Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 2999 0 пікір 22 Қараша, 2013 сағат 04:59

Ғаламтордағы қазақ тілі мәселесін де «50-50» қағидатымен құрықтай аламыз ба?

Кешегі Мәжілістің жұмысы қауырт болды. Мәжілісмендер Қырғызстанға мектеп салып беретін құжатты жұмысқа алып, бірқатар маңызды құжатты мақұлдап, сәрсенбіде Сенатқа аттандырып салды. Мақұлданған маңыздылардың арасында әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты заң жобасы да бар болатын. Бұл жайында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнетақымен қамтудың жаңалықтарын ашып айтты. Ал атқарушы билікке сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл ғаламтордағы қазақ тіліне де «50-50» қағидаты керектігін айтып, Үкіметке үміт артты.


Кешегі Мәжілістің жұмысы қауырт болды. Мәжілісмендер Қырғызстанға мектеп салып беретін құжатты жұмысқа алып, бірқатар маңызды құжатты мақұлдап, сәрсенбіде Сенатқа аттандырып салды. Мақұлданған маңыздылардың арасында әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты заң жобасы да бар болатын. Бұл жайында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнетақымен қамтудың жаңалықтарын ашып айтты. Ал атқарушы билікке сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл ғаламтордағы қазақ тіліне де «50-50» қағидаты керектігін айтып, Үкіметке үміт артты.

Биылғы қолға алынған зейнетақы ре­фор­масы бойынша Үкіметтің алдында зей­нет­ақы жинақтарын көбейту міндеті тұр­ғаны белгілі. Кезең-кезеңімен іске асып ке­ле жатқан реформа ел экономикасының ілгерілеуімен орындалып келе жатыр. Мәжілісте халық қалаулыларына осы ту­ралы баяндаған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүй­сенова бала күтімімен үйде отырған әйел­дердің зейнетақы салымының жай-жап­сарын кеңінен тарқатты. Оның айтуын­ша, заңға енгізілген өзгертуге байланысты бала тәрбиесімен үйде отырған әйел­дер­дің міндетті зейнетақы салымын қосымша төлемақымен қамту, міндетті кәсіби зейнет­ақы салымын төлеуші жұмыс беру­шілердің айрықша және зиянды өндіріс­терді жою немесе санын кеңейтуді көздей­тін ынталандыру тетіктері қарас­тырылып отыр. Осыған сәйкес жұмыс істейтін әйел­дердің зейнетақы салымына қосымша тө­лем келер жылдың қаңтары­нан бастап қаржыландырылатын болды. Дегенмен бұл жерде тиісті 10 пайыздық аударымның 4 пайызын әлеуметтік сақ­тандыру қоры өтесе, қалған бөлігі бюджет есебінен төле­неді. Сонымен қатар жұмыс істейтін ана баласы бір жасқа толғанша оның күтіміне байланысты демалыста болғанына қара­мастан, зейнетақы шоты міндетті түрде жар­намен қамтамасыз етілмек. Бұл олар­дың зейнетақы жина­ғының ұлғаюын қам­тиды.

Министр келтірген мәліметтерге сүйен­сек, бүгінде елімізде 1 млн 150 мыңнан астам жұмыс істеуші әйел осындай төлем­ақы алып отыр. Келешекте уақтылы қаржыландырылып отыруы үшін 2014-2016 жылдарға арналған бюджет есебінен 30,6 млрд теңге қарастырылған. Ал «соның 8,8 млрд теңгесі келер жылдан бастап зиян­ды өндірісте жұмыс істейтіндер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінде төленеді» дейді министр.

Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Май­ра Айсина: «Жұмыс істейтін әйелдердің ба­ла тууға және бір жасқа толғанша бала күті­міне байланысты демалыста болу кезе­ңінде міндетті зейнет­ақы жарналарын суб­сидия­лаудың 2014 жылдан басталуын құп­таймын. Бірақ жұмыс істемейтін әйелдер үшін мұндай жағдай көзделген бе?» – деп сауал тастаған еді. Өз кезегінде министр Қа­зақ­станда ана мен баланы қорғау бойынша әлеу­меттік кешен толық қалыптас­қанын айтып, бірсыдырғы жауап берді. «Жалпы, бұған қатысты жұмыссыз аналар үшін бала туғаннан кейін бір реттік әлеуметтік көмек қарастырылған. Алайда оның мөлшері 51139 теңгеден ас­пайды. Ал жұмыссыз ана төртінші баласын өмірге әкелген жағ­дайда 138 480 теңге төленеді. Сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын 5,5 айлық есептік көрсеткіш бойынша төлемақы төлеу қарас­тырылған. Ал аз қамтылған отба­сыларға бұдан бөлек 20 172 теңге қосымша төленеді», – дейді Тамара ханым. Оның сөзіне қарағанда, республикалық бюджет есібінен жұмыс істейтін анаға кәме­леттік жасқа толмаған төрт баласы болмаған жағдайда 3,9 айлық есептік көрсеткішпен, жылына 81 мың теңге төленіп келеді. Сонымен қоса «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегер­леріне ай сайын алты айлық есептік көр­сеткішпен жылына 124 мың теңге бері­леді. Мүгедек балаларға қарап отырған аналар ең төменгі еңбекақы көлемімен төлемақы алып, ол жылына 216 мың теңгені құрап отыр.

Қазақтілді ғаламтор қайтсе дамиды?

Жиын барысында халық қалаулысы Алдан Смайыл Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына бағыттап, үшбу хат жолдап, ғаламтордағы қазақ тілінің ахуалына қатты алаңдайтынын жеткізді. «Ғаламтор мемлекеттік және ұлттық саясатты қалыптастырып, оларға деген қоғамдық көзқарасты түрліше құбыл­тудың ықпалды құралына айналды. Ғаламтор желілерін бұл күнде ақпарат тасқыны кернеген. Осыған дейін кім ақпаратқа ие болса, сол әлемді билейді деуші едік. Енді интернетті кім иеленсе, сол әлемді ауыздықтайды дейтін болдық», – деген депутат дамыған мем­лекеттер ғаламторды әлемді өзгертудің басты құралы ретінде пайдаланып отырғанын да меңзеп өтті.

Сөз арасында Алдан Зейноллаұлы «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» ғаламтор бүгінде идео­ло­гияның басты құралына айналғанын да тілге тиек етті. Тіпті осы арқылы тіл мен дәстүрді ұлықтап отырған мем­лекеттер бар. Әзірге бұлардың көшін Қытай мен Англия бастап тұрғанға ұқсайды. Мәселен, жер-жаһанда ғалам­торды тұрақты тұты­натындардың 500 миллионы – ағыл­шын, енді 500 миллионы қытай тілінде пайда­ланады екен. Тіпті қытай тілінің аясы одан сайын артып келе жатыр.

«Өкінішке қарай, қазақтілді ғалам­тордың ахуалы мәз емес. Қазақстандағы ғаламтор кеңістігін тілдік тұрғыдан талдасақ, 80 пайызы орыс тілінің еншісіне тиеді. Ағылшын тілінің үлесі қазақ тілінен басым, 11 пайызды құрайды. Ал қалған 7,5 пайызы қазақша болып отыр. Сон­дықтан ғаламтордағы ана тіліміздің ахуалын ескере келе, оның аясын кеңейтуді қолға алатын кез келді», – дейді халық қалаулысы. Бұл ретте депутат «ғаламтор желілері арқылы тарайтын ақпараттың кем дегенде 50 пайызы қазақ тілінде берілуіне қол жеткізуге тиіспіз» дегенді алға тартады. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақ­стандағы әр он адамның алтауында интернет қызметін пайдалануға мүмкіндік бар. Және маңыздысы – барлық тақырыпта жазылған қазақ тіліндегі мақалалар да мәселенің шешілуіне септігін тигізе алады. Ең өзектісі, ғаламтордың ерекшеліктеріне қанық әрі оған қазақ тілін молынан ен­гізетін журналистерді даярлау мәселесі –күн тәртібіндегі өткір мәселелердің бірі.

«Әлемде 30 жастағылардың 50 пайы­зы, ХХІ ғасырда туғандардың 96 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады екен. Күні ертең осы желілерді еліміздегі барлық жастар игеретін болады. Олар ғаламтор арқылы қазақ тілінде желдей ессе, ана тілі ардақталды деген сол емес пе?» – деп түйіндейді сауалын Алдан Смайыл.

Автор: Жанкелді ҚАРЖАН, Астана
"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1539
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6076