Сенбі, 23 Қараша 2024
1297 0 пікір 18 Қазан, 2023 сағат 21:07

Түркістан театры жаңа маусымды жаңа қойылыммен ашады

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының «Түркістан музыкалық драма театры» МКҚК кезекті III маусымын жаңа қойылыммен ашады.

Түркістан музыкалық-драма театры кезекті III маусымын өзбектің көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы бойынша қойылатын спектакльдің премьерасымен ашады. Пьесаны қазақ тіліне аударған – Асқар Сүлейменов. Әлемнің 14 елінің сахнасында  қойылып,  кино өндірісінде  елеулі туындыға айналған  бұл шығарма 40 жыл өтсе де маңыздылығын әлі жойған жоқ. Шығарма тұңғыш рет 1978 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасында көрсетілді. Қазіргі күні қазақстандық театрлардың басым бөлігі  Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклін қойды десек қателеспейміз.

1697641329342366.jpeg

Өзбек драматургінің 40 жылдан астам тарихы бар «Келіндер көтерілісі»  комедиясы Түркістан музыкалық драма театры сахнасында заманауи келбетке ие болады. Инсценировканың авторы және режиссері Дәурен Серғазин  көрші отырған екі  мемлекеттің ортақ құндылықтарын тиімді пайдаланып, жаңаша сипатта музыкалық комедия жасап шығарды. Комедияда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас ғана емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелер де көрсетіледі. Адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы, психологияның жедел даму әсері сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қыла отырып, терең ойға батырады.

Спектакльде рөлдерді Түркістан музыкалық драма театрының жас әртістері мен еліміздің алдыңғы қатарлы театрларынан шақырылған әртістер сомдайды. Рөлдерде: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан, ҚР Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері Айнұр Рахипова, ҚР Президентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері Жандаулет Батай, отандық бірнеше тарихи фильмдерде басты рөлді сомдаған Бақыт Хаджибаев және Мейірғат Амангелдин, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Толқын Нұрбекова және Түркістан музыкалық драма театрының жас талантты әртістері.

1697641292973845.jpeg

Сценографы: Олжас Дәрубаев, хореграфы: Мәдина Мұратпекова, көркемдік жетекшісі: Айнұр Көпбасарова.

С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиялық қойылымының премьерасы 2023 жылы 21-22 қазан күндері сағат 19:00-де басталады.

Спектакльдің премьерасына арналған баспасөз мәслихаты 2023 жылы 18 қазан күні сағат 15:00-де болып өтті. Мәслихат барысында көрермендерді қызықтырған сұрақтар қойылып, басты рөлдегі әртістер тарапынан толыққанды жауаптар берілді.

1697641362475184.jpeg

Қойылымның режисеері Дәурен Серғазинге онлайн көрермендер тарапынан қойылған «Қазіргі келін мен ене мәселесі спектакльде қай жағынан көрінді?» деген сұраққа:

- Негізі «Келіндер көтерілісі» пьесасы да, тақырыбы да ескі болғандықтан, оны бүгінгі заманға сай ықшамдап, музыкалық комедия жанрына айналдырдық. Әрине, ене мен келін мәселесі әсіресе қазақ қоғамында ескірмейтін тақырып. Дегенмен, сіздерге түсінікті болу үшін заманауи ерекшеліктерді де ескеріп, көп өзгертулер енгіздік. – деп көрерменнің қызығушылығын одан әрі арттыра түсті.

Кезекті бір сұрақ қонақтар арасынан Бақыт Хаджибаевқа қойылды:

- Түрксітан музыкалық драма театрының ерекшелігі неде?

1697641347987135.jpeg

- Бұл мәдениетке жаңа леп алып келгген өзгеше театр. Қалған театрларда тұрақты актерлар ойнайды. Ал бұл театрда, байқасаңыздар, актерларды Қазақстанның түкпір-түкпірінен шақыртып, арнайы пьеса алып, коллаборация жасайды. Бұл бұрын соңды Қазақстанда болмаған. Өздеріңіз ойлаңыздар енді, біз «Жастар театрындағы» қандай да болмасын спектакльдерде белгілі бір әріптестерімізбен қайта ойнауға тура келеді. Бұл жерде енді басқа мектептен келген актерлармен бірігіп, жұмыс жасау біз үшін үлкен тәжірибе. Аларымыз да, береріміз де көп деп ойлаймын.

Ал театрымыздың жас актеры Ақ-сұлтан Әнуарбектен «Жастар театрының» актерларымен жұмыс жасаудың ерекшелігін айтып беруін сұрады. Айта кетейік, спектакльдің режиссеры Дәурен Серғазин мен қойылымда өнер көрсететін 3 актер «Жастар театрының» әртістері.

- «Жастар театры» - қазақ өнер ордаларының ішінен ойып тұрып орын алатын театрлардың бірі. Олар бір ұстаздан - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай ағамыздан  білім алған, бір мектептің балалары. Ол кісімен мен өзім де жұмыс жасаған болатынмын, енді оның шәкірттерімен де қара шаңырағымыз «Түркістан музыкалық драма театрында» жұмыс жасау бұйырған екен. Осындай Бақыт, Дәурен, Жандәулет ағаларымыздан тәлім-тәрбие алып, бір сахнада өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе. Ендеше, бізді 21-22-ші қазан күні премьерамызда әріптес боп бір сахнада ойнап жүргенде көретін боласыздар!- деп театрымыздың жас актері өз сөзін аяқтады.

Бүгінгі баспасөз мәслихатының бір ерекшелігі - БАҚ өкілдерінен бөлек, қаламыздың танымал блогерлері де келіп, әртістермен сұрақ-жауап алмасты. Қойылымның тақырыбы мен әртістер құрамы оқушылар мен студенттердің де қызығушылығын тудырды. Қала жастары актерлермен суретке түсіп, қолтаңба алды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434