Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Билік 1472 0 пікір 26 Қаңтар, 2024 сағат 16:06

«AMANAT» партиясының Төрағасы азаматтарды қабылдады

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов бүгін партияның Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында азаматтарды қабылдады.

Азаматтар партия Төрағасына ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау, медициналық пункттер салу және заңнамаға түзетулер енгізу сынды бірқатар мәселемен жүгінді.

Астана қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Маркен Нұрланова ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қызметтерді жетілдіру мәселесін қозғады. Оның айтуынша, арнайы балабақшалардың қызмет ақысы айына 250 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін өзгеріп отырады.

«Балаларға арналған жеке инклюзивті инфрақұрылым бағасы өте қымбат. Салада білікті мамандар тапшы, ерекше балаларға арналған дамыту орталықтарында лицензия жоқ, нарықта тиімділігі дәлелденбеген қосымша дамыту қызметтері көрсетіледі. Сонымен қатар, диагностикалық процедуралар кезегі үш айға созылады, ал Денсаулық сақтау министрлігі немесе Оқу-ағарту министрлігі тарапынан бақылау жүргізілмейді», – деді ол.

Ерлан Қошанов ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау мәселесіне «AMANAT» партиясы әрдайым жіті назар аударатынын атап өтті. Мәселен, былтыр партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 8 ерте араласу орталығы ашылды. Бұл орталықтарда дамуы кешеуілдеген немесе оның пайда болу қаупі бар жас балаларға тиісті көмек көрсету көзделеді. Сондай-ақ мектеп қабырғаларында 61 инклюзия сыныбы ашылды. Партия Төрағасы Маркен Нұрланованың сын-ескертпесі партияның ерекше балаларға барынша қолайлы жағдай жасау бағытында жасап жатқан жұмысында, заң шығару ісінде және өзге де қызметінде ескерілетінін айтты.

Екібастұз қаласының құрметті азаматы, журналист Жұмағали Қоғабай академик Қаныш Сәтбаев туралы естеліктер жинағын шығаруды ұсынды. Геолог-ғалымның туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Мерейтой Президент тапсырмасына сәйкес атап өтіледі. Журналист бұл тақырыпты бұрыннан бері зерттеп-зерделеп жүр. Оның жеке мұрағатында әйгілі ғалым туралы бұрын-соңды жарияланбаған мәліметтер де сақтаулы тұр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дəстүрі халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтатынын атап өтті. Сондықтан партия көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың өмір жолындағы беймәлім тұстарын жан-жақты ашып көрсететін жинақты шығаруға қолдау көрсетіп, «Кітап-AMANAT» партиялық жобасының ел аумағындағы кітап орталықтарында жинақтың тұсаукесерін өткізеді», – деді Ерлан Қошанов.

Ақтөбе тұрғыны Руслан Қазыбаев спорт секцияларында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған ваучерлер мен жеке кезек енгізуді ұсынды. Павлодар облысы Шілікті ауылының тұрғыны Аманжол Рахымжанов медициналық пункт салып беруді өтінді. Ал Жамбыл облысы Тәтті ауылынан келген зейнеткер Күләш Утирова тұтынушылық несиені ресімдеу кезінде студенттерге қойылатын талаптарды қатаңдатуды ұсынды. Қоғам қайраткері Гүлнара Ахмолдина «Қолжетімді Қазақстан» жобасын, яғни мүгедектігі бар адамдар үшін әуежайлардың, вокзалдардың, ауруханалардың, спорт кешендерінің және өзге де әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі туралы ақпаратты алуға болатын виртуалды картаны қолдауды сұрады.

Ерлан Қошанов қаралған барлық өтініш бойынша партия филиалдарына нақты тапсырма беріп, оның шешімін қадағалауды жеке бақылауына алды.

«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Суретті түсірген: Жаслан Жұмабеков

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019