Қазақстан түркі мемлекеттеріне жүк тасымалын арттырады
Мәжіліс түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасындағы жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялады. Бұл туралы Abai.kz хабарлайды.
- Келісімге сәйкес түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында теміржол, су және автомобиль көлігімен жасалатын жүк тасымалы көлемі ұлғайтылады. Тараптар өзара ынтымақтасып, жүк тасымалдауды ілгерілетуде қолдау көрсетеді. Осы мақсатта мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерінен тиісті мәселелерді талқылап, шешуге жауапты Бірлескен комитет құрылады, - делінген хабарламада.
Үкіметтің баспасөз қызметі бұл келісімнің 2022 жылы 11 қарашада Самарқанд қаласында жасалғанын хабарлады. Ол Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан арасындағы көлік-транзит әлеуетін және сауда-экономикалық қатынасты одан әрі дамытуға бағытталған.
Келісім ратификацияланғаннан кейін тараптар транзиттік тасымалдарға қатысты цифрлық технологияларды енгізу және жүктерді "жіксіз" мультимодальды тасымалдауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдай алады.
Abai.kz