Бірегей тұлғаларға күйе жағу кімге қажет болды?
Дағыстандық авар ұлтынан шыққан көрнекті ақын Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» атты әлемге әйгілі кітабы халық ақыны Абуталиб Ғафуровтың «Өткенге тапанша кезесең, келешек саған зеңбірік атады» деген сөзімен басталады. Расында, өткенді орынсыз мансұқтау, оның өзінде туған халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп, ел-жұртының аяулы перзенттері болған, бүгінгі күні өмірден өткен айтулы ақын, жазушыларға жала жауып, тілдеуді қалай түсінуге болады?
Біртұтас қазақ әдебиетінің ажырамас бір бөлшегі Монғолиядағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін маскүнем етіп мансұқтаған кім?
Жуықта Монғолияның әдеби орталық басылымы «Утга зохиол, урлаг» газетініңбірінші бетінде(№016. 2013ж) Мұңғылхан Бестайұлының «Құрманхан мен Кәкейдің арақты көп ішіп, жастай өмірден озғаны өкінішті» деген сұхбаты жарияланыпты.
Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін алдымен Монғолиядағы қазақ диаспорасы арасынан шыққан ақын-жазушылар Құрманхан Мұқамәдиұлы мен Кәкей Жаңжұңұлы туралы мағұлмат бере кеткен жөн.
Дағыстандық авар ұлтынан шыққан көрнекті ақын Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» атты әлемге әйгілі кітабы халық ақыны Абуталиб Ғафуровтың «Өткенге тапанша кезесең, келешек саған зеңбірік атады» деген сөзімен басталады. Расында, өткенді орынсыз мансұқтау, оның өзінде туған халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп, ел-жұртының аяулы перзенттері болған, бүгінгі күні өмірден өткен айтулы ақын, жазушыларға жала жауып, тілдеуді қалай түсінуге болады?
Біртұтас қазақ әдебиетінің ажырамас бір бөлшегі Монғолиядағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін маскүнем етіп мансұқтаған кім?
Жуықта Монғолияның әдеби орталық басылымы «Утга зохиол, урлаг» газетініңбірінші бетінде(№016. 2013ж) Мұңғылхан Бестайұлының «Құрманхан мен Кәкейдің арақты көп ішіп, жастай өмірден озғаны өкінішті» деген сұхбаты жарияланыпты.
Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін алдымен Монғолиядағы қазақ диаспорасы арасынан шыққан ақын-жазушылар Құрманхан Мұқамәдиұлы мен Кәкей Жаңжұңұлы туралы мағұлмат бере кеткен жөн.
Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Құрманхан Мұқамәдиұлы (1923-1964) Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі.Мұғалімдер мектебін бітіргеннен кейін 1948-1950 жылдары аралығында Мәскеуде әскери жоғары білім алған ол,осы уақыт ішінде орыс тілін жетік меңгерді. Соның арқасында ұлы орыс әдебиеті мен әлем әдебиетінің үздік туындыларымен жіті танысты. Кейін Баян-Өлгий аймағына оралған соң ел басқарып, ресми органдарда жауапты қызметтер атқарып, саяси тұлғаға айналды. Сонымен қатар көркем әдебиет саласында қажырлы еңбек етіп, артында өшпес із қалдырған үлкен жазушы деңгейіне көтерілді.Оның «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» деген көркем очеркі осы елдегі қазақ баспасөзіндегі дәстүрлі малшаруашылығының өззекті мәселелерін арқау еткен алғашқы сүбелі еңбек екендігін кезінде ғылыми диссертациямда арқау еткен едім.
Құрманхан аға драматург, аудармашы ретінде де Монғолия әдебиетіне көп еңбек сіңірді. 1956 жылы монғол жерінде шаңырақ көтерген қазақ ұлттық театрының сахнасы алғаш рет осы ағамыздың «Кезең үстінде» атты пьесамен ашылған еді. Жазушы ретінде Қ.Мұқамәдұлының қаламынан туған шығармалар аты аңызға айналған шығыстанушы, академик Б.Ринченнің аударуымен тува, орыс тілдерінде жарыққа шығуының өзі оның қарымды қаламгер екендігін аңғартады.Ал, Құрманхан ағаның өзі Моңғолдың жаңа заман әдебиетінің негізін салушысы Д.Нацагдоржының әйгілі «Жұмбақ төбелер» операсының либераттосы мен бірнеше әңгіме, өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті. Бұл да оның суреткер ретіндегі талғамы мен табындылығының деңгейін көрсетсе керек.
Көрнекті жазушы, Монғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін салушы Құрманхан Мұқамәдиұлының таңдаулы шығармаларының жеке жинақтары монғол тілінде Ұланбатырда, қазақ тілінде Өлгий қаласында бірнеше рет басылып, оқырман қауымның ықыласына бөленген болатын.
Сол секілді Моңғолия қазақтары арасынан шыққан лирик ақын, сатирик жазушы Кәкей Жаңжұңұлы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының1971 жылғы түлегі. Өте білімді әрі дарынды қаламгер қазақ әдебиетнің жаңа сипатта дамып, қалыптасуына зор үлес қосты. 1982–1993 жылы Моңғолиядағы қазақ әдебиеті кеңесін басқарды. Әдеби «Шұғыла» журналының бас редакторы болып қызмет етті. Осы жылдарда әдебиет ауылына бет бұрған көптеген жастардың ішінде Кәкей Жаңжұңұлының тәрбиесін көрмегені кем де кем. Ол қаламының желі бар талай жасты әдебиет деген киелі әлемге тартып, оның қыр сырына баулыған еді. Солардың бірі ретінде мен Кәкей ағаны көркем әдебиеттің сатира саласындағы өзімнің ұлағатты ұстазым деп білемін. Бір салада қызметтес болып, ел ішіндегі талай іссапарларда бірге жүріп, Ресейдің Алтай өлкесін, Тува елінің Қызыл қаласын бірге аралаған ұзақ жолдарда үзеңгі жолдас болған сәттерімде мен ол кісінің тіл, әдебиет, тарих, этнография, өнер саласындағы білімінің телегей теңіз тереңдігіне талай тәнті болған едім.
Кәкей Жаңжұңұлы- Моңғолиядағы қазақ орта мектептеріне арнап әдебиет оқулығын дайындаған әдіскер ғалым да еді. Монғол жерінде айтыс өнерінің қанат жаюына өлшеусіз үлес қосты, этно ән өнерінің тобын құрып, халыққа насихаттады. Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін, асыл қазынасын жинап, бірнеше кітапты жарыққа шығарды.Өз қаламынан туған оншақты жыр жинақтары мен әзіл-сықақ әңгімелері қазақ және монғол тілдерінде жарияланды.Осы бір аса талантты ақын әрі ұлағатты ұстаздың бірқатар әңгімілерін монғол тіліне аударып, әдеби-көркем «Цог», сатиралық «Тоншуул» журналдарына осыдан жиырмашақты жыл бұрын марқұмның көзі тірісінде жарыққа шығарып, батасын алғанымды өз басым әрдайым мақтаныш етемін.
Иә, тағдырдың маңдайларына жазғаны сол шығар, туған халқының мақтанышына айналған осы екі айтулы тұлғаның ғұмырлары тым қысқа болды, өмірден ерте кетті. Алайда, жоғарыдағы Мұңғылхан секілді нигилистің сандырақтағанындай ажалдары арақтан келмегені айдай ақиқат.
Құрманхан Мұқамәдиұлы қайтыс болғанда мен небары төрт жаста ғана екенмін. Ол кісінің өзін көрмесек те, көзіндей болған жақын жанашыр досы, қызметтес әріптесі Қобдахан Себетұлының туған жиені ретінде Құрекеңнің өнегелі өмірінен толық хабардар болып өстік. Жалпы, ол кісінің таланты мен іскерлігін жыр етіп айтып, мақтан тұтатындар айналамызда көп болды. Көрнекті жазушының туған ұлы Баман Құрманханұлымен қаламдас әріптес әрі аға-іні болып сыйласып жүрдік. Сондықтан, ол кісінің ажалы арақтан болмағанына кепілдік беруге де бармын. Өзінің қысқа ғана ғұмырында үкіметтік жауапты лауазымдарды атқара жүріп, артында мол әдеби мұра қалдырған жанның «арақ ішіп, ләйліп жүруіне»уақыттың да, жазушылық табиғаты мен тәртібінің де, халық алдындағы абыройлы міндетінің де, өз жеке басының биік мәдениетінің де мұрша бермесі белгілі.
Ал, Кәкей Жаңжұңұлына келсек, арақ атаулының ит басына төгіліп жататын «брежневтік тоқырау» заманында да ол кісі ішімдік ауылынан алыс жүретін жан болатын. Тоқсаныншы жылдардан бастап елде құрылған «Монғолия мұсылмандар қоғамының» бас уағызшысы болған, әдеби туындыларында да, былайғы өмірде де имандылықты, ислам қағидаларын насихаттап келген адамды «арақты көп ішіп, жастай өмірден озды» деуі көпе-көрнеу жала.
Шын мәнінде, Кәкей марқұм 1993 жылы 23 сәуірде Монғолияда болған ұшақ апатынан қаза тапқан. Сол қасіретті күні жоғалған ұшақ бір аптадан кейін табылып, сүйегі Өлгий қаласына жеткізілгенде бүкіл ел болып қайғырып, жер қойнына тапсырғанбыз. Сол сәтте Кәкей ұстаз емес, керісінше, Монғолханның өзі «арақты көп ішіп, есінен танып» жатқандықтан монғол әдебиетінің көрнекті өкілдері қол қойған, өзі сұхбат беріп отырған тап осы «Утга зохиол, урлаг» газетінде жарияланған қазанаманы оқуға шамасы келмеген болар.
Монғол газетінде өз қандас бауырларын қаралап жүрген Бестайұлы Мұңғылхан деген кім? Енді, оны да таныстыра кеткен жөн болар. Оны Монғолияда осы аты-жөнімен сұрастырса ешкім білмейді. Монғол әдебиетінде ол «Бэхтийн Монголхүү», журналистикада жай ғана «Б.Монголхүү» деген атауларымен танымалдылығы бар. Туған жері: қазақтың бұзылмаған қаймағы - Баян-Өлгий аймағы! Солай бола тұра неге азан шақырып қойған есімінен безіп, әкесі қазақ Бестайды, монғол Бэхтэйге айырбастап жүр?! «Хан» сөзін «хүү» (бала) атауына айырбастауы ақыры сол ұлтқа әмір жүргізе алмайтын әлсіздігін ерте біліп, қолбала әрі құл болайын деп шешкені болар. Бұл енді, өзіне сын, ерік өзінде!
Студент кезімде практикаға барғанымда сатиралық «Тоншуул» журналында Монголхүү деген хат тіркеуші болды. Алғашқы күндері оған мән берген жан жоқ. Келесі аптада екеуіміз ұрсысып қалдық. Себебі, менің тәжірибе жетекшісі тексеріп, бас редактор бекіткен фельетондарым хат тіркеушіге берілген кезде жоғалып кетті. Ұрыс-керіс осыдан шықты. Біраз жерге барыстық. Жігіттер басу айтып жатыр. Сол кезде журналдың жауапты хатшысы, атақты сатирик М. Гүрсэд: «Мә, мыналарды қара! Қаптаған монғолдың ортасында екі қазақ бірін бірі түтіп жегелі жатыр» демесі бар ма. Жұрт күліп жатыр. Мұңғылхан қып-қызыл боп шығып кетті.
Оның монғолға сіңіп кеткен қазақ екенін кейін әріптестері түсіндірді. Ұланбатырға оқуға барған кезінен бастап, туған ауылына ат ізін салмай көп жыл «жоғалып» кеткен көрінеді. Университетте бірге оқыған монғол қызымен шаңырақ көтереді. Аты-жөнін, ұлтымен қоса өзгертіп «жөнге келтіреді». Естуімізше, оның қазақ екенін кеш білген монғол жеңгеміз соңғы жылдары Баян-Өлгийдегі туыстарын тауып қайта табыстырған көрінеді.
Ал, ендігі тірлігі мынау. Өзінің қазақ екендігі әшкере болған соң енді елдегі азғана қандастарының маңдай алды таңдаулы тұлғаларына жала жауып, аяусыз қаралайтын бірегей «шежірешіге» айналыпты. Мейлі, қалай өмір сүруді, кім болуды әркім өзі білер. Бәлкім, қазақ диаспорасының игі жақсыларына осылай тіл тигізсем, өзге ұлт арасында өзім керемет данышпан болып көрінемін деп ойлайтын шығар.
Осыдан отыз жыл бұрын студенттің тәуірлеу жазған фельетонын жоғалтып жіберетін «қызғаныштың қызыл иті» жасы жетпіске келседе әлі «ішінде өліп»жатыр ма екен, кім білсін. Оған ақыл айтып, жөн сілтеуден аулақпыз. Бірақ, қазіргі таңда өмірден озса да, артында өшпес із қалдырған елге сыйлы, халыққа қадірлі жандарға жала жауып қаралау Мұңғылхан секілді қалам ұстаған ақсақалға жарасатын іс емес.
Жалпы ұлтын сатқан адамға қазақы ар-ұят, имандылық туралы айтып ауыз ауыртудың қажеті де шамалы. Өйткені, ондайлар «кезеген тапаншаға келешектің зеңбірігі» жауап берері анық.
Дегенмен, солай екен деп жылы жауып қоя салуға тағы болмайды. Себебі, «ірігеннің аузынан шыққан» дәл осындай «шіріген сөздер» кейінгі жастардың арасында теріс түсінік тудырады. Монғолияның әдеби орталық басылымы, көп жылдық тарихы бар, жүздеген таралыммен шығатын дәстүрлі газетінің өзі оны «шіріген сөз» деп қарамай бірінші бетіне, бас тақырып етіп айғайлатып беруі –қазақтың өз қолымен өзіне оқ атқызу демеске шара жоқ.
Ендеше, ең әуелі, абай болайық, бәрінен бұрын ардың ісі – әдебиетке адалдық танытайық, оның үлкенді-кішілі майталмандарына қара күйе жағатын дүбәра-дүмбілездердің орынсыз шабуылдарынан, негізсіз пәле-жалаларынан сақтанайық және әрдайым аққа жақ болуға тырысайық!
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент, ҚР мәдениет қайраткері.
Abai.kz