Жұма, 27 Қараша 2026
Жаңалықтар 71 0 пікір 27 Қараша, 2026 сағат 17:21

Аралды құтқару қоры $170 млн қаржы тартты

Сурет: Үкіметтің телеграм арнасынан алынды.

Қазақстан төрағалық еткен кезеңде Халықаралық Аралды құтқару қоры $170 млн-ға жуық гранттық қаржы тартты...

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) басқармасының отырысы өтті.

Жиынға Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Түрікменстан Мемлекеттік су шаруашылығы комитетінің төрағасы Дурды Генджиев және Қазақстан су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ Қырғызстан тарапы бақылаушы ретінде қатысты.

Жиында тараптар 2026 жылғы 22 сәуірде Астанада өткен ХАҚҚ-ны құрушы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қабылданған шешімдердің орындалу барысын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары 26 наурызды Халықаралық Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендері күні деп жариялау туралы шешім қабылдаған болатын.

Сондай-ақ ХАҚҚ басқармасының отырысында Қазақстанның 2024-2026 жылдардағы төрағалығы кезеңінде Қордың Атқарушы комитеті жүргізген жұмыс қорытындылары қаралды. Осы кезеңде жұмыс он бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, даму жөніндегі әріптестерден, оның ішінде Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыруға бағытталған өңірлік ынтымақтастық жобасы (CAWEC) бойынша $20 млн, REMIT бағдарламасы аясында $145,2 млн және Француз даму агенттігінің жобалары бойынша 2 млн еуро көлемінде гранттық қаржы тартылды. Сонымен қатар халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен 13 меморандум мен келісім жасалды.

Жиынға қатысушылар Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы

Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасының (АТББ-4) жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ ХАҚҚ-ның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметін қарастырды.

Отырыстың маңызды қорытындыларының бірі – Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеу туралы шешім болды. Қор басқармасы Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) аталған жоспарды әзірлеу және бассейн елдерінің өкілдерінен жұмыс тобын құру туралы шешімін мақұлдады. Тараптарға ұлттық үйлестірушілерді айқындау, жұмыс жоспарының жобасын әзірлеп, келісу тапсырылды. Кейін құжат МСШҮК-тің бекітуіне және ХАҚҚ басқармасының мақұлдауына ұсынылады. Ал Қордың Атқарушы комитетіне жоспардағы іс-шараларды жүзеге асыру үшін даму жөніндегі әріптестермен техникалық және қаржылық қолдау мәселелерін пысықтау міндеттелді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысушыларға Орталық Азиядағы су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция жобасын әзірлеу барысы туралы да ақпарат берді. Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасының ілгерілеу барысына тоқталды. Бұл бастаманы 2026 жылғы 8-10 желтоқсанда Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясында талқылау жоспарланып отыр.

«Бүгінгі отырыс Қазақстан Республикасының 2024-2026 жылдардағы Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығын қорытындылайды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қорға төрағалық ету Өзбекстан Республикасына өтеді. Осы кезеңдегі басты оқиға Астанада өткен ХАҚҚ-ны құрушы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы болды. Оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы мен мемлекеттер басшыларының бірқатар шешімі қабылданды. Соның ішінде 26 наурызды Халықаралық Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендері күні деп жариялау туралы шешім бар. Осы уақыт ішінде Қордың Атқарушы комитеті даму жөніндегі әріптестермен бірлесіп, бірқатар өңірлік бастаманы іске қосты. Бірлескен жұмыс үшін басқарма мүшелеріне, Атқарушы комитетке, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясына және Тұрақты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссияға алғысымды білдіремін», — деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Abai.kz

0 пікір