Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 5779 21 пікір 4 Желтоқсан, 2023 сағат 13:40

Назарбаевтың кітабы: «Менің өмірімдегі» қайшылықтар...

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Біз қанша ұнатпағанымызбен елімізде «Тұңғыш президент күні» атаусыз қалған жоқ. Бұрынғы Елбасымыз дәл осы күні өзінің «Менің өмірім» деген ғұмырнамалық «шедеврімен» қалың жұртты тағы бір қуантты. Ол кітапты блогер атаулының барлығы дерлік шемішкедей шағып, білгенінше баға беріп жатыр. Жұрттан қалып қоймайық деп, біз де бірер пікір қосуды жөн көрдік.

Алдымен айтарымыз, кітаптың «Менің өмірім» деп айқайлап тұрған атынан тұшымды бірдеңе табамын десеңіз, қатты қателесіз. Ол еңбектен елді отыз жыл басқарған адамның өткен өмірін терең саралап, жетістігі мен кемшілігін ақыл таразысына салып, оған шынайы баға берген екен десеңіз, тағы да көңіліңіз қалып қояды.

Бұл «классикалық» дүниеде ондай «ұсақ-түйек» жоқ, одан дәметіп, бір жеріңіз босқа ісіп кетіп жүрмесін. Оның орнына Елбасымыз 60 жасқа келгенде ғашықтық дертіне ұшырап, тал бойында бір мін жоқ, жап-жас аруға қалай көңілі кеткендігін тәптіштеп жазады. Оған дейін жалғыздықтан қатты жапа шеккендігін де жасырмайды. Сөйтсе, Құдайдан қалап алған жалғыз да тұңғыш президентіміз «қайтсем қазаққа елде жоқ астана салып беремін» деп түн ұйқысы төрт бөлініп, ешкім де басынан да сипамай, қатты зардап шеккен екен.

Әйтеуір абырой болғанда, Әсел атты ару кездесіп, өмірге деген құштарлығы қайта оянған. Өзінің жазуына қарағанда Сара апамыз бастаған отбасы қарсылық танытпаған. Қайта «жас отбасына» сәттілік тілеген көрінеді. Содан ол арудан арыстай екі ұл көріп, өмірдегі арманы орындалған сыңайлы.

Бір қызығы, өзінің қартайғандағы махаббат хикаясын атақты Гете ақынның да тіпті, 70-тен асқанда бір жас аруға ғашық болғандығымен салыстырып, «өмірде ондай-мұндайлар болып тұрған» деген терең ойлы пәлсапамен қорытындылайды.

Елді әбден тығырыққа тіреп, халықтың байлығын өз отбасына үлестіріп берген, артында бір игілікті ісі қалмаған адамның өзін ұлы Гетеге теңеуі бұл кісінің әлі де өзіне-өзі сын көзімен қарай алмайтын пендешілігін айқын танытса керек.

Сосын, мұнда адамды екіұдай ойға қалдыратын жайттар да аз емес. Мәселен, Назарбаев атақты Желтоқсан көтерілісіне әр уақытта әртүрлі баға берген адам. Алдымен Колбин кезінде оларды «ұлтаралық достыққа сызат түсірген тәртіп бұзғандар», десе, кейін қолына билік тиген соң «ол тұста мен де сол шеруге қосылып, бір колоннаны басқардым» деп өзін көшбасшылық деңгейге түсірсе, бұл жолы «жоқ, олар нағыз патриоттар еді. Бәрін бүлдірген билік, солар арандатты» деп желтоқсаншыларды мүлдем ақтап алады. Сонда қайсысына сендік?

Бүгіндері жаман атағы бүкіл елге жайылған Қарағанды металлургия комбинаты жайлы айтқандары да тым күмәнді.

Назарбаев алдымен бұл алып кәсіпорынды белгілі бизнесмен Болат Әбілевке бермек болған көрінеді. Алайда ол сенімді ақтамағандықтан бұл комбинат үнділік алпауыт Митталға бұйырыпты.

Ал Әбілев болса, өзінің әлемжелідегі сұхбаттарында ол кәсіпорынның шетелдікке тым арзан бағаға сатылып кеткендігін, егер оны өзіне бергенде жағдай мүлдем басқаша болар еді деген тұжырымынан таймайды? Қайсысынікі дұрыс? Әбілев қазір неге үндемейді?

Назарбаевтың «Қаңтар оқиғасына» берген бағасы да тым даулы. Ол бұл оқиғаға арандатушылардың араласып кеткендігін жаза келе, бар кінәні Францияда еш уайымсыз күй кешіп жатқан экс-банкир Мұхтар Әбләзовке аударады. Сол ғана басты рөл атқарған секілді.

Сонымен Елбасының кезекті еңбегіндегі назар аударалықтай мәселелердің бір парағы осындай. Қалғанын оқырмандардың патша көңілі біледі.

Ал біздің пікір мынаған саяды. Аталмыш кітап бұрынғы президенттің өзін еш қателіктен ада, халыққа тек жақсылық ойлайтын ерекше туған ұлы басшылардың бірі есебінде санайтындығын айқын байқатты. Қысқаша айтқанда, тағы да үмітіміз ақталмады.

Жайберген Болатов

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373