Қазақ редакторлары әріптесіміз Дәурен Қуатты қолдайды!
Abai.kz тарапынан Бас редакторлар мен журналистерге жарияланған сауалнамаға жауап беріп, ой-пікірлерін ортаға салып жатқан қаламгерлер жауабы толастар емес. Қазақтың сөзін ұстаған аға буын өкілдерінің де пікірлерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Abai.kz
Ұлықбек Есдәулет, ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы: Бұл - қазақ журналистикасында бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген қауіпті нышан
Abai.kz тарапынан Бас редакторлар мен журналистерге жарияланған сауалнамаға жауап беріп, ой-пікірлерін ортаға салып жатқан қаламгерлер жауабы толастар емес. Қазақтың сөзін ұстаған аға буын өкілдерінің де пікірлерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Abai.kz
Ұлықбек Есдәулет, ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы: Бұл - қазақ журналистикасында бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген қауіпті нышан
- Өзім жақсы көретін екі порталдың арасынан қара мысық өткені қабырғама батып жүр. Тоқ етерін айтсам, бұл ушыға бастаған мәселе - «Kazaitys.kz»-тің жігіттерін жағымсыз қырынан көрсетті. Олардың жазғанын оқып, авторы кім болса да ішкі мәдениеті мен кәсіби деңгейіне қарным ашты. Мен білетін Нұрғалымды ондайға қимадым. Алдымен «Мұртынан айырылып, сақалы ғана қалған айтыстан неге мән кетті?» деген полемикалық мақалаға шабына шоқ түскендей шамданып, авторын іздеп жатпастан, «Abai.kz»-тің бас редакторы Дәурен Қуатты жерден алып, жерге салды. Жазықсыз адамды жүндей түткісі келіп, айтыс ақындарын айдап салуға тырысты. Ал Дәуреннің байыпты жауабынан соң, «қазайтыстықтар» ақылға салып, салмақты қорытынды жасауы керек еді. Ұтымды уәж таппаса, пікірталаста мүдіргенін мойындағысы келмесе, тым болмаса үндемей қоя салмас па? Олай болмады. Өз әріптесін, қатар жүрген қаламдасын - кәсіби журналисті мұқату үшін оның шиеттей қыздарына қауіп төндіреміз деп қорқытуға бару - ешқандай шеңберге сыймайды, ешбір адамдыққа жатпайды! Қазақ журналистикасында бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген қауіпті нышан. Мұндай шетін құбылыстың алдын алып, тамырына балта шаппаса, ертең осындай өрескелдіктер жаппай белең алуы әбден мүмкін. Ондай жағдайда бала-шағасы бар кез-келген қаламгер тура пікір айтудан тайсақтамай қайтеді? Әлде, бұл шынында да, жұрт айтып жүргендей, осы порталдың маңайында мысықкөмбедей жасырын жатқан «әсіредіншіл дүмшеліктің көрінісі» емес пе екен деген күпті ой да қылаң берді. Лайым, кездейсоқтық болсын деп тілейік. Біздің құқықтық мемлекет құрып жатқанымыз рас десек, заңымыз жұмыс істеуі тиіс. Дәурен Қуат өз отбасын қорғау үшін оларға қайырылған болса, тасада жатып тас атқан кісәпірді тауып, ақ-қарасын ажыратқаны жөн. Мәселе келешекке сабақ болуы үшін. Қателік қайталанбас үшін. «Kazaitys.kz» басшылығы өзі қорқытпақ болған әріптесінен, «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп, дереу кешірім сұрап, бітіскені жөн дер едім. Әйтпесе, жарықшақ тереңдей береді. Бұл қоғамның, ұлттың мүддесі үшін керек. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегенді ұмытпайық.
Қазыбек ИСА, «Қазақ үні» газеті президенті: «Мұндай бассыздықты тыю керек!»
- «Қазайтыстың» «Абай.кз» айыбымды айтып қойды» деп, талағының тарс айырылып, жауап мақала жазғанын білеміз. Хош дейік, әркім өз пікірін білдіруге хақысы бар. Жауап мақаланың да келісетін жерлері жоқ емес. Оқырман өзі екшеп алады кімнің сөзі дәлелді екенін. Ал енді қазақтың белгілі журналисі, қаламгер Дәурен Қуатқа тасадан тас атып, поштасына қоқан-лоқыға толы хат жазуы – барып тұрған жабайылық! Ол тасадағы тас атқыштың Дәуреннің жеке басын былай қойғанда, отбасына, қызына тіл тигізуі барып тұрған айуандық! «Қызың зинақор болады» деп айтқан жауыз жалпы қазақтың жауы- Дәуреннің ғана емес... Миы осындай сөз айтуға - аялап отырған қызғалдақтарымыздың болашағына қараниет тілеуге ғана жеткен азғыннан бәрін күтуге болады. Бұл енді «тұрысатын жеріңді айт» дегенге жеткізетін нәмарттық. Сондықтан Дәурен мұны білікті журналист ретінде заңды жолмен шешуі керек. Қазақ редакторлары түгел әріптесіміз Дәурен Қуатты қолдайды деп сенемін. Сондықтан бұл қаратаңбадан арылу үшін «Қазайтыстың» өзі кінәлінің кім екенін анықтап, өз бастарын қоғамның айыптауынан арашалап алулары керек. Жалпы, бұрын тайраңдап бағып, енді тасадан қағып жұмыс істеп жатқан бұндай қазаққа, ұлтымызға жат ағымдарға қатаң тосқауыл қойылмаса, бұндай ылаң жайыла береді. Құқық қорғау орындары бұнымен шындап айналысып, кінәліні анықтап, жазасын беру керек. Олар өз міндеттерін атқарып, мұндай бассыздықты тыюы тиіс. «ҚазАйтыстың» шектен шыққан мұндай әрекетінің артында кімдер тұр? Жалпы сайттың поштасынан кім ондай қорқыту хатын жіберген? Осылардың бәрін әшкерелеп, қоғам болып айыптап, заң жолымен шешілуі керек. Әйтпесе, бұндай қараулық белең ала береді.
Жұмаш Кенебай, www.tanym.tv порталының бас редакторы, ақын, қоғам қайраткері, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты: Олардың артында әлдебір діни ағым мен сепаратистік топтың тұруы әбден мүмкін.
- Абай.кз сайтының бас радакторы Дәурен ініме ана «Қазайтыс» дегеннің соншалықты талағы тарс айрылып, аузына келгенін оттауын - көкбеттік деп түсінемін. Олардың артында әлде бір діни ағым мен сепаратистік топтың тұруы әбден мүмкін. Бүгінгі таңда толып жатқан діни ағымдар ұлтымыздың арасына жік салу үшін осындай алуан-алуан құйтырқы ойындарға барып жатқанынан хабардармын. Дәурен басқаратын сайтқа тиісулерін - өз басым Қазақстандағы барша қазақ тілді сайттарға тиісу деп түсінемін. «Қазайтыс» қанша оттағанымен, дөң айбат шеккенімен, қолдарынан ештеме де келмейді әрі мына біз келтіртпейміз. Олардың арсыз бетін аймандай ғыламыз. Қазақты қорламасын! Қорлатпаймыз! Менің Қазағым аман тұрса, мұндай иттердің ит терісін әлі басына қаптайды! Жетеді! Үрмеңдер!
Аманхан Әлім, ақын, «Ақиқат» журналының бас редакторы: Олар әлі де райынан қайтатын шығар
- Олар әлі де райынан қайтатын шығар Кәсіби журналист қана емес, қарапайым азамат ретінде де мұндай қоқа-лоқыға дұрыс қарамаймын. Сөз жоқ, тиісті орындар оған заң аясында жауап беруі керек.Біз құқықты мемлекетте өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? Олар әлі де райынан қайтатын шығар, айтқан сөздерінің артықтығын сезінер. Болмаған жағдайда заң бар емес пе?
Ғабит Мүсіреп, «Рауан» баспа үйі» ЖШС-нің бас директоры, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты : Kazaitys.kz-тікі қай айтыс?
- Құдайға шүкір, елімізде өркениетті қоғам орнықтыру жолында тырбанып еңбек етіп жүрген журналистер де, өз үлесін қосып жатқан бұқаралық ақпарат құралдары да жеткілікті. Солардың бірі де, бірегейі де – www.abai.kz болса, сайттың тізгінін ұстаған Дәурен Қуат – алаштың жаңаша ақпарат кеңістігін қалыптастыруда орны дара қаламгер. Соңғы кездері ұлттық, мемлекеттілік тұрғысындағы қадау-қадау мәселелерді өткір қозғап жүрген www.abai.kz-ке, оның бас редакторына азуын батырғысы келетіндер пайда болды. Ол басқа жақтан емес іргеден, www.kazaitys.kz деген сайт тарапынан шықты. Аталған сайттың поштасы арқылы Дәурен Қуаттың жеке басына жасалған қоқан-лоққыны ұлттық ақпарат кеңістігіне жасалған шабуыл деп айтуға болады. «Бізді сынайтын болсаңдар, көретін күнің осындай болады» деген дөңайбат бұл. www.kazaitys.kz-тің жазғыштары қазақтың киелі өнерінің атын жамыла отырып авторы жоқ, «жұмбақ айтыс» жасағаны алаңдатады. Сондай-ақ, Алтай Бұқарбаев жазған мақаланың анық-қанығына көз жеткізбей, оны Дәурен Қуаттың еншісіне теліп, «жер-жебіріне жету» - надандықтың белгісі. Оған қоса, бейпіл ауыз қатынның аузынан шығатын сөздерді жазып хат жолдау www.kazaitys.kz жазғыштарының адамгершілік ғана емес, құқықтық тұрғыдан да шектен шыққандығын көрсетеді. Еліміздегі ақпарат ашықтығын кейбіреулер өз ыңғайында пайдалануға ұмтылатындай. www.kazaitys.kz-тің әрекеті осыған саяды. Пікірталас барысында, өз ұстанымдарын жеткізу сәтінде әркім мәдениет өлшемімен ерекшеленеді емес пе. Қарсы жақтың пікірін тыңдай білу де, орынды уәж айта білу де мәдениеттіліктің белгісі. Марапат, мадақ, мақтаудың бәрі – достық та, Сынаудың бәрі – дұшпандық емес, әрине! - деп жырлаған еді кезінде ақын Қадыр Мырза-Әлі. Ендеше, сынағанның бәрін дұшпанына айналдыра берсе, www.kazaitys.kz те жауын көбейтіп алары анық.
Abai.kz