...СЕН ТҮГІЛ МӘДИ ЖАТҚАН
Алматыға келген бетте таксимен салып-ұрып, қала орталығындағы Киров (қазіргі Бөгенбай батыр) көшесі мен Мир (қазіргі Желтоқсан) көшелерінің қиылысындағы «Есік» қонақ үйіне ат басын тіредік. Орын жоқ. Кететіндердің орындары босағанша, бір тәулік күтуімізге тура келді. Басқа барар жеріміз жоқ. Таңертеңгі мезгіл. Есік алдындағы бұтақтарын кең жайған жуан діңді мама талдардың арасына қарама-қарсы қойылған екі ағаш орындықты арқандалған атша шыр айналамыз. Айналадан таныс іздейміз. Ешкім көзге түсер емес. Шала ұйқымен таң атырған бізге сағат алтыдан түске дейінгі уақытты өткізу қырда отырып, ойдағы базарға кеткен апамызды күткеннен де қиындау болды-ау!..
Алматыға келген бетте таксимен салып-ұрып, қала орталығындағы Киров (қазіргі Бөгенбай батыр) көшесі мен Мир (қазіргі Желтоқсан) көшелерінің қиылысындағы «Есік» қонақ үйіне ат басын тіредік. Орын жоқ. Кететіндердің орындары босағанша, бір тәулік күтуімізге тура келді. Басқа барар жеріміз жоқ. Таңертеңгі мезгіл. Есік алдындағы бұтақтарын кең жайған жуан діңді мама талдардың арасына қарама-қарсы қойылған екі ағаш орындықты арқандалған атша шыр айналамыз. Айналадан таныс іздейміз. Ешкім көзге түсер емес. Шала ұйқымен таң атырған бізге сағат алтыдан түске дейінгі уақытты өткізу қырда отырып, ойдағы базарға кеткен апамызды күткеннен де қиындау болды-ау!..
Күн тас төбеге көтерілген кезде қонақ үйдің астындағы асханадан бір-бір тиыннан екі-екі тілімнен нан, екі-екі тиыннан екі-екі стақаннан шай, әрқайсысы отыз тоғыз тиыннан бір-бір тәлеңке лапша алып, қарын мәселесін шешіп тастадық. Енді есімізге менің болашақ қабылдау емтихандарына киетін көйлегімнің жоқ екені түсті. Қол жүктеріміз қоймада. Жездем екеуміз «салт аттылы, сабау қамшылы» киім сататын дүкен іздеуге шықтық. Ана көшені бір айналып, мына көшені бір айналып жүріп, өткінші жүргіншілердің жөн сілтеуімен «Балалар әлемі» дүкеніне келдік. Халық ығы-жығы, үш қабатын аралап шығып, екі сом елу жеті тиынға бір ақ көйлек сатып алғанымызға мәзбіз. Баспалдағы жоғары қарай да, төмен қарай да өзі қозғалатын «ертегі» дүкеннен шыққанда есеңгіреп қалыппыз. Енді қонақ үйіміздің қайда екенін есімізге түсіре алсақшы? Комсомол (қазіргі Төле би) көшесінің бойында жалғыз көзі көкшірейіп тұрған таксидің жалына жармастық. Мысқылдай күлген орыс жүргізушісі: «Три рубль» деп үш саусағын көрсетті. Қуана-қуана келістік. Едел-жедел екі бұрылыс жасап, қарсы алдына тоқтап, «тізгін иесі» қонақ үйді сұқ саусағымен нұсқады.
– Көзді ашып-жұмғанша, тез тауып берді ғой, – дейді жездем ризашылықпен. Мұндағы уәделі орындар әлі босамапты.
– Енді не істейміз? – деп едім жолбасшым:
– Артық ақысымен ақшасын алдын-ала төлеп қойдық қой, күтейік, – деді.
Бір-бірімізден көз жазып қалмас үшін қол ұстасып, арлы-берлі бір-екі көше жүріп қайттық. Екеумізді адастыратындай көп адам да жоқ. Дегенмен, әкем ауылдан аттанарда:
– Алматыға барғанда адасып қалмауларың үшін көшеге шыққанда қол ұстасып жүріңдер, – деп ескерткен. Ол ескертуді бұзуға болмайды.
Кешкі аста да түскі аста ішкен-жегенімізді қайталадық. Екеуміздің тамағымыз 90 тиын болды. Жездемнің қалтасында 100 сом бар. Ақша жетеді. Қаланың ұры-қарылары «тонап» кетпес үшін оны шалбарының ышқырының ішкі жағынан арнайы тіктірген жасырын қалтаға салып, аузын түйреуішпен түйреп тастаған. Күніге жұмсайтын үш сомды бөлек алып қояды.
Бүгін де қонақ үйдің дәлізіне түнеуге дұрыс келді. Кезекші екеумізге де асты жұмсақтау орындық берді. Қаттылау болса да мойнымызды арқалығына қойып, құс ұйқы жасадық. Ертеңінде таңғы сағат жетіден Киров пен Панфилов көшелерінің қиылысындағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің бас ғимаратына барып, құжаттар тапсыруға кезекке тұрдық. Сәті түсіп, құжаттарымыз тез қабылданды. Сырттағы жылжымалы машиналардағы дәрігерлік тексерулер де көп бөгей қойған жоқ. Тек рентгеннің нәтижесі ғана бір тәулік күттірді.
Төртінші тәулікте құжаттар тапсырылды деген қағазды да қолға алдық, қонақ үйдің он кісілік бөлмесінен екі орын тиді. Мұндай жетістік екінің біріне бұйыра бермейді. Соның құрметіне бүгінгі кешкі асты Киров (қазіргі Бөгенбай батыр) пен Мир (қазіргі Желтоқсан) көшелерінің қиылысының арғы бетіндегі пельменханадан іштік. Әр порциясы 32 тиыннан екі-екіден пельмен алдық. Әй, тойғаным-ай!.. Жездем 22 тиынға бір бөтелке «Жигули» сырасын ішті. Оның бөтелкесін буфетке өткізіп, он тиынын қайтарып алдық.
Келесі күні асықпай ояндық. Үйреніп қалған әдеттегі ертеңгілік асымызды қарынға жөнелтіп алып, қонақ үй алдындағы орындыққа жайғасып, екеуара бүгінгі тындырмақ шаруамызды ақылдасып отырмыз.
– Қажытайды қайдан, қалай табамыз? – дейді Рахаң.
– Өткен, кеткендерден «Ара» журналының редакциясының мекен-жайын сұрастырайық, – деймін мен. (Газет-журналдар киоскісінен журналды сатып алып, адресіне үңілу ойға келмейді). Әне-міне дегенше сәске болып қалды. Жүргіншілердің арасынан Киров көшесі бойымен күнбатыс жақтан келе жатқан ана бір кісінің өңі танысқа ұқсайды. Артына қайырып, желкесіне жіберген салалы да ұзын шаштары жүрген сайын желп-желп етеді. Сол қолына қоңыр портфель ұстап алған, тіп-тік оның сәл ұшбұрыштылау екі көзінен от ұшқындайды. Ой үстіндегі қатулау қабақты ол айналасына назар салмастан тура тартып келеді. Он бес-жиырма қадамдай жақындап қалғанда қарсы отырған жездеме иек қағып, көзіммен нұсқап:
– Сіздің артқы жағыңызда келе жатқан ана бір кісі таныс адамға ұқсайды, – дедім. Бұрылып, қадала қараған ол:
– Ей.., Өй... – дей берді. Жолын кес-кестей ұмтылып:
– Әй, Қажытай!.. Ассалаумалейкум!.. – деді. Ол кілт тоқтай қалып, шүйліге назар аударып барып:
– Үй.., мынау Рамазан ғой. Ей, мұнда қайдан жүрсің? – деп екеуі арқа-жарқа құшақтаса кетті. Жездем кейінтінде Үржардан Ақсуатқа қоныс аударғанын, сол Ақсуаттан келгенін айтты.
– Жә-ә... Не жүріс?
– Үржардағы үйде өзің қолынан талай дәм татқан менің келіншегім – Нүркамалдың мына Еркін туған інісі. Осыны КазГУ-дің журфагіне оқуға алып келдім.
– Журфакқа?..
– Иә, жазғандары газет-журналдарда шыққан.
Қажекең маған барлай бір көз жүгіртті.
– Шылпық сары, келіншегіңе ұқсайды. – Екеуі күліп алды. Одан әрі тамыр-таныстарын сұрауға көшті... Ел-жұрттарын бір сәт аралап қайтқандай...
– Жә-ә, – деді Қажекең аздан соң, екі алақанын бір-біріне уқалап, – «Әңгіме бұзау емізеді...». Мен қызметке баруым керек. Бұл кездесу біздің үйде жалғасуы тиіс. Кешкі сағат жеті жарымда Абай проспектісі мен Масанчи көшелерінің қиылысында күтіп тұрамын. – Ол жерге біздің қандай көлікпен қалай жетуіміз керек екенін тәптіштеп түсіндірді де, қонақ үйдің тура алдындағы аялдамадан №22 автобусқа отырып, жөнеп берді.
– Еркін, – деді қуаныш үстіндегі жездем, – «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген – осы. Қажытайды Құдай өзі айдап келді. Бәрі де оңғарылар...
Мен емтиханға дайындалуға кірістім. Рахаң білетін көше-лерімен серуендеп келуге кетті.
Кешке қарай айтылған уақытынан ертерек жолға шықтық. Троллейбус іші иін тірескен жүргінші. Екі-үшеуіне сыймай қалып, бірімізді-біріміз итермелеп жүріп, келесі біреуінің табалдырығына іліктік-ау, әйтеуір. Ана көліктің де, мына көліктің де есік, терезелеріне алақтай қарап тұрған Қажекең троллейбустан иық жұлқысып әзер шыққан бізді көріп тұра ұмтылды.
– Әй, Рамазан, мен сендерді адасып кетті ме деп, мазасызданып тұр едім... Жүріңдер! – деп алдыға түсіп, бастай жөнелді. Үйіне есіктен кіргеннен:
– Әй, қатын, қонақтар келді, – деп дауыстады. Қалалықтарды қойып, далалықтардың өзі: «Әу, пәленшеке», «Уау, түгенше-жан» немесе «біздің жан-жарымыз – осы кісі», «біздің шаңырақтың қаржы министрі» деп таныстырып жатушы еді... «Қатын» дегенге «намыстанып», әйелі айқайға басып жүре ме деп, жаным шығып барады. Жо-жоқ, ошақ иесі жайдары-жарқын келіп, аман-сәлем жасап:
– Келіңіздер, жоғары шығыңыздар! – деп құрмет көрсетіп жатыр. Біз кірген бөлменің бір қабырғасындағы сөрелер толған кітап, екінші қабырғасында күйсандық (пианино), жоғарғы жағында ілулі үкілі домбыра, мандолин, бұрышта сүйеулі гитара тұр. Айналасына көрпе төселген жозыға малдас құра жайғастық. Тілінен бал тама әлденелерді сұрай келген тұлымшақты екі-үш жасар бүлдіршін Қажекеңнің мойнына келіп асылды.
– Бұл біздің көктегіге қосарлана қол созып жүріп тауып алған үйдегі Жұлдызымыз, – деп құшырлана аймалап жатыр әкесі.
– Таң атқанша ұйқы көрмей, аспандағыны санаудан жалықпаушы едің, нәтижесіз емес екенсің, – деп жездем қалжыңмен қағытуда. Қажағаңның:
– Әй, жұдырығы мықты пәленшеке бар еді ғой... – деуі мұң екен, екеуі тағы да ел, жер тірлігіне сүңгіді де кетті. Алдыға шай келгенде барып бері қайтты. Сағыныштың да «ізеті» жасалмай жатқан жоқ. Әлсін-әлсін стақан сылдырласады...
Арғы бөлмеден «іңгәлаған» сәбидің дауысы шықты. Шай құйып отырған жеңгей сонда кетіп еді, Қажағаң соңынан:
– Әй, қатын, жалғыз қалдырмай, баланы осында ала кел, – деп дауыс жөнелтті. Әңгіме барған сайын қыза түсуде. Аздан соң дастархан иесі сәбиін құшақтай келді.
– Шексіз, шетсіз кең даланы әнімен әлдилеп, жырымен тербеген қазақтың Естай ақынының бүгінгі жалғасы – Естай. Жә, қара қатын, әкелші бері, – деп қос қолын созды отағасы. Жеңгей орнынан тұрып, күлімдей иіле ұсынды. Алдына алып, баланы құшырлана иіскеген ақын бір сәт үнсіз қалды. Сәлден соң:
Шешейін құндағыңды талпын, балам,
Бордан да бос болады талпынбаған.
Тоғыз қабат торқаның керегі не?
Керегі – тыр жалаңаш қалпың маған.
Талпын балам, тырбаңдап, талпын балам,
Бос қалады талпынып, алқынбаған.
Тақтайға жат, сен түгіл Мәди жатқан,
Бесіктің керегі не алтындаған?!
Әкелік өсиетті ұғын, балам!
Бүгін ғалам жәрмеңке дуылдаған.
Әр адам қоғам екен өз алдына,
Сен түгіл, әкең мен де ұғынбағам, –
деп бір төгілді дерсің. Орауы шешіліп, қос алақанында жатқан нәресте екі аяқ, екі қолы тырбыңдап, ештеңені сезер емес.
Қайта айтам, өсиетті ұғын, балам!
Бүгін ғалам жәрмеңке дуылдаған.
Әуелі азамат бол, ақынның ше?
Пошымы емес, болмысын ұғын, балам! –
деп қос қолын дірілдетеді әкесі.
– Байқашы, мойны кілт ете қалмасын. Құндағын шешіп.., суық тигізіп алмайықшы.., байқашы! – деп бәйек болуда анасы. Қасындағы құс жастыққа жатқызып, орау көрпесін үстіне жаба салып:
– Маған ана домбыраны әперші! – деп бұлқынды ақын. Жеңгей жылдам қимылдап, күйшертерді ұстатып жатыр. Қолына алған бетте:
Күңірентіп күй шертейін қымсынба одан,
Ертерек құлағыңа сіңсін, балам!
«Қоңыр» мен «Қосбасарды» түсінбесең,
Саудагер боп шығарсың сусылдаған, –
деді де домбыраны бабымен күйіне келтірді.
– Қажытай, ақындық қуатың өсіп, кемеліне келген-ақ екен, – деді жездем.
– Рамазан, сен дұрыс аңғардың. Мына дүрмекті қаладан мен орта таптым ғой. Мені сол орта биіктерге бастап барады... – Көкке самғар қырандайын қомданып, оң қолының сұқ саусағымен қос ішекті дірілдете қағып, «Қосбасарды» бастай жөнелді. Әдетте домбыра шерткендер жоғары-төмен пернелерде жүгірген саусақтарына үңілуші еді. Қажекең екі құйрығы үшкілденген отты жанарын адамға өңменіңнен өткізе қадап алады екен. Екі ішек мұңдана жан жарасын ақтарды дерсің. Күрсінеді.., аһ ұрады.., өксиді.., өкінеді... Тұла бойыңды тітіркентеді... Тырп еткізер емес... Шарасыздана барып аяқталды...
Үнсіздікті Қажағаңның өзі бұзды. Жатқан нәрестені құйрыққа алақанмен қағып-қағып қалып:
Ұрайын құйрығыңа жыла, балам!
Дұрыстап күле алмайды жыламаған, –
дейді еркелете тиісіп. Оның дауысы қаттырақ шыққандай болды.
Қайтеді-ей, бір қаққанға бақыра ма?
Қайтпайтын қайсар десем мына жаман!..
Іңгәлаған сәбиді елжірей қолына қайта алып:
Қой енді, долыланба, тиіспейін,
Тиіспейім деген соң, тиіспейім.
Құмартып Құлыстайдың изеніндей
Аш, қәне, насыбайдан иіскейін!
Иә, баласының «насыбайын» құшырлана бір иіскеді.
– Аға, туған жеріңізді сағынған-ақ екенсіз, – дедім. Қажекең Рахаңа бұрыла қарап:
– Әй, Рамазан, мынада сезім бар ғой... Мынау ақынжанды ғой, бірдеңе шығады мынадан. – Ақын ағаның бұл сөзі жездемді арқаландырып тастады.
– Бекер адамды осынша жерге сүйрелеп нем бар? Жазғандары аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда жарияланып жүр. Енді оқумен дамытсын деп...
Қажекең: «Әңгіме соғып отырып, суық тигізіп алармыз, мә!», – деп баланы анасына берді.
– Бүгінгі шабытың да бабында екен, – дейді Рахаң.
– Алматыда Қажытайым бар деп, сенің іздеп келуің қанаттандырды мені, – дейді ағынан ақтарыла ақын.
– Сырымыз да, жырымыз да, мұңымыз да бір сенен басқа кімімді іздеймін?!
– Сен әлі ауылдасың, ауылдағылардың жаны мөп-мөлдір, таза ғой. Менің жүрегімде лапылдаған бір сағыныш бар. Сен тыңдашы, Рамазан! – деді де Қажағаң әуенін де, сөзін де өзі шығарған «Туған жер» әнін шырқай жөнелді. Қыран көзін жездем екеуімізге кезек қадайды. Ақынның бет әлпеті мен қас-қабағында өлеңнің мән-маңызы қоса ойнайды. Біз қыбырсызбыз... Қоңыр әуенмен басталған ырғақ қалықтай шарықтайды. Үздіге барып аяқталды.
– Көкіректі кернеген алапат күштің «сым пернесін» дөп бастың, Қажытай, – дейді Рахаң.
– Сағыныш сенің де жан серігің ғой. Тамырларыңдағы қан бүлкілі мұң шағатынын да сеземін.
– Сен бақыттырақсың, Қажытай. Тұла бойыңдағы тасқынды әнге, жырға, күйге айналдырып жібересің де, «еһ-һ-һ!..» деп тыныштала қаласың. Ал, өзің айтқан біздің тамырлардағы бүлкіл сыздауықша салқылдатуын үдете түседі.
– Соның бәрін сен сабыр мен парасатқа жеңдіресің. Ол – екінің біріне біте бермейтін болмыс, – деді де ақын домбырасын бебеу қақтырды. Күркіреп аққан өзен-суы... Ентіге екпіндеп, сарқырамаға келіп құлап, көбігін аспанға шашады. Бұрылыстардағы жағалауын соққылай барып, ынтығы кеңге ұмтылады... Бұлқына-бұлқына атқақтай келіп, еркін тыныс алғандай.., толқынды толқын қуалайды.
Әудем сәтте мүдіре қалған Қажағама:
– Бір дәуірді мида ойнатқан жаңағы сарын «Сайбақтың сары өзені» емес пе? – деп қалдым мен.
– Жә-жә, әу Рамазан, мынадан сәуле ұшқындайды ғой. Үрлеуге көнетін, үрлесең жанатын сәуле...
– Сен соны үрлесін, тұтатсын деп әкелдім емес пе! – Жездем маған Қажекеңнің сенімін арқалатуға әлек.
– «Сайбақтың сары өзенін» Уәли Бекенов ағамыз бебеулетеді. Еркін, сен ол күйшіні танисың ба?
– Шерткен күйлерін радиодан естігемін. Өзі көрмеген адамым, – дедім.
– Көкірегі күйсандық азамат. Алматыда қалу маңдайыңа жазылсын де. Әлі-ақ танысатын боласың. – Ақын аға маған ықылас таныта бастағандай.
...Екі тамыр әудем уақыт туған жерден ескен желге, ел тіршілігіне тізгін тартты... Содан соң ақынның қолын гитарасына қол жалғадық. Ауыл аулаларында, жиын-тойларда айтылатын әндерге ерік берілді.
– Аккордтарды таза алады екенсіз. Диездік, бемольдік дыбыстарды да өгейсітпейсіз, – деймін.
– Оның рас. Мен саққұлақпын. Дыбыстарды бұлжытпай қабылдаймын, – деді ол. Деді де қаңтарулы қара пианиноға жан бітірді. – Әлгі сен айтқан дыбыстардың бағы осы күйсандықта жанады.
Қайсыбіреулерге ұқсап пианиноны ұрғылай жөнелмейді екен. Баяу бүлкілдетеді. Аккордтары да дарылдап, барылдамайды. Құлаққа жағымды. Махаббат саздарына ерік берілді. Ол тақырыпқа бәріміз де қаражаяу емес екенбіз.
Әдемі әңгіме-дүкен барысында шай да ішілді, үлкен ас – ет те желінді. Ағалар «көңілашар» сусынын да өкпелеткен жоқ. «Осында қона салсаңдаршы!» – көңілсөзі де жүректен айтылды. Ертеңінде жолығысатын уақытымызға келісіп, шын ризашылықпен қонақ үйге қайттық. Қажағам Абай проспектісіне дейін өзі ертіп келіп, қарсылық танытқанымызға қарамай жолақысын төлеп, таксиге отырғызып жіберді.
Бірер күннен соң мені алдымен бір Құдайға, екінші Қажекеңе тапсырған жездем ауылға қайтты. Қажағам ара-арасында үйіне ертіп келіп, емтиханға дайындығымды мұқияттап қадағалайды. Сөйтіп жүріп алғашқы сынақ – шығармадан «бес», қазақ тілі мен әдебиеттің ауызшасынан «төрт» деген баға алдым. Ол кезде ауылдан келгендерге шет тілі сабағы емтиханынан құдайы «үш» қойып беру заңдастырылған. Төртінші – «СССР тарихы» пәнінен оңдырмай сүріндірді. Емтихан қабылдаушылар қос балдақпен жүретін, шашын кірпіше едірейте тікірейткен аға мен қысқалау бұрымды, қазақы тәрбиедегі апай екен. Сұрақтардың жауабын дәптердің үш-төрт бетіне жазып алған мен мүдіріссіз-ақ тақылдадым. Қосымша берілген сұрақтар да жауапсыз қалмады. Бірақ... кірпі шашты ағай мені тыңдап отырған жоқ. Бас бармағына түкіріп қойып, жиырма бес сомдық ақшаларды санап отыр. Менің тақылдаған дауысым оны есебінен жаңылдырыпты.
– Ештеңе білмесең де тақылдап миды ашыттың ғой, бар.., жоғал! – деді.
– Жо-жоқ, аға, бұл бала билеттің сұрақтарына жақсы жауап беріп отыр, – деп бәйек болып, мені қорғай бастады әйел оқытушы.
– Енді сен маған жөн үйретейін дедің бе? Мен сендердің өмірлеріңді қорғаймын деп жүріп соғыста контузия алған адаммын. Қарашы, мынаның қарсыласуын, – деп ашуға булықты кірпі шашты.
Апай емтихан бағаларын қоятын қағазды көзімен нұсқап, иек қақты. Мен түсінбедім. Соның арасынша ашулы ағай сол емтихан қағазын алды да, «қанағаттанғысыз» деген бағаны қонжитты. Сөйтті де алдымда жатқан, сұрақтарға жауап жазған парақтарды жұлып алып, көзәйнекті көзін арлы-берлі жүгіртіп:
– Шыбынның ізінше ирелеңдеген не шатпырақ (жазуым ұсақ еді)? – деді де, жыртып-жыртып лақтырды да жіберді.
– Аға, оны емтихан қағазына қоса тіркеуіміз керек, неге жыртасыз? – деп, апай шыр-шыр етеді.
– Маған жөн үйретпе дедім ғой. Өзім жауап беремін, – деп кергіді кантөжін. Пәндік комиссияның председателі деген біреу (аты-жөні есімде жоқ) келді де:
– Ағайды неге ашуландырасыңдар. Бұл кісі – соғыс ардагері, – деп қолдап, қостады оны. Әйел оқытушы:
– Бала жақсы жауап беріп еді, обал болды ғой, – деп еді председатель қатаң дауысымен:
– Ничего, сарыүпік бала екен, тағы да келеді. Аға ауырып қалады, ашуландыра бермеңдер! – деді де, шығып кетті.
Мен басым салбырап, Қажағама бардым. Қайта қарау комиссиясының (апилакционная комиссия) атына арыз жаздырып, түстен кейін қамқор ағам сол комиссияға өзі алып барды. Кірпі шаш кантөжін:
– Бұл емтихан сұрақтарына жауап жазатын қағазды бекер шимайлап, тәртіп бұзды, – деп бетбақтырар емес. Әйел оқытушы:
– Мен көзбен нұсқап, иек қаққанда емтихан бағасын қоятын қағаз бен сұрақтарға жауап жазған парақтарды ала қашуың керек еді, – дейді оңаша шақырып. Ондай әккілікке үйрене қойған жоқ едім. Шағымымыз дәлелденбеді.
Міне, бұл басыма тиген әділетсіздіктің аяусыз соққыларының бірі болды. Куәгері – Қажағам. Ауылға шығарып салып тұрып Қажағам:
– Алға қойған мақсатыңа түбі жетесің, жасыма, айналайын! Жүрегіңде маздаған отың бар, өшірме. Жазуыңды жалғастыр, маған жіберіп тұр, – деп үміт алауын ұшқындата үрлеп жіберді. Айтқанындай сықақтарымды «Ара» журналына тоқтаусыз жариялап тұрды.
...Араға жылдар салып, түстім оқуға. Қажағамның «енесі тепкен құлындай» зілсіз, еркелете сілкілеп алып, жақсы көретін сиректерінің қатарына қосылдым.
Бірақ... Өзінің сағынышқа айналып кетерін дер кезінде бағамдамаппын...
Еркін ЖАППАСҰЛЫ.
"Қазақ әдебиеті" газеті