Тұрсын Жұртбай. Ұраным – Алаш!..: С.Мұқанов «...Біз орыс халқын өзіміздің аға туысқанымыз ретінде есептейміз» (жалғасы)
8
Ұлы Отан соғысының алғашқы ауыр кезеңінде кеңес көсемі «ұмытқан құдайын» есіне түсіріп, әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарының әруақтарынан қолдау іздеді. Осындай намысты тұста М.Әуезов те «ескі тақырыбын еске түсіріп» «Науан» атты пьеса жазуға ынта қояды. Театрға берілген тапсырыстың түсініктемесінде:
«М.Әуезов. «Науан». Тарихи-ерлік рухты тақырып етіп алған «Науан» пьесасында Науанның (ХІХ ғасырдың 40-жылдары сұлтандарға қарсы ұйымдастырылған халық көтерілісінің көсемі Сарының (Кенесарының – Т.Ж.) кенже бауыры) соңына түскен өз туысы отыз сұлтанмен және байлармен күресі бейнеленеді. Науанның дұшпандары оған тұтқиылдан – жалынды да өжет, әрі батыр, әрі ақын жас бозбала өзінің сүйіктісі Қаншайымның ауылында сауық құрып жатқан кезінде шабуыл жасайды. Алайда ержүрек Науан шешуші сәтте аса шиеленіскен рулық тартыста да, қарулы шайқаста да жеңіп шығады. Науан мен оның жасауыл серіктері өздерінің күрестері арқылы сатқындардан, зорлықшылардан және халықтың кәнігі дұшпандарынан отанды қорғау керек – деген жарқын идеяны паш етеді. М.Әуезовтің «Науан» пьесасы өзінің жазылу мәнері жағынан романтикалық-ерлік рухтағы музыкалық туынды болып табылады»,– деп көрсетілген.
8
Ұлы Отан соғысының алғашқы ауыр кезеңінде кеңес көсемі «ұмытқан құдайын» есіне түсіріп, әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарының әруақтарынан қолдау іздеді. Осындай намысты тұста М.Әуезов те «ескі тақырыбын еске түсіріп» «Науан» атты пьеса жазуға ынта қояды. Театрға берілген тапсырыстың түсініктемесінде:
«М.Әуезов. «Науан». Тарихи-ерлік рухты тақырып етіп алған «Науан» пьесасында Науанның (ХІХ ғасырдың 40-жылдары сұлтандарға қарсы ұйымдастырылған халық көтерілісінің көсемі Сарының (Кенесарының – Т.Ж.) кенже бауыры) соңына түскен өз туысы отыз сұлтанмен және байлармен күресі бейнеленеді. Науанның дұшпандары оған тұтқиылдан – жалынды да өжет, әрі батыр, әрі ақын жас бозбала өзінің сүйіктісі Қаншайымның ауылында сауық құрып жатқан кезінде шабуыл жасайды. Алайда ержүрек Науан шешуші сәтте аса шиеленіскен рулық тартыста да, қарулы шайқаста да жеңіп шығады. Науан мен оның жасауыл серіктері өздерінің күрестері арқылы сатқындардан, зорлықшылардан және халықтың кәнігі дұшпандарынан отанды қорғау керек – деген жарқын идеяны паш етеді. М.Әуезовтің «Науан» пьесасы өзінің жазылу мәнері жағынан романтикалық-ерлік рухтағы музыкалық туынды болып табылады»,– деп көрсетілген.
Алайда бұл туынды толық аяқталмай «тапсырысты орындауға ұмтылған» ниет күйінде қалған сияқты. Оның орынын Ә.Әбішевпен бірігіп жазған «Намыс гвардиясы» толықтырды. Шындығына көшкенде, «Науанның» жазылмай қалғанына да тәубә. Өйткені 1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң кеңес идеологтары ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, әдебиет пен мәдениет саласына бағытталған жаңа жазалау саясатын ойластыра бастады. Одан қаперсіз СССР Ғылым академиясының қазақ бөлімшесі «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының көтерілісі туралы» кеңес өткізді (баяндамашы Б.Сүлейменов). М.Әуезов Е.Ысмайыловтың Кенесары көтерілісінің әдебиеттегі көрінісі жөніндегі диссертациясы туралы:
«Кенесары Қасымовтың көтерілісінің алғышарттары туралы тарау тым шұбалаңқы, Кенесары Қасымовтың көтерілісіне тікелей қатысы жоқ, тақырыптан тысқары мәселені қамтыған ұзақ сілтемелер келтірілген. Қазақ халқын патшалық отарлық қанауынан бастау керек еді. Негізгі мәтінді шектен тыс басы артық қалмақтар мен экспедицияның жасақталуы туралы деректермен қампитудың қажеті жоқ еді, сондай-ақ Алексей Михайловичтің патшалық құруының тарихының да керегі жоқ, оларды басты өзекті тақырыпты игеруге бөгет жасайды...»,– дей келіп, кандидаттық миниумды тапсырмастан қорғауға жіберілсін деген ұсыныс айтты.
Ұсыныс қабылданды. Е.Ысмайылов кандаидат атанды. Алайда оның қызығын толық көріп үлгермеді. 1944 жылы «Едіге» жыры» мен Шамбек Накиннің «Едіге» пьесасы туралы СОКП-ның Орталық Комитетінің қаулысы шығып, әдебиет пен өнердегі ұлтшыл-патриоттар әшкереленді. Тіпті Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин сияқты майдандағы батырлардың хаттарына дейін қарғыға ілінді.
Мұндай науқаннан шығармашылық одақтар тыс қала алмайтын. Ерікті-еріксіз Сәбит Мұқанов 1944 жылы 9 қыркүйек күні өткен жазушылар одағының пленумында «Қазақ әдебиетінде көрініс берген кейбір мәселелер туралы» баяндама жасады. «Едіге» дастаны туралы Қ.Жұмалиевтің зерттеулеріндегі «тарихи қателіктерді» сынай келіп, Л.Соболев пен М.Әуезовтің «Қазақ әдебиеті мен фольклоры» туралы бірігіп жазған қырқыншы жылғы мақаласына баса тоқталып, әдеттегісіндей «саяси айып тағумен» аяқтады. Б.Кенжебаев – хандардың қорғаушысы, Е.Исмаиылов – С.Торыайғыров, Ғ.Қарашев, Б.Күлеев сияқты алашордашыл ақындардың ақтаушысы, М.Әуезов – солардың дем берушісі ретінде «жарлық» шығарды. Енді ғана «қарғыстың қарғыбауынан» құтылған М.Әуезовке бұл қатты соққы боп тиді, алдыңғы жақсылықтың ізін көмескілеп жіберді әрі алдағы күдікті күндердің көмескі күмәнін елестетті.
С.Мұқановтың бұл баяндамасының қолжазба нұсқасы архив сөресінде қалғандықтан да, тақырыпқа қатысты жерлерінен барынша толық үзінділер келтіреміз:
С.Мұқанов «...Біз орыс халқын өзіміздің аға туысқанымыз ретінде есептейміз. Сондықтан да БК(б)П ОК-нің қаулысын біздің одағымыздың халықтарының қасиетті мүддесі ретінде қабылдаймыз және одақтың басқа да жазушыларын осындай зиянды қателіктерден дер кезінде сақтандырған шара деп қабылдаймыз.
Едіге бейнесін көрсетуде біздің қазақ әдебиетімізде де қателіктер бар. Өткен жылы жазушы жолдас Қажым Жұмалиев «Едіге» атты пьеса жазды. Бұл пьесаны жазушылар одағы мен өнер комитеті қолдады. БК(б)П ОК-нің аталған қаулысы бұл пьесаға қолдау көрсетудің қате екендігін ашып берді. Жолдас Қажым Жұмалиев өзінің «Едігесін» жазуда өте жақсы мақсатты жетекшілікке алды. Жазушының мақсаты: тамыры сонау ХІV ғасырдан басталатын қазақ пен орыс халықтарының достығын көрсету, олардың сол дәуірдегі ынтымағын бейнелеуге ұмтылу және орыс пен қазақ халықтарының бұл достығы арқылы олардың неміс басқыншыларына қарсы күресін ашу болып табылатын. Қажым Жұмалиев өзінің осындай жақсы ниетін жүзеге асыру барысында мынадай тарихи және саяси қателіктер жіберді:
1.Оның бірінші қателігі: Алтын Орданы қазақ ордасы ретінде көрсету. Ол қазақ ордасы емес, қазақ жерін жаулап алған және оларды құлдықтың құрсауында ұстаған Монғол-Татар ордасы.
2.Тарихтағы Едіге қазақ батыры емес, Алтын Орданың батыры.
3.Алтын Орда мемлекеті – орыс халқын ешқашанда жаудан қорғаған жоқ, керсінше орыс халқын құлдықта ұстаған мемлекет.
4.Орыстар немістердің тефтон орденін Алтын Орданың көмегімен жеңген жоқ, олар (орыстар) ит-немістерді өздерінің күшімен жеңді. Бұл шайқаста орыстарды басқарған Едіге емес, оған Александр Невский басшылық еткен болатын.
Қажым өзінің «Едіге» атты пьесасында Едігені тарихи шындыққа қарама-қайшы, орыстардың одақтасы мен қорғаушысы етіп суреттейді. Оның образын осындай жақсы мақсатта көрсетуі – саяси қателік.
Жазушылар одағы мен өнер комитеті бұл пьесаны қолдау арқылы саяси қателік жіберген. Қажым Жұмалиевтің бұл саяси қателігін Әлкей Марғұлан да қайталады. Жолдас Марғұлан Едіге мен Алтын Орданы мадақтап мақала жазды. Мұндай көзқарастармен аянбай күресу қажет, олардың қайталануына жол беруге болмайды.
«Едіге батыр» туралы шығарылған қазақ эпосы туралы да айта кетейік. Бұл эпосты осыдан 103 жыл бұрын қазақтың белгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов Жұмағұл ақынның аузынан жазып алған және оны өзі орыс тіліне аударды. Эпостың мазмұны Алтын Орданы мақтауға емес, Алтын Орданы қолдау туралы да емес, керісінше оған қарсы күрес пен оны құлатуға ұмтылған құлшынысты баяндайды. Бұл эпоста халық жағына шыққан Едіге Алтын Ордаға қарсы күреседі. Қазақ халқының Алтын Ордаға қарсы күресінің себептерін мен 1939 жылы жарық көрген «Батырлар жырының» І томдығында ашып көрсеткен болатынмын. Бұл арада оны қайталап жатпаймын. Бұл эпоста Едіге халық мүддесін қорғайды және Алтын Орда мен Тоқтамыс ханның қарсыласы ретінде көрсетіледі! Мен дәл қазір эпостағы Едіге тарихи тұлға ма, әлде халық қиялының жемісі ме дегенге, нақты жауап айта алмаймын. Бұл мәселе тер төгіп зерттеуді қажет етеді.
Ұлы Отан соғысын бейнелеуде жіберілген татар әдебиетшілерінің ұлтшылдық қателікері қаулыда мынадай дерекпен аталып өткен: татардың бір жазушысы Ұлы Отан соғысы кезіндегі біздің ақ финдермен күресімізді көрсетуге арналған пьеса жазыпты. Пьесада біздің халқымыз жеңіске жеткен бұл майданда тек татарлар ғана көрсетіліпті. Пьесадағы 23 кейіпкердің 22-і татар. Ал онда жалғыз ғана орыс бар. Ал ондағы жалғыз орыстың өзі сатқын болып шыққан.
Ұлы Отан соғысын бұлай көрсету, әрине, дұрыс емес. Бұл соғыста татар халқы және біздің одағымыздың өзге де туысқан халықтары өзінің кеңестік отанын шын жүрегімен қорғады. Дұшпанмен күресте бар күш-қуатын, бар ақыл-ойын жұмсады. Бұл шындық және татар мен өзге де туысқан халықтардың арасынан кеңес одағының батыры атағына ие болған даңықты ерлердің де шыққаны шындық. Алайда, соған қарамастан соғыстың негізгі ауыртпашылығының ұлы орыс халқына түскенін көрсетпеу, әрине, қателік!...».
Осыдан кейін Сәбит Мұқанов өзінің баяндамасында ауыз әдебиеті мұраларына тоқтала келіп, үйреншікті және қалауына қолайлы автор – Мұхтар Әуезовке көшеді.
Сәбит Мұқанов: «… Мен өзімнің бүгінгі баяндамамдағы фольклор туралы мәселеге қатысты пікірімде Мұхтар Әуезов пен Леонид Сергеевич Соболевтің орыс тілінде жазылған және «Литература и исскуство» журналының 1939 жылғы тамыз және қыркүйкек айларындағы сандарында жарияланған «Эпос және фольклор» атты еңбегіне тоқталғым келеді. Содан кейін Москвадан шығатын «Литературный критик» журналының №10-11 сандарында жарық көрді. Кейінгі басылым нұсқасының алдыңғысынан айырмашылығы сол, мұнда біраз көркем шығармалардан мысалдар келтірілген.
Бұл еңбектің жағымды жағы, мұнда өзге де халықтар сияқты қазақ халқында да фольклордың бар екендігінің көрсетілгендігі, өзге халықтардың фольклоры сияқты қазақ халқының фольклорының да әртүрлі сыпатта дамығандығының дәлелдене баяндалуы. Бұл сыпаттар аталған авторлардың ғана сіңірген еңбегі емес. Қазақ фольклорына қатысты мұндай ойларды оларға дейін де Радлов, Потанин және басқалар айтқан болатын. Әуезов пен Соболев жолдастар өздерінің бірігіп жазған еңбектерінде алдыңғыларға қарағанда фольклор туралы біршама кең пікір білдірген. Бірақ мәселе, осы талдаулардың қалай жүргізілгендігінде.
Алайда бұл сұраққа жауап бермес бұрын фольклордың қалай дүниеге келу тарихына қысқаша да болса толқталып өткен жөн деп есептеймін. Бұл менің сіздердің алдарыңызда өзімнің білімпаздығымды көрсету емес, фольклорды зерттеу барысындағы қателіктерді естеріңізге сала отырып, осы қателіктерді түзетуге көмектесуден туған ұмтылыс болып табылады...».
Бұдан кейін фольклор мен оның шығу тарихына байланысты, фольклор мен көркем әдебиеттің ара қатынасына және фольклордың таптық тегіне қатысты ұзақ толғай келіп, қайтадан Әуезов пен Соболевке қарай ойысады.
Сәбит Мұқанов: «Біздің аға бауырымыз болып саналатын орыс халқының фольклорын зерттеуде олар марксизмнің әдіс-тәсілдеріне сүйенді. Қазақ фольклорын зерттеу барысында Әуезов пен Соболев жолдастар осы тәсілге сүйенді ме, жоқ па? Бұл мәселеге тоқталмас бұрын Әуезов жолдас пен Соболев жолдастың арасындағы айырмашылықты ажырата кеткім келеді. Леонид Соболев жолдас өзінің қазақ әдебиетінің досы екенін іспен көрсетті. Өзінің қазақ халқына, оның мәдениетіне және оның әдеби мамандарына деген шынайы ықыласына біздің көзімізді жеткізді. Қазақ халқының мемлекеттігін, оның мәдениетін, соның ішінде бізді бүкіл кеңес одағының халқына таныстыру ісіне ол үлкен еңбек сіңірді. Мұның бәрі де дұрыс, алайда қазақ фольклорының нәзік мәселелерін түсінуде Соболевті Әуезовпен қатар қоя алмаймыз. Егерде біз қазақ фольклоры саласында Әуезов білгеннің жүзден бірін ғана біледі десек, бұл Л.Соболевтің беделін түсіргендік емес, өйткені біздің фольклорлық мұраларымыздың жүзден бірі ғана орыс тіліне аударылды десек, қателеспейміз. Соболев жолдас қазақ тілін білмейді. Ол қазақ фольклорының орыс тіліне аударылған бөлімін ғана біледі. Осыған орай қазақ халқының мұқым фольклоры туралы нақты пікір білдіруі өте қиынға соғады.
Ал Әуезовтің жағдайы мүлдем басқа. Ол қазақ фольклорын Соболев жолдас сияқты орыс тіліне аударылған материалдардың деңгейінде ғана білмейді, Әуезов қазақ фольклорын қазақ фольклористтердің көбінен жақсы біледі, қазақ фольклорының қайнарынан тікелей сусындай алады. Сондықтан да Әуезовтің кемшіліктері мен қателіктері оның материалдармен жеткіліксіз таныстығынан туындап отыр деп ешкімде айта алмайды. Сондықтан да Әуезовтің қателігі материал мен тілді білмеуінен туындап отырған жоқ, керісінше оның қателіктері материалды зерттеу кезінде біздің заманымыздың талабынан туындап отырған маркстік әдісті қолданбауынан туындап отыр. Фольклор материалдарын игеру жөнінен Әуезов пен Соболев жолдастардың арасында үлкен айырмашылық бар екенін жоғарыда айтып өтсек те, «Эпос және фольклор» атты аталған очеркке екеуінің қолы қатар қойылғандықтан да, бұл мәселе жөніндегі бұдан кейінгі пікірімізде олардың фамилияларын қатар атаймыз. Әуезов пен Соболев жолдастар журналдың 24 бетін алған, яғни 52 бағанға берілген көлемді очеркінде қазақ фольклорында баяндалатын тап тартысы туралы бір ауыз сөз айтылмаған, егерде журналдың 92-бетінде: қазақ фольклоры социалистік мәдениет тұсында ғана лайықты баға алды, өзге тілге аударылып, бүкіл әлемге белгілі болды (қазақ тілінен орыс тіліне аударылу арқылы) – деген аудармашының ескертпесін есепке алмасақ, бұл очеркті кімнің жазғаны туралы деректі кеңес тарихшыларының білуі қиынға соғар еді. Бұл очеркті басқа біреу жазды деп те жорамалдауға болатын еді. Өйткені очеркте фольклорға қатысты маркистік көзқарас жөнінде ештеңе айтылмаған, автордың өздері де марксизмге жүгінбеген. Егер де осы очерктегі талдауларға сенсек, авторлар талдап отырған фольклорлық мұралардың түрлері тап тартысынан тыс жағдайда өмірге келген, өткен дәуірдегі қазақтардың өмірі біржақты және романтикалық таңғажайып күйде өткен.
Өмірде шынымен де осылай болып па еді?
Әрине олай емес, олай болуы мүмкін де емес. Өйткені барлық ұлттардың тарихы тап күресінің тарихы. Демек, қазақ тарихы да – тап күресінің тарихы болып есептеледі. Егерде барлық ұлттардың фольклоры тап тартысының айнасы болса, онда қазақ фольклоры да тап тартысының айнасы болып табылады. Бірнеше мысал келтірейік:
Құдандалық жырлыры атты 1 – 13 тарауда Әуезов пен Соболев жолдастар (таптық көріністі) төмендегідей жолдарда жалпылама және ешқандай мағынасыз тіркестермен баяндап өте шыққан: «Қалың мал, көп әйел алу, теңіне ұзатпау, бесік құда болу, әмеңгерлік сияқты салт-дәстүрлердің нәтижесінде әйелдер қиын жағдайға тап болды». Әуезов пен Соболев жолдастар байлардың қалың малды қоздырушы дерт екені, оның қазақ әйелдерінің бақытсыздығының басты себебі болып табылатындығы және олардың көп әйел алатындығы, осы таптан шыққан кәрі шалдардың қалың мал беріп жас қызға үйленетіндігі туралы бір ауыз сөз айтпайды. Очерктің авторлары жар-жар, сыңсу, беташар сияқты халықтың өзі шығарған жырларда әйелдер өздеріне көрсетіліп отырған қорлыққа ішкі қарсылығын білдіреді.
2. Ертегілерде еңбекші халықтың қанаушы тапқа деген көзқарасы мен қарым-қатынасы Алдар көсе, Жиренше, Тазша т.б. кейіпкерлердің ісі арқылы білдіріледі. Олардың аты аталған ертегілердің барлығында да байлар мен билер, хандар мазақ етіледі. Халыққа қасірет әкелетін қанауды, зорлықты, өктемдікті аяусыз сынайды және оларға тән зұлымдықты әшкерелейді. Әуезов пен Соболев жолдастар ертегіге тән мұндай ерекшелік туралы үндемейді. Тек олардың мазмұндарын сыдыртып қана баяндап өтеді. Тек Алдаркөсеге келгенде ғана «әлеуметтік» маңызы бар», «нағыз халықтық» деген сөздерді үстірт қолданады. Олар өздерінің зерттеулерінде шынайы халықтық кейіпкердің тегі мен алғышарттарына тоқталмайды.
3. Таптық қайшылықтар ашық көрінетін фольклорлық жанрдың бірі – мақалдар мен мәтелдер болып табылады. Мысалы: «Бай мен бай құда болса – арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса – арасында дорба жүреді, бай мен кедей құда болса – зорға жүреді». Тағы бір мақалды алайық. Мысалы: «Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық», сондай-ақ: «Аузы сасық болса да байдың ұлы сөйлесін». Тағы да бір мысал келтірейік: «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда». Тағы да: «Байдың әйелі өлсе – төсегі жаңғырады, кедейдің әйелші өлсе – басы қаңғырады», «Байға – мал қайғы, кедейге – жан қайғы». Осыдан асырып таптық қайшылық туралы айту мүмкін бе? Әуезов пен Соболев жолдастар бұл мәселені де айналып өтеді.
4. Батырлар жырында отанды қорғау желісімен қоса таптар арасындағы қайшылық та жүріп отырады. «Қамбар батыр» дастанында таптар күресі тікелей бейнеленеді. Дастан бойынша, Қамбар ең алдымен «тоқсан үйлі тобырдың» батыры. «Ер Тағын» дастанында ханның ит тілеуі мен Тарғынның жоғары адамгершілігі баяндалады. Өзге дастандарда да тап қайшылығы ұмыт қалмаған. Әуезов пен Соболев жолдастар бұл мәселені де ашып көрсетпейді.
5. Айтыс өнері – таптық қайшылық пен таптық күрес ерекше көзге түсетін фольклор жанрының бірі. Айтыстың маңызы туралы баспасөз бетінде өзімнің ойымды тиянақты түрде баяндағанмын, сондықтан да бұл арада қайталап жатпаймын. Әуезов пен Соболев жолдастар бұл жанрға өзге жанрлар сияқты романтикалық көзқараспен ғана қараған.
Қысқасын айтқанда, қайталап айтсам, егерде Әуезов пен Соболев жолдастардың пікіріне сенетін болсақ, онда қазақ фольклоры таптық күрестен дербес, одан тыс жағдайда қалыптасқан. Бұл жолды орыс фольклористикасы осыдан жүз жыл бұрын басынан өткергенін мен өзімнің баяндамамның басында айтқан болатынмын.
Қазақ фольклорын талдау барысында Әуезов пен Соболев жолдастар марксизмнің деңгейі түгілі сыншыл реализмның деңгейіне де көтеріле алмаған. Соболевпен бірге жұмыс істеген Әуезов жолдас мұны оған ескертуі тиіс еді...»,– деп олардың еңбегіне «маркстік сыншыл реализм» тұрғысынан баға береді.
Өзінің әлеуметшіл сыншыл көзқарасын дәлелдеуге келгенде, өзін Мұхтар Әуезовтің орынды ұстазы дәрежесінде сезінетін Сәбит Мұқанов, бұл арада әдеби көзқарасы мүлдем басқа деңгейде қалыптасқан Л.Соболевті де қосақ арасына қыстырып жіберді. Ал қазақ әдебиеттанушыларына келгенде онша именбестен тіпті еркін көсілді. Қиыннан қиыстырып, оларды Әуезовке әкеп көгендеу С.Мұқановқа онша қиындыққа соқпайтын.
С.Мұқанов: « ... Ал Исмаиылов жолдастың қазақ фольклоры туралы зерттеуі Әуезов пен Соболев жолдастардың очеркінің конспектісі ғана. Тек Есмағамбет Исмаиылов жолдастың жанынан қосқаны «ақындар қанаушыларды сынаған» деген бір ауыз сөз ғана. Есмағамбет Исмаиылов жолдас фольклордың өзге жанрлары жөнінде неге осындай тұжырымдар жасамайды? Мектеп бағдарламасы өте жауапты құжат. Біздің қазақ мектептерінің оқушылары, әсіресе, жоғары сынып оқушылары Исмаиыловтың фольклор туралы бағдарламасын пайдаланса, онда Әуезов пен Соболев жолдастардың теориялық материалдарына сүйенген болар еді, мәселенің шиі сонда шықпай ма?
Шыққанда да ши емес, тікен болып шығар еді! Фольклор тарихына қатысты зерттеулерінде ғана емес, жазба әдебиеті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі еңбектерінде де Әуезов жолдас марксизммен онша жанаса бермейді. 1934 жылы құрастырған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің хрестоматиясында Әуезов өткен дәуірді үнсіз айналып өтіп, Махамбетті, Шортанбайды, Шерниязды, тағы да басқа ХІХ ғасырдағы барлық ақындарды кіріктіріп, «феодалдық таптың жыршылары» деп жариялап, әдебиеттің бір жағалауынан екінші жағалауына барып соқтыққан. Мұндай бояманың орынсыз екендігі туралы кезінде баспасөз бетінде айтқан болатынбыз, оны қазір қайталап жатпаймын.
Соңғы жылдары Мұхтар Әуезов жолдас ХІХ ғасырдағы ақындардың ішінде Абаймен көбірек айналысып жүр. Әділдіктен аттап кетуге болмайды, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, М.Әуезовтің Абай туралы көркем шығармалары біздің кеңес әдебиетіне қосылған бағалы үлес болып табылады.
Мен бұл жолы тек Мұхтар Әуезов жазған Абайдың өмірбаянына ғана тоқталып өтемін. Бұл өмірбаян 1940 жылы жарық көрген Абайдың ІІ томдық шығармалар жинағында басылды. Бұл еңбекте кездесетін М.Әуезовтің кемшілктері мыналар:
1. Абайдың өмірі мен шығармашылық қайраткерлігі біте қайнасып өткен замандағы экономикалық және саяси алғы шарттар қамтылмаған. Бұл алғышарттарды анықтамайынша маркстік көзқарас тұрғысынан ақынды тану мүмкін емес.
2. М.Әуезов жазған өмірбаяннан біз алдына үлкен ұлттық мақсат қойған алып Абайды көре алмаймыз, керісінше, жігітекпен күрескен, бірде жеңген, бірде одан жеңілген Айдос табының ру жетекшісін көреміз.
3.Әр ұлтта қанаушы және қаналушы тап бар. Қазақта да мұндай таптың барын Абай жақсы түсінген, ол езуші тапқа қарсы күрес жариялай отырып, оларды қанаушылардан қорғады:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын, – дейді Абай.
Ол өзгенің еңбегін иемдену арқылы байыған, адаммен емес, малмен дос болған тоғышар, әрекетсіз байларды:
Мал жияды мақтанып, білдірмекке,
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар,
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке;
ххх
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы сықылды тез суалар, –
деп сипаттайды.
Осы арқылы ол қанаумен байыған байлардың байлығының баянсыздығын баяндайды. Мұндай байларды «шошқа» дей отырып, нағыз адамды еңбекшілердің ортасынан табады, өзі де еңбекшілердің жыршысына айналады. М.Әуезовтің жазған өмірбаянында Абайдың осындай халықшыл демократизмі жөнінде ештеңе айтылмайды.
4. Абайдың өзімен замандас қазақ ақындарынан озып кетіп, Еуропаның классиктерімен қатар тұруының бір себебі, оның орыс әдебиетімен сусындауы. Өмірбаянда бұл мәселеге жауап берілмеген.
Кезінде Абайдың өмірбаянын құрастырған тұсында бұл кемшіліктердің барлығы М.Әуезов жолдасқа атап көрсетіліп, түзету ұсынылған болатын. Оның бір түзетуін Абай комиссиясы қабылдамаған болатын. Ол қазір де соны түзету үстінде. Өңделген соңғы нұсқадан айтылған сынның қаншалықты орындалғанын байқауға болады. Алайда әдебиет тарихын жазуда жіберген Мұхтар Әуезовтің ең басты қателігін үнсіз айналып өтуге болмайды. Оның әсіре әлеуметшілдіктен қаншама алшақтап кеткенін білмеймін, бірақ та диалектикалық материализммен қаруланған маркстік әлеуметшілдіктен ат тонын ала қашып жүргені анық, бір сөзбен айтқанда, таптық қарама-қайшылық, таптық күрес деген т.б. сөздерді әдебиет тарихы жөніндегі бір де бір еңбегінде атап көрген емес. Бұл кемшіліктерді атай отырып, М.Әуезов жолдасты әдебиет тарихын жазу майданынан қуып шығу керек деген ойдан аулақпын. Әрине, қазақ әдебиеті пайда болғаннан бергі оның тарихы туралы барлық деректерді жақсы білетіні даусыз, алайда өзінің білімдарлығына маркстік социологияны қоса қолданса, онда ол қазақ кеңес әдебиетінің тарихын жасауда үлкен үлес қосқан болар еді.
Мен өзімнің баяндамамдағы М.Әуезов жолдастың кемшіліктерін көрсетуге арналған тұсын аяқтай келе, енді басқа жолдастардың қателігіне тоқталмақпын»,– дегенімен де араға төрт-бес бет салып барып М.Әуезовті басқа қырынан алып, қайыра шүйіледі.
Бұған қарағанда М.Әуезовтің ұлтшылдығын әшкерелеу үшін арнайы баяндама жасауға Орталық Партия Комитеті мен Бақылау комиссиясынан тікелей пәрменді тапсырма алған сияқты, яғни, Қажым Жұмалиевті «уақытша алмастырған» іспетті. Өйткені баяндамасының келесі тұсында баспада теріліп, түптелсе де көпшілікке таралмаған, атаусыз қалып келе жатқан «Қилы заман» тарихи әфсанасына барынша кең тоқталады.
С.Мұқанов: «Біздің қатарымызда кеңес әдебиетінің кадры болып саналатын, бірақ саясаттың ала арқанын аттаған жазушылар да бар, ол жазушылардың біздің кеңестік шындыққа қарсы келетін шығармалары да бар. Олардың ала арқанды аттағандығын жасырып қалуға болмайды, олардың бізге жат туындыларын талқылаудың да қажеттігі жоқ. Мысал үшін Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» хикаятын алайық. Есмағамбет Исмаиылов жолдас өзінің оқулықтарға жасаған бағдарламасында осы «Қилы заманды» «кеңес повестерінің» қатарына жатқызады. Бұл дұрыс па? Әрине, қателік!
Дегенмен де, «Қилы заман» көркем жазылған повесть, бірақ ол шығарма буржуазиялық-ұлтшылдық рухында жазылған. Бұл туындыда автордың ауылдағы таптық тартысты жасырып қалғанын айтпағанның өзінде, онда қазақтарды орысқа қарсы қою сарыны басым суреттелген. 175 беттен тұратын кітаптың өн бойында автор орыстарды тек жаман жағынан және жаман адамдарды бейнелеу арқылы көрсетеді. Ұлттар достығы ыстық ықыласпен насихатталып жатқан кезде мұндай шығармаларды оқушыларға: «Осыны оқы» – деп тапсырма беруге бола ма? Әрине, болмайды. Есмағамбет Исмаиылов жолдас, «Қилы заман» сияқты бір қатар шығармаларға, міне, осындай орынсыз жомарттық көрсетіп отыр.
3. Е.Исмаиылов жолдастың «Бағдарламасындағы» қосымша құралды оқуға ұсынған тапсырысы өте қызық. Мысалы, ол 1944 жылғы оқу құралында Абайдың шығармаларын түсіндіре келіп, Бөжеевтің «Абайдың аудармалары» атты мақаласын оқуды ұсынады, ал Бөжеевтің өзі болса 1941 жылы саяси тұрғыдан қуғындалған болатын. Мұндай қажетсіз, орынсыз ұсыныстар Есмағамбет Исмаиылов жолдастың «Бағдарламасынан» біраз орын алған.
Есмағамбет Исмаиылов туралы өз ойларымды қорытындылай келе айтарым, ол әдебиет тарихы жөніндегі өзінің көзқарасын білдіргенде үнемі оған таптық тұрғыдан келу қажеттігін баса көрсетіп отырады. Алайда әдеби зерттеулерінде оның өзі осы талапты орындамайды: жап-жақсы ойды дамытып келе жатады да, аяқ астынан жолдан жаңылысып, марксизмге қатысы жоқ быламыққа марксизмді қосып араластырып жібереді. Есмағамбет Исмаиылов жолдас кеңестік тәрбие алды, кеңес мектебінен білім алды, соған қарамастан (шатасады да жүреді), оның бұл дағдысы жақсылыққа әкелмейді. Бір мезгілде барлық тап атаулыға жақсы көрініп, бір мезгілде бәріне бірдей жақсы атануға болмайды. Егерде марксизмге жүгінгің келсе, онда бұл идеяны қабылдамайтындардың жанын ауыртасың. Өйткені, марксизм-ленинизм дегеніміз әлдебір жекелеген өзімшілдіктің жиынтығы емес, ол – еңбекші халықтың еншісі, ол – еңбекші халықтың идеологиясы» (сонда, №264 ).
Соның нәтижесі ретінде «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1945 жылғы 14 тамыздағы қарары шықты (Кенесары көтерілісі мен «Хан Кене» пьесасына қатысты «Бұзылған бесік!..» атты әфсанамызда арнайы тоқталғандықтан да бұл мәселеге аялдап жатпаймыз).
Соған қарамастан сол жылы қалалық партия комитеті М.Әуезов пен С.Мұқановтың шығармаларын бүкілодақтық сталиндік сыйлыққа ұсынып, Орталық Комитеттің партколлегиясына мінездеме жолдады. Ғ.Мұстафин мен К.Хасановтың қолы қойылған осы бір игі тілек М.Әуезов пен С.Мұқановтың арасындағы жаңа бір бақталастыққа арна ашты. Өйткені осыдан бастап он бес жыл бойы С.Мұқанов пен М.Әуезовтің шығармалары қасақана ұйымдастырылғандай боп (мүмкін солай да шығар) қатарласа әуелі сталиндік, кейіннен лениндік сиылыққа жарыса ұсынылды. Сөйтіп, Алматы мен Мәскеудің арасындағы таусылмайтын «үстірікке» жол салынды. Ол үстірік екі тұлғаның жүйкесін жонды да отырды, жонды да отырды. Бұл жанығудың нәтижесінде – Қазақстандағы кеңесшіл идеяның көсемі С.Мұқанов Мәскеуде ұлтшыл жазушы атанды, ал Қазақстандағы әйгілі алашорданың көсемі М.Әуезов Мәскеуде қазақ ұлтынан шыққан нағыз интернационалист ретінде тұлғаланды. Бұл жолы «Абай» романы орыс тіліне аударылмағандықтан да кейінге ысырылды. 1945 жылы Абайдың туғанына жүз жыл толуына орай орыс тілінде жарияланды. 1946 жылы 18 наурыз күні Жазушылар одағының төрағасы С.Мұқанов сталиндік сыйлыққа ұсынылған Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Қ.Аманжолвтың «Ақын туралы аңыз», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» шығармаларының хаттамасын жолдай отырып, оған қосымша комиссияның төрағасы Н.Тихоновқа:
«Мәскеу. Жазушылар одағы. Тихоновқа. Қазақстан Орталық партия комитетінің келісімімен Қазақстан жазушылар одағы төралқасының шешімі бойынша 45 жылы орыс тілінде басылып шыққан Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы сыйлыққа ұсынылды. Құжаттары Мәскеудегі комиссияның қарауында. «Абай» романын аяқталған және қазақ кеңес әдебиетінің проза саласындағы соңғы жылдардағы жетістігі ретінде комиссиядан өткізуіңізді өтінемін. Бұдан басқа ұсынылғандардың тізімін (наурыздың) жиырмасына дейін жолдаймыз.
Қазақстан жазушылар басқармасының төрағасы С.Мұқанов. Алматы. Пролетар көшесі, 3. 18 наурыз, 1946 жыл»,– деген жеделхат жолдады.
Жеделхаттың мазмұнына қарағанда «Абай» романының аудармасының «сүйінші» данасы сол күндері қолға тиіп, Мәскеудің баспасы тікелей силыққа ұсынған. С.Мұқанов оны республика атынан мақұлдап отыр. Әрине, сылтауратып кешіктіруіне болатын еді, бірақ ондай пендешілікке бармаған. Ең бастысы «Абай» романын – аяқталған шығарма ретінде атап өтуі еді.
Әрине, бәрі де жақсы ниет. Алайда романның орыс тілінде жариялануына байланысты М.Әуезовті тағы бір талқы күтіп тұрды. Одақтық оқырмандар тамсанды, ал қазақстандық орыс идеологтарының төбе шашы тік тұрып, «қазақ ұлтшылдығы мен феодализмді аңсау сарыны етек алып барады» деп өре түрегелді. Оның үстіне саясат майданының «қара дүлейі» тағы да көтеріліп, «Звезда» журналы, А.Ахматова мен М.Зощенконың шығармаларындағы идеясыздық, В.Сосюраның «Украинаны сүй» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы», «Драма театрларының репертуарлары» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті. Бұл қаулыларға саяси екпін берілгені сондай, оларға арналған жиналыстардың баяндамаларын Орталық Комитеттің бөлім меңгерушілері мен қалалық партия комитетінің хатшыларының өзі жасады.
(Жалғасы бар)
Abai.kz