі өте төмен. Баға шарықтап тұр! Көп жағдайда қазақстандық азық-түлік дүкендерін шетелдік өнімдер басып кеткен. Бұған ішікі нарықты өз ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамассыз етпей, оларды шетелдерге экспортқа шығаруымыз себеп сияқты. Осыған байланысты Президент Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу деп көрсетті. Ол үшін ең алдымен өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет, - деді ол.
Бұл қағидамен де келіспесе болмайды. Өйткені халықты азақ-түлікпен қамту бағдарламасы тікелей ауыл шаруашылығымен байланысты. Сондықтан да ауыл-шаруашылығы Қазақстан үшін стратегиялық сала болып табылады. Өзің өндірген азығың өз аузыңа еркін жеткен кезде ған біршама экономикалық тәуелсіздік туралы айтуға болады. Жалпы, ауыл туралы айтқанда тебіренбейтін қазақ кем де кем шығар. Өйткені ауыл азық-түлік шығаратын экономиканың стратегиялық сала ғана емес, ең бастысы ауыл қазақтың шығатын ортасы! Қалаға келген қазақтың отбасы екі ұрпақтан соң ақырындап ұлттық тамырынан ажырай бастайды. Ал ауыл ұлттық дүние-таным мен ұстанымдардың, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың сақталатын ортасы. «Қазақтың қорығы» десе болады. Сондықтан да Президенттің ауыл-шаруашылығын жандандыруға арналған бағдарлары әрбір қазақтың жүрегінен орын алды десе де болады.
Қазақстанның тағы бір стратегиялық саласы – энергетика. Бұл сала бойынша да көрші елдерге тәуелді боп отырмыз. Оның үстіне биылғы қыс бұл саладағы орасан көп мәселелерін ашып берді. Сондықтан да, Президент түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көрші елдерге тәуелді болмауы керек деп басып айтты. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды, - деп қортындылады Президент.
Сонымен бірге, осы энергетика саласына жататын газ саласы да ерекше назарда болды. «Елді газбен қамтамасыз ету, тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет» - деп түйіндеді Президент. Былтыр газ мәселесінің ұшығуы елді қандай әлеуметтік дағдарысқа әкелгенін ескерсек бұл да шешуін тез арада табуы тиіс мәселелердің қатарындағы бағдар болып табылады.
Биылғы Жолдаудың бастағанда Президент «Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады» деп айтқан болатын. Сонымен қатар ол: «Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек» деген талап қойды. Шынында да, қолда бар дүниенің қадірін біліп, оны үнемді, ұқыпты пайдалану мәдениеттің, имандылықтың бір көрінісі. Бұл ұстаным қазақ халқының табиғатында бар нәрсе еді. Атам қазақ «судың да сұрауы бар» деп айтқаны соның бір көрінісі. Оның үстіне біздің өміршеңдігімзді сақтап отырған табиғаттың мүмкіндігі шексіз емес қой. Сондықтан да Президенттің «энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарау» дегені осы ресурстарды унемді пайдалануға міндеттейтін іс-шаралардың іске асыруға тапсырма бергені. Ол дегеніңіз, мысалы, енді үй-ішіңізбен суды пайдаланғанда адам басына белгіленген лимиттен асатын болсаңыз артық пайдаланған судың да құны еселеп өсетін болады (тоқтың тарифі сияқты). Осы жерде бір нәрсеге көңіл бөлу керек. Судың шамадан тыс артық шығыны көп жағдайда мемлекеттік мекемелерде, оқу орындары мен жатақханаларда болатынын талай көрген шығарсыздар. Мысалы, сіріңкенің қалыңдағандай судың сораптап ағуы тәулігіне 200 литр шығын шығарады екен.
Жалпы Жолдау ел экономикасының дамыту бағдарының көптеген салаларын мен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін қамтыды. Оның ішінде транспорт, ІТ технологиялар да, ЖОО орындары мен жұмыс берушілер арасындағы қатынас т.б. с.с. мәселелер қамтылған болатын. Бірақ біз көбінесе экономикаға оның тарихына байланысты кейбір тұстарын ғана талдап отырмыз.
Жалпы, жоғарыда айтылып кеткендей, бұған дейінгі Жолдауларда қабылданған бағдарламалардың нәтижесі ұшан теңіз. ҚР Президенті Қ-Ж.К. Тоқаев өзі айтқандай «2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады».
Енді, осыған биылғы жолдаудың экономикалық даму бағдары қосылып отыр. Сөз жоқ, бұл жолғы Жолдау елді экономикалық тұрғыдан жаңғырту кіші және орта бизнес пен қарапайым халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған.
Алла жар болсын! Ойға алған іс-шаралар оңымен болсын! Ақ жол!
Арман Жұмаділ
Abai.kz