Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3857 0 пікір 11 Желтоқсан, 2013 сағат 05:56

Президент пен перзент: ЕЛБАСЫНЫҢ ЕКІ СЫЙЛЫҒЫ

1-2 сурет:  Нұрсұлтан Назарбаев кішкентай Нұрсұлтанмен бірге. Қызылорда облысы, 1991 жыл.

3 сурет: Қызылорда облысы әкімі аппаратының қызметкері Нұрсұлтан Әбілдаев. 2013 жыл.

 

Еңбек Ерінің немересі

1986 жылдың тамызында сол кездегі  Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келіп, өңірдегі белгілі диқан, Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстафаеваның күріш алқабын аралайды. Жайқалып тұрған ақ алтынды көріп, көңілі көтерілген Нұрсұлтан Әбішұлына күрішші апамыз сөз арасында дәл бүгін немерелі болғандығын, ұлы Алтынбектің отбасында ер бала дүниеге келгендігін айтады.  «Егер рұқсат етсеңіз, сіздің есіміңізді қояйын, сәбидің аты Нұрсұлтан болсын» дегенде, Министрлер Кеңесінің төрағасы келісім беріп, олардың риясыз ниетіне ризалықпен аттанады. Міне, сол бала Нұрсұлтан бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Сыр өңіріндегі әрбір сапары кезінде әжесінің қасынан қалмай, алдынан бірге шығып жүреді.

1-2 сурет:  Нұрсұлтан Назарбаев кішкентай Нұрсұлтанмен бірге. Қызылорда облысы, 1991 жыл.

3 сурет: Қызылорда облысы әкімі аппаратының қызметкері Нұрсұлтан Әбілдаев. 2013 жыл.

 

Еңбек Ерінің немересі

1986 жылдың тамызында сол кездегі  Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келіп, өңірдегі белгілі диқан, Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстафаеваның күріш алқабын аралайды. Жайқалып тұрған ақ алтынды көріп, көңілі көтерілген Нұрсұлтан Әбішұлына күрішші апамыз сөз арасында дәл бүгін немерелі болғандығын, ұлы Алтынбектің отбасында ер бала дүниеге келгендігін айтады.  «Егер рұқсат етсеңіз, сіздің есіміңізді қояйын, сәбидің аты Нұрсұлтан болсын» дегенде, Министрлер Кеңесінің төрағасы келісім беріп, олардың риясыз ниетіне ризалықпен аттанады. Міне, сол бала Нұрсұлтан бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Сыр өңіріндегі әрбір сапары кезінде әжесінің қасынан қалмай, алдынан бірге шығып жүреді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитетінің бiрiншi хатшысы болған кезінде тағы да Ақмешіт аймағына сапармен келеді. Бұл жолы да ол Балдырған Мұстафаеваның алқабына соқпай өтпеді.  Зырылдаған уақыт-ай десеңізші... Ел-жұрттың күрішші Балдырғанды әже атануымен құттықтап жатқаны күні кеше сияқты еді. Енді, міне, әйгілі дихан әжесінің жетегінде жүрген сол Нұрсұлтан бес жасқа толыпты. Ел басшысы осыдан бес жыл бұрынғы жүздесуді еске алып, бар пейілімен ақтарыла күліп, кішкентай баланы қолына алады. Құрметті қонақ бұған кішкене ойыншық ұшақты сыйға тартады. Бұл сәт біздің кейіпкеріміздің есінде ұмытылмастай болып қалыпты.

– Барлығы да есімде, менің келуіме орай атын қойған едіңіз, ниетіңіз оңғарылсын. Аманшылық болса, балаға өзім қолдан келгенше қолдау көрсетемін, хабарын айтып тұрыңыз, – деп, Нұрсұлтан Әбішұлы Еңбек Ерімен жылы қоштасады.

 

Әженің әсерлі әңгімесі

Арада он жыл өтті. Кешегі еңбектеген бала ержетті, еңбекқор күрішші апа зейнетке шықты. Қоғамдағы өзгерістерді қалт жібермей қадағалап отыратын Балдырған әже немересіне ат таңдауға келгенде қателеспегеніне үнемі риза кейіппен жүретін. Әсіресе телеарнадан Президентті көрсете қалса, төңірегіне жинала қалған ұл-қызы мен немерелеріне ол кісімен кездескен сәтін айтудан жалықпайтын.

Ауылдағы оң өзгерістерді Елбасының есімімен байланыстыра айтудан әсте жаңылған емес. Қашан да әңгімесінің соңында Нұрсұлтан Әбішұлының амандығын тілеп, оның «Бәрі де болады. Тек шыдам мен төзім керек» деген өнегелі сөзінен үлгі алу керектігін құлаққа құйып отыратын.

2001 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмешітке келгенде Сырдария ауданын аралап, диқандармен дидарласуы жоспарланған еді. Жүздесуге облыстың танымал азаматтары молынан жиналып, Мемлекет басшысын үлкен қошеметпен қарсы алды. Әрине, олардың арасында Балдырған әже де бар еді. Жанына әдеттегідей бала Нұрсұлтанды ертіп алып, кездесуге келді.

Бұл кезде Нұрсұлтан Әбілдаев қаладағы № 222 Тұрар Рысқұлов атындағы  мектептің  9-сыныбында оқитын. Ол бұл жолы Президенттің көзіне түсіп, тіл қатысып қалуға бекінді. Әңгімені неден бастайтындығын жобалап, айтатын сөздерін алдын-ала жұптап қояды. Белгіленген мезгілде жеткен Елбасы қуаныштан жүздері жайнап тұрған елдің ортасына енді. Мұның әжесімен сәлемдесіп хал-жағдай сұрасты да, балаға бұрылып, ұсынған қос қолын алды. Оңтайлы сәтті пайдаланып қалғысы келгендей әжесі немересі жайында тоқтаусыз айтуға көшті.

–  Нұрсұлтан Әбішұлы қуаныштан жүрегім жарылардай болып тұрған маған қарап, «Мектеп бітірген соң қайда оқығың келеді?», – деп сұрады. Ойланбастан «Астанада, Еуразия ұлттық университетінде», – деп бірден жауап бердім. Президент жауабыма қанағаттанғандай күлімдеп арқамнан қақты да, әжеме: «Мектепті бітірген соң маған хабар жеткізіңіз, баяғы сәби күнінде оқуға түсіру менің мойнымда деген едім ғой. Университетке түсіреміз, оқытамыз», – дегенде, төңіректегі  ел-жұрт  дуылдата қол соғып жіберді» – дейді осы кездесуді қайыра көз алдынан өткізген Нұрсұлтан Әбілдаев.

 

Армандай болған Астана

Қызықты кездесудің әр сәті Ақмешіт атырабына аңыз болып тарады. Ауылдастарының аузында «Елбасы Балдырған Мұстафаеваның немересін Астанаға, анау-мынау емес, Еуразия ұлттық университетінде оқуға шақырды, Нұрсұлтанның бағы бар екен», – деген әңгіме желдей есті. Қызыға да, қызғана да қарайтындар көбейді. Мектепке бара жатқанда жол-жөнекей жолыққандар тоқтатып алып, Елбасымен қалай сөйлескенін ежіктеп сұрайтын. Айналасындағылардың таңданысына қарап Нұрсұлтан өзін тап бір студент атанып қойғандай сезініп, аяғын алшаң басты.

Қызық болғанда, содан бері екі жыл бойы елорданы үнемі түсінде көрді. Телеарналар мен газет-журналдардан ғана тамашалайтын қаланы тура өңіндегідей аралайды.  Ерке Есілдің жағасында жүреді, айбарлы да, айбатты Ақорданың алдында қыдырыстайды. Алайда соңғы қоңырау соғылғанда бәрі басқаша басталды.

«Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, Балдырған әжесі Нұрсұлтанды өзге немерелерінен ерекше көретіндігінен бе, әлде өзге себеп болды ма, әйтеуір Солтүстікке жібергісі келмеді. «Онда өңкей  ауқаттылар тұрады. Сен қайтіп күн көресің? Қызылорданың қыз-қыз қайнаған ыстығында өскен сен қысы қатал қалада қалтырап жүрмекшісің бе?», – деп, әр нәрсені сылтауратып, арманынан айнытуға көшті. Нұрсұлтанның да оңайлықпен берілгісі жоқ. Елбасының екі жыл бұрын айтқан әңгімесі құлағында тұр. Соны еске түсіріп, «Әже, бәлкім, Елбасыға хабарласармыз. Ол кісі көмектеседі ғой», – деп тақымдап қоймады.

Бүкіл ғұмырында бел шешпей еңбек еткен Балдырған әжесі басу айтты. «Ел жауапкершілігін мойнымен көтеріп жүрген Елбасыны ұсақ-түйек шаруамен мазалауға болмайды». Болды, кесімді сөз айтылды. Екі жыл бойы қиялға қанат бітірген Астана көзден бұл-бұл ұшты. Тіптен бұдан кейін қырсыққанда Нұрсұлтанның түсіне елорда қайтып енбей қойды...

Балдырған әженің шешімі бекер емес-ті. Нұрсұлтанның әкесі Алтынбектің шаңырағында бес бала бар. Өмір бойы жергілікті мекемеде жүргізуші болып жұмыс істейтін оның азын-аулақ жалақысына бүтін бір отбасы қарап отыр. Келіні Маржан үйде бала-шағаның күтімінен босаған емес. Әрине, Социалистік Еңбек Ерінің зейнетақысы өзгелерге қарағанда көбірек. Дегенмен, Астана секілді алып қалада бір зейнетақымен бала оқыту деген оңай емес. Алайда «Жыртық үйдің құдайы бар» дегендей, көп ұзамай жастың да, кәрінің де тілегі қабыл болды. Мектепте жақсы оқыған Нұрсұлтан Әбілдаев  Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің заңгер мамандығына бөлінген санаулы грантты жеңіп алып, студент атанды. Елордаға жете алмаса да, ел қатарлы университетке түскеніне шүкіршілік етті.

 

Студентке берілген сағат

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2005 жылы кезекті сапармен Сыр бойына келді. Елбасымен кездесу үшін дүйім жұрт қала шетіндегі Әйтек су торабының маңына жиналды. Балдырған әжесі де қызық, студент атанған Нұрсұлтанды баладай жетелеп, жүздесуге жетті. Президент әдеттегідей қаумалаған қауыммен ашық-жарқын сәлемдесті. Елдің ең алдында тұрған Балдырған әжесіне жақындағанда жылыұшырай амандасты да, аздап аялдады. Ұтымды тұста қос қолын ұсынған Нұрсұлтанның сәлемін алған Елбасыға әжесі бұрыннан таныстығын білдіріп, еркін сөйледі. Бір кездегі Сыр бойына сапар кезінде туған ұл осы екендігін, атын өзінің құрметіне Нұрсұлтан қойғанын, 5 жасында ауылға келгенінде көтеріп суретке түсіп, ұшақ сыйлағанын бастырмалата тағы бір қайталап айтып шықты. Сірә, Балдырған әжесі бір замандағы әдемі сәттерді Елбасының есіне қайыра салып, немересіне назарын аудартқысы келген секілді. Алайда әжесі ойлағандай емес, бәрі де Елбасының есінде күні кешегідей сақталғаны белгілі болды. Себебі, Нұрсұлтан атасы әлдебір әдемі қорапты қолына алды. Міне, қызық, Президент өз қолы қойылған сағатты бозбала Нұрсұлтанға ұсынды. Онсыз да сәлемдесіп, жағдай сұрасқанына төбесі көкке жетіп, ертең сыныптастарының алдында мақтанатын сәтін ойлап, көкірегін қуаныш кернеп тұрған оның тіптен есі шығып кетті.

– Басқа-басқа, дәл мұндай керемет сыйды күтпеген едік, – деп еске алады Нұрсұлтан Әбілдаев. – Әсіресе әжемнің қуанышын көрсеңіз...  Бала күнінде бір кездескенде ұшақ сыйлады, енді, міне, сағат! Нұрсұлтан Әбішұлы ізгі тілегін арнап, батасын берді. Бірақ бақыттан басым айналып, жарытымды сөз тауып айта алмадым.

Нұрсұлтанға Елбасы  тарту еткен сағатты көру үшін алыс-жақын ағайын кешқұрым үйге қарай ағылды. Мұны жақсы ырымға балаған Балдырған әже ақ пейілмен дастархан жайып, бір шашылды. «Осы біздің «герой» жеңгеміздің көріпкелдігі бар-ау. Кетпенін арқалап күріш егіп жүргенде немересіне Министрлер Кеңесі төрағасының есімін қойғанын айтсаңшы. Түбінде еліміз егемендік алып, төраға Президент болатынын білгендей...», – деп жұрт әзіл-қалжыңның тиегін ағытатын. Осылайша сағаттың «жыры» талай уақытқа созылды. Әжесі мен немересі қымбат сыйлықты көздің қарашығындай қастерлеп, қол жетпейтін тұсқа тығып қойды.

 

Қиындықпен бетпе-бет

Тіршілік тұтастай күнгейден тұрмайды. 2006 жылы Әбілдаевтар отбасына да қиындық келді. Жергілікті «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тілшісі Социалистік Еңбек Ері турасында телесюжет әзірлеу үшін Тереңөзек ауданы, Шіркейлі ауылында тұратын Балдырған Мұстафаеваның үйіне барады. Күні бұрын хабар алған әже аса тиянақтылықпен дайындалып, тілшілерді жылы жүзбен күтіп алады. Журналист пен оператор ыңғайлы орынды дайындап, түсіру жұмыстарын бастап кетеді. Біршама уақыт өткен соң редактор сөз арасын сұрақпен бөліп, жауабын күтіп, әжейдің бетіне қарағаны сол еді, Балдырған апа терең бір дем алып, күлімсіреген қалпында бір жағына қарай қисая береді.... Жаратушының жазғанына қарсылық бар ма, бүкіл ел жиылып ақтық сапарға шығарып салды. Елордадан Елбасы жолдаған арнайы көңіл айту жеделхаты да қайғыдан езілген отбасының көңіліне медеу болды.

Мемлекет басшысы бұдан кейін де жұмыс бабындағы сапармен Қызылордаға келіп тұрды. Бірақ асыл әжесі өмірден өткеннен кейін Нұрсұлтан жеке-дара ол кісінің алдынан шыға алмады. Сонда ғана ол Балдырған әжесінің ағайын арасындағы абыройының биіктігіне, ел ішіндегі танымалдығына көзі жетті. Ол кісі тек мұның әжесіне ғана емес, елдің анасына да айналған екен ғой.

Алдымен жұмыссыздықтан қиындық көрді. Қолында күректей дипломы бар, мамандығы – анау-мынау емес, заңгер. Бірақ қайбір кеңсеге барса да, еститіні бір жауап – «орын жоқ». Танысты да, тамырды да жағалады, айтса сөзі, созса қолы жетеді-ау дегендерді де төңіректеді. Нәтиже болмады. Қатты қамығып, налығанымен әжесінің «Бәрі де болады. Тек шыдам керек» деген сөзін қайталап, өзін-өзі қайрайды. Енді кеңсені қойып, күн көруге көшті. Іргедегі Тараздан несібесін іздеп көрді. Одан ары Алматы асып, құрылысқа бел шешіп кірісті. Өстіп жүргенде төрт жыл зымырап өте шықты. Кезінде арман қуып, Елбасымен сәлемдесіп, сыйлығы мен батасын алған жігіт тас қалап жүр. Кішкентай қос бүлдіршіні құлдыраңдап өсіп келеді. Қам жасау керек.

 

Ақордаға жазылған хат

Үнемі ой үстінде жүретін жігіт ақыры тәуекелге бел буды. Сандық түбіндегі суреттерді тауып алды. Сосын Елбасыға хат жазды. Өміріндегі ерекше сәттерді тілі жеткенше қағазға түсірді. Хатты Астанаға жолдағанымен Елбасының қолына тиеріне сене қоймаған еді.

Арада апта өткенде қалта телефонына  әлдекім хабарласты. Өзін облыс әкімінің көмекшісімін деп таныстырды. Облыс әкімі іздеп жатыр екен. Жаңалау киімдерін киіп, белгіленген уақытта әкімдікке жетті.  Облыс әкімі Болатбек Қуандықов жылы қарсы алды. Бір аптадан кейін әкімдікке келісім-шартпен жұмысқа тұрды.

– Әрине, мұның барлығы Елбасының шапағаты ғой. Бала күнімде әжеме берген уәдесін ұмытпағанына шын жүректен риза болдым. Елбасы екі сөйлемейтін, елге берген уәдесінде тұратынын былайша да жиі естиміз ғой. Бірақ мен өз көзіммен көріп,  басымнан өткергеннен кейін ол кісінің парасаттылығына тәнті болдым. Мен де ерінбей еңбек етіп, Қазақ мемлекетін Президент межелеген биікке шығаруға титімдей болса да үлес қосуға уәде беремін, – дейді Нұрсұлтан.

Қазір Нұрсұлтан Әбілдаев Қызылорда облыстық әкімдігі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас маманы болып қызмет істейді. Біздің кейіпкеріміз өткен жылы жаңа қызметіне тағайындалысымен Патриоттар форумына қатысу үшін алғаш рет ұшаққа отырып, Астанаға келді.  Бала кезінде баяғы Президент сыйлаған ойыншық ұшақ ермегі болып еді. Енді шын ұшаққа мініп, Елбасы сыйға тартқан  сағатты қолға тағып, «Бәйтеректің» төбесіне шығып, әсем де әдемі ару қалаға биіктен көз тастады. Астанаға түбінде бір келемін деп, өзін-өзі іштей сендірді. Өйткені, Елбасымен жүздесулер оның өмір жолын тың арнаға бұрып,  күтпеген кереметтерді үнемі алға тартып келеді.

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415