Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 2781 7 пікір 7 Қараша, 2023 сағат 13:11

Намысты қазақ жастары жаралы қасқырдай еді...

Бүгінде Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм тақырыбы өте өзекті мәселеге айналып тұр. Әлемді шарпыған соғыс өртімен бірге біз де еліміздің болашағы туралы көптеп ойлана бастадық: «Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі берік пе?», «Бір жағдайлар туа қалса, біз оны қорғай аламыз ба?», «Ел болашағы жастарымыз оған дайын ба?» деген сұрақтар әркімді де жиі мазалайтын болды... Бүгінгі көтеретін мәселеміз осы тақырыпқа арналады. Сіздерге белгілі философ‑публицист Бәкірұлы Әбдірашит пен Халықаралық қазақ тілі қоғамының Алматы қалалық филиалының төрағасының орынбасары, Қазақстан садақшылар федерациясының президенті, ҚР Мәдениет қайраткері Мұхтархан Мамырбекұлы Абағанның патриотизм туралы, елдігіміз туралы диалогиясын ұсынамыз.

Әбдірашит Бәкірұлы: Армысың, Мұхтархан! Байқасам, біздің таныстығымызға да жиырма жылға жуықтап қалған екен. Сонау 2000-ші жылдардың басында үйіңді кепілдікке қойып, сол қаражатқа «Ұлы дала тынысы» атты газет ашып, ұлт мүддесін көздеуді қолға алғаның бар еді. Сол газетке мені де шақырдың, біз жазушы ағамыз Эрнест Төрехановтың бас редакторлығымен біршама жұмыс жасадық. Көптеген өткір мәселелерді қозғадық... Осы мысалдан‑ақ, өзіңнің қандай азамат екеніңді білуші едік. Ел үшін, жер үшін, Отан үшін осындай қадамдарға сирек азаматтар ғана бара алады. Міне, содан бері талай жылдар өтті. Заман деген бір орында тұрмайды. Бүгін екеуміз араға жылдар салып, отаншылдық мәселесін талқылауға отырдық: не өзгерді, не өзгермеді, салыстырмалы түрде неге көңіл толады, неге көңіл толмайды... Осы туралы бір ашық әңгіме көтерейік.

Мұхтархан Мамырбекұлы: Әбеке, есіңде болар, 2000-ші жылдардың басында қоғамда мынадай бір сұрақ көтерілді, ол «Бәріміз паспорттағы ұлты «қазақ» дегеннен бас тартып, құжатымызға ұлты «қазақстандық» деп жазайық» деген... Осы мәселе қоғамды қатты дүрліктірді. Осыған байланысты қоғамның өзі екіге жарылды: бірі – азаматтық қоғам үшін ұлт атынан бас тартуды қолдаушылар, екінші топ – «Қазақстан қазақ ұлтының құрған мемлекеті» деп санаушы ұлтшылдар тобы. Екі тарап та өз аргументтерін айтып, әжептеуір дау‑дамайға барды. Міне, осы кезде біз Эрнест Төреханов ағамен ақылдаса отырып, үнімізді жеткізетін газет ашуды ұйғардық. Ұзақ ойланып, оның атын «Ұлы дала тынысы» деп атадық  Қаржыдан қысылдық. Сондықтан, үйімді кепілге қойып, сол қаржыға газетті ашқанымыз рас. Ол газетте  өзің де редактор орынбасары болып қызмет жасадың,  мақалаларың шықты.. Мен өзім кейін сол кредиттен әзер құтылдым ғой... Ол бөлек әңгіме.

Әбдірашит Бәкірұлы: Иә, есімде. Осы мәселе бойынша дөңгелек үстел өткізіп, онда «Азаматтық қоғам мемлекеті мен Унитарлы мемлекеттің түбегейлі айырмашылығы туралы» баяндама жасаған болатынмын. Ақыры, абырой болғанда «Қазақстан – қазақ мемлекеті» деген ұстаным жеңді ғой...

Мұхтархын, қалай ойлайсың, біз екеуміз патриотизмнің сабағын Кеңес үкіметінен алдық, бірақ, соған қарамастан, бізде өз Отанымызға деген сүйіспеншілік мол болды. Мүмкін, бұған сол заманғы идеология да әсер еткен болар: өйткені,  КСРО мемлекеті жыл сайын әр республикалардың өзара «социалистік жарысына» қатты көңіл бөлді ғой. Мысалы, бүкілодақтық өнер сахнасына жарқырап Роза Рымбаева шыққанда, бокстан Серік Қонақбаев пен Серік Нұрқазов, күрестен Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков шыққанда төбеміз көкке жеткендей болушы еді. Біз өз халқымыздың титтей де болса жеткен жетістігіне бала сияқты қуанушы едік. Тіптен, әскерге барғанда да, көбіміз орысша білмегеннің өзінде, қазақ атты ұлтымыздың намысына кір келтірмейік деп барымызды салатынбыз... Бүінде, тәуелсіздік алғаннан соң, осындай патриотизм – мен оны «намысшыл отаншылдық»  деп атайын – өзгерді ме? Бүгінгі  жастардың бойындағы патриотизмнің «бұрынғы патриотизмнен»  айырмашылығы бар ма? Бар болса неде деп ойлайсың?

Мұхтархан Мамырбекұлы: Әбеке, әрине, айырмашылық болады. Болмауы мүмкін емес. Қазір жасы келген үлкен адамдардан  «Біз жас кезімізде патриот едік, біз жас кезімізде намысшыл едік, қазіргі жастар өзгерген» деген реніш сөздерін жиі естиміз. Мүмкін, көптеген жастарымыз ол кісілердің сөздеріне мән бермейтін шығар, бірақ, олардың айтып отырғаны ащы шындық. Расында да, салыстырып көрейікші, кезіндегі қазақ жастары қандай еді? Қазіргі қазақ жастары қандай? Барлығымызға белгілі, біздің ата-бабамыздың бойында, патриоттық сезім бірінші орында тұрған. Елі үшін, жері үшін өз жандарын беруге дайын болған. Олар үшін ар-намыс бірінші орында болған. Қандай жағдай болса да, өз абыройларын түсірмеген. «Мен патриотпын» деген кезде, көкіректерін мақтаныш керген. Міне, кезіндегі қазақ жастары осындай еді. Ал қазіргі қазақ жастары қандай? Көптеген адамдардан «Елімізде патриот жастар көбейіп келеді» деген сөзді жиі естиміз. Сонда біз кімдерді патриот дейміз? Осы жайлы ойладық па? Үлкен жиындарға өздерінің не үшін барып тұрғанын білмейтін жастарды білеміз – соларды ма? Әлде сол жиындарда туымызды не үшін ұстап тұрғанын білмейтін жастарды ма? Немесе өз елін басқа елмен салыстырып, өз елін төмендететін жастарды патриот дейміз бе? Патриотизмнің бастау негіздері – сенім, үміт, адалдық. Бала болашағына, еліне сеніп өсуі маңызды.

Әбдірашит Бәкірұлы: Сөзіңде шындық бар. Өйткені, біздің ұрпақ КСРО‑ға бодандық жағдайда өмір сүрді. Ал, бүгінгі ұрпақ еліміздің тәуелсіздігі жағдайында өсіп жетілуде. Тәуелсіздік жоқ кездегі ұрпақтың қылығы да өзгеше, олар – жаралы қасқыр сияқты болды. Өз ұлтының намысы үшін барын салды. Мысалы, Мәскеуде оқитын жастарымыз оқуда үздік болды, әскерде – қайсар болды және т.т. Ол кез, шынында да, білікті мен білектіні силайтын заман еді. Ал, тәуелсіздіктен кейін біздегі ұлттық намыстың «белбеуі босап» қалғандай ма деймін. «Өз елімізде өзіміз қожайынбыз» деген көзқарас пайда болды. Әрине, бұл солай. Алайда, «қожайын болсаң» оның жауапкершілігін қатар алып жүру керек қой. Осы жағынан келгенде, бізде көп жетіспеушілік бар. Мемлекет тоқырады, ұлттық тәрбие шашырады, білім азайды... Сөйтіп, жастарымыз әрі‑сәрі күйге түсіп қалды. Бұл – оларға тағар кінә емес. Бұл – қоғам мәселесі. Содан бері қаншама жылдар өтіп жатыр,.. Тек, өз жағдайын ғана ойлайтын авторитаризм биліктен кетіп, елде демократия белгілері пайда болғаннан соң ғана, ұлттық патриотизм жаңа сипатқа ие бола бастады. Мемлекет те ұлттық құндылықтарға бет бұра бастады. Себебі, Қазақстанда халықты біріктруші күш – Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі болмақ!

Мұхтархан Мамырбекұлы: Сөзіңізбен келісемін, Әбеке.

Әбдірашит Бәкірұлы: Енді, мына бір мәселеге назар аударайық. Жалпы, патриотизм, алдымен отбасылық тәрбиеге, одан әрі – ұлттық тәрбиеге, одан  әрі адамның білімі мен өресіне тәуелді құбылыс па деп ойлаймын. Бұл өзі табиғи құбылыс болса керек. Мәселен, алысқа бармай‑ақ, отбасылық дееңгейде алып қарайық: егер отбасыда береке‑бірлік болса, ол отбасының балалары да өздерін бақытты сезінеді, тату болады, бір‑бірін білімге тартып, өзара сыйластығы күшті болады. Ондай отбасының әрбір мүшесі өз ынтымағы мен  берекесін сақтауға барын салуға әзір. Бұл қоғам туралы ілімдегі аксиома. Енді, осыны ұлттық және отандық  деңгейге проекцияласақ нені көреміз? Мысалы, біз екеуміз тәуелсіздіктің толық куәсіміз – оның бізге қалай келгені, қалай дамығаны (не дамымағаны), қандай бағытқа қозғалғаны ‑  бәрі де көз алдымызда. Бастапқы кезде патриотизм бұқаралық сипат алды. Мен оны  «тәуелсіздік эйфориясы» деп атағым келіп отыр. Сондықтан КСРО қирауымен орын алған алапат дағдарыс кезінде де біздің халық жаппай пессимизмге бой ұрмай, «Ертең бәрі жақсы болады – ең бастысы тәуелсіздігімізге еге  болайық» деп өмір сүрді.  Мойымады. Алайда,  қирап қалған экономикамыз оларды ала дорба арқалап, бала‑шағаны асырау үшін күнкөрістің қамымен кетуге мәжбүрледі.  Міне, егер біз қазіргі кезде жастардың отансүйгіштігі туралы жағымсыз айтқымыз келсе, онда оның бастауы сол кездегі «қараусыз қалған ұрпақтан» басталады дегенмен келісесің бе?

Мұхтархан Мамырбекұлы: Әбеке, манадан бері созбақтап, айта алмай отырғанды айтқызайын дедің ау!.. Айт десең, атайын, ащы болса да айтайын: Бүгінгі жастар арасындағы патриотизмнің деңгейін білу үшін олардың қай тілде сөйлеп жүргеніне қарау жеткілікті. Бала көп тіл білсе де бір ғана ана тілін жетік білудің орнын толтыра алмайды. Патриоттықтың іргетасы тілмен қалыптасады. Тіл арқылы діл, дәстүр, мәдениетке, спортқа  деген сүйіспеншілік оянып, оның негізінде патриоттық сезім оянады. Сонымен қатар жастардың патриоттық сезімі елдің ұлттық идеологиясына тікелей байланысты Әрине, заманауи қазақ жастарын осылай ғана сипаттай алатынымыз өкінішті. Бірақ шындыққа тура қарамастан басқа амал жоқ. Қазіргі кезде қазақ жастарының бойында патриоттық сезімнің жойылып бара жатқандығы өтірік емес. Жастарымыздың «Ана елді қарашы, мына елді қарашы, қалай дамып кеткен, ал біздің еліміз артта қалып қойған, ауыл сияқты» деп өз елдерін төмендететіні өкінішті. Сөйте тұра жұрттың алдына шыққанда «Мен патриотпын» деп көкіректерін қағып тұрғанын көрген кезде ішің күйеді екен. Тек қана ол емес, қазіргі қазақ жастары намыс дегеннің не екенін ұмытқан секілді. Тепсе темір үзетін жігіттеріміздің аңдығаны өсек, әйелдерше ұрсысып, басқаларды төмендетуден басқа түк білмейді. Нәпсісін тыюдың орнына, әр қызды жылатып, қаншама қыздың абыройын төгіп, сол тірлігі үшін ұялудың орнына, мақтан тұтып жүреді. Тіпті кейбіреулері қыз секілді киініп, үйінде жатып алып, ата анасына масыл болып жатқанымен шаруасы жоқ, сөйте тұра «Мен еркекпін, мені сыйлаңдар» деп көкірек керіп тұрғанын көрген кезде, ойыңа «ұят-ай» дегеннен басқа түк келмейді екен.  Олар үшін көкіректерін ашып қойып, көшеде темекі шегіп жүру түкте емес. Ақша үшін арын сатып жүрген қыздарымыз қаншама. «Ана» деген аяулы атқа лайық болудың орнына, баласын қоқыс секілді лақтырып кетіп жүр. Салт-дәстүр туралы айтсаң, салтымызды мазақ қылып, шетелге еліктеп жүрген жастарымыз аз емес. Ата-анасының үмітін ақтаудың орнына, оларды кемсітіп, ата-анасын тастап кетіп жатқан жастарымызды көрген кезде, жүрегің ауырады. Жап жас болып, болашаққа қарай жылжудың орнына, аңдығандары түнгі клуб, ойын сауық орталықтары болып, өз жастық шағын босқа құртып жүрген қазақ жастары да жеткілікті. Еліне тигізіп жаткан пайдасы жоқ, сөйте тұра үкіметке ауыздарын ашып, өз елін төмендетіп, өз елін жамандаудан басқа түк білмейді. Міне, қазіргі қазақ жастарының күйі осындай.

Әбдірашит Бәкірұлы: Жақсы. Оның да бір себебі бар шығар. Ол – коррупция дер едім. Әйтсе де, егер біз қазір коррупция туралы айтып, оның Қазақстан азаматтарының отансүйгіштігіне, патриотизмге тигізіп жатқан орасан зияны туралы айта бастасақ, тым ұзаққа кетіп қаларымыз анық. Себебі, қазақ дүниетанымы бойынша біздегі коррупцияның «атасы басқа»: қазақтың жан дүниесі аярлықты, дүниеқоңыздықты, саудаласуды қабылдамайды. Өтірік пен жалғандыққа да жаны қас. Алайда, ұзақ жылдар билік еткен коррупциялық сыбайласқан жүйе халқымыздың менталдығына, немесе, діліне, одан қалса – болмысына үлкен тыртық салды. Ел арасында жағымпаздықты қалыпты жағдайға балайтын ұстаным орын ала бастады. Тіптен сорақысы – біз оны  «билікке не байлыққа апаратын баспалдақ» деп санай бастадық. Ал, жағымпаздың екінші жағы «көлгірсу» емес пе ‑ яғни, өтірік. Олай болса, қоғамда сөз бен тірлік арасы осы көлгірсу мен өтіріктің арқасында ажырап, сөзден де, тірліктен де береке кетті... Осыны көріп отырған ұрпақ бойында шынайы патриотизм болуы мүмкін бе? Оны қалай қалпына келтіреміз, мүмкін спорт арқылы ма? Сен қалай ойлайсың?

Мұхтархан Мамырбекұлы: Спорт адамзат мәдениетінің ертеден келе жатқан онын бір саласы . Көптеген ғалымдар оның тарихи-философиялық мәні мен маңызы туралы біршама еңбектер мен парасатты пікірлер жазған. Спорттық өнер – феномен.   Көне дәуірден бастап  адамның физиологиялық жетілуі халықтық дүниетанымды негізге ала отырып бағамдалады. Демек, түркі  және қазақ халқындағы  спорт өнерінің шығу тегін ашу ‑ қазірғі замандағы  отансүйгіштікпен ұштасады деп санау керек. Бүгінде көнеден келе жатқан спорт түрлерін ұлттық дүниетанымға интроекциалау өзекті болып отыр. Спорт және отансүйгіштік принциптері сабақтастығы ‑ төлтума дүниетанымымызды, оның гуманистік сипатын, патриотизмді қалыптастырады. Спорт және басқа да өнер түрлері біздің рухани кеністігімізді нығайтатыны хақ.   Мен өзіме келетін болсам дәстүрлі садақ атуды Қазақстанға әкелген азаматтардың бірі болып саналамын. Оған қызыққан жерім мынау болды – садақтан өткен бірінші Дүниежүзінде жарысқа тек қана ұлттық киімді киіп бару керек екен. Сол маған қатты ұнады. Екіншіден, садақ өнері бізге атадан қалған мұра. Осыны мен жаныммен қабылдаған соң ғана, садақ спортына келдім. Бүгінде Федерацияны басқарамын, әрі, Халықарлық төреші ретінде оның дамуына атсалысып жүрмін...

Әбдірашит Бәкірұлы: Маған мынадай бір ой келді: «Сен Отаннан қашсаң да, Отан сенен қашпайды» деген. Шынында да, адам Отанына «өкпелеп», алысқа шығандап кетуі мүмкін. Ал, енді, соған бола Отан өзгермейді ғой? Әрине, онда біз «Ұрпақ неге өкпелейді?» деп өзімізден өзіміз сұраймыз. Тіптен, қажет болса Отанның өзін өзгертуге күш саламыз. Сөйтіп, түптің түбінде әлгі бала өз Отанына бәрібір қайта оралады. Ол шетте жүріп Отанның қадірін біле түскендіктен де «У ішсең де еліңмен бірге іш» дегеннің не екенін ұғады. Яғни, әрбір адам сөйтіп, Отанына оралады... Осы тұрғыдан мені бір мәселе қызықтырады: мысалы, өзің садақшы ретінде әлемнің көптеген елдеріне барып жүрсің. Сол кездегі бойдағы патриотизм қандай, «үйдегі патриотизм» қандай? Ара‑жігін сараладың ба? Одан өзге, көптеген жастарымыз шет елдерге оқуға кетіп жатыр. Тағы бір үлкен топ жақсы өмір іздеп, жұмысқа кетіп жатыр. Міне, осы топтардың ортасында қалыптастатын патриоттық сезім бір‑біріне ұқсай ма? Айырмашылығы бар болса, ол неде? Яғни, мұны біз «спортшы», «оқуға кеткен жас», «жұмыс іздеп кеткен жас» деп үшке бөлейік. Осыны зерттеген біреу бар ма? Не айтар едің?

Мұхтархан Мамырбекұлы: Патриот жас – өз Отанын сүйетін, кешегісін біліп, ертеңін ойлап, бүгін оның дамуы үшін өз саласында кішкен¬тай болсын үлесін тигізуге әрекеттеніп жүрген адам. Менің ойымдағы патриот жас оптимист, еңбекқор және білімге құштар адам. Айтуымша, патриот болуды әр жас өзінен бастап, кез келген әрекетінің астарында ел мүддесі мен ұлт мүддесі болуына баса назар аудару керек. Мүмкін мендегі патриотизм көбінің ойындағымен сай келмейтін де шығар. Бірақ сөздің мағынасына қарайтын болсақ, «отансүйгіштік» дегенді білдіреді. Мен Отанымды сүйемін, мемлекеттік тілдің дамуына үлесімді қосуға тырысып жүрмін. бірақ өзім білген әрбір нәрседен тәжірибеммен бөліскім келеді.,

Әбдірашит Бәкірұлы: Патриотизмді оятушы, оны тұғырына бекітуші ең қуатты рухани құндылыққа нені жатқызуға болар еді?

Мұхтархан Мамырбекұлы: Мағжан Жұмабаев «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін» деген сөзінің қадірі қайда?? Көкейімізде жауабы жоқ, осындай сансыз сұрақтар көп болып тұрғаны, өкінішті әрине. Жастарды өз Отанының азаматы ретінде тәрбиелеу белгілі бір әлеуметтік- мәдени ортада жүреді, онда оның адами құндылықтар жүйесі, көзқарасы, ақыл-ойы қалыптасады. Қазақстандық патриотизм қазақстандық ақыл ойдың немесе ұлттық дәстүрдің ажырамас бөлшегі болып табылады. Біздің республикамыздың жастарының ойы, ар-ұжданы, ғылым-білімі азат болуы керек. Қазақ жастарының бірінші міндеті – Қазақстан республикасын мәңгі сақтау және қорғау болып табылады. Болмысы мен болашағының негізі осы жағдайға бағытталуы керек. Ал, құндылықтар сатысында ең бастапқы орынды тілге беремін. Тіл болса – барлық құндылықтар шашу шықпай өз қызметін атқарады.

Әбдірашит Бәкірұлы: Қазақ тілінің әлі де өз тұғырына қона алмай жатуының обьективті және субъективті себептеріне тоқталайық.

Мұхтархан Мамырбекұлы: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Халыққа Жолдауында мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын ғылым-білім саласында, мәдениет пен іс жүргізу саласында кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар бере келе, «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деп шегелеп тұрып айтқаны белгілі. Президентіміздің мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі қылып айтқан осы тапсырмасын барлық өкіметтік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар іске асырып, еліміздің ішкі тұрақтылығының кепілі әрі Қазақстандағы барлық диаспораларды бір идеяның маңында топтасып, ортақ мемлекеттік идеологияны іске асыратындай бірлікке келтіретін күш – мемлекеттік тіл екені белгілі. Тіліміздің таусылмайтын жырын отыз жылдан бері толғап келеміз. Ата заңымызда мемлекеттік тілдің мәртебесін алған ана тіліміздің шын мәнінде өзінің ұлттық болмысын иеленгеніне шүбәсіз көңілмен қуанғанымызға да отыз жылға жуықтады. Кеңестік жүйенің өктемдігімен есіктен сығалап қалған тілімізді төрге шығарудың келелі амалдарын жасау тірлігіне ел болып, жұрт болып белсене араласып кеттік. Үкіметтік үлкен деңгейде мемлекеттік іс-шаралар жоспарлары жасалды, тілімізді дамытудың не бір игілікті қадамдарын ойластырған болды. Ғалымы бар, жазушысы бар, билік басындағы көсем, аузы дуалы тұлғалары бар, тіл келешегіне орай шешілуге тиіс өзекті мәселелерді ел алдында толғамын сеніммен айтты! Уақытқа үміт арттық, өз кезегімен болатын іске үстірттік, асығыстық танытпайық, уақыт бізге жұмыс істеп жатыр деген үмітпен, міне, ширек ғасырдан астам мезгілді де артқа тастадық. Тіліміз тұғырына қонды ма, байырғы сына жазудан бастау алған дәстүрі бай, түркілік көркем әуезді тіліміз төрімізге шықты ма?! Алдымен өзінің ұлан-байтақ отанында қазақтың мерейін биіктетті ме?! Әлемдік аядағы болашағы қандай?.. Ойға орала беретін осындай сұрақтар та отыз жылдан бері азайған жоқ. Әрине, бүгінгі уақыт тынысы басқа десек, заманға сай амалың болу керектігін аталарымыз айтып кеткен. Сондықтан әр қазақ өз баласының тілін ана тілінде шығарып, осы тілде ойын өрістете алатын жағдайға жеткізуі тиіс. Бұл бір. Міне, осыдан кейін барып екінші, үшінші тілдерді игеруге ұмтылту қажет. Баланың болмысы қалыптасқаннан кейін қазақы құндылықтары зерделенгеннен кейін, басқа тілді үйренуге ауысу керек деп ойлаймын. Орыс тілін үйретіп, оған қоса ағылшынға ұмтылтып, өз тілі жайына қалып қоймауы қажет. Өзінің тілін білмеген адам өзінің ұлттық болмысынан айырылады, сана деңгейіндегі бүтіндіктен, жан-жүректік деңгейде сезім құштарлығынан, рухани деңгейде биіктікке құштарлықтан , “жан – тән – ақыл” бірлестігінде гармониялық үндестіктен айырылуы мүмкін. Осы кедергілерден өтсек қана Мемлекеттік тіл өз тұғырына қонады деп ойлаймын.

Диалогияны жүргізген Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371