Қарабақ дауы: Армяндар мен әзірбайжандар келіссөз жүргізіп жатыр
Бүгін Қарабақ армяндары Әзербайжанның осындағы армяндармен байланысуға жауапты адамымен кездесу үшін Евлах қаласына келді, деп хабарлайды Әзертадж басылымы.
Қазіргі уақытта кездесуге соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Кездесуде Әзербайжан Республикасының Конституциясы мен заңдарын негізге алып қайта бірігу мәселесі талқыланады.
Әзербайжан әскерінің Қарабақтағы лаңкестікке қарсы операциясы сепаратистердің тізе бүгуімен аяқталды.
Қарабақта орналасқан Ресей бітімгер күштері қолбасшылығының арағайындығымен 20 қыркүйек сағат 13:00-ден бастап әскери іс-қимылды толық тоқтату туралы келісімге қол жеткенін еске сала кетейік.
Келісім бойынша Арменияның қарулы күш құрылымдары, Әзербайжан Республикасы Қарабақ аймағында орналасқан заңсыз әскери құрылымдар қаруын тастап, жанжал орны мен әскери посттардан кетіп жатыр.
Армения қарулы күштері Әзербайжан аумағын босатып, заңсыз армян әскери құрылымдары таратылып жатыр. Сонымен қатар оқ-дәрі мен ауыр техника да тапсырылды.
Жоғарыдағы процестерді Ресей бітімгер контингенті үйлестіреді.
Бұған дейін «Арменпресс» басылымы Арцах президентінің аппараты осы мәселе бойынша мәлімдеме таратып, 21 қыркүйек күні Евлахта Қарабақ пен Әзербайжан билігі өкілдерінің кездесуі жоспарланғанын хабарлаған болатын.
Сондай-ақ Рим Папасы да Қарабақтағы жанжалды бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz