Уақыт және талаптарды басқару
Уақыт кейде өте жоғары қарқынмен өте шығады да, көптеген істерді аз уақыттың ішінде атқаруға мәжбүр боламыз. Тәулігіне барлығының уақыты бірдей болғанымен, оны бәрі бірдей пайдалана бермейді.
Біреу спортпен шұғылданып, жұмыс істеп, өзін-өзі дамытып және жақындарына уақыт бөліп үлгереді. Ал біреу күні бойы жұмыс жасаса да, маңызды ешнәрсе бітіре алмай жатады. Табысты адам өмірдегі ең басты құндылықтың уақыт екенін біледі. Ол күнделік жүргізеді, ұзақ мерзімді жоспарларды қалай жасау керектігін біледі, әр қадамын ұсақ-түйекке дейін ойластырады. Уақытты бақылайтын адамдар нақты тапсырмалармен және идеялармен жұмыс жасайды. Шешімі жоқ болып көрінген істерге позитивпен қарап, кез-келген тапсырманы құлшыныспен атқарады және оны уақытында орындайтынын біледі. Оның қандай да бір құпиясы бар ма?
Осы тұрғыдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің магистранттары оқитын «Басқару психологиясының» пән ретінде берері орасан зор. Психология ғылымдарының кандидаты Н.С. Жубаназарова пәнді оқу барысында тақырып төңірегінде магистранттармен пікір алмасып, ойталқы жасадық. Ең бастысы, Н.С. Жубаназарова бізге тек теориялық білімді ғана алып қоймай, оны практика жүзінде айқындап отыруды, өмірлік жағдайлармен сәйкестендіріп шеше білуді үйретіп жатыр. Біз, магистранттар, қандай да болмасын мәселені қарастырғанда оны басынан аяғына дейін зерттеп, ой елегінен әрбір ұсақ-түйегіне дейін өткізуге дағдыланып келеміз.
Уақытты басқарудың құралдарын өміріңізде қолданар болсаңыз, қиын болып көрінген істер өз шешімін таба кетері сөзсіз. Бұл ғылым өнімділікті бірнеше есе арттыруға, маңызды істерге назар аударып, қажетсізін "себетке" тастауға көмектеседі.
Уақытты басқарудың негізгі ережелеріне тоқталар болсақ:
- Нақты істер тізімін жасап, күнделік жүргізу.
- Алдымен орындалуы керек істерді анықтау. Осы тапсырмаларды шешуге кететін уақытты белгілеу.
- Кез келген ақпаратты сүзгіден өткізу. Миды қажетсіз деректермен шамадан тыс жүктемеу және оларды игеруге (өңдеуге) уақыт жұмсамау.
Қорыта айтқанда, уақытты басқарудың тиімді құралдарын қолдана отырып, сіз кез-келген шыңдарды бағындырып, өмірде сенімді қадам жасай аласыз және кез-келген әрекетте тепе-теңдікті сақтай аласыз. Уақытты басқару - бұл өмірді басқару мүмкіндігі, жұмыстан ләззат алу және өзін-өзі дамытып, табысты адам болу мүмкіндігі. Уақытты дұрыс пайдаланған адам мансапта және жеке өмірде үлкен жетістіктерге жетері сөзсіз.Пән негізінде Н.С. Ахтаеваның «Басқару психологиясы» және басқа да ғалымдардың еңбектері бойынша қарастырып жатқан мәселелердің барлығы оқытылатын пән аясында ғана шектеліп қалмай, өмірге керек білім екендігіне тағы да бір рет көз жеткізудеміз.
Н.С.Жубаназарова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ психология ғылымдарының кандидаты, профессор.
Э.К.Калымбетова,
Психология ғылымдарының докторы, доцент.
А.Ш.Байысбек,
«Әдебиеттану» мамандығының 1-курс магистранты.
Abai.kz