Заманбек марқұмға қастандық жасағандар жауапқа тартылсын!
ҚР бас прокуроры А. Дауылбаевқа,
ІІМ министрі Қ. Қасымовқа.
Прокурор және министр мырзалар!
ҚР бас прокуроры А. Дауылбаевқа,
ІІМ министрі Қ. Қасымовқа.
Прокурор және министр мырзалар!
Алаштың асыл ұлы Заманбегімізді – Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовті жалған жаладан арылтуды үзілді - кесілді талап етеміз! 2005 жылғы 12 қарашадағы қарақшылық шабуылдың құрбаны болған арысымыздың аруағын қорлата алмаймыз енді! Қанды оқиға тірілерді түңілдірді, күллі халықты күңірентті. Оның құпиясын жасырып бағуға тырысқандардың әрекеті өздерін масқаралыққа ұшыратты. «Өзін - өзі үш оқпен атып өлтірді» делінген биліктің жалалы өтірігіне кім сенді? Ешкім де! Тіпті соны айтқан шенділердің бірі де, солай дегізгендер де сенбейді. Сенетіндеріне үш оғы бар тапанша беріп, тәжірибе жасатып көрейік. Өздерін дәл солай – екі рет кеудеге, бір рет басына атсын. Алда - жалда дәлелдеп бақса, ақиқат үшін қиған жаны жәннаттың төрінен орын алсын дейік. Мемлекет қаһарманы ретінде оған құрмет көрсетейік. Бар ма сондай мықты, шықсын қане!
Ондай кеңкелесті, сірә, да таппаспыз.Сонда оқалы шен таққандарға не жорық – қазақ елінің қалың жұртын ақымақтар санатына сырғыта салғаны ма? Сегіз жыл бойы біз осындай масқаралыққа көніп келдік. Намысымызды таптатқызып, ар - ожданымызды ойрандатқызып қойдық. Үндемеудің арты одан зор жауыздыққа жол ашты. Алтынбек, Бауыржан, Василийге бес оқ, Жаңаөзен мен Шетпедегі бауырларымызға сансыз оқ атылды. Ол қылмыстар да барынша бүркемеленді. Қан төгуге құныққандарды тоқтату үшін шынайы қылмыскерлерді әшкерелетуді, жазалатуды талап етуіміз керек. Әркім өз басының, туыстары мен жақындарының амандығын ойласа, «бұға бергенге сұға беретінін», тәйт демегеннен таяқ кетпесін түсінетін уақыт жетті.
Біздің бүгінгі талабымыз – Қазақстан Республикасына және оның халқына айрықша еңбегі сіңген мемлекет, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің қазасына қатысты мәлімделген ресми түрдегі жалған қорытынды жоққа шығарылсын! Қылмыстық іс қозғалып, азаматтың адал атына кір жұқтыруды көксегендер, оның аруағын және тұтас халықты миғұла санап қорлағандар жауапқа тартылсын! Егер мұны бүгін сіздер атқармасаңыздар, қылмысты ашуға әрекетсіздік жасағандарыңыз үшін, алдағы уақытта өздеріңіз заң мен қоғам алдында жауапты боласыздар.
Қол қойғандар - Қазақ елінің азаматтары:
С.Әбділдин, М.Әуезов, З.Ахметова, Ғ.Қабышұлы, Р.Сәрсенбайұлы, Қ.Жарылқап, К.Жұмаш, З.Батталова, И.Савостина, Б.Түменова, Б.Мәкімбай, С.Жаңабаева, А.Омарова, Н.Бакирланов, Р.Таукина, К.Аймаханова, К.Құрманғалин, Е.Рахым, К.Кемелханов, Д.Инсенова, М.Ұзақов, Т.Айтбайұлы, М.Құлкенов, Б.Шарахымбай, А.Құлментегі, А.Жәнібек, О.Мәукенов, М.Қаспанов, Е.Мұхамедиярова және басқалары.
Abai.kz