Сенбі, 23 Қараша 2024
Депутаттық сауал 1991 13 пікір 7 Қыркүйек, 2023 сағат 15:15

Бұлар құқық қорғау органы ма, қорлау органы ма?

Кәсіпкерді айыптауға нақты дәлелдер табылмаса, құқық қорғау органдары оны өздері ойлап табады...

* Былтыр 5 айда 100 мың кәсіпкердің құқын прокуратура қорғауға тура келген…

* Бір жылда негізсіз іс қозғалған 80 компанияның жартысына жуығы, 40 пайызы өмір сүруін тоқтатқан.

* Кәсіпкерлерге қысым жасайтын барлығы 118 бап бойынша  жыл сайын қылмыстық іс саны өсіп келеді. 2021 жылы 58,5 мың қылмыстық іс қозғалған.

* Кәсіпкерден қылмыскер жасау кімдерге не үшін керек?

* Субсидия алғандарды сотқа сүйреу көбейді.

* Экономикалық себептермен қозғалған барлық қылмыстық істерді тоқтату керек!

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа негізсіз қудаланған кәсіпкерлер құқын қорғап, депутаттық сауал жолдады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев биылғы экономикалық Жолдауында кәсіпкерлерді қудалауды тоқтату мәселесін тағы да көтерді.

«Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет.

Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін», - деді Мемлекет басшысы.

Иә, кәсіпкерлердіі қудалау әлі тыйылмай келеді. 2022 жылы 19 мамырда кәсіпкерлермен кездесуде де мемлекет басшысы бақылаушы органдардың кәсіпкерлерді репрессиялық сипаттағы негізсіз қудалауларын тоқтатуды талап еткен еді. Мысалы, былтырғы жылы 5 айда прокуратура 100 мың кәсіпкердің құқын қорғауға тура келген. Бұл құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерге шабуылының қатты қарқынын көрсетеді, ол әлі де  тоқтаған жоқ.

Қолдан жасалған қылмыстық іс дәуірі қызып тұр. Мысалы, Бас прокуратураның мәліметінше, 2016 жылы осындай негізсіз іс қозғалған 80 компанияның жартысына жуығы, 40 пайызы өмір сүруін тоқтатқан. Бұл қаншама адам жұмыс орнынан айрылды деген сөз!

2022 жылғы мәліметке қарасақ, Қылмыстық Кодексте кәсіпкерлерге қысым жасайтын барлығы 118 бап бойынша  жыл сайын қылмыстық іс пен сотталғандар саны өсіп келеді.

Егер 2020 жылы 51,3 мың қылмыстық іс қозғалса, 2021 жылы 58,5 мың қылмыстық іс қозғалған.

Президент отандық бизнесті қолдау керектігін, ал оған негізсіз тергеп-тексерумен кедергі келтіріп, рейдерлік жасауды мемлекет мүддесіне қарсы жасалған қылмыс ретінде қатаң жазалау керектігін тапсырған болатын.

Бірақ құқық қорғау органдары тарапынан адал да, іскер кәсіпкерлерге ел қазынасын толтыратын ер ретінде қарамай, жеке қалтасын толтыратын жем ретінде қарау әлі жалғасып келеді.

Атышулы 90-шы жылдары кәсіпкерлер қылмыстық топтардан қысым көрсе, қазір олардың орнын «құқық қорғау» органдары басқан. Бұлардың қудалауларына, жазықсыз жазалауларына қарасаңыз, құқық қорғау емес, «құқық қорлау» органы деуге болады...

Мысалы, осыдан бір апта бұрын кәсіпкерлерді қудалауды тоқтатуды талай жылдан бері көтеріп келе жатқан «Ақ жол» партиясына бір топ адвокат араша сұрап келді. Олар Қылмыстық істердің әлі де табысты бизнесті бопсалау және рейдерлікпен басып алу үшін қолданылып жатқанына шағымдануда.

Кәсіпкерді айыптауға нақты дәлелдер табылмаса, құқық қорғау органдары оны өздері ойлап табады екен. «Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айып тағады. Ол қандай «ұйымдасқан қылмыстық топ» дейсіз ғой – кәсіпорынның штаттық қызметкерлерінің міндеттерін бөлісуі – қылмыстық «айғақ» болып табылады екен?!. Бұл не масқара!?

Ал Ресейде ҚК-де 2020 жылдан бастап, ресми кәсіпорын қызметкерлерінің қызметтік міндеттері ұйымдасқан қылмыстық топтың белгісі бола алмайды.

Иә, адвокаттар құқық қорғау органдарының экономикалық істерді қылмыстыққа ауыстыру үшін ресми бизнес-қауымдастықтарды ҰҚТ (ұйымдасқан қылмыстық топ) деп санауының соңғы кезде жиілеп кеткеніне алаңдайды. Жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпорын қызметкерлерінің атқаратын функциялардың бөлінуін, мысалы, біреу басқарады, біреу келіссөздер жүргізеді, біреу қаржылық құжаттарды рәсімдейді, осыны «айғақ» ретінде көреді. Олардың ұйғаруынша, функциялардың бөлінуінің өзі «ұйымдасқан қылмыстық топ» түріндегі қылмысқа «дәлел» болады екен. Ал, мұндай сипатта қарапайым заң бұзушылықты ауыр қылмысқа айналдырып, кәсіпкер мен қызметкерлерін тұтқындауға ұласады.

Адвокаттардың пікірінше (олармен келіспеу мүмкін емес), ресми кәсіпорынды (ЖК, ЖШС, АҚ) «ҰҚТ» ретінде қарастыруға болмайды, себебі, функцияларды бөлу әр қызметкердің қызметтік міндеттемелерінде қамтылған. Олардың сол қызметтік міндеттемелерін атқаруы қылмыстық құрамның «айғағы» бола алмайды. Қылмыс заңды кәсіпорынның ұйымдастырушылық құрылымымен емес, ақтауға келмейтін айғақтар жиынтығымен дәлелденуі керек.

Бұл түсінікті тілмен, қазақша айтқанда, кәсіпкер кәсіпорын құрғаны үшін қылмысты болу деген сөз. Сонда кәсіпкер кәсіпорын құрып, оның табысынан қазынаға миллиондаған салық төлейді. Сол салықтан жалақы алып, күн көретін мемлекеттік органдар мен құқық қорғау қызметкерлері ол кәсіпкердің өзін кәсіпорын құрғаны үшін, қазынаға салық, өзіне жалақы төлегені үшін қудалап, тұтқындауын қалай түсінуге болады!

Алла нәсіп берген кәсіпкерден қылмыскер жасау кімдерге не үшін керек?

Бұл ең алдымен мемлекеттік, бақылаушы органдар қызметкерлерінің адалдығына күмән келтіретін үрдіс, мырзалар!

ҚР Президентінің экономикалық қылмыстарды қылмыссыздандыру туралы бұйрығы «мемлекеттік органдардың белгілі бір шектен шығуға жол беруіне» тыйым салады.

Бұл бизнес-климат үшін өте маңызды мәселе, өйткені экономикалық заң бұзушылықтарды қылмыстық санатқа жатқызу қамауға алуға, сол арқылы кәсіпкерге психологиялық және физикалық қысым көрсету үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Жолдауда Мемлекет басшысы салықтық қылмыстар үшін «қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларының шегін айқындаудың әділ механизмін енгізуді» тапсырды. Осыған ұқсас принципті мемлекетпен іскерлік қарым-қатынастың басқа салаларына да қолдануға болады деп есептейміз. Мысалы, субсидия алу тәртібі бұзылған жағдайда, осы себептермен қазір қылмыстық істер күн сайын дерлік қозғалады.

Субсидия алғандарды сотқа сүйреу көбейді.

Егер кәсіпкерге салықтарды төлеу, субсидиялар және басқа да жеңілдіктер алу кезінде оның кәсіпкерліктің негізгі капиталына салған инвестициясынан он есе аз мөлшердегі заң бұзушылықтар үшін айып тағылса, онда мұндай қылмыстық істер айыптаудың айқын экономикалық сауатсыздығы ретінде дереу тоқтатылуы тиіс. Бір жобаға 2-3 миллиард немесе одан да көп қаржы салған инвестор өз жобасынан 100-200 миллион теңгені «ұрлады» дегенге құқық қорғау органынан басқа кім сенеді?? Бұл барып тұрған абсурд. Бірақ әзірге дәл осындай айыптаулар әлі бизнеске тағылып келеді.

Сондықтан, біздің ұсыныстарымыз:

1. Экономикалық себептермен қозғалған барлық қылмыстық істерді тоқтатуды талап етеміз.

2. Қылмыстық Кодекске өзге елдердегідей ресми кәсіпорын қызметкерлерінің қызметтік міндеттері ұйымдасқан қылмыстық топтың белгісі бола алмайды деген толықтыру енгізілуі тиіс.

3. Қылмыстық Кодекстегі кәсіпкерлерге қысым жасайтын баптарды қысқарту қажет.

4. Кәсіпкерліктің негізгі капиталына салған инвестициясынан он есе аз мөлшердегі заң бұзушылықтар үшін қозғалған қылмыстық істер тоқтатылуы тиіс.

5. Отандық бизнеске негізсіз тергеу-тексерумен кедергі келтіріп, рейдерлік жасауды мемлекет мүддесіне қарсы жасалған қылмыс ретінде қатаң жазалау керек.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы

Қазыбек Иса

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385