Сарғайған папкадағы қажы тағдыры...
Үлкен атам Сыматай қартайған шағында жазықсыз ұсталып кеткен әкесі — Иса қажы жайлы жиі әңгімелейтін. «Іздеусіз кетті...» деп ауыр күрсініп, үнсіз отырып қалатын сәттері көп еді. Бірақ кеңестік кезеңде мұндай қасіретті ашық айту қауіпті болатын. Сондықтан Иса қажының тағдыры туралы әңгіме көбіне көмескі естелік күйінде, сыбырмен ғана жететін.
2005 жылы атамның ізіне қатысты дерек іздеп, Семей қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіне бардым. Өтініш жазып тапсырғаным сол еді, арада бір сағатқа жетер-жетпес уақытта қызметкерлер алдыма көне көк папканы әкеліп қойды. Сарғайған қағаздардың арасынан атамның аты-жөнін көрген сәтте жүрегім шым ете түсті. Қызметкерлер құжаттармен танысуыма рұқсат берді. Тек тергеу материалдарын «құпия» деген себеппен көрсетпеді.
Негізгі тағылған айып — «антиреволюциялық әрекет жүргізді» деген жалған жала. Құжаттарға қарағанда, 1931 жылдың 12 қаңтарында Мақаншыдағы НКВД-ның жедел тобы 86 жастағы Иса қажыны екінші рет тұтқындап, 500 шақырым жердегі Үржар арқылы Семей түрмесіне жеткізген. Ал сол жылдың 18 мамырында ОГПУ жанындағы атақты «үштіктің» үкімімен ол әйгілі 58-4, 59-10 және 68-10-баптар бойынша «халық жауы» деп танылып, республика аумағынан тыс жерге жер аударылған.
Сол кезде оның жанында жиырма жасар ұлы Сымқан да болыпты. Ешқандай жазығы жоқ бозбала қарт әкесіне қарайласу үшін бірге кеткен екен. Бірақ оның кейінгі тағдыры туралы ешбір дерек табылмады.
Кейін архив құжаттарының арасынан Иса қажының ақталғаны белгілі болды. Алайда оның қай жерде қаза тапқаны, қайда жерленгені туралы бірде-бір мәлімет кездеспеді. Кенже баласы, марқұм Шалматайдың айтуынша, көкірегі ояу Иса қажының шын «кінәсі» — ел ішіндегі ашаршылыққа қарсы пікір айтуы болса керек. Оның үстіне, кезінде Алаш арыстарымен де аралас-құралас болған екен.
Архивтегі сарғайған құжаттардың ұзақ уақыт бойы ешкімнің қолы тимегені байқалып тұрды. Ұлттық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері қуғын-сүргін құрбандарының істерін іздеп келетіндердің өте сирек екенін айтты. Қазір мұндай мәліметтердің бір бөлігі арнайы электронды базаларға енгізілген. Сондықтан қысқаша дерек табу бұрынғыдай қиын емес.
Иса қажыны тұтқындауға келген күннің алдында ол алты жасар немересі Рамазанға мына өлеңді үйретіп отырған екен. Қилы заманның қасіреті мен озбыр саясатын бейнелейтін сол шумақтар кейін көне көз қариялардың аузында ұзақ сақталды:
«Білмедік бір жасымда бағымызды,
Бесік алып қалыпты жанымызды.
Белгісі есейгеннің осы емес пе,
Үй-мүліктің бәрін алды-ау,
Ата менен малымызды.
Жүрушем екі жаста еңбектеген,
Әр нәрсе өзімізге керектенген.
Батырақ, ақжүректер қолға салғанда,
Қояндай соққы жедік бөзектеген.
Жүруші едік үш жасымда ұшқан құстай,
Заманым өзгерілді-ау біздің тұстай.
Әкенің тыққан малын табасың деп,
Ақжүрек, батырақ күндіз-түні бізді қыстай.
Жүруші ем төрт жасымда төремін деп,
Алланың не салғанын көремін деп.
Атаның дәулетінің бар кезінде,
Қолынан қол қалтырды беремін деп...»
Өкінішке қарай, өлеңнің қалғанын «ертең үйретемін» деген күні Иса қажыны НКВД жендеттері алып кеткен екен... Содан кейін ол туған жерге оралмады. Ал артында сарғайған бір папка мен үнсіз қалған бір әулеттің мұңы ғана қалды.
Дәулет Тілеуберді,
Иса қажының шөбересі
Abai.kz