Талдықорғанда 23 есепші жемқорлықпен ұсталды
Жетісу облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет прокуратураның үйлестіруімен Талдықорған қаласы білім бөлімінің есепшілеріне қатысты бюджет қаражатын жүйелі негізде аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Күдіктілер 2020 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде білім беру саласында шын мәнінде жұмыс істемейтін азаматтарға жалақы төлеу және мектеп қызметкерлерінің жалақысын көтеру арқылы 4,6 млрд теңге көлемінде ақша жымқырған. Қылмыстық іс бойынша 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оның 9-ы соттың санкциясымен қамауға алынды, – делінген СЖҚА хабарламасында.
Жауапқа тартылғандардың 21-і – Талдықорған қаласы білім бөлімінің және 14 орта мектептің есепшілері.
Залалды өтеу мақсатында соттың санкциясымен 31 жылжымайтын мүлік объектісі, 14 автокөлік, зергерлік бұйымдар мен ақшалай қаражат бұғатталды. Сондай-ақ күдіктілер келтірілген 3 млрд теңгеден аса шығынды өтейтін болады.
Қазір сотқа дейінгі тергеу аяқталып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz