Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 806 1 пікір 23 Қаңтар, 2024 сағат 15:21

Abai University-де Ботагөз Шаймұратқызымен кездесу өтті

2024 жылы, қаңтар айының 22-і күні Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты департаментінің қолдауымен, Абай атындағы ҚазҰПУ, Өнер, мәдениет және спорт институтының PhD докторы, дизайн кафедрасының профессоры, ҚР дизайнерлер одағының мүшесі Құралай Маратқызы мен - Абай атындағы ҚазҰПУ, Өнер, мәдениет және спорт институтының аға оқытушысы Гүлнұр Берікбайқызының ұйымдастыруымен «Шығармашылық жобаларды жасау мен жүргізудің ерекшеліктері» тақырыбына арналған келелі кездесу өтті.

Кездесу қонағы - Kazakhstan Fashion Week Ұлттық сән апталығының атқарушы директоры, «Sabon&K» байланыс агенттігінің директоры, kfw.kz редакциясының меңгерушісі, Тұран университетінің оқытушысы Ботагөз Шаймұратқызы болды.

Шара барысында Ботагөз Шаймұратқызы: «Журналист мамандығын таңдағанда, бұл менің сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік беретінін білдім. Мен үлкен мерекелерді, іс-шараларды жүргізгенді жақсы көремін. Эфирге шыққанды ұнатамын. Бала кезімнен сахнаға шықтым, адамдардың өмірінде бақытты сәттері болуы үшін не істеу керектігін білемін. Бірақ мұның бәрі тәжірбиемен келді. Алдымен мен адамдармен мүмкіндігінше көп сөйлескім келді және әлемде болып жатқан барлық оқиғалардан үнемі хабардар болуды ойладым. Сондықтан журналистика маған керек екенін түсіндім. Маған өзімді радиожүргізуші ретінде сынап көруді ұсынды, мен келістім. Осылайша мен БАҚ-пен бірге өсіп, дамыдым. Журналистикадан кейін адамдармен қарым-қатынас жасай отырып, іс-шаралар ұйымдастыру арқылы Kazakhstan Fashion Week-ті ұйымдастыруға достарымнан шақырту алдым», - деп, еңбек жолымен бөлісті.

Сонымен қатар, кездесу аясында шығармашылық жобаларды ұйымдастыру, олардың тақырыптық-идеялық ерекшелігі, тәрбиелік мәні, көркемдік ізденісі төңірегінде де сөз қозғалды. Нәтижесінде студенттер маңызды ақпараттарға қол жеткізіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

Abai.kz

1 пікір