Аягөздегі өрт: Тағы да төрт періште опат болды
Бүкіл еліміз Ресаублика күнін дүркіретіп, әндетіп, күйлетіп жатқан кезде Абай облысындағы Семейден кейінгі ең ірі қала – Аягөзде қайғылы жағдай орын алды. Төрт сәби тілсіз жаудан бақилық болды.
Осы күні сағат 10:49-да қаладағы Барақ батыр көшесіндегі жер үйлердің бірінен түтін шығып жатқаны жөнінде ұялы телефон арқылы құзырлы орындарға дабыл қағылды.
Араға жарты сағат уақыт салмай, тілсіз жау ауыздықталғанымен 4 сәби келместің кемесіне мініп кетті.
Аягөз қаласындағы өрт жағдайы бойынша баспасөз релизінде:
«2023 жылғы 25 қазанда сағат 10:49-да ТЖБ күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне Аягөз қаласының жеке үйлерінің бірінде түтін шыққандығы туралы сигнал келіп түсті. 6 адамнан тұратын құтқарушылар бригадасы дереу сол жерге кетті.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бөлмелердің бірінде 20 ш. м. жиһаздар мен жеке заттары жанғаны анықталды. Өрт сағат 11:10-да оқшауланып, 11.24-ге толық сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда.
Оқиға орнында төрт баланың денесі табылды.
Өлімнің себебі анықталуда. Тиісті сараптама тағайындалып, полиция тергеу жүргізуде. Қазіргі уақытта отбасы мүшелеріне барлық қажетті көмек көрсетілуде. Жағдай ЖАО бақылауында», - деп жазылған.
Жоғарыда айтқанымыздай, қаза тапқан сәбилердің ересегі 8 жасар егіздер, үш және екі жастағы қос ұл. Отағасы жедел жәрдем жүргізуші ретінде қызметіне кеткен. Отанасы азық-түлік сатып алуға жергілікті базарға кеткен шақта қайғылы оқиға орын алыпты.
Өрт шыққан жерге участкелік инспектор алғашқлардың бірі болып жетіп, ішкі бөлмелерді аралап шыққанда төрт бүлдіршінің өлі денесіне жолықты. Аталған факті бойынша полиция тергеу жұмыстарын жалғастыруда, аудандық прокуратура бұл істі өзінің айырықша бақылауына алды.
Жергілікті билік қайғыдан қара жамылған отбасыған қайырымдылық көмек көрсету үшін еріктілерден қаржы жинауға кірісті.
Abai.kz