Сбербанк Қазақстанға аударым жасауды тоқтатты
Сбербанк Қазақстанға Visa және MasterCard төлем жүйелерінің карталары арқылы аударым жасауды тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Frank Media-ға сілтеме жасап.
Сбербанк 5 қыркүйекте карта нөмірі бойынша Қазақстанға аударым жасау жүйесін іске қосты, алайда бір тәуліктен кейін клиенттерге ақшаны қайтара бастады. Осы уақыт ішінде аударылған қаражат ҚР несие ұйымдарының карталарына есептелмегені хабарланды.
Банктегілер аударымдар бес жұмыс күні ішінде "комиссиямен қайтарылатынын" хабарлады. Несие ұйымы аударымдардың тоқтатылу себебі ретінде алушы банктің қабылдамағанын атады.
Қазақстандық Forte банкі Ресейден жолданған аударымдар "өтпейтінін" айтты. "ЦентрКредит" те Сбербанктен аударымдарды қабылдамайтындарын мәлімдеді. Ал Kaspi өз тарапынан "қате жоқ" деп сендірді. Freedom Finance кіріс аударымдарына шектеулер жоғын алға тартты.
Қазақстан – Сбербанктің сайтында көрсетілген елдердің ішінде Visa және Mastercard карталарына ақша аударуға болатын жалғыз мемлекет. Сбербанктен басқа елдерге аударымдар ұлттық төлем жүйелерінің карталары үшін қолжетімді, олардың ішінде Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения бар.
Ресейдің Украинаға әскери шапқыншылығы басталғаннан кейін Ресей Федерациясы азаматтарының көптеген валюталық операциялары бұғатталды, ал олардың еуропалық және американдық банктердің шоттарындағы ақшасы бұғатталды.
Фото: ғаламтордан
Abai.kz