Жаңа жоба жайында (Jhanha jhoba jhajinda)
«Латын қарпіне көшу - жекелеген оқымысты Қазақтың ғана емес, бүкіл Қазақ жұртының арызы, арманы. Мұны ұзақты ойлағандар ғана сезінеді, тіпті тез жетуге асығады! Алайда Қазақ көшетін жаңа латын жазуы Түркиядағы сықылды (өткен ғасырдың алғы жарымынан қалған жоба) емес, клавиатурадағы 26 латын таңбасымен шешілетін жазу болғаны жөн. Әйтпесе ол осы кирилл жазуынан аса алмайды...”
Сұлтан Жанболатов
(Қазақи латынша жобаның жамау- жасқаусыз үлгісі)
Құрметті тораптастар, көптен талқылап келе жатқан Қазақи латынша жоба дейтін талқымызды бір қорытындылайтын жерге жетіп те қалдық. “Қазақи латынша жобаның жамау- жасқаусыз үлгісі” деген қосымша тақырыптан- ақ, біздің ежелден Ағылшын- латынның 26 таңбасымен ғана Қазақи жоба жасаймыз деген ойымыздың менмұндалап, айғайлап тұрғандығы белгілі. Енді айтылған осы Қазақи латынша жобаға зер сала отырыңыздар:
«Латын қарпіне көшу - жекелеген оқымысты Қазақтың ғана емес, бүкіл Қазақ жұртының арызы, арманы. Мұны ұзақты ойлағандар ғана сезінеді, тіпті тез жетуге асығады! Алайда Қазақ көшетін жаңа латын жазуы Түркиядағы сықылды (өткен ғасырдың алғы жарымынан қалған жоба) емес, клавиатурадағы 26 латын таңбасымен шешілетін жазу болғаны жөн. Әйтпесе ол осы кирилл жазуынан аса алмайды...”
Сұлтан Жанболатов
(Қазақи латынша жобаның жамау- жасқаусыз үлгісі)
Құрметті тораптастар, көптен талқылап келе жатқан Қазақи латынша жоба дейтін талқымызды бір қорытындылайтын жерге жетіп те қалдық. “Қазақи латынша жобаның жамау- жасқаусыз үлгісі” деген қосымша тақырыптан- ақ, біздің ежелден Ағылшын- латынның 26 таңбасымен ғана Қазақи жоба жасаймыз деген ойымыздың менмұндалап, айғайлап тұрғандығы белгілі. Енді айтылған осы Қазақи латынша жобаға зер сала отырыңыздар:
Aйтылмыш Қазақи латынша жобаны таныстырудан бұрын айта кетуге татитын бір жұмыс бар, ол – жақында Қазақстанның дайындаған латын әліпбиінен 4 жоба ұлтжанды тораптастарымыздың көмегімен бізге қатысты ғаламторда жарияланғандығы. Ол 4 жобаның бірі Әлімхан Жүніспек ағамыздың ертеден Қазақстанда үгіттеліп келе жатқан Әбдуәли Қайдар ақсақалдың яғни Түркияның өткен ғасырдағы немесе баяғы қорғасын әріп дәуіріндегі өлі таңба ретінде дайындалып, басына қалпақ, құлағына сырға, иығына пагон, беліне белбеу, аяғына шақай, тіпті табанына коньки (мысалы “ç”) іліп, тіс- тырнағына дейін қаруланған жалбыр- жұлбыр жобалардың бір түрі, бұл жоба 2004- жылдан бастап қатысты тараулар тарапынан зорлықпен Қазақстан халқына таңылып келеді. Одан кейінгі 2-, 3- жоба А. Шәріпбай деген кісінің кілең Ағылшын- латынның 26 таңбасымен ғана жасалған жобасы, енді бірі С. Байбеков деген кісінің өзі белгілеген Қазақи жуан дауысты дыбыс таңбаларының оң жақ шекесіне үтір жабыстырып жасаған жобасы. Бұл 4 жобаның өз алдына ерекшелігі бар, мысалы, 1- жобаның жал- құирықты таңбалары бір дыбысқа бір таңба дейтін қорғасын әріп дәуіріндегі үлгімен жасалған жоба. Ол әріптер көрер көзге жинақы көрінгенімен, бірақ ол өзіне лайықталып жасалған бағдарламасы жоқ жағдайда, басқа орындарға лезде жетіп бара алмайды, жол ортада кедергілерге ұшырайды, қақпай көреді, сүзгілерден сүзіліп қалады, жетуге тиісті орнына жете алмай, кей таңбаларының орны үңірейі- ақ қалады (Қазақстан тарапынан немесе Түркия сияқты елдерден елімізге жіберіліп жатқан жазу таңбаларының көбінің бізге ала- құла болып, толық жетпеуіндегі себеп дәл осында); Онымен қоймай мұндай таңбалар өзіне меншікті бағдарламаға сүйенген таңба болғандықтан, бағдарламасыз жағдайда оны дұрыстап жазудың және оны басқа бір өңірге аман- сау, ақаусыз жеткізудің өзі бір зор мәселе болуда. 2-, 3- жобаның таңбалары 26 таңбамен ғана жасалғандықтан, әлемнің барлық жеріне емін- еркін лезде жетіп бара алады, өйткені ол бүкіл әлем кеңістігінде жолы тосылмайтын жолхаты бар Ағылшынның 26 таңбасымен ғана жасалған жоба, бірақ ол жобада кей таңбаларының алынуында оқырманын өзіне баурай жөнелетін иқуаты кемшіл, әсіресе егіздеп (қос таңбалап) жасалған дауысты дыбыс әріптеріне тораптастарымыздың көңілі толмай жатыр, ...; 4- жобаның жобагері өзі белгілеген Қазақи жуан дауысты дыбыс таңбаларының оң жақ шекесіне үтір қойып, сол арқылы жіңішке дауысты дыбыс әрпін бейнелеуге зорланған. Ондайда мәтінінің төбесіне қоқыр- қоқсық қаптап кетумен қоймай, “y” сияқты құирығы сүйретілген латын таңбасын Қазақ тілінің ең жүрдек дауысты дыбысының бірі саналатын “ы” дыбысына таңғандықтан, мәтінінің жалпы сұлулығы да нөлдік күйге түскен. Сондықтан, бұл жобаларға тораптастар тым разы болып отырғаны жоқ. Соған біз де неше жылдан осының соңында жүрген тәжірибеміз негізінде, “Ағылшын- латынның 26 таңбасынан аспаймыз, оларға еш қосымша белгі қоспаймыз, дауысты дыбыс әріптерін қос таңбалап (үтір қосу да осының ішінде) жасауға баспаймыз, кей дауыссыз дыбыс әрпін егіздеп жасаудан да қашпаймыз” дейтін жүйелі қағидаларымыздың жетегінде өзіміздің дайындаған жобамызды көпшіліктің алдына қойып көрмекпіз. Пікір қыстыра отырғайсыздар.
Әуелі мына екі әріпке келісейік, ол – и мен у (яғни “j” және “w”)
Бұл 2 әріпті осылай алудағы негізіміз бұл екеуі де халықаралық транскрипциядан келген. Бұны жалғыз Қазақ қана емес, бүкіл халықара таниды. Осы екі әріпті осы екі дыбыс үшін ұсынған тораптастарымыз да көп болуда. Сондықтан алдымен осы 2 әріпке келісіп алайық дейміз.
Одан кейін егіздеу жолымен жасалған мына 4 әріпке келісейік, ол – ж, ч, ш, ф, яғни (”zh”, “ch” , “sh” , “ph”). Бұл ұсынысты көп тораптас осы түрінде ортаға қойған, қосақтау жолымен жасалған бұл 4 әріп ежелден көпке таныс, үнемі көріп жүрміз, мұндағы (”zh” мен “sh”) екеуі Қазақтың төл дыбысы да, (”ch” мен “ph”) екеуі Қазақ тіліне кірме дыбыс, бұлар көп елге таныс, осы таныс таңбаларды қолдан бермейік, оларға енді басқаша балама таңба жасап та әуре болмайық десеңіздер, оған да мақұлмыз. Бұл арада “ch” мен “ph” сияқты кірме дыбыстарды әліпбиімізге енгізіп қайтеміз, олардың бізге қажеті шамалы, шығарып тастайық деушілер байқалуда. Бұған айтарымыз, біз қазір көп елмен аралас- құраластық жасап жатырмыз, бүкіл жер жүзіне зер салып отырмыз, зер салып қана емес, кей жайларға барып та жатырмыз. Соның ішінде адамзат жан санының бестен бір үлесін иелеп жатқан Ханзу халқының тілі мен бүкіл жер жүзіне мәдениет жақтан озықтығын танытып жатқан Ағылшын тілі, сондай- ақ Қазақ халқымен ежелден етене болып, аралас- құралас жасап жатқан Орыс тілі сияқтылардың бәрінде де осы “ch” мен “ph” дыбысы да бар. Егер біз осы халықтардың арасына барып қалсақ, бұл дыбыстар олар үшін болмаса да, өзіміз үшін қажет болады, олардан жол сұрап, жөн ұғысуға, біреудің аты-жөнін өздеріне жақындатып айтуымызға, бірер қаланың, жердің атын сұрастыруымыз үшін де қажет болады, дейміз. Бұның мысалы айтпасақ та толып жатыр.
Одан кейін мына бір әріпке келісейік, ол – ң (”nh”).
Бұл арада Жұңго Қазақтарының жаңа жазуы кезінде көзімізге үйір болып қалған “ng” таңбасын “nh” таңбасына өзгертіп жазуға дағдылану мәселесі ортаға қойылып отыр. Өйткені біз “ng” таңбасы кезіккен жерде, кейде оны “нг” бойынша оқуымызға, кейде оны “нғ” бойынша оқуымызға (мысалы “ngh” болып келгенде “ңх” болып қалмасын деп) тура келеді, сонда біз оны үнемі “n’g” немесе “n’gh” деп жазып, буын айыру белгісін дәл төбесінен қойып әуре боламыз. “ng” таңбасын “nh” таңбасына өзгертудегі тағы бір себеп: “ң” дыбысын “nh” таңбасымен жазудың халықаралық үлгісі де дайын тұр. Мысалы “Хо Шимиң” (Ветнам халқының көсемі, кезінде бұл кісінің атын біз Ханзуша дыбысталуы бойынша “Ху Жымиң” деп жазып келгенбіз) дегенді халықарада ежелден “Ho Chi minh” деп жазады екен. Соның үшін біз “ң” дыбысын “nh” бойынша таңбаласақ, жоғарыда айтқанымыздай көп әуреден аулақ боламыз. Жобамыздың жақындағы бір талқысында мамандар осы мәселені арнаулы ортаға салып, көп болжамдар жасап, соңында осының қолайлы болатындығына бір ауыздан келіскен еді. Айтпақшы, көбімізге таныс “Қазақсофт” сайты да өздерінің латынша ұсыныс жобасында осы “nh” таңбасын “ң” орнына пайдаланып отыр.
Ал “qh” таңбасын “х” дыбысының орнына баламалаудағы ойымыз, ол әліпби тәртібіндегі “қ” дыбысына (немесе таңбасына) жақынырақ жерде тұрсын, уақыт өте келе егер халқымыз расында “х” дыбысын кірме дыбыс деп кіналап, “х” дыбысын қуалап жататындай жағдай туылып жатса, “qh” таңбасының бір сыңары болып тұрған “h” таңбасын қысқартып “q” сыңарын өз орнында қалдыра салуға да қолайлы болсын деген сөз. Егер көпшілік “qh” таңбасын “ч” дыбысын таңбалауға көрсетіп жатса, (мысалы “q+ch=qh(ч)” сияқты пәтуәмен) онда біз “х” дыбысының орнына “kh” таңбасын қойуға да дайынбыз. Өйткені ол таңба да көбімізге таныс. Соған осылай алып отырмыз.
Жоғарыдағы 8 әріп, міне, осылайша белгіленді делік.
Енді біз Қазақ тіліндегі 9 дауысты дыбысқа келейік. Олар мыналар: а, ә, е, ы, і, о, ө, ұ, ү. Бұл дыбыстар біздің бұл жобада жеке- жеке“a”, “v”, “e”, “x”, “i”, “o”, “c”, “u”, “y” бойынша таңбаланады. Неге дегенде, осы 9 дауысты дыбыс жөнінде тораптастардан көп пікір алдық. Осылардың ішінде “x” таңбасы жөніндегі талас көбірек болды, өйткені оған сенімді, нанымды негіз табыла қоймады, кей ағайындар осы “x” таңбасын түбінде “ы” дыбысына беретін боламыз дегенді көп айтып жүрді, бұл сөз ақырында шындыққа айналатындай болып тұр. Неге дегенде, ғаламторда жақында Қазақстанның “әліпби жасау негіздері” деген бір мақала шықты. Мақалада әліпбидегі жеке әріптердің мәндерін өзгерту мәселесі сөз болған, онда мысал ретінде x әріпін ауызға алып, ол 1) Португал тілінде “ш” дыбысын белгілейді; 2) Поляк тілінде “ы” дыбысын белгілейді, делінген. Міне бұл бізге негіз бола алады, сонымен біз де бұл таңбаны жалғыз “ы” дыбысына ғана емес, ыңғайы келген жағдайда, Қазақ тілінің басқа дауысты дыбыстарына да баламалауға жарайды дей аламыз. Ал мұндағы кірме дыбыстың “v” таңбасын “ә” дыбысына берудегі негізіміз де, біз “v” таңбасын “A” таңбасының төңкерілген көлеңкесі ретінде пішіндестік байқатқанын және сыртқы көрінісі де жарасып тұрғанын байқап, солай белгілеп отырмыз.
Ал “Y ү” таңбасын “ү” деп алуымыздағы себеп, бұл таңбаның “Y” және “ү” деген бас әріп және жол әріп болып келетін екі түрлі жазылу үлгісі бар. Егер біз оның “Y” деген бас әріп таңбасын кәдімгі Қазақи кириллшеміздегі “Үү” таңбасына ұқсататын болсақ, онда оның “ү” деген жол әріп таңбасын кәдімгі халықаралық транскрипциядағы “ү” дыбысының таңбасы екенін еске аламыз. Сол үшін бұл таңба осы “ү” дыбысына бұйырып тұрғаны анық. Оның үстіне осы “Y ү” таңбасы компютердің түйметақтасында дауысты дыбысқа бейімделіп жасалған екен де, соған оны көп адам қайта- қайта “ы” дыбысына қарай ала ұшады. Сондықтан біз “ы” дыбысының Қазақ тілінде өте жиі кезігетіндігін, ал “ү” дыбысының Қазақ тілінде өте сирек кезігетіндігін ерекше ескеріп, жалпы Қазақ тіліндегі жазу мәтінінің көркемдігі, сұлулығы үшін, Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарды Ағылшын- латынның орта бойлы әріптерінен таңдаймыз деген ережемізді шартты түрде бұза отырып, “Y ү” таңбасын әдейі “ү” дыбысына баламалап отырмыз.
Ал “c” таңбасының “ө” дыбысын бейнелеуі оның “o” таңбасымен пішіндес болғандығында еді. Қазақ тіліндегі 9 дауысты дыбысты осындай дара таңбалармен белгілеу – Қазақ жазуын қыруар әуреден құтылдырудың бірден- бір шығар жолы. Бұл жол – “ә”, “ө”, “ү” дыбыстарын “a’”, “o’”, “u’” немесе төбесіне екі нүкте шығарып жасалған “”a”, “”o”, “”u” және “A̋a̋”, “А`a`”, “Ää” сияқты (мұндай белгілердің тағы да көп түрі бар) әріптерден мың артық, өйткені оқырманымыз дара, таза, жалбыр- жұлбырсыз мұндай таңбаларды жазудан еш қиналмайды, оларды жол ортада тосылып, қағылып қаларма деуден де, ғаламтордан басқаларға аман- сау, ақаусыз жіберуден де еш алаңдамайды.
Енді осындай пәтуәлармен жасалған мына жобамызға бағалық:
1. Қазақи латынша жобаның дара таңбамен алынған төл әріптері (26):
а (A a)
б (B b)
ө (C c)
д (D d)
е (E e)
ғ (F f)
г (G g)
Һ (H h)
і (I i)
и (J j)
к (K k)
л (L l)
м (M m)
н (N n)
о (O o)
п (P p)
қ (Q q)
р (R r)
с (S s)
т (T t)
ұ (U u)
ә (V v)
у (W w)
ы (X x)
ү (Y y)
з (Z z)
2. Қазақи латынша жобаның қос таңбалап алынған төл әріптері (3):
ң (Nh nh)
ш (Sh sh)
ж (Zh zh)
3. Қазақи латынша жобаға дара таңбамен алынған уақыттық кірме әріптер (2):
ц (C c)
в (V v)
4. Қазақи латынша жобаға қос таңбалап алынған кірме әріптер (3):
ч (Ch ch)
ф (Ph ph)
х (Qh qh)
Енді осы таңбалардың не үшін осылай алынғанын бір- бірлеп түсіндіріп шығамыз:
1. Қазақи латынша жобаның дара таңбамен алынған төл әріптері:
“а” дыбысының “Aa” бойынша таңбалануы жайында. шынын айтсақ “Aa” таңбасы Ағылшын тілінде жіңішке дыбысталады. Әуелі өзіміз айтып жүрген құран әліпбиінде де біздің “а” әрпіміз жіңішке дыбысталады, мысалы “әліп”, “бій”, “тій”, “сій” дейміз. Бірақ біз оны жуандатып оқуға әбден дағдыланып алдық, соған “Aa” таңбасын “ә” деп алайық десек, қалың оқырман баж ете түседі. Ағылшын тілінде “R” әрпін “а” деп оқиды, бірақ қолданыста ол жіңішке дыбыс таңбаларын жуандатып оқуға қызмет өтейді, мысалы “ar”, “or” сияқты. Сол сияқты біз “Маркс (Маркс) “ деп оқыған кісі атын ағылшындар “Marx” деп жазып, “макс (Макс)” деп оқиды. (бейне “ит” деп жазып “шошқа” деп оқиды дегені сияқты) Сол себепті біз халқымыздың дағдыланған әдеті бойынша осы “Aa” таңбасын “а” дыбысына беріп отырмыз.
“б” дыбысының “Bb” бойынша таңбалануы жайында. Бұл таңба жайында көп талас болған жоқ. Сондықтан бұл таңба осылай алына береді деп ойлаймыз.
“ө” дыбысының “C c” бойынша таңбалануы жайында. Бұның “ө” дыбысына балама болып таңбаланудағы басты себеп, бұл таңбаның біріншіден Қазақи дауыссыз дыбыс таңбаларынан асып қалғандығында болса, екіншіден, дауысты дыбыс “о” дыбысының “O o” таңбасына пішіндес келгендігінде болды. Енді бір жағынан “C c” таңбасының орақ пішінді болғандығы үшін, оны орақ деп атап, таңбасын “о” деп оқысақ та болатын еді. Бірақ оқырманымыздың көбі “A a” таңбасын “а” деп атап кеткені сияқты “O o” таңбасын да “о” деп оқуға дағдыланып қалғандықтан, оқырманымызды әурелемейік, қайта осы орайда осы “C c” таңбасын да кәдеге жаратып “ө” деп алуға келісейік демекпіз.
“д” дыбысының “D d” бойынша таңбалануы жайында. Бұл таңба жайында да көп талас болған жоқ. Бірақ біз аралықта “D d” таңбасын “a” таңбасына ұқсатып алып, мысалы бас әріп болып келетін “D” таңбасын “ɑ” таңбасының оңнан солға немесе солдан оңға 180 градус аударылған түріне ұқсатып, “ә” деп атамақшы болып, одан жол әріп болып келетін “d” таңбасын “a” таңбасына ұқсатып, одан оны да “ә” дыбысына баламақшы болып, ал “д” дыбысын “th” бойынша таңбаламақшы болып та тәжірибе жасадық. Нәтижеде, “д” дыбысы кезіге қалған жерде, “th” таңбасын қайта- қайта ұмытып қалып, “D d” бойынша таңбалайтын жағдай көп байқалды. Соған біз бұл дыбысты әлі де бұрынғысындай “D d” бойынша таңбалай берейік дестік.
“е” дыбысының “E e” бойынша таңбалануы жайында. Әсілі біз “E e” таңбасын “ы” дыбысына бермекші едік, бірақ “е” дыбысының орнына басқа баламалайтын лайықты таңба табылмады. Ал “е” дыбысын “ie” бойынша таңбалайық десек, “е” дыбысының қолданыс пайызы өте көп болғандықтан, мысалы, ересек (ieriesiek), елгезектен (ielgieziektien), елпең- селпең (ielpienh- sielpienh), егжей- тегжейле (iegzhiej- tiegzhiejlie), ерекшелеп (ieriekshieliep), етеленен (ietielienien) сияқты сөздерді жазған кезде, оны дұрыс оқи алудың өзі қиынға соғатыны байқалды. Оның үстіне “E e” таңбасы көп елде “е” дыбысына берілгені анық болғандықтан, “ы” дыбысына әлі де басқалай таңба қарастырайық дедік те, “E e” таңбасын көп елдің талғамы бойынша Қазақ тілінің “е” дыбысына бердік.
“ғ” дыбысының “F f” бойынша таңбалануы жайында. “ғ” дыбысының “F f” бойынша таңбалануындағы бір себеп, біз Ағылшын- латынның 26 таңбасынан әліпби жасаймыз деген екенбіз, онда біз, сөзсіз, осы 26 таңбаны Қазақтың өз таңбасы, төл таңбасы ретінде қарауымыз керек деген ойдан болды. Алғашында бұған қарсылар болды, бірақ кейін келе осылай алуды құптайтындар көбейді. Жақында жарияланған Қазақстанның 4 жобасының ішінде де “ғ” дыбысын “F f” бойынша таңбалағандары бар екен. Соған біз де осылай алуға келістік. “ғ” дыбысын “F f” бойынша таңбалаудағы тағы бір ой, “г” мен “ғ” -ға ұқсас таңба алудан немесе “г” -ні “g” деп, “ғ” -ны “gh” деп алудан қашу. Өйткені бұдан болашақта “г” мен “ғ” -ны айыра алмайтын зардап туылуы мүмкін. Бейне кезіндегі кириллше таңба мен орысша таңбаның жақындығынан “Қазақ” сөзі “казак” болып, “қазір” сөзі “казір” болып, “қадыр” сөзі “кадыр” болып кеткені сияқты. Соған, Қазақ тілінің бұзылуынан сақтану тұрғысынан, бұл арада “к” мен “қ” -ға, “г” мен “ғ” -ға өзара жақын келмейтін таңбаларды қарастырғанымыз оң деп ойладық. Осылайша, Қазақ тілінің “ғ” дыбысы “F f” бойынша таңбаланды. Оның сыртында, бұл таңбаның бейнесі өзіміздің кәдімгі Қазақи кириллшеміздегі “ғ” таңбасына ұқсап тұрғандығынан да, оқырманымыздың оны көрген жерден тани кетуіне қолайлы болсын дестік.
“г” дыбысының “G g” бойынша таңбалануы жайында. Бұл таңбаны (яғни “G g” таңбасын) біз бір мезет “ң” дыбысына бергіміз келді. Себебі, біз Қазақ тілінде жазылған бірнеше кесек- кесек романды тауып, ондағы Қазақи дыбыстардың қолданыс пайызына санақ жасадық. Нәтижеде қолданыстағы пайызы ең төмен болған Қазақ тілінің дауыссыз дыбысы “г” дыбысы болып шыға келді (неше романда да ұқсас шықты), сонымен “G g” таңбасын “г” дыбысына беруге қимай қалдық. Ал қолданыстағы пайызы ең жоғары болған Қазақ тілінің дауыссыз дыбысы “н” дыбысы екен (бұл да неше романда ұқсас шықты), содан есімізге кей елдің және кей тораптастың “G g” таңбасын “ң” дыбысына беріп жүргендігі келді де, біз де оны “ң” дыбысына берейік дестік. Бірақ “г” дыбысына басқаша лайықты таңба табыла қоймады. Сонымен “G g” таңбасы қайтадан “г” дыбысына берілетін болды.
“Һ” дыбысының “H h” бойынша таңбалануы жайында. Бұл таңбаны (яғни “H h” таңбасын) еліміздегі тораптастар көбінше “қ” дыбысына, ал Қазақстан жобагерлері көбінше “х” дыбысына бергісі келді, бірақ олай болғанда, көп жобагер (мейлі елімізде немесе Қазақстанда болсын) ж, ш, ф сияқты дыбыстарды “zh”, “sh” , “ph” сияқты етіп жазуға келмей қалатындығын сезбеді. Өйткені сіз “ызхар (ызқар)”, “Асқар”, “Шәріпхан” немесе “Талапқан” сияқты кісі аттарын осындай жобамен жазбақшы болсаңыз, оларды шартты түрде “Xz’har”, “As’har”, “Shvrip’han” немесе “Talap’han” сияқты етіп, екі таңбаның арасына буын айыру белгісін қойып отырып жазуыңызға тура келеді де, әсте “Xzhar”, “Ashar”, “Shvriphan” немесе “Talaphan” етіп жаза алмайсыз. Өйткені мұндай екі таңба арасы бөлінбей тіркеліп жазылса, олар ж, ш, ф бойынша дыбысталып кетеді де, жоғарыдағы кісі аттарын “ыжар”, “ашар”, “шәріфан” немесе “талафан” деп оқитын боласыз. Соған біз “H h” таңбасын “Һ” бойынша дыбыстаудың сыртында, басқа көп ел сияқты қос таңбалы әріптердің сыңары немесе сүйеуі болсын деп, оған да басқа көп міндет жүктемей отырмыз.
“і” дыбысының “I i” бойынша таңбалануы жайында. Қазақ тілінің “і” дыбысын “I i” бойынша таңбалау – Қазақ үшін дәстүр. Жұңго Қазақтарының кезіндегі жаңа жазу әліпбиі мен қазіргі Қазақи кириллше әліпбиімізде де Қазақ тілінің “і” дыбысы “I i” бойынша таңбаланған. Бірақ бұл таңба орыс әліпбиінде жоқ, ал Ханзу тілінің пиниін әліпбиінде и бойынша дыбысталады. Өздері оны кішкене и деп атайды. үлкен и деп олар “Y y” таңбасын айтады. Біздің кей жобагеріміз де “I i” таңбасын “и” -ге берсек дейді. Бірақ біз оны дауысты дыбысқа тіркеліп келген жағдайда ғана шартты түрде “и” деп дыбыстасақ деген ойдамыз. Ал басқа әр қандай жағдайда “і” дыбысын әлі де “I i” бойынша таңбаласақ дейміз. Кезінде біз “I i” таңбасын қалай атасақ болар деп тораптастардан пікір сұрағанымызда, тораптасымыздың көбі оны “ы” деп алсақ деген еді. Бұл ұсынысты да есімізден шығармаймыз. Бірақ біз қазір әлі де “I i” таңбасын “і” бойынша дыбыстай тұрсақ, дейміз.
“и” дыбысының “J j” бойынша таңбалануы жайында. Бұл дыбысты осылай таңбалаудағы негізіміз халықаралық транскрипциядан келген. Бұны жалғыз Қазақ қана емес, бүкіл халықара таниды. жақындағы Қазақстанның жобаларында да бұл таңбаны осы “и” дыбысы үшін ұсынған жобагер көп екен. Соған біз де осылай алуға келістік.
“к” дыбысының “K k” бойынша таңбалануы жайында. “к” дыбысының “K k” бойынша таңбалануы да Қазақ үшін дәстүр болып қалған. Неге дегенде, Жұңго қазақтарының кезіндегі жаңа жазу әліпбиі мен қазіргі Қазақи кириллше әліпбиімізде де Қазақ тілінің “к” дыбысы “K k” бойынша таңбаланған. Бұған көпшіліктің көңілі толады. Бірақ кей жобагерлеріміз осы таңбаға “қ” дыбысын да бірге жүктегісі келеді. Бұған біз жүз пайыз қарсымыз. Неге дегенде, кезінде Қазақтың бұл екі дыбысын орыстар парықтамайтындықтан (өйткені оларға Қазақи кириллшеміздегі “қ” таңбасы мен “к” таңбасы ұқсас болып көрінеді), Қазақ казак болып, қазір казір болып кеткен, оған бір бөлім қазағымыз да еліктеп, Қазақтың талай сөзі осылай басқаша дыбысталып бүлінген. Соған ендігары бұл таңбаға екі дыбыс жүктеуге қарсымыз.
“л” дыбысының “L l” бойынша таңбалануы жайында. Бұл дыбысты бұлай таңбалау барлық жерде, барлық елде негізінен ұқсас. Соған бұл үшін көп аялдамаймыз.
“м” дыбысының “M m” бойынша таңбалануы жайында. Бұл дыбысты бұлай таңбалау да барлық жерде, барлық елде негізінен ұқсас. Соған бұл үшін де көп аялдамаймыз.
“н” дыбысының “N n” бойынша таңбалануы жайында. Бұл дыбысты бұлай таңбалау да барлық жерде, барлық елде негізінен ұқсас. Соған бұл үшін де көп аялдамаймыз. Бірақ бір істі ескерте кетсек дейміз. Өйткені біз талай рет Қазақ тіліндегі Қазақи дыбыстардың тілдік қолданыс жағындағы жағдайына санақ жасап көрдік, нәтижеде барлық жағдайда Қазақ тілінің дауыссыз дыбыстарының бірі болған осы “н” дыбысы Қазақи дауыссыз дыбыстар ішінде қолданысқа түскен пайызы ең жоғары дыбыс болып отыр. Соны ескерте кетсек дейміз.
“о” дыбысының “O o” бойынша таңбалануы жайында. Бұл дыбысты бұлай таңбалау да барлық жерде, барлық елде негізінен ұқсас. Соған бұл үшін де көп аялдамақ емеспіз.
“п” дыбысының “P p” бойынша таңбалануы жайында. Бұл дыбысты бұлай таңбалау көп жерде, көп елде негізінен ұқсас. Бірақ біз бір мезет бұл таңбаны “р”- ға беріп те көрдік, қолдаушылар көп болғанымен, Қазақтың “п” дыбысына лайықты таңба ойдағыдай табыла қоймады. Содан осылай таңбалауға қайта оралған жайымыз бар.
“қ” дыбысының “Q q” бойынша таңбалануы жайында. Қазақтың “қ” дыбысын “Q q” бойынша таңбалау көп жобада ұқсас. Қазақстанның 1924- жылдан келе жатқан латынша жобаларының көбі осы бойынша алынған. Соған халқымыз бұл таңбаға көп- көрім көз үиір болып қалды. Бірақ кей жобагеріміз “Q q” таңбасын бірде “к” дыбысына, бірде “ғ” дыбысына, бірде “Һ” дыбысына баламалап көрді, бірақ баянды болмады. Кей жобагеріміз “қ” дыбысын “к” дыбысына ұқсас етіп, “k” таңбасымен баламаласақ дейді, олардың пәтуәсі Қазақстанның көп сайтында “kz” деген таңба бар, сол таңбамен біріңғай болмаса болмайды дейді. яғни “k” таңбасын “к” дыбысы мен “қ” дыбысына тең жүретін етіп белгілеуді құптайды. Бұған біз қарсымыз. Неге дегенде, болашақта осының салдарынан Қазақтың көп сөзі бірде “к” дыбысы “қ” дыбысына, бірде “қ” дыбысы “к” дыбысына өзгеретін жағдай көп туылып, Қазақ тілі бүлінеді дейміз. Бұған көрсететін мысалдар көп. Ғаламтордағы бір хабардан біздің академик ағамыз Әбдуәли Қайдар ақсақал да осы “қ” дыбысы жөнінде тоқталғанда, ол кісі де “қ” дыбысына “q” немесе “kh” таңбасын баламалауды құптайтындығын айтқаны есімізде. Соған біз де “қ” дыбысына “Q q” таңбасын ұсынуды жөн көріп отырмыз.
“р” дыбысының “R r” бойынша таңбалануы жайында. “R r” таңбасын “р” дыбысынан басқа дыбыстарға беру мақсатымен, біз бір мезет “р” дыбысын “P p” бойынша таңбалап көрдік. Өйткені қазіргі Қазақи кириллшеміздің жағдайы солай. Бұлай таңбалауға көпшілік тым қарсы шығып кеткен жоқ. Бірақ біз “R r” таңбасын әр алуан пәтуәмен басқа дыбыстарға, мысалы “ә”, “і” және “ж” сияқты дыбыстарға баламалаған едік, оған көпшіліктің көңілі тым тола қоймады. Сонымен қайтадан “р” дыбысын “R r” бойынша таңбалай берейік деген жайымыз бар.
“с” дыбысының “S s” бойынша таңбалануы жайында. Бұл дыбысты бұлай таңбалау барлық жерде, барлық елде негізінен ұқсас. Соған бұл үшін де көп аялдамақ емеспіз.
“т” дыбысының “T t” бойынша таңбалануы жайында. “т” дыбысын “T t” бойынша таңбалау барлық жерде, барлық елде негізінен ұқсас. Соған бұл таңба үшін көп аялдап отырмаймыз.
“ұ” дыбысының “U u” бойынша таңбалануы жайында. “ұ” дыбысын “U u” бойынша таңбалауды жұрттың көбі құптайды. Бірақ кей жобагеріміз “U u” таңбасын “у” дыбысына берсек жақсы болар еді дейді. Мұндай ұсынысты ортаға қойған жобагерлер көбінше “ұ” дыбысын “W w” бойынша таңбалауға бейім. Сондықтан, біз бұны мынадай жолмен шешсек дейміз. яғни: 1) “U u” таңбасы жеке- дара келгенде немесе сөз басында немесе дауыссыз дыбыстарға тіркеліп келгенде, “U u” таңбасы жоғарыда айтылғандай “ұ” бойынша дыбыстала берсе; 2) “U u” таңбасы дауысты дыбыстардың соңына тіркеліп келгенде, мысалы, “au”, “ou”, “eu”, “vu”, “cu” сияқты болып келгенде “ау”, “оу”, “еу”, “әу”, “өу” бойынша дыбысталса дейміз. Демек ол мәтіндік қолданысқа қарай кейде дауысты дыбыс, кейде дауыссыз дыбыс бойынша, яғни кейде “ұ”, кейде “у” болып оқылуына болады деген сөз. Мұндай Жағдай көп елде бар.
“ә” дыбысының “V v” бойынша таңбалануы жайында. “V v” таңбасының Қазақи латын әліпбилерінде көбінше “в” дыбысына таңылып келген жайы бар. Бірақ “в” дыбысы Қазаққа кірме дыбыс болғандықтан, оны Қазақ әліпбиінен шығарып тастаймыз дейтін пікір де аз емес. Сонымен “V v” таңбасын Қазақтың өз дыбысына, төл дыбысына балама етіп берейік дейтін пікір шығып, оны Қазақтың “ү” дыбысына, “ө” дыбысына, тіпті “ы” дыбысына дейін таңушылар болды. Ал бұл жобада біз оны “ә” дыбысына беруге бейімделіп отырмыз. Неге дегенде: 1) ол A таңбасымен пішіндес, бейне A таңбасын төңкере салғандай, немесе сол таңбаның түсіп тұрған көлеңкесіндей болып байқалады. Өйткені а мен ә дыбыстық тұрғыдан өзара вариант болғандықтан, пішін жағынан жақындау болғаны абзал деп ойлаймыз. 2) “V v” таңбасын Қазақ әліпбиіндегі “в” дыбысына бердік деген күннің өзінде, біз оған “ә” дыбысын бірге жүктесек те, оның қалыпты дыбысталуына еш оралғы болмайды. Демек, мейлі Қазақ тілінде, немесе Орыс, Ағылшын тілдерінде болсын, еш қайсысында “ءвә” немесе “әв”, яғни “vv” бойынша бірге тіркеліп келетін жағдай байқалмайды, оның үстіне оның бірі дауысты дыбыс та, енді бірі Қазақ тіліне кірме дауыссыз дыбыс, екеуінің қатарынан келетін еш орайы немесе еш мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан біз осы таңбаға яғни “V v” таңбасына қос міндет жүктесек те еш дүние бүлініп кетпейді деген қарастамыз. Соған біз оны әуелі “ә” деп аламыз, одан қалса, яғни ішінара “ф” мен “у” аралығында дыбысталатын кісі аттары мен жер- су аттарында дауыссыз дыбыс болып келген жағдайда ғана “в” бойынша дыбыстасақ деген ойдамыз. Мысалы, “(Құнайев) Qunaiev”, “(Назарбайев) Nazarbaiev”, “(Чапайев) Chapaiev”, “(Әлиев) Vljev”, “(Әбдырахманова) Vbdiraxmanova”, “(Ахметова) Axmetova”, “(Киев) Kjev” сияқты өте аз кезігетін жағдайларда ғана қолданылады.
“ы” дыбысының “X x” бойынша таңбалануы жайында. Қазақстанның көп жобасында “ы” дыбысына “Y y” таңбасы баламаланып жүргендігі көпке мәлім. Ондай болудағы себеп, Орыстың “ы” таңбасын Орыстар “ыи” деп оқып, ал олар оны латыншаға айландырғанда “Y y” деп жазатындығынан болған. Ал Қазақтар Орыстың “ы” таңбасын өз жазуында “ы” деп оқитындықтан, Орыстар оны латынша “Y y” деп жазады екен деп, “Y y” деп алуға бейімделіп қалған. Ал Қазақ тілінің мәтіндік қолданысында “ы” дыбысы “а” дыбысынан қалса 2- орында тұратындықтан, “y” таңбасының жер жыртатын соқа сияқты сүйретілген сүркейлі суретінен- ақ, Қазақ тілінің латынша мәтіндік жазба көркемдігін нөлдік күйге бірақ түсірген. Оның сыртында “Y y” таңбасын “ы” дыбысына баламалап жүрген жобагерлеріміздің тағы бір тобы Қазақ тілінің “и” дыбысын да осы “Y y” таңбасымен алғандықтан, “ы” мен “и”- дың бірге тіркеліп келетін мүмкіндігі жиілеп, мұндай тіркелістердің “ыи” немесе “иы” бойынша анықталуы да мүшкіл күйге түскен. Сондықтан біз осындай көп әурешіліктен құтылу үшін, “ы” дыбысына бойы сорайып сойдимайтын әрі созылып сүйретілмейтін орташа биіктіктегі бір таңбаны қарастырсақ дестік. Сонымен оған “E e”, “C c”, “I i”, “V v” сияқты таңбалардың барлығы кезегімен міндет өтеп көрді. Нәтижеде “E e” бойынша алынса мәтіннің көркемдігі артқанымен, Қазақтың “е” дыбысына лайықты таңба табылмады, “C c” бойынша алынса, “C c” таңбасын қажет ететін басқа орындар көбейіп тұрғандай болып, “I i” бойынша алайық десек, “і” дыбысына лайықты таңба табылмайтындай болып, “V v” бойынша алайық десек, ол таңбаны да қалайтын орындар көбейгендей болып, ақыры “X x” бойынша таңбалауға бейімделіп қалдық. Өйткені, ғаламторда жақында Қазақстанның “әліпби жасау негіздері” деген бір мақаласы шықты. Онда әліпбидегі жеке әріптердің мәндерін өзгерту мәселесі сөз болған екен, онда мысал ретінде x әріпін ауызға алып, ол 1) Португал тілінде ”ш” дыбысын белгілейді; 2) Полияк тілінде “ы” дыбысын белгілейді, делінген. Міне бұл бізге негіз бола алады, дейміз. Демек, Қазақ тілінің дауысты дыбыстарын таңбалау үшін тағы бір таңба табылды деген сөз.
“ү” дыбысының “Y y” бойынша таңбалануы жайында. Қазақстанның көп жобасында “Y y” таңбасы “ы” дыбысына баламаланып жүргендігі жоғарыда айтылды. Соған біз жоғарыда айтылған көп әурешіліктен құтылу үшін, “Y y” таңбасымен Қазақ тілінің “ү” дыбысын баламалауға келістік. Мұнда мынадай 2 негіз бар. Бірі, мұндағы бас әріп “Y” таңбасы пішін жағынан кәдімгі Қазақи кириллшеміздегі “Үү” таңбасының екеуіне де ұқсайды; екіншіден, оның жол әрпі болған “y” таңбасы да халықаралық транскрипциядағы “ү” дыбысына берілген “y” таңбасына ұқсайды. Оның сыртында, Қазақ тіліндегі “ү” дыбысының мәтіндік қолданыс пайызы өте төмен болғандықтан, Қазақ тілінің латынша мәтіндік жазба көркемдігіне де көп кесірін тигізе алмайды, дейміз. Неге дегенде, бұл жобада Қазақ тіліндегі 9 дауысты дыбыстың 8 і латынша орта бойлы таңбамен таңбаланып, жалғыз осы “ү” дыбысы ғана Қазақ тіліндегі мәтіндік қолданыс пайызы ең төмен болған салауатымен “Y y” бойынша таңбаланып отыр. Біздің жобамыз көпшіліктің әр жолғы берген ұсыныс пікірі негізінде жаңаланып жарияланып тұрды. Сол барыста, Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарға баламалайтын таңбаларды неғұрлым бой биіктігі орташа болатын таңбалармен таңбалаған абзал деген ұсынысты да тораптастарымыз ортаға қойған болатын. Біз бұл пікірді сол кезден бастап қабылдап әрі атқарып келеміз. Осының ішінде осы “ү” дыбысының жағдайы ғана басқаша болып тұр. Біз көп уақытқа дейін “у” дыбысын “Y y” бойынша таңбалап, “ү” дыбысын “W w” бойынша таңбалап келген едік, бірақ көпшілік мұндағы жол әрпі болған “y” таңбасын “у” деп оқуға келіскенімен, оның бас әрпі болған “Y” таңбасын “у” деп оқуға келісе алмады. Содан мұны ерекше мәселе ретінде қарап, Қазақи кириллшеміздегі “Уу”, “Ұұ”, “Үү” сияқты таңбаларға да жақынырақ дыбысталатын бір таңба әліпбиіміздің ішінде жүрсін деген оймен, осы “Y y” таңбасын Қазақ тілінің “ү” дыбысына туралап отырмыз.
“у” дыбысының “W w” бойынша таңбалануы жайында. Мұндағы “W w” таңбасы Қазақстанның көп жобасында Қазақтың “ұ” дыбысын баламалауға ұсынылыпты; ал біздің бұрынғы кей жобамызда “W w” таңбасы Қазақтың “ү” дыбысын баламалауға ұсынылған. Ал кей жобаларда Қазақтың “у” дыбысын баламалауға көбінше “Y y”, “U u” сияқты таңбалар ұсынылып жүріпті. Бірақ сонда да “U u” таңбасын Қазақтың “ұ” дыбысын баламалауға ұсынушылар көп болған. Сондықтан, біз әлі де Қазақтың “у” дыбысын “W w” бойынша таңбаласақ деген ойдамыз. Бірақ біз мынадай бір ойымызды да ескерте кетсек дейміз. Мәселен, Ханзу тілінде “W w” таңбасын үлкен “у”, “U u” таңбасын кішкене “у”, “Y y” таңбасын үлкен “и”, “I i” таңбасын кішкене “и” деп атайды да, “W w” таңбасы мен “Y y” таңбасын сөз басы мен буын басына келгенде ғана “у”, “и” деп жазып, “U u” таңбасы мен “I i” таңбасын сөз арасы мен сөз соңына келген жағдайда ғана “у”, “и” деп жазады. Соған біз де кейінгі емле ережемізде осы жағын ескеріп, Қазақи әліпбиіміздегі “W w” мен “U u”- дың, “J j” мен “I i”- дің міндет өтеген орнына қарай оқылу мәселесін өз лайығында шешсек екен дейміз.
“з” дыбысының “Z z” бойынша таңбалануы жайында. “з” дыбысын “Z z” бойынша таңбалау барлық жерде, барлық елде негізінен ұқсас. Соған бұл таңба үшін де көп аялдап отырмаймыз.
2. Қазақи латынша жобаның қос таңбалап алынған төл әріптері (3):
“ң” дыбысының “Nh nh” бойынша таңбалануы жайында. Бұл мәселе мақаланың басында арнаулы сөйленді. Бұлай таңбалаудағы басты мақсат, осы “ң” дыбысының “Ng ng” бойынша таңбалануы барысында “нг”, “нғ” сияқты жазуларды жазудың қажеті үшін, “n” мен “g” таңбасының арасына “’” (буын айыру белгісі) сияқты бөтен бір таңбаның аяқ астынан қыстырылып, жазу мәтінінің көркемдігінің бұзылуынан, “g'n” сияқты көріксіз таңбалардың көбейуінен сақтану үшін болған. Демек, бұл жобада жазып көрсетуге тиісті кірме мысалдардан басқа, Қазақтың төл сөздеріне “`” сияқты шекеліктің немесе “’” сияқты буын айыру белгілерінің Қазақи латынша жобаларында кезікпеуін үміт етеміз, әрі солай жобалап та отырмыз.
“ш” дыбысының “Sh sh” бойынша таңбалануы жайында. Қазақ тілінің “ш” дыбысына “X x”, “S s”, “C c”, “Sh sh”, “Sch sch” және “Xh xh” сияқты көптеген таңбаның баламаланғанын басқа жобалардан байқап жүрміз. Мұның ішінде “X x”, “S s”, “C c” сияқты таңбаларға басқа міндет көбірек жүктеліп, “Sh sh”, “Sch sch”, “Xh xh” сияқты таңбалардың ішінде “Sh sh” таңбасы көбірек “ш” дыбысына баламаланып жүргені жұртқа аян. Оның үстіне мұндай баламалау бүкіл халықараға да жалпыласып қалғандай. Соған Қазақ тілінің “ш” дыбысына әлі де “Sh sh” таңбасын баламаласақ деген ойдамыз.
“ж” дыбысының “Zh zh” бойынша таңбалануы жайында. Қазақ тілінің “ж” дыбысына “X x”, “C c”, “J j”, “R r”, “Zh zh” және “Jh jh” сияқты көптеген таңбаның баламаланғанын қыруар жобадан байқап жүрміз. Мұның ішінде “X x”, “C c”, “J j”, “R r” сияқты таңбаларға басқа міндет көбірек жүктеліп, “Zh zh” және “Jh jh” сияқты таңбалардың ішінде “Zh zh” таңбасы көбірек “ж” дыбысына баламаланып жүргені жұртқа аян. Соған Қазақ тілінің “ж” дыбысына әлі де “Zh zh” таңбасын баламаласақ деген ойдамыз. Сонда да мынадай бір ойымызды көпшіліктен жасырғымыз келмейді. Ол дегеніміз, Қазақ тілінің “ж” дыбысына әлі де “Jh jh” таңбасын баламаласақ дейміз. Неге дегенде, біздегі ШҰАР (Шинжиаң Ұйғұр Автономиялы Районы) деген қысқарған сөз қазіргі өзіміздегі сөз қысқарту дағдымыз бойынша латынша “ShUAR” болып қысқарады, бірақ ол шетелге барғанда “SUAR” бойынша қысқарады (қос таңбалы әріптердің бас таңбасы бойынша қысқарады), сол сияқты біздегі ЖХР деген қысқарған сөз қазіргі сөз қысқарту дағдымыз бойынша латынша “ZhQhR” болып қысқарады, бірақ ол шетелге барғанда “ZQR” бойынша қысқарады. Егер біз Қазақ тілінің “ж” дыбысын “Jh jh” таңбасымен баламалайтын болсақ, онда ол шетелге барғанда “JQR” бойынша қысқарып, мұндағы “J” таңбасын “ж” деп оқуға мүмкіндік туады, дейміз. Сол сияқты “ShUAR” ға да осыны айтуға болады, егер біз Қазақ тілінің “ш” дыбысын “Xh xh” таңбасымен баламалайтын болсақ, онда ол шетелге барғанда “XUAR” бойынша қысқарып, мұндағы “X” таңбасын “ш” деп оқуға да мүмкіндік туады, дейміз.
3. Қазақи латынша жобаға дара таңбамен алынған кірме әріптер (2):
“ц” дыбысының “C c” бойынша таңбалануы жайында. Бұл дыбыс Қазақ тілінде жоқ, бірақ Орыс тілінде, Ағылшын тілінде және Ханзу тілі сияқты көп тілде бар. Сондықтан, біз бұл дыбысты өз тілімізді дұрыс жазу үшін емес, шетелдің ішінара (барлығы емес) кісі аттары мен жер- су аттарын шетелге жақынырақ жазу үшін қабылдап отырмыз. Мысалы Ханзуда Цай Лүн (Cai Lun), Цай Чаң (Cai Chang), Цай Ы (Cai E) сияқты әйгілі кісі аттары мен шетелде Цермат (Cermat), Целл (CeL l), Целле (CeL le), Цамах (Camah) сияқты жер- су аттары бар дегендей. Соларды Қазақи латыншамызда шетелге жақынырақ таңбалау үшін ғана қабылдап отырмыз. Ағылшын тіліндегі мына бір жағдайға да назар аудара отырыңыздар. Ағылшын тіліндегі “copy center”, “concert” (бір тілдегі бір таңбаның екі түрлі дыбысталуының мысалы) деген сөздер Орыс тіліне “центр көпия”, “концерт” (копиялау орталығы, консерт) бойынша аударылады екен. Бұдан сіз Ағылшын тіліндегі “c” таңбасының бірде “к”, бірде “ц” болып дыбысталғанын да байқап отырған боларсыз. Демекші біз де Ағылшын тілінің осындай артықшылықтарынан үйреніп, осы “c” таңбасын келген орнына қарай бірде “ө”, бірде “ц” бойынша дыбыстамақшы болып отырмыз, ал Қазақи әліпби тұрғысынан алғанда, біз оны алдымен “ө” деп дыбыстайтын боламыз. Бұл арада кей тораптас “c” таңбасын келген орнына қарай бірде “ө”, бірде “ц” бойынша дыбыстамақшы болып отырмыз, деп белгілепсіздер, бұған қандай негіздеріңыз бар деуі мүмкін. Бұған айтарымыз, мейлі Қазақ тілінде немесе Орыс тілінде немесе басқа тілдерде болсын, барлығында еш қашан “өц” немесе “цө” немесе болашақ латынша әліпбиімізде “cc” болып бірге тіркеліп келетін жағдай байқалмайды, оның үстіне бұның біреуі Қазақ тілінің жіңішке дауысты дыбысы да, біреуі шетелдің бізге кірме дауыссыз дыбысы, соған бұл екі дыбыс еш қашан өзара қақтығысып немесе бірге тіркеле келіп орын таласып жатпайды, сол үшін осылай алынды, дейміз.
“в” дыбысының “V v” бойынша таңбалануы жайында. Бұл дыбыс та ежелден Қазақ тілінде жоқ, бірақ ол Орыс тілі мен Ағылшын тілінде бар. Сондықтан, бұл дыбысты да біз өз тілімізді дұрыс жазу үшін емес, шетелдің ішінара (барлығы емес) кісі аттары мен жер- су аттарын шетелге жақынырақ жазу үшін қабылдап отырмыз. Мысалы “(Чапайев) Chapajev”, “(Құнайев) Qunajev”, “(Назарбайев) Nazarbajev”, “(Әлиев) Vljev”, “(Киев) Kjev” сияқты өте аз кезігетін кісі аттары мен жер- су аттарында ғана қолданылады. Бұл арада кей тораптас “v” таңбасын әрі “ә”, әрі “в” деп белгілепсіздер, бұған қандай негіздеріңыз бар деуі мүмкін. Бұған айтарымыз, мейлі Қазақ тілінде немесе Орыс тілінде болсын, екі тілде де еш қашан “вә” немесе “әв” немесе болашақ латынша әліпбиімізде де “vv” болып бірге тіркеліп келетін жағдай байқалмайды, оның үстіне бұның біреуі Қазақ тілінің жіңішке дауысты дыбысы да, біреуі шетелдің бізге кірме дауыссыз дыбысы, соған бұл екі дыбыс еш қашан қақтығысып, орын таласып жатпайды, сол үшін осылай алынды, дейміз.
4. Қазақи латынша жобаға қос таңбалап алынған кірме әріптер (3):
“ч” дыбысының “Ch ch” бойынша таңбалануы жайында. Бұл дыбыс Қазақтың ауызекі тілінде немесе жергілікті айтылымдарында жиі кезігеді, бірақ ол “ш” дыбысымен мағына парықтамайды, соған “ч” бойынша дыбысталған Қазақ сөздері “ш” бойынша жазыла береді. Мысалы Қазақтар “чеше”, “чеге”, “чойын”, “чалбар” деп сөйлей береді, бірақ оны қағаз бетіне түсіргенде “шеше”, “шеге”, “шойын”, “шалбар” деп жазады. Бірақ “ч” дыбысы Орыс тілінде, Ағылшын тілінде және Ханзу тілі сияқты көп тілде бар, әуелі туысқан Ұйғұр тіліне дейін бар. Сондықтан, біз бұл дыбысты өз тілімізді дұрыс жазу үшін емес, шетелдің ішінара (барлығы емес) кісі аттары мен жер- су аттарын шетелге жақынырақ жазу үшін қабылдап отырмыз. Мысалы, “Chapajev (чапайев)”, “Chapljn (Чаплин)”, “CherchjL (Черчилл)”, “Chen Yi (Чын И)”, “Chi Haotian (Чы Хаутиан)”, “Chang E (Чаң Ы)”, “Chexov (Чехов)”, “Chexja (Чехиа)”, “Choson (Чосон)”, “Chjlj (Чили)”, “Chwashja (Чуашиа)”, “Changchun (Чаңчұн)”, “Changsha (Чаңша)”, “Xichang (Шичаң)” т.б.
“ф” дыбысының “Ph ph” бойынша таңбалануы жайында. “ф” дыбысы Қазақ тілінде жоқ, бірақ халқарада осындай бір дыбыс бар екен деп, оның қатысты таңбасына дейін үйретіп және оны жазып берсеңіз, Қазақтар оны “п” бойынша дыбыстай береді, ал халықарада “ф” дыбысын “ph” бойынша таңбалау көбімізге таныс, мәселен “alpha (алфа)”, “alphabet (алфавит)”, “phonetika (фонетика)”, “phantasia (фантазия)”, “photoswret (фотосурет)”, “phjzjka (физика)” сияқты көп сөз бар. Бірақ осы “ф” дыбысының көбімізге таныс тағы бір таңбасы бар, ол – “F f” таңбасы. Көп жағдайда бұл екі таңбаның орнын өзара ауыстыруға келмейді. Бірақ жақында Қазақстанның жобаларында осы “F f” таңбасымен Қазақтың “ғ” дыбысын таңбалап жатыпты. Кезінде өзіміздің жобамызда да осы “F f” таңбасымен Қазақтың “ғ” дыбысын таңбалаған жайымыз бар еді, көптеген тораптасымыз да осы ұсынысты ортаға қойған. Соған біз де халықараға бейімделіп, осы “ф” дыбысын “Ph ph” бойынша таңбалайық деген ойдамыз.
“х” дыбысының “Qhqh” бойынша таңбалануы жайында. Мақаланың басында біз “qh” таңбасын “х” дыбысының орнына баламалап отырмыз, әліпби тәртібінде “қ” дыбысына (немесе таңбасына) жақынырақ жерде тұрсын, уақыт өте келе егер халжымыз расында “х” дыбысын нкірме дыбыс деп кіналап, “х” дыбысын қуалап жататындай жағдай туылып жатса, “qh” таңбасының бір сыңары болып тұрған “h” таңбасын ұшырып жіберіп, оның “q” сыңарын өз орнында қалдыра салуға да қолайлы болсын деп. Егер көпшілік “qh” таңбасын “ч” дыбысын таңбалауға көрсетіп жатса, (мысалы “q+ch=qh(ч)” сияқты пәтуәмен) онда біз “х” дыбысының орнына “kh” таңбасын қойуға да дайынбыз. Өйткені ол таңба да көбімізге таныс, деген едік. Енді қазір біз бұл ойымыздан да қайтқалы тұрмыз, деген пікірдеміз. Неге дегенде, “х” дыбысы кірме дыбыс болғанымен, ол жазба тілімізде көп қолданылады. Мысалы ауызекі тілде қаншалықты “қан”, “қат”, “қабар”, “қалық” деп айғайлағанымізбен, осы сөздерді қағаз бетіне түсіргенде оны “хан”, “хат”, “хабар”, “халық” деп жазбасақ, көңіліміз жай таппайды. Соған осы дыбысқа бола қос таңбалы әріп жасап халқымызды әурелемесек дейміз. Демек, кәдімгі Қазақи кириллшеміздегі “Хх” таңбасына ұқсайтын латынның “X x” таңбасын осы “х” дыбысына баламаласақ деген ойға келіп отырмыз. Бұған мынадай сұрау тағы жауғалы тұр, яғни алдында бұл таңбаны Қазақтың жуан дауысты дыбысы “ы” -ға беріп болдыңыздар, енді ол таңбаға тағы мына “х” дыбысын жүктесеңіздер, онда “хы”, “ых” сияқты буындар келе қалғанда қалай таңбалайсыздар? – деген сұрау түскелі тұр. Бізше, оның жарасы жеңіл! демек, “X x” таңбасы Полияк тілінде “ы” дыбысын белгілейді екен (мақаланың алдында айтылған), онда біз неге сол “X x” таңбасымен “і” дыбысын белгілемеске?! өйткені Қазақ тілінде ешқашан “хі” немесе “іх” сияқты буын араластығы келмейді, сондықтан, бұл жобада “і” дыбысы “X x” таңбасымен алынса, осы жобамен жазылған матінде ешқашан “хі” немесе “іх” сияқты болып, “xx” сияқты бірге тіркеліп келетін жағдай байқалмайды, дей аламыз. Бұл жерде тағы бір ескерте кететін жағдай, кейбіреулер біздің бұл жобамызды “дауыссыз дыбыстың таңбаларымен дауысты дыбыстарды таңбалапты” деп согеді. Ол дегені “v” таңбасымен “ә” дыбысын таңбалапты, “x” таңбасымен “і” дыбысын таңбалапты, “c” таңбасымен “ө” дыбысын таңбалапты, “y” таңбасымен “ү” дыбысын таңбалапты, дегені. Бірақ олар біздің өздері көрсетіп отырған осы “v” таңбасымен “в” дыбысын қосымша таңбалағанымызды, “x” таңбасымен “х” дыбысын қосымша таңбалағанымызды, “c” таңбасымен “ц” дыбысын қосымша таңбалағанымызды көрмеген немесе көрмеске салған немесе не үшін мұндай болатынын түсінбеген. Қазақта “жуас түйе жүндеуге жақсы” дейтін бір сөз бар. Біздің басқаша дыбыс жүктеп жүрген таңбаларымыз да латын әріптеріндегі осындай бір “жуас түйелер” еді. Демек, жоғарыдағы “x” таңбасы мен “c” таңбасы дәл осындай таңбалар болып отыр. Айталық, “x” таңбасы Ханзу тілінде “ш”, Орыс тілінде “х”, Ағылшын тілінде “кс”, Полияк тілінде “ы” дыбысын белгілейді екен; ал “c” таңбасы Ханзу тілінде “ц”, Орыс тілінде “с”, Ағылшын тілінің бір өзінде “к”, “ц” және “с”, ал Түркия Қазақтарының жазуында “ж” дыбысын белгілейді екен, деп таныстырғанымызда, өткен жылғы бір жоба жөніндегі талқы жиынымызда, сол жиынның мамандар группасының бастығы болған Шинжиаң оқу- ағарту иниститутының бұрынғы бастығының орынбасары, профессор Әуелқан Қалиұлы: “x” таңбасы Ханзу тілінде “ш”, Орыс тілінде “х”, Ағылшын тілінде “кс” сияқты алынған болса, онда ол Қазақ тілі үшін қызмет істеп, бір уақ дауысты дыбыс болса не болыпты? – деген еді. Сол сияқты Қазақстанның көп жобасында да “y” таңбасымен “ы” дыбысын таңбалап, “w” таңбасымен “ұ” дыбысын таңбалап жүрген жағдай көп байқалуда. Бұған айтарымыз, “қайдан құлақ шығару – қазаншының өз еркі” дегені сияқты, ол – әр ұлттың өз жұмысы. Сол сияқты, Қазақстанда “таңбада тұрған түк те жоқ!” деген сөзді Әлімхан Жүнісбек ағамыз да көп айтатынын ескергеніміз жөн.
қосымша ескерту: 1, бұл жобада Қазақ тіліндегі 9 дауысты дыбыс жеке- жеке: a(а), v(ә), x(ы), i(і), e(е), o(о), c(ө), u(ұ), y (ү) сияқты әріптермен таңбаланған, олар бізді төте жазудың дайекшесінен туатын қыруар әуреден және зардаптардан ада- күде азат етеді; 2, бұл жобаға мұнда j+zh=jh(ж), q+ch= qh(ч), x+sh=xh(ш) , f+ph=fh(ф) сияқты 4 қос таңбалы әріп қосымша дайындық үшін жасалып отыр, олардың жасалу жолы да жоғарыдағы формулада көрсетілгендей, оқырманның оларды басқа қос таңбалы әріптерден айыра тануына төтенше қолайлы болсын демекшіміз; егер мұндай әріптерге көндіге алмаймыз делінсе, онда сол алдында айтылғандай бұрынғысынша (”zh”, “ch” , “sh” , “ph”) сияқты әріптермен жүре береміз. 3, бұл жобада бұрынғы Қазақ жаңа жазуындағы “ng(ң)” таңбасының орнына “nh” таңбасы қолданылып, сол әдіспен “ng” таңбасын “нг” немесе “нғ” ретінде оқыту үшін қолданылатын буын айыру белгісін “’” жиі қолдану әуресінен түбегейлі құтыламыз; 4, бұл жобада халықаралық дағды бойынша, Ханзуша кісі аттары мен жер- су аттары Ханзу тілінің дыбыс ырғағы қойылмайтын пиниінімен жазылатын болады; Ағылшынша кісі аттары мен жер- су аттары оның Орыс тіліндегі жақын оқылуына сай, осы жобадағы әріптермен жазылатын болады; Орысша кісі аттары мен жер- су аттары да Орыс тіліндегі оқылуына сай, осы жобадағы әріптермен жазылатын болады.
Соңында айтарымыз: бұл жобаның жалпы әріп саны 34, Қазақстан жариялаған Түркия үлгісіндегі жобаның әріп санымен ұқсас, бірақ бұған екі кірме дыбыс (әрі кірме әріп) мақсатты түрде сынақ ретінде уақыттық қосылды, оның бірі “в (v)”, енді біреуі “ц (c)”. Бірақ бұлар көбінше шетелдің кісі аттары мен жер- су аттарын және ішінара кірме атауларды шетелге жақындатып жазу үшін ғана қолданылады. Таза Қазақи мәтінге мүлде қатыспайды. Мысалы, “(Чапаев) Chapajev”, “(Цай Лун) Cai Lun”, “(Киев) Kjev”, “(Цайдам) Caidam”, “(Валюта) Valjwta”, “(Цемент) Cement”. Ал көп жағдайда бұл екі таңба Қазақ тілі үшін қызмет өтеп, Қазақ тілінің жіңішке дауысты дыбысы “ә” және “ө” дыбысын таңбалайды. Демек, бұл екі әріп осы жобада осындай қос міндет атқарады. Егер оларға қос міндет атқартпаймыз десеңіздер, онда олар тек Қазақ тілінің “ә” және “ө” дыбысын ғана таңбалайды да, жобаның жалпы әріп саны 32 ге азаяды.
Жоғарыда айтылғандай, егер біз ендігі жерде “ы” дыбысына “I i” таңбасын баламалап, “і” дыбысына “X x” таңбасын баламалайтын болсақ, онда бұл жоба былайша өзгеретін болады, мұны да тамашалай отырыңыздар. Мақаланы мұқят оқу арқылы бұл 2 жобаны салыстырып көріңіздер. 2- жоба 1- жобаның негізінде әрі мақаладағы негіздер бойынша жаңғыртылып жасалғандықтан, бұл арада 2- жобаны жаңа жоба есептейміз. Сол үшін жақсырақ салыстырыңыздар дейміз.
Енді жоғарыдағы түсініктер негізінде өзгертілген мына 2- жобамызға бағалық:
1, Қазақи латынша жобаның дара таңбамен алынған төл әріптері (26):
а (A a)
б (B b)
ө (C c)
д (D d)
е (E e)
ғ (F f)
г (G g)
Һ (H h)
ы (I i)
и (J j)
к (K k)
л (L l)
м (M m)
н (N n)
о (O o)
п (P p)
қ (Q q)
р (R r)
с (S s)
т (T t)
ұ (U u)
ә (V v)
у (W w)
і (X x)
ү (Y y)
з (Z z)
2, Қазақи латынша жобаның қос таңбалап алынған төл әріптері (3):
ң (Nh nh)
ш (Sh sh)
ж (Jh jh)
3, Қазақи латынша жобаға дара таңбамен алынған уақыттық кірме әріптер (3):
(ц) (C c)
в (V v)
х (X x)
4, Қазақи латынша жобаға қос таңбалап алынған кірме әріптер (2):
ч (Ch ch)
ф (Ph ph)
Ескерту: бұл мақала тораптастардан пікір алу үшін жарияланып отыр. Бірақ, бұл жобаны жаңа жоба деп атағанымызбен, соңғы жоба деуден аулақпыз. Өйткені, Қазақстан да әлі өздерінің соңғы жобасын жариялаған жоқ. Қазақстан кириллшеде қалады екен деген дақпырт та жоқ емес, бірақ латыншаға ресей де көшеді екен деген алып қашпа сөз тағы бар. Еліміз тарапынан Қазақстан жаққа Сұлтан Жанболатов ағамыздың, Шадыман Ахыметұлының және Әмуал Әуелқанұлының жобалары жолданғаны белгілі. Сондықтан біз де солардың қатарында Ағылшынша- латынша 26 таңбамен ғана жасалған осындай бір жобаның дайындалу үстінде екендігін ескертеміз. Көптің пікірі негізінде бұл жоба тағы өзгеруі мүмкін. Пікір, ұсыныс берушілер болса және бізбен байланыс жасаушылар болса, мына әдірістерге хат жазыңыздар. Қазақтың болашақ қамы үшін бұл мақаланы шарт жағдайы бар орындардың жариялап қоюынан да үміттіміз. Рақмет сіздерге!
E-mail хат сандығымыз:
talapker@163.com bolekmurat@163.com ,bahethanbulali@126.com, hapas@126.com
QQ хат сандығымыз: 350751859@qq.com
Қолфон нөмірлеріміз:
18999414298 Мұрат Солтаншаріпұлы
13899837737 Бақытқан Біләлұлы
15199687227 Қапас Әсейінұлы
Abai.kz