Жұма, 20 Қыркүйек 2024
1370 1 пікір 10 Қазан, 2023 сағат 14:36

СІМ: «Газа секторында 25 азаматымыз бар»

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегі бойынша, Газа секторында кемінде 25 қазақстандық бар. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.

"Негізінен олар палестиндіктерге күйеуге шыққан біздің азаматтарымыз" деді. Смадияров. Оның сөзінше, Газа секторындағы қазіргі жағдайға байланысты неғұрлым толымды ақпарат алуға мүмкін болмай отыр.

"Келіп түскен кейбір хабарларға қарағанда, Израильдің құрлықта операция жасау жоспарына және әуеден бастырмалата соққы беретініне байланысты қауіпсіз орын іздеп, Газа секторын тынымсыз кезіп жүрген бірнеше отбасы бар" деген Смадияровтың сөзін келтірген Orda telegram-каналы.

Al Jazeera телеарнасы Палестинаның денсаулық сақтау органдарының өкілдерінің сөзіне сүйеніп, Израильдің Газа секторындағы әскери іс-қимылынан қаза тапқандар саны 493 адамға жеткенін хабарлады. 2750 адам жараланған деп хабарлады ВВС.

Палестиналық ХАМАС радикал тобы (АҚШ пен Еуропа одағы террорлық ұйымдар тізіміне енгізген) 7 қазанда Израильге әуелі әуеден көп зымыранмен шабуыл жасағаннан кейін Газа секторындағы бекініс шебін бұзып өтіп, жақын аудандарға тұтқиылдан басып кірген. Қарулы радикалдар кей тұстарда ондаған километрге дейін дендеп еніп, бейбіт тұрғындарды жаппай қырып-жойған, біршама адамды кепілге алып кеткен.

8 қазан кешке Израиль тарапынан қаза тапқандар саны 700-ден асты, екі мыңға жуық адам жараланған, жүздеген адам хабар-ошарсыз кеткен. ХАМАС тобы көп адамды кепілге алып, Газаға әкеткен, олардың арасында балаларе, әйелдер, қарт адамдар бар.

Жексенбіде Израиль үкіметі ел соғыс жағдайына көшкенін жариялады. Резервте тұрған ондаған мың адам армия қатарына шақырту алды.

Фото: ғаламтордан

Abai.kz

1 пікір