Жұма, 20 Қыркүйек 2024
1282 0 пікір 19 Қыркүйек, 2023 сағат 13:23

Грузия: Елде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды...

Грузияның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі елде төңкеріс жасауға дайындалып жатқандар бар, оны ұйымдастырып жатқандар Саакашвилидің жақтастары мен Украина жағында соғысып жүрген әскерилер деп мәлімдеді.

Бірақ ешқандай дәлелді материалдар жарияламады.

Мекеме мәліметінше, Грузия аймағында және оған жақын елді-мекендерде атап айтқанда қазан-желтоқсан айларында азаматтық тәртіпсіздік ұйымдастыру көзделіп жатыр.

"Олар Еурокомиссияның Грузияның ЕО-ға кіру дайындығы мен болашағы жайлы баяндамасын жариялау қарсыңында операцияны бастамақ. Ұйымдастырушылар баяндама жағымсыз болады деп үміттенеді. Билікті "ресейшіл" деп атауы мүмкін тезистері халықты көтеруге негіз болады деп күтіп отыр", - делінген мәлімдемеде.

Бұл наразылықтың авторы ретінде Грузияның ішкі істер министрінің орынбасары болған Георгий Лорткипанидзені атап отыр. Ол қазір Украинаның әскери барлау бастығының орынбасары. Ұйымдастырушылар арасында Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің бұрынғы күзетшісі Михаил Батуриннің де аты аталады.

Әзірге Грузия арнайы қызметінің бұл мәлімдемесіне қатысты ешкім жауап бермеді.

Грузия билігі сонымен бірге бұл іс-қимыл батыс елдерінің қолдауымен жүзеге аспақ деген.

Соңғы 10 жылда Грузияны ресейшіл "Грузин арманы" партиясы билеп келеді. Бұл уақыт аралығында ел билігі оппозиция лидерлерін қамауға алып, экс-президент Михаил Саакашвилиді де түрмеге қамады. Грузиядағы бірнеше қарсылық акцияларын күшпен басып келді.

Abai.kz

0 пікір