«Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергеннің соты жабық режимде өтеді
21 қыркүйекте Арман Жұмагелдиев пен, Қайрат Құдайберген және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Іс бойынша сотталушылардың жалпы саны – 45 адам. Оларға «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» (ҚК 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК 262-бап), қарақшылық шабуыл (ҚК 191-бап), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), бандитизм (ҚК 268-бап) бойынша айыптар тағылды.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс барысында сотқа процеске қатысушылардан сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы жүзден астам өтінішхат түскен.
Сондай-ақ іс бойынша 10 жәбірленуші, бір куә және бір сотталушы тарап, сот отырысын жабық түрде өткізуді сұрады.
“Олар өз өмірлері мен отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігі үшін қауіптенетіндерін білдірді. Бұл өтініштерді сот қанағаттандырды”, – делінген хабарламада.
Басты сот отырысы биылғы жылдың 6 қазанына белгіленген.
Еске салайық, Қайрат Құдайберген өткен жылдың 22 сәуірінде ұсталды. 24 сәуір күні сот қаулысымен тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылып, Қайрат Құдайбергенге қатысты әрекетті саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін оны 30 тәулік мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Содан бері оны қамауда ұстау мерзімі үздіксіз ұзартылып келді.
Қайрат Құдайбергенге Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген айып тағылған. Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты порталымызға тергеу камерасынан жолдаған жазбаша жауабында қаңды қаңтар жайлы өз нұсқасын айтып берген еді.
Ал «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев былтыр 7 қаңтарда ұсталды.
Бұдан бұрын Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің адвокаттары мәлімдеме жасаған.
Соттың бірінші отырысында 42 айыпталушы мен жәбірленушінің сауалнамалық деректері тыңдалды. Адвокаттар мен құқық қорғаушылар бұл процесс кем дегенде алты айға созылады деп болжап отыр.
Abai.kz