Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5068 0 пікір 26 Қараша, 2013 сағат 08:01

Бекжан ӘШІРБАЕВ, ақын: «Біз сөзден қорықпайтын болдық...»

Қазақ жырының үні мен әуезін, сыры мен сазын естір құлақ, тыңдар жүрек болса, сан бояуға толы. Тамы­рыңызда қазақы қан ағып тұрғаны шын болса, өлең оқымай ғұмыр кешу қиянат секілді көрінетіні де бар кейде... Бекжан Әшірбаевтың жырларын оқысаңыз, терең ойға шомасыз. Тұң­ғиық мөлдір судың түбіне шөккен ла­ғылдай сырын бірден аңдат­пай­тыны, қайталап оқығанда барып оның бойын­дағы зерлі сағымды бай­қап, өз көкірегіңізден әлдебір жарқыл түлеп ұшатыны шындық. Мұның бір себебі, әр жырында сырлы саз көм­керіліп жататындығында. Ал ақынмен сұх­бат­тасудың өзі бір ғанибет. Мыс­қыл мен сарказмге ой жүйесін құра отырып, жан шуағының жылылығын кө­кірегіңізге құяды. Сазгерлігінің сарынына елітсеңіз, ой толғамдарына назар салсаңыз, бекжандық биіктікті зерделей түсеріңіз хақ.

– Сіздің есіміңізді қазаққа танытқан айтыс өнері екендігі анық. Бір сұхбаты­ңызда: «Үнемі айтыста бас жүлде алу мен бас жүлде алмаудың сезімі бірдей» депсіз. Соның мәнісін тарқата кетсеңіз.


Қазақ жырының үні мен әуезін, сыры мен сазын естір құлақ, тыңдар жүрек болса, сан бояуға толы. Тамы­рыңызда қазақы қан ағып тұрғаны шын болса, өлең оқымай ғұмыр кешу қиянат секілді көрінетіні де бар кейде... Бекжан Әшірбаевтың жырларын оқысаңыз, терең ойға шомасыз. Тұң­ғиық мөлдір судың түбіне шөккен ла­ғылдай сырын бірден аңдат­пай­тыны, қайталап оқығанда барып оның бойын­дағы зерлі сағымды бай­қап, өз көкірегіңізден әлдебір жарқыл түлеп ұшатыны шындық. Мұның бір себебі, әр жырында сырлы саз көм­керіліп жататындығында. Ал ақынмен сұх­бат­тасудың өзі бір ғанибет. Мыс­қыл мен сарказмге ой жүйесін құра отырып, жан шуағының жылылығын кө­кірегіңізге құяды. Сазгерлігінің сарынына елітсеңіз, ой толғамдарына назар салсаңыз, бекжандық биіктікті зерделей түсеріңіз хақ.

– Сіздің есіміңізді қазаққа танытқан айтыс өнері екендігі анық. Бір сұхбаты­ңызда: «Үнемі айтыста бас жүлде алу мен бас жүлде алмаудың сезімі бірдей» депсіз. Соның мәнісін тарқата кетсеңіз.

– Айтыстағы бағаңды дүниемен өлшеу, тігілген көліктің санымен есептеу мен үшін түсініксіз дүние. Менің фамилиямды елге танытқан айтыс өнеріне өкпем жоқ. Ай­тыс­ты қоюыма қызметтік жолым, өнер саласындағы ізденісім себепкер болды. Өз басым ұстаздарыма дән ризамын. Менің жолыма өңкей жанашыр жандар жо­лық­ты. ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіре салып Намазалы Омашев аға­мыз­дың ұсынысымен сол оқу ордасында ұс­таздық қызметте қалдым. Қазір мені ұстаз санайтын әріптес інілерім көп. Сол жыл­дардағы еңбегімнің жемісі деп бі­лемін мұны. Ал аламанға қосылуыма Жүрсін Ерман айрықша ықпал етті. Жазба әдебиеттің сапына енуіме Ұлықбек Ес­дәулат ағам мұрындық болды. Отыз жасқа енді иек артқанымда «Қазақ әдебиетінің» Бас редакторының бірінші орынбасар­лығына шақырғанда, шынымды айтайын, сенбедім. Осы кісілердің маған тигізген шапағаты бөлек. Өмірдің ағымы мені айтыстан жырақтатты. Болмысым жазба әде­биеттің майданына алып келді. Оттың жануы, желдің соғуы, қардың жаууы секілді табиғи дүние деп ойлаймын бұл барысты.

– Меніңше, Сіздің танымыңыз бен айтыс табиғаты үйлеспеген се­кілді. Айтыс шоуға, сіз ойға бейім бол­ған сияқ­тысыз?

– Мен айтысты шоуға айналдыру керек дегеніме көп адам қарсы шығып жүр. Солар, меніңше, шоудың түп төркінін толық түсінбейтін секілді. Шоу десе, жартылай жалаңаш, ардың-күрдің шу ғана деп ойлай ма деймін. Айтыс – құлаққа әсер ететін жанр. Сенің айтқан әр шумағыңа халықтың эмоциясы білініп отырса, әсем әннің қайырмасы секілді желпіндіріп әкетеді. Меніңше, айтыстың аудиториясын зерттеу керек. Айтыс ақыны мен жазба ақынның арасында бір жұқа перде бар секілді. Ха­лық айтыс ақынына тәуіп деп, жазба ақынға дәрігер деп қарайтын секілді. Айтыста айтқан шумағың дер мезетінде қабылдануы керек. Республика сарайында отырып, ойыңды алтынмен аптап, күміс­пен күптегеніңмен дер уақытында халыққа жетпесе, бәрібір өтімсіз болып қалады. Жүрсін ағамның: «Бекжанның дүйсенбіде айтқанын сәрсенбіде түсінеміз» дегені сондықтан ғой деп ойлаймын. Теңеуің нақты әрі қарапайым болмаса, жұрт­шылықты бір­ден баурап алып кетуі қиын. Айтыста интуиция басым болуға тиіс, қарсыласыңның сенің айтар ойыңа не деп жауап берерін алдын ала ойлап, қамдан­басаң, опық жеуің мұнда тұрған іс. Шах­маттың білгірлері өзінің 27-і жүрісінде не болатынын алдын ала сезіп отырады дейді ғой. Айтыс та сол секілді. Ішкі түйсік пен болжампаздық болмаса, нағыз қиындық сонда туады. Өз басым айтыс пен жазба поэзияны екі бөлек дүние деп ойлаған емеспін, екеуіне де поэзия деп қарадым.

– Сіздің жырларыңызда тосын теңеу­лер, күрделі ұйқастар, сосын ел байқамаған суреттеулер жиі ұшыра­сады. Бұл айтыстағы тапқырлықтың жазба әдебиеттегі түрленуі ме, әлде, ту­мысыңыздағы байқампаздық па?

– Мінезімнен шығар. Мен кез келген өлеңді оқысам, оның ұй­қасын алып тастап, қарасөзге айналдырып көремін. Сонда не қалады екен деген сұрақ тұрады көңілімде. Өкінішке орай, ұйқасын алып тастасаңыз көптеген жырларда «Қа­зақ­параттың» ақ­параты қалады... Алатау туралы өлеңдерде географиялық өлшем­дер мен қанша шырша бар екені қалады. Меніңше, поэзия ол емес. Күні кеше өмір­ден озған қазақ әде­биетінің өрен жүйрігі Есенқұл Жақыпбе­ковтың бір өлеңінде «Алатаудың арқасын бұлт қасыған» деген тіркес бар. Поэзия осы арадан бастау алады. «Алатау, сен не деген көркем едің?!» деген жолда тек таңданыс қана бар. Одан ешқандай көркемдік таппайсыз. Ал таудың арқасын бұлт қасымай­тыны анық, бірақ ақындық қиял мен суреткерлік ұштасқанына тәнті болмай тұра алмайсыз. Біздің эрамызға дейінгі IV ғасырда тасқа қашалған жазбаларды зерттеген ғалымдар сонда бірде-бір грамма­тикалық қателік жоқтығына та­ңырқапты. Лингвистердің айтуынша, үтір-нүктесіне дейін өз орнында. Бұл – сөзге жауап­керші­ліктің биік өлшемі. Кейін­гіге қалдырар асыл мұрасын бабалар қалай әспеттеген?! Өлеңге де сондай өлшем керек. Артыңа қалар, тасқа басылар сөзді он ойланып, мың толғанып жазуға, барынша көркем­деуге тиіссің. Шабыт деген бір сиқыр. Кейде ағыл-тегіл ақтары­ласың. Ал кейде екі қатар өлең үшін екі ай толғатасың. Бізде филологиялық білімімен ақын болып жүргендер көп. Ұйқасы бар, буын-бунағы толық. Бірақ жарықтық өлеңде жан жоқ. Хафиз: «Қызды гүлге теңеген ақын – ақын. Бірақ соны екінші рет пайдаланған адамға күмәнмен қарау керек», – депті. Жуырда Жарылқасын Дәу­летовтың бір әніне сөз жаздым. Қайырмасы алты рет қайтала­нады. Сол алты рет қайта­лануға арзитын сөзді іздеп, шарқ ұрдым. Ән тапсырыс бойынша махаббат тақы­рыбында, бұй­ырмай кеткен сезім жайында жазылуға тиіс. Бір күні үйде терезені ашып тастап, сыртқа қарап тұрсам: «Нарын­қол­дың картобын сатамын» деген сатушының жарнамалы айқайын естідім.

«Жылжиды жылдар, оранып айды,
Қоштастық сөніп от бірде.
Бақыттың қандай болары жайлы
Жарнама жасап кеттің бе?» деген шу­мақ ойыма қона кетті. Бал арасы бал жинау үшін күніне 80 мың гүлдің шырынын сорады дейді ғой биологтар, сол секілді өлеңде ізденістен, образдан туады.

– Қазір, өзіңіз айтқандай, ақпараттық сарындағы жырлар қаптап кетті. Бұл тал­ғамның әлсіреуінен бе, әлде жария­ланудың мүмкіндігі шектеусіз болған­дығынан ба?

– Әлеуметтік желілердің пайда болуы, әдеби-мәдени порталдардың көбеюі ақын-жазушыға жариялануды оңайластырып жіберді. Бұрын «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына, «Қазақ әдебиетінде» өлеңі шығу үшін екі адамның шағын пікірі, редакциядағы әдеби бөлімнің қатаң сүзгісі керек болатын. Олар өлең ұнамаса, кері қайтарып тастайтын. Қазір ондай сүзгі жоқ. Ақша төккен адам кітабын шығарады. Ешқандай рецензия, сын жүрмейді. Ұйқас білгеннің бәрі ақын сезінеді өзін. Дейтұр­ғанмен, бәріне уақыт төреші боларына сенемін. Біз түбі көркем әдебиетке ораламыз.

– Сіздің әндеріңіздің сөздері де өзге әндерден бөлектеу болып тұрады. Ай­ты­сыңызды қабылдай алмаған тың­дар­ман, ән сөздеріңіздің иіріміне бойлай ала ма? Естір құлақ пен әнді орындайтын жүрекке «салмақ» түсірмей ме?

– Әннің сөзі жеңіл, қарапайым болуы керек деген түсінікпен келіспеймін. Біздің әдебиеттің сан ғасырлық тарихы бар, қат­пары қалың. Талай жыр-дастанды ауыздан-ауызға таратып, сақтап келген ұлтпыз. Со­лардың көркемдігін қазір оқысаңыз, таңдай қағасыз. Ойы да, образы да бөлек. Сөйте тұра, бүгін бәрін жеңіл болса деп ойлаймыз. Жұмекені, Сағиы, Мұқағалиы, Төлегені бар халық түсінбейді, қабыл­да­майды дегенге кім сенеді? Телеарналардың, радиолардың бағдарламаларына ша­қыр­ғанда да: «Аға, жеңіл әңгіме айтсаңыздар, халыққа түсінікті болса» деген өтініш білдіреді. Соларға таңғаламын. Халықты тобыр деп ойлай ма, әлде өздерінің те­реңдігіне күмән келтіре ме? Бүйте берсек, образсыз сөйлейтін, жалаң ойлайтын жайдақ ұрпақтың шоғырын қалыптас­тырармыз. Менің жырларымды түсінбейді дегенге сенбеймін. Соншалықты күрделі дүние жасап жүргем жоқ. Өлеңдерім арқылы сөзжұмбақ құрастырмағаным анық қой.

Кез келген бағдарламаға әншіні ша­қырып, солардан төрелік күтетін бүгінгі сықпытымызға таңмын. Бәрін бір шы­бықпен айдау ойымда жоқ, бірақ көптеген әншіге қарап отырып: «Осылардың басы бас па әлде мойынның жалғасы ма?» деп ойлайтыным шын. Рейтинг қуалаудың жөні осы екен деп, танымалдылықты ту еткендерді тайраңдата беру орынсыз. Әр бағдарламаның саласына қарай нақты мамандарын шақыру керек. Әншінің тал­ғамын өсіру керек шығар, әуелі...

Өлең жазудан, оған ән тудырудан, оны әрлетуден гөрі орындайтын әншісін табу маңыздырақ. «Көршінің қызын» Тоқтар Серіков, «Мақтаралым, мақпал әнімді» Роза Әлқожа, «Мұңайма, қалқамды» Саят Медеуов, «Сені ойлапты» Заттыбек Көп­босынов орындайды. Бұлардың әрқайсысы өлеңнен жырақ емес. «Моншақ қыз» деген әнімде: «Құтыға сыйып кетермін, Ішінде сені бар десе» деген жол бар. Соны орындайтын Шыңғыс деген әншіні халық «Құты» дейді екен. Өзі айтып, күледі. Демек, халық түсінеді екен ғой. Саят орындайтын: «Қабырғалардың қаланар сәті бұйрық та, сөгіліп кетіп құлайтын сәті – тағдыры» немесе «Сізбенен бірдей көйлек киетін қыздар көп, Айта аласыз ба, соларды неге көрмеймін?» деген жолдарды халықтың жатырқағанын көрмедім. Ән­ұранымыздың бұрынғы нұсқасында: «Қарсы алған уақытты Ежелгі досындай» деген жолдарды халық кері итерді ме? Жоқ. «Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты, Сол шіркін кәрі жолдас, өлең білем» деп боздаған Кемпірбайды қалай ұмы­тарсың. Уақыттан уақытқа секіретін ән болу үшін сөзі мен әуені балталаса да бөлінбей­тіндей құйылып түсуі керек. Шәмші аға­мыз «Ақмаңдайлым» деген әніне 27 рет сөз жаздырыпты Мұзафар Әлімбаев ағамызға. Міне, талғам. Міне, жауапкершілік! Бізге де сондай таным талғамы керек-ақ. Қазір көптеген сазгерлер сөзге жауапкершілікпен қарамайды. Олардың аты-жөнін ешкім танымайтын ақындары бар. Бір өлеңі ха­лықтың есінде жоқ сол ақындарды пір тұ­тады. Өздерінің Мұқағалиы, Айбергеновы бар. Ол ақындары тегін жазбайды. Өзде­рінің ставкалары жоғары. Өлеңінің әр тармағы әр жаққа кетіп жатқанымен шаруасы жоқ. Кінә сазгерлерде, өздері газет-журнал оқы­майды. Соларға: «Неге бүгінгі ақын­дармен шығар­машылық байланыс орнатпайсың? Алмат Исәділ, Бақыт Беделхан, Әлібек Шегебай, Ерлан Жүністерді неге іздемейсіңдер? Олар сендерге керекті жырды жазып бермесе, маған келіңдер», – деймін күйіп. Уақыт өзі реттер-ау, бірақ өнердің бағлан басы арзандап бара жатқанына қынжыл­май тұра алмайсың.

– Қазір ақпарат тасқынының ішінде отырмыз. Күні бойы оқырымыз, жазарымыз, көреріміз жалаң, бітпейтін ақ­парат ағыны. Қара бояудан жүрек лоб­лиды, тонау, кісі өлтіру, ұрлық-зор­лық. Сенсация қуғыш сықпытымыздың барар жері беймәлім. Халыққа не ұсынып отырмыз деген сұ­раққа бас қатырмай­тын болдық. Осы жайт Сізді толғандыра ма?

– Кезінде ауылымызда бір мүгедек кісі болды. Әкемнен: «Бұл кісі аяғын қалай мер­тіктірген?» деп сұрасам: «Тарзан» деген фильм бар еді. Соны көріп, ағаштан ағаш­қа секірем деп, аяғын сындырып алған», – деп еді. Сөйтсем, сол фильмді көрген соң мертіккен балалар көбейіпті. Кеңес одағы содан кейін бұл фильмге шектеу қойған екен. Қазір ол «Тарзаныңыз» қараң қалды. Одан он есе сойқандарды көрсете беретін болдық. Бетіміз бүлк етпей, жаманаттың бәрін айтамыз деп, соны жарнамалап отырмыз. Суицид деген қайдан қаптап кетті? Оның қалай болатынын тәптіштеп көр­сетіп отырған өзіміз. Сөзге жауапкершілік жоғалды. Сайттарды ақтарсаңыз, бықып жүрген қате. Жарты сөйлем, қате сөйлем, мағынасыз сөйлем, жансыз сөйлем... Онымен қоймай, сауатсыздықтың ең бір «көр­кем» үлгісін көрсетіп отырмыз. «Google» деген «көкең» бар, сол көкеңіздің ішіне енсеңіз, не керектің бәрін тауып береді. Соған еніп, әдебиеттің де, өнердің де, журналистиканың да «көкесін көзіне» көрсетіп жүргендер бар. Жалаң ақпарат­тың айқайынан құлақ тұнады... Шектеу жоқ, тыйым жоқ. Демократия. АҚШ-та журналистер қолдануға болмайтын 42 сөз бар. Онда «Үндістердің сүйегінің үстіне орнаған мемлекет» деп айта алмайсыз. Ал бізде ше? Өзіміздің бетімізге өзіміз күйе жаққанымызға мәзбіз.

Баяғыда журфакта белгілі ақын, жазушы, публицист Нұржан Қуантаев екеуміз бірге қызмет атқардық. Студенттердің дип­ломдық жұмысына пікір жазатынбыз. Мен оның жетекшілігіндегі студенттерге пікір жазамын, ол менің студенттерім ша­ғын пікір беріп, қорғатуға күш салады. Бірде Мереке Құлкенов ағамыз комис­сияның төрағасы болды. Мен бір студенттің дипломдық жұмысына шағын пікір жаз­ғанмын. Сол дипломдық жұмысты көріп отырып: «Жігіттер, тым құрыса өздеріңнің қолдарыңды аясаңдаршы. Мына дип­ломдық жұмыстың алғашқы бетiнде-ақ қателер өріп жүр. Ал сендер «бес» деген баға сұрайсыңдар» дегені. Тер бұрқ ете түсті. Шынында да сәп салмап едім. Содан бастап қандай дүниені оқысам да, алдымен қате жібермеуге тырысамын. Өз қолымның обалына қалмайын деймін. «Заң» газеті аптасына төрт рет шығады. Бас редактордың жауапкершілігі қарапайым журналистерден екі есе жоғары. Алты метр арқан жұтқандай сірескен мақалалар келеді. Ресми заңнамалық мақалалар көбі. Оқудың өзі қиын. Сонда да бір бетін қал­дырмай қадағалау дағдым. Біз корректор­лық үрдісті тым әлсіретіп алдық. Қателік­тен ұялмайтын болдық. Түркияның «Заман» деген газетінде 500-ден артық шы­ғар­машылық адам қызмет етеді екен. Бір бетті он адам бірлесіп шығарады деген сөз. Ал біздегі республикалық басылымдарда бар-жоғы бес-алты журналист болатынын өзің де білесің. «Қазақ әдебиетінде» Шерхан ағамыздың тұсында 42 адам жұ­мыс істепті. Қазір ше?.. Осының бәрі штаттың аздығынан, қателіктер де, сауат­сыздық та, талғамсыздық та содан туындап отыр. Оңтүстікте бір өзі он газеттің Бас редакторы болып жүргендер бар. Сол жаққа республикалық басылымдардың Бас редакторлары барса халық: «Ой, біздің Пә­лен­шеміз «Шемішке» деген газет шы­ғарады. Сендерде сол сияқты болдыңдар ғой» дейтіні айқын. Сондықтан, әлі де болса талғам мен танымға қиянат жасамауды ойласақ, бұл саланы ретке келтіргеніміз жөн.

– Қаламгерді өзінің кітапханасынан жақсы түсінетін орта жоқ болса керек. Айтар уәжің мен шағар мұңыңның өте­уін іздесеңіз, кітаптардан табасыз. Жалғыз­дықтың терең иірімі де, көптің шуы да, көңілдің нұры да – кітаптардың ішінде. Сіздің кітап­ханаңыздан іздеге­ніңізді таппаған сәті­ңіз, болмаса өз сұ­рағыңыздың жауабын алып, марқайған кезіңіз көп бола ма?

– Уақытты өлтіруді меңгердік бәріміз. Газет-журналдың, тіршіліктің қамымен жүріп, кітаптар әлеміне қайырылуды ұмытып кеттік. Шерхан ағамыз Жазушылар одағына келгенде айтқан еді: «Әттең, осы жерде қаншама уақытымды өлтірдім» деп. Сол кездегі Шерхан ағаның өкінішін терең сезінген едім. Бірақ тіршілік етпей, қайда барасың? Соларды мысалға келтіре отырып, өзіңде сол жолмен жүруге мәж­бүрсің. Отбасын асырау үшін күнделікті ақпарат айдынына ұмтыласың. Кеңес ке­зінде шығармашылық адамдарының үйі қарапайым халықтан 20 шаршы метр ке­ңірек болыпты. Себебі, оның шығарма­шылықпен айналысуы керек. Қазір ондай ой түгіл, сана жоқ. Тіпті, баспанасыз жас­тардың өзі қаншама? Бірақ осының бәрін қайырып қойып, оқу керек. Таланттымын деп далақтағаннан түк шықпайды. Абылай хан атындағы әлем тілдері университетінің студенттері төрт жылдың ішінде қытай, ағылшын, жапон, корей тілдерін меңгеріп шығады. Бір студент бірнеше тілді білуге тиісті. Қажеттілік. Ал біздің кейбір замандастарымыз шет тілін емес, қазақ тілін тереңдете түсуге құлықсыз. Өз тілін ұш­тауға мән бермейді. Әдебиет – сөзбен жұмыс істеу. Өз басым қазақ тілін үйрену­мен келемін. Түсіндірме сөздіктерді көп ақтарамын. Өзім естімеген яки қолданбаған сөз көрсем, қойын дәптеріме түртіп қоя­мын. Міне, далаға қараңыз. Күздің соңғы күндері, ағаштың жапырақтары сарғайып тұр. Осыны бір бетке сыйдырып жазып беріңізші. Аудиожурналистер үш сөй­лемнен кейін тоқтайды. Ал Сіз әдебиетшісіз ғой... Кеудесін қаққан небір шешендеріңіз бір бетке не жазарын ішім сезеді. Әде­биетші болу еріккеннің ермегі емес.

Ендеше, ізденіңіз. Сөзіңізді толықты­рыңыз. Ескі сөздерді қайта айналымға түсірсеңіз, несі айып? Кітаптардың мені алдаған жері жоқ. Оралханды, Қалиханды оқып, өзіңнің тіл байлығыңа күмәнмен қарайсың. Ары қарай іздене түсесің. Сол ізденіс Сізді жыраулар поэзиясына, ан­тикалық романдарға, Абайға, Толстойға, арғы-бергі әлем әдебиетіне сүңгітеді. Әуе­зовті оқымасаңыз, түйсігіңіздегі әлдебір бүршіктер ерте солып қалардай көресіз. Мұхтар Мағауиннің томдықтарына уақыт өте қайта-қайта қайырылып отырасыз. Сол ізденістің иіріміне түскен сайын әде­биеттің қаншалықты терең мағынаға толы екенін сезесің. Бүгінгі жылтырақтардың у-шуының кітаптың алдында мысқалдай құдіреті жоқтығына иланасың.

– Бір сөзіңізде: «Қазақ газеттері жабылу үшін ашылады» депсіз...

– Сөзден қорықпайтын болдық. Иесі де, киесі де бар екенін ұмыттық. Журна­листиканың пәрменділігі бар да, тиімділігі жоқ. Министрлеріміз жағдайды шешумен емес, сол жайында ақпарат берумен айналысатын болды... Он журналистің тоғызы сын айтады, бірақ одан шығар нәтиже жоқ. Өзін сыйламаған халық, сөзін сыйламайды. Аяулы анам Ұлбике аудандық газеттің жауапты хатшысы болып қызмет етті. Менің журналистика саласына қызығуым сол кездерден басталды. Аудандық дең­гей­дегі талай мәселенің шешілуіне сол кісінің жазбалары әсер етуші еді. Қазір ондайды республикалық басылымнан да көрмейсіз. Жазбай жатқан жоқ, айтылмай жатқан жоқ, тек ешкім керек етпейді. Қазақ басы­лымдарының тез ашылып, тез жабыла­тынының тағы бір себебі, газеттердің құрыл­тайшыларға тәуелділігі. Нарыққа икем­­делудің қиындығы. Себебі, тіліміздің мүш­кіл халі мен сауатты оқырманның қалып­таспауы, оған қоса, сол газеттің ұйым­дастырушыларының заманға бейім­деле алмауы талай басылымның соры болды.

Әңгімелескен, Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.
"Дала мен қала" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5327