Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3025 0 пікір 16 Қыркүйек, 2013 сағат 05:59

Расул ЖҰМАЛЫ: КЕЛЕШЕК ҰРПАҚ ҚЫТАЙҒА ҚАРЫЗДАР БОЛЫП ҚАЛМАЙ МА?

Өткен аптада біздің биліктің көпвекторлы саясатына қатысы бар екі оқиға болды: Ресейдің Сан-Петербор қаласында G-20 елдері басшыларының саммиті өтті; Қазақстанға ҚХР төрағасы Ши Жин Пиң ресми сапармен келіп кетті. Екеуі де өз күнін өзі көріп жүрген қара халықты аса қыңқ еткізбейтін жоғарғы саясаттың шаруасы болса да, елдің ертеңіне, болашақтың бағдарына тікелей қатысы бар оқиға екені даусыз. Осы екі оқиғадан не түйдік? Осындай сауалдың жауабын іздеп, белгілі саясаттанушы Расул ЖҰМАЛЫ мырзаны (суретте) әңгімеге тартқан едік. Бірден айта кету керек, біздің елдегі автократиялық билік жағдайында үлкен саясатқа төндіре сөйлеу – бәйгеге бас тігумен пара-пар қатер. Сондықтан жас саясатшының астарлы сөзінен мән-мазмұн аңдаған оқырман біраз мәселеге қанық болады деген ойдамыз.

 

Расул мырза, сіз Ресейдің Сан-Петербор қаласында өткен G-20 елдері басшыларының саммитін саясаттанушы ретінде жіті бақылаған боларсыз: онда әлемдік даму үрдісіне пайдасы тиерлік недей жаңалық болды деп ойлайсыз?

Өткен аптада біздің биліктің көпвекторлы саясатына қатысы бар екі оқиға болды: Ресейдің Сан-Петербор қаласында G-20 елдері басшыларының саммиті өтті; Қазақстанға ҚХР төрағасы Ши Жин Пиң ресми сапармен келіп кетті. Екеуі де өз күнін өзі көріп жүрген қара халықты аса қыңқ еткізбейтін жоғарғы саясаттың шаруасы болса да, елдің ертеңіне, болашақтың бағдарына тікелей қатысы бар оқиға екені даусыз. Осы екі оқиғадан не түйдік? Осындай сауалдың жауабын іздеп, белгілі саясаттанушы Расул ЖҰМАЛЫ мырзаны (суретте) әңгімеге тартқан едік. Бірден айта кету керек, біздің елдегі автократиялық билік жағдайында үлкен саясатқа төндіре сөйлеу – бәйгеге бас тігумен пара-пар қатер. Сондықтан жас саясатшының астарлы сөзінен мән-мазмұн аңдаған оқырман біраз мәселеге қанық болады деген ойдамыз.

 

Расул мырза, сіз Ресейдің Сан-Петербор қаласында өткен G-20 елдері басшыларының саммитін саясаттанушы ретінде жіті бақылаған боларсыз: онда әлемдік даму үрдісіне пайдасы тиерлік недей жаңалық болды деп ойлайсыз?

– Бұл саммит халықаралық қатынастардың күрделі кезеңінде өткен биік бас қосу болды дер едім. Соңғы бес он жылдың ішіндегі БҰҰ, ЕҚЫҰ (ОБСЕ) сияқты халықаралық ұйымдардың әлемдегі ықпалы төмендеп, оның есесіне «үлкен сегіздік», «үлкен жиырмалық» ұйымға біріккен мемлекеттердің жиыны мен беделі басымдық алып келеді. Себебі әлемдегі 200-ге тарта мемлекеттің алдыңғы жиырмасы әлемдік экономиканың 90 пайызға жуық үлесін иемденіп отыр. Сирия мемлекеті төңірегіндегі мәселе, Ресей мен Американың арасындағы қатынастың қарама-қайшылығы, тіпті Америка президенті Барак Обама «Сноуден оқиғасын» желеу етіп, ресейлік әріптесімен кездеспейтінін мәлімдегеннен кейін болған саммиттің әлемдік деңгейдегі маңызы бар екені айқын. Алайда Сирия мен Таяу Шығыстағы жағдай, терроризм мәселесі осы бас қосуда шетке ығыстырылды да, негізінен әлемдік экономикалық мәселе талқыланды. Сирия төңірегіндегі және өзге де саяси мәселелер мемлекет басшыларының өзара бейресми кездесу барысында ғана қозғалды.

Ал осы жиынның нәтижесінде әлемді елең еткізетіндей жаңалық болған жоқ, басты назарда дүниежүзілік дағдарыстан шығу жолдары қарастырылып қана қойды. Сол себепті қабылданған шешімдерді елеулі деп айтуға келмейді, сондықтан бұл саммит қатардағы бас қосудың бірі деуге әбден болды.

– Осы G-20 саммитіне Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президентінің шақыруымен қатысуын қалай бағалайсыз?

– Әлемдік экономикада ойып тұрып орын алған жиырма елдің үлесі 85-90 пайызды құрайтыны анық. Нұрсұлтан Назарбаевтың сол жиынға қатысуын ауыз толтырып айтпасақ та, Қазақстан мемлекеті үшін – мәртебе. ТМД елдерінің арасынан саммиттің қожайыны ретінде Владимир Путиннің арнайы шақыруының астарында Қазақстан өзінің одақтасы екенін көрсетудің оңтайлы әдісі ғана болған сияқты. Әрине, шешім қабылдау кезінде қонақ ретінде ғана шақырылған елдің басшылары дауыс бере алмайды, тек тыңдаушы ретінде қатысады.

– Жалпы, Сирия мен «Сноуден мәселесін» әрқайсысы өздерінше желеу еткен АҚШ пен Ресейдің арасы ашылып бара жатқаны мәлім. Екі елдің бірі – АҚШ әлемдік саясаттың тағдырына елеңдеулі болса, Ресей – керітартпашылық ұстанымнан айнымай отыр. Осы жағдайда Қазақстанның кімге жақтасуы оңды болар еді?

– Қазақстан ешкімнің де мүддесіне жақтаспағаны дұрыс саясат болар еді. «Тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген мемлекетпіз» деген қасаң ойдан, «біреумен одақтасып, соның сөзін сөйлемесек, айдалада қаламыз» деген қорқыныштан арылғанымыз жөн. Себебі әлемдік тәжірибеге зер салсақ, Қазақстаннан әлеуеті төменгі деңгейдегі мемлекеттердің өзі ешкімнің жетегіне еріп, ешкімнің қолтығының астына тығылған жоқ. Уинстон Черчилльдің айтқаны бар ғой: «Мәңгілік одақтас болмайды» деген. Сондықтан ең алдымен өзіміздің ұлттық, саяси экономикалық мүдделерімізді ұстануымыз керек.

Екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде жарияланған көпвекторлы саясаттан – Қытай, Ресей, АҚШ, ислам елдері әлемімен таразының басын тең ұстайтындай бағыттан ауытқымауымыз керек. Өкінішке қарай, соңғы бес алты жылдан бері сол тепе-теңдік Ресей мен Қытайға ғана бұрылып бара жатқаны байқалады. Керісінше, көпвекторлы саясатта тиісінше әріптестер қатары көп болуы тиіс. Сонда ғана жекелеген бір мемлекетке тәуелді болуға, соның ықпалында кетуге жол берілмес еді. Ал біздегі бұл үрдіс қазір келеңсіз реңк алып бара жатыр. Ресей «Кедендік одақ»,» Бірыңғай экономикалық кеңістік» деген желеумен интеграциялық құрылымдары арқылы; Қытай – Қазақстандағы қаржы тапшылығын пайдаланып, қарыз беру арқылы әрқайсысы бірте-бірте өз үстемдігін арттырып жатыр.

– Осы ойыңызды тарқата түссек, біз Ресейдің империялық одағына дәрменсіз сіңу арқылы әлемдік өркениетке «өгей бала» болып қалар түріміз бар. Одан да қиыны – Қазақстанның империялық одақтағы болашағы. Әлде сіз ол болашақты Ресеймен бірге елестете аласыз ба?

– Ең алдымен, Ресеймен ынтымақтастық, одақтастық дегенде, сол «Кедендік одақ», «Бірыңғай экономикалық кеңістік», «Еуразиялық одақ» ұйымдарының бәлендей болашағы бар деп ойламаймын. Қазақстанның бұл ұйымдарға мүше болып, саяси немесе экономикалық дивидент ала қоятынына сенбеймін.

Анығында, бұл одақтастықтың екі жағы барын да ескергеніміз жөн. Қандай да бір одақтас ел біздің тәуелсіздігімізбен санаса отырып, ынтымақтастық қарым-қатынасты тең дәрежеде жүргізуі тиіс және Қазақстанның ішкі саясатына қол сұқпауы басты шарты болуы керек. Ресей – ежелгі алып көршіміз, онымен игі достық қатынасты нығайтқанымыз жөн.

Ал екінші жағынан, Ресейді Путин мен Медведев басқарып отырған саяси билік тұрғысынан қарастырсақ, сол биліктегі топтың басым бөлігі – бұрынғы «тыңшылық» (КГБ) қызметтің түлектері. Олардың көздеген арман-мұраттары – бұрынғы кеңестік кезеңге оралып, өзінің империялық үстемдігін жүргізу. Ал «тыңшылардан» құралған Кремль билігі осы пиғылдарын Ресей қоғамының алдында өз ықпалдарын, беделін сақтап қалудың таптырмас жолы деп санайды. Мақсаты – постсоветтік елдерді біріктіру жөніндегі идея арқылы құлдырап бара жатқан Путиннің имиджін көтеру. Ал басқа кез келген мәселеде путиндік биліктің рейтингі өте төмен, экономикалық, әлеуметтік, модернизациялау жобаларының 99 пайызы сәтсіздікке ұшырады.

Сондықтан олардың өздерін бұрынғы одақтас республикаларды Ресейдің қол астына жинаушы ретінде көрсетуге тырысулары – далбаса тірлік. Империялық одақты аңсаушылардың көзін жеткізу үшін, үстемдік жасау саясатын көздеуде. Іс жүзінде сондай арам пиғылдағы саясаттың нәтижесі жоқ, тіпті болуы да мүмкін емес. Қазір бұрынғы он төрт одақтас республиканың басым бөлігінің Ресеймен қарым-қатынасы өте нашар. Тіпті, өзімен туыстас славян бауырлары – украиндар мен белорустарға қарсы «сауда соғысын» жүргізуде. Дәл осы жағдайда Қазақстан бірінші кезекте өзінің ұлттық мүддесін ескеруі керек. Ресейді жақтаймыз деп, «СССР шекпенінен шыққан» ТМД мемлекеттерін өзімізге қарсы қоюдың қажеті қанша? Тәуелсіз Қазақстан кіммен, қалай қарым-қатынас жасауды өзі ғана шешуі тиіс.

– Дегенмен, біздегі билікте де Ресеймен одақтасу арқылы өз мүдделерін ойлаған топтар бар екенін жоққа шығаруға болмас...

– Әрине, ондай жағдайды да жоққа шығаруға болмайды. Билікте жүрген лауазымды шенеуніктердің кейбірі Ресейді қойып, Қытаймен де одақтасуға кет әрі емес. Нақты мағлұматтар тапшы болғандықтан, саусақпен безеп, атын атау қиынырақ, бірақ біздің қоғам одақты көксеушілердің кім екенін болжай алады. Сондықтан Ресеймен мемлекеттік тұрғыдағы одақтастыққа қатысты шешімдер атүсті жасалмай, ел талқысынан өтуі тиіс. Кедендік одақтан Қазақстан жағы ұтылды, баға шарықтап өсіп, отандық тауар өндіруші кәсіпкерлерге кеселі тигеніне күнделікті тұрмыста куә болып отырмыз.

Қазақстанның әлеуеті Ресейдікімен мүлдем сәйкес келмейді. Ресей – экономикалық жағынан да, демографиялық жағынан да, әскери әлеуеті жағынан да Қазақстаннан он-он бес есе басым мемлекет. Ресейдің өзінде сол бұрынғы Кеңес Одағын құру, бұрынғы өзінің Кеңестік үстемдігін қайта жаңғырту мәселесі ішінара қозғалып, осы сарындағы саяси мәселелер жиі естіліп жүр. Осындай жағдайда Қазақстанның ұлттық мүдделері қаншалықты сақталады? Қазақстан қаншалықты дербес дами алады? Бұл сұрақтарды биліктегі жекелеген тұлғалар емес, бүкіл халық шешуі керек. Өйткені бұл – елдің тағдырын, халықтың болашағын шешетін сұрақтар.

Жалпы, әлемдік халықаралық тәжірибені ескеретін болсақ, түрлі интеграциялық құрылымдарға ену – міндетті түрде жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі. Яғни, мұндай маңызды қадамдарда халықтың пікірі ескеріледі. Мысалы,  2012 жылы Еуроодаққа 27-ші мүше болып Хорватия енді. Бірақ енудің алдында онда жалпыхалықтық референдум өтті. Жағдайдың үйлесімділігіне қарай халқының басым бөлігі қолдағандықтан ғана Хорватия ол одаққа кірді.

– Ал ҚХР төрағасы Ши Жин Пиң жолдастың Қазақстанға сапарынан кейін біздегі көпвекторлы саясаттың «Қытай мәселесіне» қандай баға бересіз? Бұл сапар Қашағанды меншіктенумен ғана тынды ма?

– Ресей де, Қытай да өздерінің мемлекеттік мүддесін ойлайтыны – заңдылық. Сол заңдылықтың талаптарына сай өз ықпалын жүргізуге талпынады. Ал біз өз үлесімізді, өз мүддемізді ың-шыңсыз өзгеге ұстата салсақ, болашақ ұрпақ алдындағы кешірілмес күнәға батамыз. Қытай – Қазақстанның бақытты ел болуы үшін емес, ең бірінші кезекте өз мүддесі үшін жаңа жобаларға, экономикалық келісімдерге қол қояды.

Қазақстанның көпвекторлы саясаты негізінде ел экономикасына өзге де елдерді көптеп тартуды көздеуі тиіс еді. Бірақ Қытайға келгенде, босаңсып сала береді... Оның бір себебі – экономикалық дағдарыс кезеңінде қаржы көзі – осы көрші болып тұр. Ал Қытайдан алған сол қарызды қайтарудың жолын бүгін емес, кеше ойластырмағанымыз өкінішті-ақ. Жекелеген мұнай-газ кен орындарында, мәселен Ақтөбеде – 90-100 пайыз, Құмкөлде – 50–60 пайызға жуығын, Маңғыстауда – 30, Атырауда – 10–15 пайызын меншіктеп алған. Кезінде Қазақстан сияқты мұнайға бай Араб елдері тәуелсіздік алған кезде өздеріндегі мұнай өндіретін технологиялық базасы қалыптаспағандықтан, сырттан келген инвесторларға өз үлестерін 40–50 жылға келісім-шартпен берген еді. Бірақ 10–15 жылдың ішінде қарыздарын толық өтеп, табиғи шикізат көздерін өздеріне қайтарып алып, мемлекеттің меншігіне өткізді.

Бізде керісінше, сыртқа қарызымыз көбейіп, шикізат саласындағы шетелдің үлесі барған сайын артып барады. Егер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тұрғысынан алсақ, бұл жағдайды түсінер едік, ал қазір қаржымыз бар, Ұлттық қорда миллиардтаған доллар өте төмен пайыздық мөлшерде Еуропаның банктерінде, елге пайдасы тимей, іске аспай жатыр. Есесіне қарызды жоғары пайызбен шеттен тасып, мұнай мен газ активтерінің пайыздық мөлшері арзан бағаға сатылуда. Оның қайтарымын алғанымыздың өзі де күлкілі: өткен жылдарда Қарашығанақтағы 5 пайыздық үлесімізді миллиардтаған қаржыға сатып алғанымызға мақтанғанымызды қалай түсіндіруге болады?! Өте өкінішті! Бір ғана Қытайдың біздегі үлесінің артуы – болашақта стратегиялық қиындық туғызуы мүмкін деген сұраққа жауапты кімнен аламыз?

– Қашағаннан болашақта өндірілер өнімнің дені қытайлардың инвестициясына сатылып кетті деген сөз бар. Егер бұл сөздің төркіні шын болса, Қазақстан Қытайдың алдында мәңгілік қарыздар болып қалды деген сөз ғой?..

– Жоғарыда атап өткен басқа жобалармен бірге қарастыратын болсақ, сөз жоқ, қытайлық компанияларға тәуелділігіміз артып келе жатыр. Қытайдың Қашағандағы 8,4 пайыздық үлесі шешуші фактор емес, бірақ негізгісі – осы кен орнынан алатын пайдамызбен бірге экологиялық, әлеуметтік факторды басты назарда ұстауға тиіспіз. Қоршаған ортаға, тұрғындардың денсаулығына тигізетін залалы ескерілді ме?

Тағы бір келеңсіз үрдіс – соңғы екі үш жылда Батыс мемлекеттердің компаниялары Қазақстандағы өз активтерінен бас тартуы жиіледі. Солардың орнын отандық компаниялар басудың орнына, қытайлықтар еншілеп жатыр. Тағы сол «жабық есік» жағдайында, атүсті жасалған келесім-шарт арқылы «ұлы көршіміз» кен көздерін қомағайлана алып жатыр. Әлі күнге дейін ең үлкен келісімдердің «мемлекттік құпия» түрінде жүргізілуі кімге де болсын күмәнді. Ел байлығын сату елдің көзінен тасада жасалуының кесірін болашақ ұрпақ тартып қалмаса игі?! Сондықтан, келешек ұрпақ Қытайға қарыздар болып қалмай ма деген күмәнді ойдың бары рас.

– Ал отандық кәсіпкерлер мұнай-газ кен көздерін алуға неге мүдделі емес? Әлде олар ондай жобаны игеруге қауқарсыз ба?

– Оның себебі тіпті де күрделі емес: оларды бұл нарыққа жолатпайды. Екіншіден, қомақты қаржы иелері ақшасын жабық жағдайда ұстауға тырысады. Өйткені олардың табысының дені заңсыз жолмен табылғаны айдан анық. Сондықтан олар қаржысын сыртқа шығаруға тырысады. Жыл басында Кипр аралындағы қаржылық дағдарыста қазақстандықтардың миллиардтаған қаржылары бар екені анықталды. Өздерінің болашағын Қазақстанмен байланыстырмайтындар ақшасын шетке тасып әлек болуда.

Үшіншіден, отандық бизнес өкілдеріне қадағалаушы мекемелердің қоятын кедергісі көп, заңдылық нормалары да ескерілмеген. Ірі бизнес өкілдері тек шикізат өндірумен айналысады. Президенттің қасындағы кеңесшілері сырттан келетін инвестицияға барлық жағдайды жасаса, отандық бизнес өкілдеріне ондай мүмкіндік жасалмаған.

Жуырда кәсіпкерлердің отырысына қатысып, мына бір жағдайға куә болдым: бұрын «жемқорлыққа жол берілмесін, қарсылық білдіреміз» деген ұстаным бар еді, енді «сол жемқорлықтың пайызы азайтылсын» деген әңгіме айтылды. Соған қарағанда, билік жемқорлықты жеңеміз деген ойдан айнып, делдалдық қызметтің үлесі төмендетілсе екен деген ұсыныстар айтылғанына қарағанда, бар мәселенің түп-төркіні айдан анық болса керек.

– Осындай жағдайда Қазақстан билігіне сес көрсете алады дейтіндей ұлттық күштер неге қамсыз жатыр?

– Саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар, ұлттық ұйымдар – әлбетте азаматтық қоғамның көрінісі. Бізде азаматтық қоғам сөз жүзінде ғана айтылады да, іс жүзінде жоқтың қасы. Азаматтық қоғамның билікке ықпал етуін әділ сайлау өткізу, бейбіт шеруге шығу, сөз бостандығы мен тәуелсіз сот жүйесін демократиялық құндылықтар тұрғысынан сараптасақ, бізде осы шарттардың бір де белгісі жоқ. Ресми мәліметтер бойынша, халықаралық ұйымдар алдында демократиялық даму жолына түскен мемлекет болып шыға келеміз.

Жекелеген факторларға жүгінсек, саяси партиялардың жабылуы, лидерлерінің түрмеге қамалуы, қуғынға түсуі, тәуелсіз БАҚ-тарға қысым жасалуы – азаматтық қоғамның дамуына кедергі келтіруде. Заман талабына сай, мемлекетте бір ғана саяси күш болуы мүмкін емес, оппозициясы тұншықтырылған, адам құқы мен бостандығына еркіндік берілмейтін елде әртүрлі толқулар мен азаматтардың бас көтеруі – заңды құбылыс. Елдегі әлеуметтік мәселенің шешілмеуі, қымбатшылық, зейнетақы, су, жол, ауыз су, ауыл мәселесі – айта берсек, таусылмайтын тізімнің артында ел тұрғындары, дамып келе жатқан азаматтық қоғамның бар екенін билік бір сәт те естен шығармауы тиіс.

Алматыдағы «Прайм Плазадағы» Қайрат Нұртастың күні кешегі концертінің соңы неге ұласқаны белгілі. Ол жерде Қайраттың ән айтқан-айтпағанынан себеп іздеудің қажеті жоқ. Осындай келеңсіз жағдайға әкелген жүйенің себептерін қоғамдағы қалыптасқан керітартпа жәйттардан іздеген жөн. Бізде, керісінше, бей-берекетсіздіктер орын алса, оның шынайы себептерін анықтап, келешекте болдырмаудың орнына, біздің билік шындықты бүркемелеп әлек болады. Қоғамдағы білім беру, жастар арасында тәрбие жұмысын жүргізу, басқа да әлеуметтік мәселелерді уақтылы әрі кешенді шешудің орнына, қоғам наразылығын туғызып, әрі ушықтыратын басып-жаншу, қамау секілді әрекеттер жасалды. Істі насырға шаптырмай, дер кезінде шешетін азаматтық қоғамның жоғарыда атап өткен шарттары жүзеге асуына қол жеткізсек, жағдай мүлде басқаша дамитын еді.

– Жуықта әлдебір ұлттық ұйымдар құрылтай өткізетіні жөнінде ақпарат таратты. Сіз осы жиынды өткізушілердің ұлт алдындағы өкілеттігін мойындайсыз ба?

– Осындай бір ақпаратты «Фейсбук» парақшасынан оқыдым. Қазақ азаматтарының мақсаты бір екені рас, сол мақсатқа жету үшін, әркім әртүрлі жолды таңдайды. Осы бастама жақсы нәтиже әкелетін болса, құба-құп. Бірақ дәл осы бастамадағы «Құрылтай» деген киелі атаудың құнын түсірмегеніміз жөн дер едім. Ол жиын дөңгелек үстел маңындағы бас қосудан, қандай да бір конференция түрінде басталса деп ойлаймын. Бұған дейін де бірнеше референдум, бірнеше Құрылтай өткізілді, алайда аты дардай жиындарды өткізудің дайындығы шала, асығыс жүргізілгендіктен, нәтижесі діттеген жеріне жетпеді. Алматы мен Астанада өткен жиындардан алыс ауылдағы қазақ хабарсыз қалып қоятыны рас, елден келетін өкілдердің қатысуы басты назарда болса деймін.

– Биылғы күзде Қазақстанның басқару билігінде үлкен өзгерістер болады деген тағы бір сөз БАҚ бетінде жиі-жиі айтыла бастады. Тіпті Нұрсұлтан Назарбаев билігін басқаға береді екен деген де қауесет бар. Сіз қалай ойлайсыз: ондай өзгерістер жасауға алғышарттар бар ма?

– Алғышарттар барын жоққа шығаруға болмас. Өйткені біздің елде ауыз толтырып мақтанатындай бір саланы көріп отырған жоқпыз. Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, шешімін таппаған әлеуметтік мәселелер қоғамда жетіп артылады. Халыққа пайдасы жоқ, жоғары дәрежедегі халықаралық жиындар өткізу ғана жақсы жолға қойылған сияқты. Сайып келгенде, осындай қордаланған мәселенің тірелетін жері – саяси жүйе. Сондықтан өзгерістердің қажеттігі қисынға келетін мәселе екені даусыз. Бірақ елімізде ондай өзгерістер болады деп, кесіп айтуға тағы келмейді: бар мәселені бір адам ғана шешетінін ескерсек, сол адамның қандай ой-жоралғысы барын ешкім толық болжай алмайды. Қоғам өзгерістерге сұранып тұр. Ал биліктегі жекелеген кадр ауыстыру саясаты ешқандай өзгерістер әкелмейді, тек ауыс-түйіс деңгейінде ғана қалатын үйреншікті үрдіс қана.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 30 (206) от 12 сентября 2013 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395