Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Әне, көрдің бе? 2804 22 пікір 27 Қазан, 2023 сағат 14:32

Діңкесі құрыған Ресей енді ХАМАС-ты пайдаланбақ...

Орыс империясы КСРО кезінде – дінсізденген қоғам құрса, енді Путиндік режім тұсында – арсызданған қоғамды өмірге әкелді. Осы дінсіздеген қоғамның да, арсызданған режімнің бір ата жауы бар – ол англо-сакстар.

Ағылшын тілді әлеммен қыбғи қабақ болу – ХІХ ғасырдың басында Николай І кезіндегі Қырым соғысындағы жеңілістен кейін Ресей билігі мен ұлтының бойын жайлады. Бағы тайған Осман және Парсы империяларының әскерін тек жеңумен келген Ресей бірінші рет тұмсығы тасқа соғылып, тас-талқан болып жеңілді. Үнемі ішіне дық сақтап, Англиямен одақтасудың барша амал-тәсілін іздеуге көшті. Бірақ Қырым соғысының ащы сабағы Ресейліктер жадында мәңгіге қалды.

Бірақ олар бұл сабақтан еш қорытынды шығармай, әуелі Ұлыбританияны, оның империялық күш-қуаты сарқылған тұста АҚШ ата жауына айналдырды. АҚШ-қа өш елдер әуелі КСРО-ның кейін Путиндік Ресейдің маңына топтасатын болғанды.

КСРО-да, Путиндік режім де ІІ жаһан соғысындағы жеңістің тек АҚШ пен Ұлыбританияның әскери-экономикалық қайтарымсыз көмегі арқылы мүмкін болғандығын тарих бетінен сызып тастаған орыс әлемі. Тағы да сол жаңа Қырым соғысында жеңіліске ұшырады. Осы жеңілісі үшін халық алдында есеп беруден жалтыру үшін Иранмен бірігіп, ХАМАС қолтығына су бүркіп, Израильді Таяу Шығстағы соғысқа араластырды.

Сонымен бітеу жарадай болған Құдыс түйнемесі жарылды. Қарсыласушы екі жақ өздеріне жақтас іздей бастады. Ресей КСРО құлағаннан кейін жоғалтып алған мәртебесін қайыра иеленіп, халықаралық сионизммен (жөйіт ұлтшылдығымен) күресудің орталығына айналып, ХАМАС өкілдері Мәскеуге ағылды.

Осы ағылған өкілдерді Мәскеу құшақ жая қарсы алып, жоғалған жоғы табылып, халықаралық аренадағы Ресей беделінің артуы деп өз жұртын имандай ұйытты. ХАМАС исламдық қарсыласу қозғалысының саяси бюросның мүшесі Абу Марзук мырзамен РФ СІМ болған келіссөздің тек шет жағасы ғана БАҚ жарияланды. Қалғаны тұмшаланған перде десе де болады. Бар-жоғы:

«Исламдық қарсыласу қозғалысының саяси бюросның мүшесі Абу Марзук Мәскеуге келді. Онымен байланыс орнатылып, Ресей тарапы Газа секторы аумағындағы шетелдік тұтқындары деру босатуды ұсынып, сондай-ақ Құдыс анклавдағы Ресей және өзге де елдердің азаматтарын басқа жерге жеткізілуінің жай жапсары талқыланды», - деп қысқа қайырылған.

Бұл арада әлемді көзге ілмеген Ресейдің өзге елдің азаматтарын бостауға несіне емшесі езіле қалды деген сауал өзінен-өзі туындайды.

Абу Марзук мырзаның бұл сапары Израильді тұлан тұтқызғаны бесенеден белгілі. Жасырын ақпарат көздері бұл байланыс орнатудың басы қасында Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары болғандығын бүкпесіз жазады. Сонымен үш тараптың жабық есік жағдайында қандай келіссөздер өткізгенін ешкімде білмейді. РФ СІМ тек тұтқындарды бостау деген шығарып салма сөзбен көзбояушылық жасап отыр. Израиль жағы болса, ХАМАС әскери көмек сұрау үшін барды дегенді алға тартады.

Осы жолы Ресей өзі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған секілді.

Бұл әрине Украинада қара бет болған Ресейдің сыртқы саясатта әлемді өзімен санасуға ХАМАС-ты пайдалана бастауы деуден басқа еш жосыққа сыймайды.

Abai.kz

22 пікір