Рәміздер: Басты міндетті білесің бе, жас ұрпақ?!
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың қазіргі кезеңінде жоғары сапалы білім беру қызметтеріне қол жеткізу басымдыққа ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында «Сапалы білім Қазақстанның индустрияландыру мен инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс» деп атап көрсетті.
Осыған байланысты болашақ мамандарды дайындау мен білім сапасын бағалаудың объективті жүйесі ерекше маңызға ие болып отыр. Қазақстанның күш құрылымдарына сауатты, сауатты, кәсіби білікті Отан қорғаушылар қажет екенін дау тудырмайды. Осы бағытта Абай облысында әскери білім беру бағытында ауыз толтыра айтарлық істер атқарылып жатыр.
Тәуелсіздіктің асыл сыйы жас ұрпаққа ешкімге жалпақтамай, бабалар дәстүрімен әскери тәрбие беруге қол жеткізе алдық. Нәтижесінде Облыс аймақтары мен ірі қалаларында дарынды балаларға арналған «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаттары өмірге келіп, еліміздің қорғаныш қабілетін арттыруға өз үлесін толайым қоса бастады.
Абай облысы Білім басқармасы мемлекеттік мекемесіне тікелей қарайтын Семей қаласындағы «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» КММ құрылғанына 30-жылға жуық уақыт ішінде мәртебелі оқу орны атанып үлгеріп, өзінің биік беделі мен абыройын тек облысымызда ғана емес, бүтіл Қазақстанда белгілі оқу ордасы екенін таныта алды.
«Жас Ұлан» мектеп-лицей-интернатының ерекшелігі оқыту мен тәрбиелеудің әскери-бағдарлылығы болып табылады. Осы бағытта білім беруде рәміздердің алатын орны бөлек. Осы тұрғыда, «Жас Ұландықтар» оқу орнының қабырғасында тәулік бойы болу жағдайында үздіксіз әскери дайындық пен білім алу процесінен өтеді: бұл арнайы мекемелік Жарғы талаптарын орындау, әскери киім мен керек-жарақтарды кию, оқытушы құраммен, тәлімгер-офицерлерге сөзсіз бағыну, «Ар-намыс кодексін» сақтау және ішкі өзін-өзі басқару жағдайында рәміздерімізбен тұтаса қабысып өмір сүру мүмкіндігі. Әскери оқу бағыты 5-сыныптан бастап оқытылып, онда Отанды сүю оның Рәміздерін құрметтеуден бастау алатын жас сарбаздар санасына сіңіріледі.
Рәміздер турасында «Жас Ұландық» үлгілі оқушылардың ой-пікірін өрбітпек тұрғысында «Жас ақындар» үйірмесінің шәкірттері 92 взвод ұландары: ақындық дарыннан кенде емес Аяпберген Әлімжан Ихсатұлы мен Сейілханов Ерасыл Еркінұлынан кішігірім еркін сұхбат құрып, жалынды жырларын тіздеп, өздеріңізге ұсынуды жөн санадық.
Мемлекеттік рәміздер туралы қос сарбаз өз ойларын әрі қара сөз бен әрі өлең сөзбен көсілте баяндады. Енді олардың ойлары мен жырларына кезек берейік.
Сейілханов Ерасылдан «Мемлекеттік нышандар жайындағы өзіңнің ойыңды қысқаша түрде айтып берші?» - деп өтінген шағымызда жас сарбаз еш қысылмай төмендегідей репетте: «Қазақстан Республикасының өзіне тән мемлекеттік рәміздері бар.
«Гимн» сөзі қазақ ұғымында «ұран», «ұран салу» деген ұғымды білдіріп тұр. Басқа мемлекеттердей қазақ елінің де елтаңбасы, көкбайрағы мен әнұраны бар.
Бұл нышандар – қашанда болмасын ерекше рух беріп, Отанымыздың асқақ айбынын танытады.
Көк Туымыз бейбіт кезде құрметпен сақталынады, мемлекеттік маңызды салтанатты жиындарда ғана арнайы шығарылып отырады.
Ту ортасында тұрған күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран, тудың сабының үстінде ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн шұғылалары, қалықтаған қыран, ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Көгілдір ашық көк түс – бейбітсүйгіштік нышаны болып табылады.
Елдіктің белгісіндей қастерлі Рәміздерімізді ерекше көремін. Көк байрағымды сүйіп, елтаңбамды мадақтап, әнұранымды шырқап рухтанамын! Өз елімнің патриоты болу - біз үшін мақтан!» деп төгілтті. Және жақында өткен патироттық шараға орай шығарған «Елдігімнің жырындай» атты құрыштай шымыр өлеңін оқып берді. Біз соның бір шумағын келтіре кетпекпіз:
Қазынадай қымбатты - Рәміздерім!
Бағзылардай жұмбақ тіл - Рәміздерім!
Өзегімде тұратын нағыз менің!
Ажырамас мұратты - Рәміздерім!....
Мына жолдары тіпті төбеңді көкке жеткізеді:
Өр ұғымның туындай - Рәміздерім!
Ерлігімнің сынындай - Рәміздерім!
Астанамның жүрегін сөйлеттірген -
Елдігімнің жырындай - Рәміздерім!
Біз бір Ерасылмен шектеліп қалмай Әлімжан Ихсатұлына: «Елтаңба Рәмізінің айырықша белгілерін сипаттап, ойыңды білдірсең?» деген сауалымызды қойған шағымызда ол еш мүдірмей өз ойын төмендегідей алдымызға жайып салды:
«Елтаңбадағы алтын шаңырақ Қазақстанның «қара шаңырақ» деген қасиетті сөзінен алынып, халықтар талап етіп, отбасына күн ананың жарығын шашып тұр. Көк аспан - кеншіліктің, тыныштық пен биіктің белгісі іспетті саналады. Бидай сабақтары - молшылықтың нышаны. Мен өз туған елімнің Рәміздерімен мақтанамын! Әрқашан құрмет тұтамын!» деп өз ойын қара сөзбен тапалата төгілте алатына куә болып, бір жасап қалдық.
Одан кейін 92 взвод ұланы Аяпбергенов Әлімжан Ихсатұлы саңқылдаған дауысымен өз жүрек түкпірінен атойлап шыққан «Рәміздерім» атты тамаша өрілген ойлы жырын жатқа оқып беріп көңілімізді бір көктем етті. Енді жас жауынгер ақынның аталған өлеңінің төрт жолынан мысал келтіре кетпесек, ақиқаттан аттап кеткендігіміз болар еді.
Елтаңбамның бедері анық баға.
Қос пырақтай ой жүйрік, шабыт дара.
Бесжұлдыздай маңдайым жарқыраған,
Ел - тегімнің жазуын танып қара» деген жас ақынның асқақ жыры оның әрі әскери, әрі өнери болашағының жарқындығын танытып тұр емес пе!?
Не болмаса;
Нышанымнан жігерін от жаныған.
Өттік талай тарихтың соқпағынан.
Әнұраным кеудемнің демі шыққан,
Ар - ожданым тұр онда, қат - қадым ән.
Тәуелсіз, жеке дербес ел болудың бір сипаты – оның рәміздері десек, оған жататын Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – ұлттық құндылығымыз болып табылатынын дәлелдеуді керек етпейтін шындық. Осы орайда, ұлттық мемлекеттік рәміздерді балаң санаға сіңірудің деңгейі әскери лицейде тәлім-тәрбие беруде қалай жүзеге асып жатқанын 7 - сыныптың жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Айнұр Төлеуханқызын сөзге тарттық:
«Өз елі мен Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруда, ел тәуелсіздігін нығайтуда мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше екендігі ешкімге дау тудырмайды. Тереңнен қаузап кеңейте айтар болсақ, Ұлы Отан мен Ұлттық мемлекеттік рәміздер - егіз ұғым. Осы екі егіз ұғым әр азаматтың жадында жүрер болса, онда олардың рухы да асқақ болмақ. Ал рухы мықты елдің алар асулары әрқашанда жоғары болатыны сөзсіз. Осы рәміздердің түп-төркінінде ұлттық рухты көтеру, ізгілікті арттыру, әр адамның кеудесіне отанға деген іңкәрлік сезімді ұялату жатқаны анық. Рәміздеріне қарап олардың тарихын, мәдениетін, дінін, тілін, дәстүрін, барлық құндылықтарын білуге болады. Мемлекеттік рәміздер еліміз үшін, мемлекет үшін ең баға жетпес қазына, таусылмас байлық.
Осы аталған байлықты әрбір «мен қазақпын» деген азамат ардақ тұту қажет. Рәміздер біртұтас Қазақстан Республикасының ажырамас бөлігі, айқын бейнесі. Рәміздердің әрқайсысының шығу тарихы бар. Бұл Қазақстанның қаншама ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздігін алғандығын паш ететін киелі қазына. Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнің тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы», дегені уақыттың қатаң талабы.
Еліміз жер жаһандағы басқа мемлекеттермен терезесі тең өркениетті. Еліміздің бар әлемге шаңырағынан күн сәулесі тарап, кең даласы ырыс - қазынаға толып, орманы жайқалып, таулары аспандап, өзен-көлдері арнасынан асып, түркі дүниесінен жасап келе жатқан бағзы тіліміздің мәртебесі биіктей берсін!
Дархан жерімізді, елдік Рәміздерімізді, қасиетті Отанымызды құрметтеп қорғауға және патриоттық сезімімізді таза ұстауды есте ұстайық!
Мемлекеттік рәміздерді қашанда қадірлеу Қазақстанның Республикасының әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет - ғұрыпты, салт - дәстүрді қастерлеу болып табылады. Алдағы уақытта өркениетке жол тартқан еліміздің шаңырағынан күн сәулесі тарап, кең даласы байлыққа толып, көлдері көкке күміс шапақ шашып, мемлекеттік мәртебесі биік болсын!» деп өз ойын ортаға салды.
Рәміздерге қатысты ең соңғы сауал қойғанымыз әскери лицейдегі Оқу ісінің орынбасары Мақпал Қуанышқызы Өмірбекова болды:
Әлем таныған рәміздеріміздің үшеуі де сарқылмас қазына, асыл мұра. Өз басым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері-ештеңемен салыстыруға келмейтін нағыз өнер туындысы деп ойлаймын. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік рәміз бойынша елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр, сондықтан ол отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады. Мен үшін ел рәміздерінің орны ерекше. Еліміздің тәуелсіздік жолында қаншама қиындықтарды басынан кешіргендігін біздер, ұстаздар жақсы білеміз. Сондықтанда, мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай деп тілейміз. Ал елдігімізді айшықтайтын басты рәміздерімізді өз шәкірттеріміздің санасына сіңіру ұстаздық ұлығ борышымыз!
Бүгінгі таңда мемлекеттік рәміздерді білмейтін адам кемде-кем десек әсте ақиқаттың аулынан еш алшақтамаймыз. Бұдан бөлек Мемлекеттік рәміздер мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі болып табылуда, сондай-ақ жалпы білім беру мектептері мен ҰБТ бойынша арнайы пән ретінде енгізілген. Бүгін ереже бойынша жастар өз мемлекетінің рәміздерін ата-аналарына қарағанда жақсы біледі. Себебі мемлекеттік рәміздер педагогикалық білім беру жүйесінде және білім беру тәжірибесінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізуде десек, оның ішінде осы мақаламызға өзек етіп отырған Абай облысы Семей қаласындағы «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» сарбаздары да бар.
Сөз соңында айтарым, ұлтымыздың ежелден аңсаған өз егемендігіне қол жеткізіп, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған тәуелсіз еліміз үшін басты батыл ұстаным. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуын өзіміз еңбек ететін ұжымнан беймарал аңғарамыз. Сондай-ақ рәміздерді шәкірттер арасында насихаттау жолында біздің әскери лицей өз үлесін толайым қосып жатыр дегенді кеуде кере мақтанышпен айта аламыз.
Ерік Қайратбекұлы Омарғалиев,
Абай облысы Семей қаласындағы «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» КММ «Жас ақындар» үйірмесінің тәлімгер-ұстазы
Abai.kz