"Митталдың" шахтасында қаза тапқан кеншілердің өліміне кім кінәлі?
«Қазақстан» шахтасындағы 5 кенші қаза болған қайғылы оқиғаға 100% жұмыс беруші кінәлі. Осылай деп мәлімдеді ҚР ТЖ министрі Сырым Шәріпханов үкіметтік комиссияның тергеу қорытындысын жариялап.
Оның айтуынша, өрт тұтануына бірнеше фактор себеп болған.
«Тексеріс белгіленген талаптарға сай өтті. Комиссияның сараптамалық қорытындысы апат пен жазатайым оқиғаның негізгі себептерін анықтап берді. Біріншісі - көмір конвейеріндегі өрт механикалық энергияның жылу энергиясына ауысуынан шықты. Конвейердің кептеліп қалған ролигіндегі таспа төсемінің үйкелуіне байланысты от тұтанған. Екіншісі - «Қазақстан» шахтасының инженерлік-техникалық құрамы тарапынан бақылау өндірісінің болмауы. Сондай-ақ, қауіпсіздік техникасының сақталмауы және энергия-механикалық қызметтің әлсіз бақыланатыны анықталды. Үшіншісі – қауіпсіздік талаптарын және техникалық реттеу нормаларын бұзу. Бұл дегеніміз - сәйкестік сертификатынсыз таспа төсемін пайдалану. Соңғысы, жұмыс аймағының тозаңдануы мен жанғыш заттардан, тау-кен қазбаларынан ауаның газдануы шахта қызметкерлерінің өліміне әкеп соқты», - деп атап өтті ҚР ТЖ Министрі Сырым Шәріпханов.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасы нормаларының бұзылуы және анықтау жүйесіне қызмет көрсететін мамандардың жеткіліксіздігі, басқару құрылымы өзгерген кезде оларды лауазымға тағайындағанға дейін жауапты басшыларға лауазымдық нұсқаулықтың болмағаны анықталды.
«Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша жұмыс берушінің 100% кінәлі екені анықталды. Заңнаманы бұзған 28 жауапты тұлға белгілі болды», - деді Сырым Шәріпханов.
Еске салсақ, Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында 17 тамыз күні өрт шықты. Апат кезінде жер астында қалып қойған 227 кеншінің 222-сі жер бетіне аман шығарылып, 8-зардап шекті.
Шахтаның астында қалып қойған бес кеншінің денесі табылды.
Abai.kz