Ұлттың күні – Ұлы күн!
Өткен жылдың 29-қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын. Үшбу заңға сәйкес қазан айының 25-і ұлттық мереке – Республика күні, ал желтоқсан айының 16-сы мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді. Бүгін Республика күнін ұлттық мерекеміз ретінде екінші рет атап өтіп жатырмыз.
2001 жылдан бастап мемлекеттік мерекелер тізімінде болған аталмыш датаны Н.Ә.Назарбаев бұдан 14 жыл бұрын атаулы күндер қатарынан шығарған. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы маусым айында болған Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Еліміздің тәуелсіздік алуға жасаған алғашқы қадамы – Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясы 1990 жылдың 25-қазанында қабылданған. Мемлекет басшысы бұл орайда Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталатынын да айтты. «Бірақ («Тәуелсіздік күні») тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Президент.
Біз осынау қастерлі мереке қарсаңында елімізге белгілі тұлғалардан «Республика күні мерекесінің сіз үшін маңызы қандай?» деп сұраған едік.
Арқамыздағы қасиетті жүкті өзіміз ғана арқалай аламыз
Республика күні – біз үшін ең негізгі мереке. Бұл күн – бізге тәуелсіздік әкелген күн. Бұл күн – Қазақстан мемлекетінің іргетасы қаланған күн. Осы күннен бастап жеке мемлекет ретінде танылдық.Сондықтан қазақ тарихындағы ерекше атаулы күн болып саналады. Қазір республика күні халықтық мерекеге айналып отыр. Халық арасында жауапкершілік қалыптасты. Менің мемлекетім, менің жерім, менің отаным деген рух қалыптасты. Осы рух әр қазақстандықтың кеудесінде шырақтай жанып тұруы қажет деп ойлаймын.
Бұл күндері еліміз қаншалықты өркендеп, дамып жатыр? Алға қойған мақсат пен жоспарымызға жете алдық па? Жеткен болсақ, әрі қарай қандай бағыт-бағдарымыз болуы керек? Міне, айтулы күнде әр қазақстандық осы сұрақ төңірегінде ойланып, мойынындағы жауапкершіліктің салмағын сезіне түсуі керек деп ойлаймын. Еліміз үшін біздің атқаратын шаруаны сырттан келіп бәзбіреулер жасап бермейді. Арқамыздағы қасиетті жүкті өзіміз ғана арқалай аламыз. Әсіресе, осы елді қалыптастырушы ұлттың белсенділігі, іскерлігі, отаншылдығы өзге ұлттарға үлгі болу керек. Біздің ұлттан басқалар үлгі алуы керек, біз сондай деңгейде қалыптасуымыз керек.
Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатын ұйымшылдық арқылы мемлекетімізді өркендете аламыз. Ең әуелі, алауыздықтан сақ болуға міндеттіміз. Мемлекет қалыптастыру жолында басымыз бірігуі керек. Бір жолда, бір бағытта жұмыс істеуіміз қажет. Бізге тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ. Ғылым, мәдениет, өндіріс – барлық сала осы жолда дамуға тиіс. Осы дамуда әрқайсысымыздың міндетіміз бен жауапкершілігіміз бар. Осыны естен шығармауымыз керек.
Республика күні құтты болсын! Отандастарымды осы айтулы мерекемен құттықтаймын! Елімізге бейбітшілік, орнықты тұрақтылық тілеймін! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Роза МҰҚАНОВА,
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Азаттықтың айнымас айғағы
Мемлекеттік негізі бекіп, шекарасы шегенделген әр елдің өзіндік төл мерекесі бар. Мереке күні әркім өз мемлекетінің жетістігін айтады. Сол арқылы күллі әлемге өзінің бар екенін көрсетеді, өз жұртының құндылықтарын дәріптеп, отансүйгіш асқақ сезімін насихаттайды, күні бүгінге дейін алған асуларына, кеткен кемшіліктеріне көз жүгіртіп, ертеңге қол созады.
Шүкір, біз мерекеге кенде емеспіз. Дәрігерлер күні, оқушылар күні, оқытушылар күні, мәдениет саласы қызметкерлі күні, құрылысшылар күні деген секілді тізім жетерлік. Алайда «Республика күнінің» маңызы бұлардан әлдеқайда ерекше. Бұл күн – Қазақстанда тұратын әр жанның жеке мерекесі, ұлттықтың, елдіктін, азаттықтың айнымас айғағы.
Бұл күн – әсіресе, жас ұрпақтың ұлы мерекесі. Сондықтан әр ересек адам 25-қазанда іні-қарындасын, балаларын көбірек қуантып, оларға осынау күннің ұлы мереке екенін түсіндіруі қажет. Үлкен сарайларда концерттер, спорт кешендерінде түрлі жарыстар, жалпы барлық жерде салтанатты, көңілді аталып өткені дұрыс. Ел туралы, жер туралы әдеттегіден әлдеқайда көбірек айтылуы қажет. Өйткені осы күннің мән-маңызын, қадір-қасиетін түсініп, ата-бабаның алып арманын жан-жүниесімен сезініп өскен әр баланың ұлтын, елін ұшпаққа шығаратын аяулы азамат болары сөзсіз.
Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Елдігімізден артық ештеңе жоқ
«Республика күні» ұлттық мерекесін биыл екінші рет тойлап жатырмыз. Соған қарамастан, біз бұл күні әуелі отбасымызды, туған-туысқанымызды, ағайынымыз бен жақын-жуығымызды құттықтап, дүйім жұртқа ізгі тілек арнаймыз. «Отан отбасынан басталады», біз сол отбасымызда береке-бірлік болсын дейміз.
Республика күнінде көл-көсір дастархан жаю міндет емес, бала-шағамыздың бойындағы отаншылдық рухты, елсүйгіш асыл қасиетті шыңдауға жасалған қарыс қадамның өзі аталмыш күннін өз деңгейінде тойлануына ықпал етеді. Балалар да, ересек азаматтар да бұл күні патриотизмді әдеттегіден әлдеқайда ауқымдырақ насихаттауы керек деп ойлаймын. Өйткені елдігімізден, береке-бірлігімізден артық ештеңе жоқ.
Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Ұлы бақытымыз баянды болғай!
Республика күні – елдігімізді, тәуелсіздігімізді айшықтайтын мереке. Өткен ғасырдың 90-жылы 25-қазанда Егемендік туралы Декларация қабылданып, тұңғыш құжатымыз жасалды. Сондықтан бұл мерекенің орны мен үшін, жалпы Қазақстан халқы үшін ерекше.
Біз тыныш аспан астында, өзіңнің сүйікті ісіңмен, сүйікті жұмысыңмен емін-еркін айналысатын зайырлы мемлекетте тұрамыз. Мұның қаншалықты маңызды екенін, бейбіт күннің бағасын кейінгі жылдардағы әлемде болып жатқан оқиғаларға қарап жан-жүрегімізбен түсіндік, сезіндік. Осы күнге мың шүкір!
Бұл күні ұлттық құндылықтарымызды, төл мәдениетіміз бен тарихымызды, көне күннен бастау алатын шежіремізді, біртұтас және ұлы мемлекет екенімізді насихаттауымыз керек деп ойлаймын. Бұл күні өтетін барлық іс-шарада, экрандар мен баспасөз беттерінде аталмыш тақырыпқа басымдық беріледі. Біз де еліміздің ұлттық мерекесін отбасымызбен ұлықтап, арнайы атап өтеміз.
Ұлы бақытымыз баянды болғай!
Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры
*Суреттер әлеуметтік желіден алынды
Abai.kz