Мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының омбудсмені Гегам Степанянның сөзінше, жексенбіде Таулы Қарабақтан босқындар мінген соңғы автобус келген. Автобуста 15 адам болған. Оның сөзінше, өз бетімен шыға алмайтын адамдарға еріктілер көмектескен. Степанян Қарабақта қалып қойған, жәрдемге мұқтаж адамдар туралы ақпарат болса, ол жөнінде Қызыл кресттің халықаралық комитетіне хабарласуға шақырды.
Армения билігінің мәліметіне қарағанда, 1 қазан кешке дейін Таулы Қарабақтан 100 514 адам келген.
Ереван санағына қарағанда, биыл жыл басында Таулы Қарабақта 120 мың адам өмір сүрген. Алайда нақты мәлімет жоқ. Мойындалмаған Таулы Қарабақтың бұрынғы өкілдерінің сөзінше, қазір аймақ босап қалған.
Жексенбіде Әзербайжан президенті әкімшілігі Таулы Қарабақта еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен көші-қон қызметі іске кіріскенін мәлімдеді. Олар Қарабақ армяндарының әзербайжан қоғамымен араласуына көмектесуге тиіс деген.
Әзірге Әзербайжан әскерінің аймақ орталығы Ханкенді (Степанакерт) қаласы мен мойындалмаған республика бақылауында болған өзге де елдімекендерге кіргені жөнінде ақпарат жоқ.
Армения билігі Қарабақтан қоныс аударғандарға көмек көрсетіп жатыр. Армения премьер-министрі Никол Пашинян қоныс аударғандардың әрбіріне 250 долларға жуық ақша төлеу, әр адамға айына 100 доллар шамасында беру жөнінде қаулы шығарған. Бағдарлама алты айға есептелген.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz