Қазақстанның бірнеше аймағында сирена қосылады
Төтенше жағдайлар министрлігі 3-4 маусымда еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде "Жер-2024" Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтетінін хабарлады. Аталмыш оқу-жаттығу Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында өтеді.
"3 маусым сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісіне ұшырау мүмкіндігі бар аталған өңірлерде «Баршаның назарына!» сирена-сөйлеу құрылғыларын іске қосылады. Сондай-ақ, адам көп жиналатын объектілерде сейсмикалық жаттығулар өткізіледі", – деп жазылған хабарламада.
Оқу-жаттығудың мақсаты азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі.
Аталмыш іс-шара республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, шартты түрде жойқын сілкініс кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтау арқылы өткізіледі.
Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған палаткалық лагерлер мен далалық медициналық ауруханалар көрсетілетін болады.
Abai.kz